Шұғыла Сержан: Келесі фильмімде өзімнің анам туралы айтқым келеді...

Жақында Павлодар қаласында «Ertis Cinema» қысқаметрлі көркем фильмдер мен деректі фильмдердің халықаралық кинофестивалі өтті. Байқауға әлемнің 21 елінен 100 ден астам режиссерлері қатысты. Фестивальдің бас жүлдесін Қазақ ұлттық өнер университеті, Ерлан Нұрмұхамбетов шеберханасының студенті Шұғыла Сержан «Самал» фильмімен қанжығасына байлады.
Шұғыла Сержан: Келесі фильмімде өзімнің анам туралы айтқым келеді...

сұхбаттасқан: Айдана Бауыржанқызы

кинотанушы


Шұғыла, жеңісіңіз құтты болсын! Фестиваль жайында қандай естеліктеріңізбен бөлісе аласыз?

Фестиваль алғашқы рет өткізіліп жатқанымен, ұйымдастыруы жоғары деңгейде болды. Біз бір ай бұрын алдын-ала жолдама алдық. Күнделікті әр түрлі мемлекеттен келген фильмдерді тамашалаумен қатар, қала бойынша экскурсиялар ұйымдастырылды, сол себепті, фестивальдегі әр күніміз толық, әрі қызықты өтті. Маған ұнады...

Фестивальдің конкурстық фильмдері жайында қандай пікір айта аласыз?

Мен үшін конкурстық бағдарламаның фильмдерін көрген өте қызықты болды. Жалпы, Қазақстаннан қатысқан «Шыңырау», «Кісі» фильмдерін атап өтер едім. Өйткені, ішінде қазақ елінің дәстүрі көрсетілді және бастысы қазақ тілінде болды. Әр елден келген фильмдер бір-біріне ұқсамайды, өзгеше. Тағы бір байқағаным, Ресейден келген фильмдердің басым бөлігі комедия жанрындағы телехикаялар секілді әсер қалдырды. Иран мемлекетінен қатысқан деректі туынды маған өте қатты ұнады. Фильмде сөз және музыка қолданылмады және аянышты жерлерінде әсірелеу де болмады. Мәселен, мүгедек адамдарды көрсеткенде, арнайы соған екпін беріп, көрерменнің аяушылығын жасанды туғызуға тырыспады. Бірақ, соған қарамастан өте аянышты болды. Фильм сезімге толы, сондықтан әр көрерменнің жүрегіне жетті деп ойлаймын.

Сіз үшін жақсы фильм қандай болуы керек?

Фильмде ең маңыздысы – сезім. Фильмді көргенде кішкентай нәрсені болсын сезіну тамаша әсер қалдырады. Сол себепті, менің ойымша, жақсы фильм жасау үшін алдыңғы кезекте, айналаны сезіне білу керек. Содан кейін, жақсы фильмдер көріп, кітаптардан нәр алған абзал. Өйткені, сезінгеніңді кино тілімен жеткізе білудің өзі де ескерілетін жәйт.

«Самал» фильмі арқылы көрерменге қандай идея жеткізгіңіз келді?

Белгілі бір идеяны жеткізу мен үшін бірінші кезекте болған жоқ. Және де арнайы кино стилін ұстап тұру да шарт емес секілді. Бастысы кино тілімен бір әңгімені айтып беріп, көрермеге әсер қалдыру. Самал фильмі арқылы, көрерменге кішкене болсын сезім қалдырғым келді.

Келесі туындыңыз не жайында болмақ?

Келесі фильмімде өзімнің анам туралы айтқым келеді. Шын мәнінде, көп отбасының басты бақыты – ана. Аналардың үлкен маңызды мақсаттары жоқ болуы мүмкін, олар батыр да емес секілді. Дегенмен, олар отбасылары үшін, балалары үшін өмір сүреді. Бір сөзбен айтқанда, кезекті туынды да, қыз бен ананың арасындағы байланысы тақырыбында болмақ...

Сұхбатыңызға рахмет!