Болат Қалымбетов: Кинода талғам болу керек

14- «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде «Ең үздік режиссура» жүлдесін жеңіп алған «Талан» фильмінің режиссері Болат Қалымбетовпен сұхбат.
Болат Қалымбетов: Кинода талғам болу керек

Сұхбаттасқан: Еркінай Смайлова 

кинотанушы


«Кинода ең бастысы - адамның тағдыры, адам тағдырын драматургияға салу керек, сол арқылы қоғамды, заманды көрсете аласың» - деген ұстанымды ұстанатын режиссер Болат Қалымбетовтың шығармашылығына көз жүгіртер болсақ, қай фильмінде де қазақ халқының ауыр тағдырын арқау еткен екен. Бүгінгі сөз еткелі отырған «Талан» фильмінде көтерілген тақырып та қазақ халқының басына түскен ашаршылық кезеңінің қиын да ауыр жылдарын бейнелейді. Көпшілік көрермен фильмнен өз халқының тағдырын көріп, өзін тапқандай болды. Жылады. Әсерге бөленді. Мазмұндық сипаты халықтың көңілінен шығып жатса, фильмнің режиссер шығармашылығында басқаша сипат алып, кино тілінің мүмкіндіктеріне жүгінгендігі бізді қуантты. Көпшілікті қызықтырған фильм жайлы 14 - «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде «Ең үздік режиссура» жүлдесін жеңіп алған режиссер Болат Қалымбетовпен әңгімелескен едік.

«Талан» фильмі сіздің шығармашылығыңыздағы ұзақ уақыт үзілістен кейін түсірілді.  Бұл фильмге үлкен дайындықпен келген сияқтысыз дегенмен,  осынша уақыт үзілістен кейін қандай да бір қорқыныш болды ма?

Мен бұл фильмді ұзақ уақыт үзілістен кейін, араға он үш жыл салып түсірдім. Көп күттім десем де болады. Көп күткеннің де пайдасы бар екен. Жаңа құлшыныспен, ойыңдағыны әбден жетілдіріп, пісіріп алып барып іске кіріссең жақсы нәтиже береді. Бұл тақырыпқа келмес бұрын да көп ізденуіме тура келді. Ашаршылық тақырыбын көп зерттедім. Зерттеу барысында түсінгенім ашаршылықтың қолдан ұйымдастырылғаны, қазақ халқын жою мақсатының болғандығына көзім әбден жетті. Қазақтың басына түскен мұндай нәубет кезеңді өз фильміңе арқау ету жеңіл жүк емес. Тарихи ащы шындықты  көркем дүниеге айналдыру үшін шеберлік қана емес, жауапкершілік те керек. Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» повесінің желісін негізге ала отырып, Ғазиз Насыров екеуміз сценарийін жазып шықтық.

Фильмнен актерлік ойынға құрылған режиссерлік ізденісті байқағандай болдық... Кейіпкерлердің алуан түрлілігі: жағымды, жағымсыз, екі жақты да қамтитын күрделі кейіпкерлерді кездестіреміз. Оларды біріктіретін ортақ нәрсе – барлығы да өз заманынан зәбір көрген, балалықтарын, жастық шағын қысылтаяң кезге құрбан еткендер. Олар көтерген жүк фильм мазмұнында ауыр тағдыр болса, мағынасында адамдық қасиет пен ар-ожданның таразыға түсуі, адам табиғатының ішкі түйсігі мен сыртқы болмысының тайталасы. Сондықтан, сыртқы орта құбылысының әсерінен туындайтын кейіпкер психологиясы мен іс-әрекетінің нәтижесін көрсетуде актерлерге басты салмақтың түсетіні белгілі. Дегенмен, олардың ойынының өзі режиссерлік шешімге бағынып тұрғаны байқалады. Сіздің ойыңыздағы образ жасалуы үшін мықты актерлік шеберлік қана қажет болмаған сияқты. Актерлік құрамды қалай іріктедіңіз?

Актер – киноның жаны іспетті. Ойыңдағы образды жасауды сеніп тапсыратын актерді табу оңай емес. Мен актерлерді әбден жан-жақты қарастырып іздедім. Өзіме керекті актерлерді таптым: қырғыздың актрисасы оқыған, текті, ақсүйектен шыққан бәйбішені қалай керемет сомдады. Ол образды беру үшін оған көзілдірік таққыздым. Өгей әкені ойнаған Оңдасын Бесікбасов нағыз киноның актері екен. Оны «Шал» фильміндегі аңшының рөлінде көріп, көз қарасынан керегімді тапқандай болдым. Ұлан Нүсіпәлі кішігірім ғана рөлді қалай мықты ойнап шықты.  Керім - ол сөйлемейтін адам. Сөйлей алады, бірақ адамдар арасында емес. Оңашада. Өз әлемінде тау-таста, қасқырлармен сөйлесуі мүмкін. Оның айтайын деген ойын, сөйлейін деген сөзін жеткізу үшін көз керек болды. Түсірілімге он күндей қалғанда ассистенттерім тапқан Жасұланнан маған керек көзді көрдім де рөлге бекіттім. Түсірілім барысында онымен көп жұмыс істеуге тура келді. Ол жас бала көп нәрседен хабары болмады. Бірақ оның бойында органика, сенгіштік болды. Не айтсаң да соған сенді. Ал бұл жағынан кәсіби актерлармен жұмыс істеу қиынырақ. Олар өз бетінше образ шығарып, характер бергісі кеп тұрады. Сондықтан да мен ешқашан театр актерларына сценарийді алдын-ала бермеймін. Мүлде оқытпаймын да. Тек түсірілім тобының кейбір мүшелері ғана оқиды. Өйткені актерлар сценарийді жаттап алады да жаңа айтқанымдай өзіндік ізденістерін қосқысы келіп тұрады. Олар ойлап тапқан образ менің ойымнан шықпай қалуы мүмкін. Бұл менің қырсыққаным емес, бұл менің бір әдісім. Режиссер ретінде мен актерларға қойған талабым да осы болды. «Ойнамаңдар. Сол кеңістікте, сол ортада өмір сүріңдер. Болды.»- деймін. Сол әдісімнің нәтижесінде өздерің көргендей бірде-бір актер ойнамайды. Фильм оқиғасы отызыншы-қырқыншы жылдардағы ашаршылық, соғыс кезеңін қамтып жатқандықтан актерлардан барынша сол кездің атмосферасын сезінуді талап еттім. Үстеріндегі жұпыны киімдерін шешкізбедім. Көшеде де, үйде де тіпті ұйықтағанда да соны киіп жат дедім. «Кешкі бестен кейін тамақ ішпеңдер» деген де талап қойдым.

Тағай бейнесі күрделі. Оның жай-күйіндегі физикалық та моральдық соққы алған адамның психологиясын жеткізу оңай емес. Бұл рөлді сомдайтын актерды қандай талаптар бойынша іздедіңіз?

Мен Асан Мәжитті  іштей сол түседі деп жоспарлап жүрдім де, Тағай рөліне екі жыл дайындадым. Бір күні теледидардар көріп отырып, нақты қай фильмде екені есімде жоқ, нашақордың рөлін ойнап жатыр екен. Өзіме керек адамның сол екенін біліп, орнымнан атып тұрдым да жақындап қарадым. Өзім де актермын ғой осы «менің ойымдағы образды жасайтын осы» дегендей жүрегіме бірдеңе сезілді. Мен оны солай таптым. Сценарийді бермедім жалпы мазмұнын, қандай образда іздену керегін айттым. «Арықта!» деген талап қойдым. Бибісара рөлін ойнаған Шынар Жанысбековаға да сол талапты қойдым. Актерлер бұл талабыма көніп, барларын салды.

Ержан Нұрымбет бұған дейін де сіздің «Сардар» фильміңізге түсті. Шорманды табу қиын болмаған сияқты...

Мені киноға әкелген әкем-Абдолла Қарсақбаев болса, Ержан Нұрымбет пен Қуандық Қыстықбаев мені «кинодығы әкеміз» - деп атайды. Екеуін де кинодағы жолын ашқан – менің «Сардар» фильмім. Әрине, Ержанды түсіру менің ойымда тұрды, алайда, Шорман рөлін Азамат Сатыбалдыға ұсынған болатынмын. Мен қойған кейбір талаптардан бас тартқаннан кейін бұл ұсынысым қабыл болмады. Азаматты басқа қырынан ашқым келіп еді, ол менің бұл ойымды түсінбеген сияқты. Оның үстіне өзі де  фильм түсіруді қолға алып, соның жұмыстарымен қолы босамайтын болды. Ержанның сыртқы келбеті, фактурасы бәрі де Шорманға келеді. Оның бойындағы өзім көргім келген нәрсені өзім жасап шығарамын деген де сенімділік болды менде.

Бұл фильм «Қазақфильмнің» басқа туындыларына ұқсамайды, мазмұны қазақи яғни, қазақтың мұңы, қазақтың қамы қозғалған тақырып. Ал формасы басқаша, мотивке құрылған дүние емес, жаңаша бір бағыттағы режиссерлық ізденіске мойын бұрған кинокартина десек те болады. Бұл фильмді сіздің шығармашылығыңызға жаңа бетбұрыс әкелген фильм десек бола ма?

Фильм түсірер алдында шығармашылық топқа менің қойған талабым да осы болды. Заман өзгерді. Уақыт талабына сай көрерменнің талғамымен санасып отыру керек. Ашаршылық тақырыбындағы фильм деп «біз аштан қырылдық, заман қиын болды» деген сияқты ах ұрған сарында түсіргім келмеді. Киноның өз тілі бар. Біз ауызекі тілде сөйлескеніміз секілді фильмді кино тілінде сөйлеткім келді. Бұл фильмді түсіруде мен детальдарға, символдарға, метафораларға қатты мән бердім. Айтпақ ойды солар арқылы жеткізуге тырыстым. Түсінген адамға астарлы мағынада көп дүниені жеткіздім. Тек оның кодын тауып, шеше білу керек. Оларды талдап, түсіндіру кинотанушылардың міндеті деп білемін.

Иә, шынында да фильмде көркемдік құралдар көп қолданылған: Әсіресе, табиғат көріністері мен кейіпкер психологиясының үйлесімі, психологиялық параллелизм көрерменге атмосфераны сезіндіріп, алдын ала болатын оқиғаға дайындайды. Дәлдікпен таңдалған натура фильмде өз міндетін атқаратыны белгілі. Қасқыр адам – ол тағылық тұрмыстың емес, көшпенділік пен еркіндіктің баламасы іспетті. Оның өміріне «өркениетті» адамдар араласып еді, ол өлім құшты. Дала тағысы қасқыр мен көшпенді халық қазақты бір ұғымға сыйғызатын осындай метафоралық теңеулердің астарында  өткен тарихтың таңбалары жатқандай. Халықтың жылы қабылдағанының себебі де осы болса керек, фильмде көшпелі тұрмыстың көріністерінен хабар беретін эпизодттар көп-ақ. Солардың бірі –  иесіз бос қайтқан аттың киіз үйдің алдына барып, кісінейтін жері. Осы эпизодқа «өзім де жыладым» дедіңіз. Фильмді көру барысында өзіңіздің көңіліңізден шықпаған жері болды ма?

Бір өкінішті жерім бар. Бір эпизодты қайтадан түсіру керек еді. Тағай мен Керімнің бірнеше жылдан кейін алғаш кезігетін жерін басқаша түсіруге болар еді. Уақыт жетпеді де менің ойымдағы екінші нұсқаны түсіріп үлгермедік. Өкініш деп те айтпай-ақ қояйын, шығармашылық адамы қанша жерден өз туындысын ойдағыдай сәтті шықты десе де, бір жетіспеушілікті сезініп тұрады. Бұл өзгелерге  қойғанындай, өзіне деген талапшылдықтан шығар. Орынды талап - өнердің заңдылығы деп білемін. Талап талғамды жасайды. Кинода талғам болу керек. Актерлік құрам, драматургия, оператор бәрі қанша жерден мықты бола берсін, талғам болмаса ештеңе де шықпайды. Сондықтан мен киноға келгенде барлық нәрсеге талғаммен қараймын. Кешегі фестивальден бас жүлдені алған «Патша құс» («Царь птица») фильмі үлкен талғаммен жасалған туынды деп айтуға келеді.

Кешегі Алматы қаласында өткен «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде «Ең үздік режиссура» жүлдесін жеңдіңіз. Және «Ел арна» телеарнасының арнайы жүлдесіне де ие болдыңыз. Фестивальге дейін де бірнеше жерде көрсетілімі болған екен. Кинопракатқа шығару жағы қалай болды?

Иә, Астана және Алматы қалаларында фильмнің прьемерасы болды. Астанада өткен «Еуразия» кинофестивалінде «Караван» понарамалық көрсетілімде арнайы көрсетілді. Кинотеатрларға прокатқа шығуын шықты. Біздің елдегі кинопрокат мәселесі қиынға соғып тұрғаның өзің де білесің. Халық жақсы қабылдағанмен қолайсыз уақытқа қойып қою, аз уақытқа қана жүру деген сияқты мәселер бар. Бұл бірінші рет айтылып жатқан проблема емес. Бұл жайлы қанша көтерілсе де әзірге оң шешімін таппай тұр. Егер еліміздің кинотеатрларында кедергісіз көрсетілер болса, халықтың көзайымына айналатын фильмдердің бірі болар ма еді деген үміт те бар. Әлі де жан-жақтан шақырулар келіп жатыр: еліміздің оқу орындарында көрсетілімдерге, шет елдерден кинофестивальдерден де шақырулар түсті. Бірақ, бұл жағын әзірге ашып айта алмаймын. Шәкен ағаның атындағы кинофестивальден режиссура үшін жүлде алғаныма қуаныштымын. Мен ол кісілердің: Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықовтардың көзін көрген адаммын. Олардың алдындағы парызым, олар ізін салып кеткен қазақ киносына тигізген үлесім ретінде бұл мен үшін үлкен жетістік. Мені қуантқан нәрсе – өзіміздің қаракөз қазақ халқы, интеллигенцияның жақсы қабылдағаны. Өз еңбегіңнің жемісін көруден асқан қуаныш жоқ шығар.

Бүгінгі қазақ киносында «ұлттық кино» межесінен шығатын фильмдер жоқтың қасы екендігі жиі сөз болады. Сол олқылықтың орнын толтырғандай «Талан» фильмінің жарыққа шығуы – қазақ кино қоржынына ұлттық киноның жаңа тынысын ашқан фильм ретінде қосылды деп ойлаймыз. Жаңалығы сол – ұлттық кейпіміз бен тарихымызды жаңа көзқараспен кино тіліне салғандығы. Ұлттық кинорежиссураның жалғасындай болған режиссер Болат Қалымбетовтың бұл туындысы дәстүр сабақтастығын жалғастыра білгендігімен де ерекше.