Мақала
Еңлік Егеубаева. С.Апрымовтың "Аңшы" фильміндегі адам және табиғат үндестігі
Бөлім: Кино
Датасы: 14.10.2020
Авторы: Еңлік Егеубаева
Мақала
Еңлік Егеубаева. С.Апрымовтың "Аңшы" фильміндегі адам және табиғат үндестігі
Бөлім: Кино
Датасы: 14.10.2020
Авторы: Еңлік Егеубаева
Еңлік Егеубаева. С.Апрымовтың "Аңшы" фильміндегі адам және табиғат үндестігі

Кеңес киноавангардының новаторлары табиғатты фон ретінде емес, адам өміріндегі аса маңызы зор бөлінбес бөлшек, адаммен біте қайнасқан, оның ішкі сезімін бере алатын құбылыс ретінде көрсетті. Пейзаж туралы С. Эйзенштейн: «Пейзаж – фильмнің ең бір еркін, қызметтік-баяндауыш міндетпен аз жүктелген және көңіл-күйді, эмоциялық хәлді, жан күйзелісін  берудегі ең икемді элемент» [1, 253-254 бб.] деп, өзінің алты томдық шығармашалар жинағында жазады. 1925 жылы С. Эйзенштейннің «Потемкин» бронды кемесі» («Броненосец Потемкин»), 1930 жылы А. Довженконың «Жер» («Земля») фильмдері экранға шықты. Фильмдер табиғатпен үндескен, оның адам өміріндегі маңызын айқындаған туындылар қатарына кірді. 

Белгілі кеңес операторы А. Головня «Фильмдегі пейзаж» («Пейзаж в фильме») мақаласында:  «...1925-1926 жылдары бір уақытта дерлік үш фильм пайда болды: «Потемкин» бронды кемесі», «Ана» және «Шинель». Бұл картиналарда пейзаж мүлде жаңа сапада көрініс табады. Ол фильмнің драматургиясына мәнді компонент ретінде енді және пейзаждың көркемдік формасы кинематографиялық болып өзгерді» деп жазды [2].

Әрі қарай А. Головня: «...Меніңше, заманауи көркемдік фильмде пейзаж көбіне көркемдік емес, әдеби сапада бой көрсетеді. Кейде пейзаж қосымша ретінде монтаждалады, кейде – белгілі бір эпизодқа кіріспе ретінде, бірақ, көп жағдайда көркемдік және драмалық функцияны атқарып, оқиғаның өрбуіне бағытталған» деп ойын білдіреді [2]. 

А. Головня жазған пейзаждың драмалық және кескіндемелік ерекшелігі уақыт өте келе қазақ киносына да келді. Дәлірек айтқанда, қазақ кинематографиясында бұл үрдіс алғашқы фильмдерден байқала бастаған болатын. Қазақ актерлері қатысқан 1938 жылғы «Амангелді» фильмі, «Дала қызы» (1954) фильмі және оның жалғастырушылары да павильонда түсірілген емес, нағыз табиғатпен біте қайнасқан фильмдер қатарынан еді. 

Кеңес заманындағы қазақ киноөнерінің жеке киностудиясы болғаныменен де, Мәскеудің ықпалының зор болғаны көпшілікке аян. 1960-1970 жылдары Кеңес киносына вестерн жанры әсер ете бастаған кезде қазақ киносында «Қилы кезең» (1966), «Қараш-қараш» (1968),  «Бандыны қуған Хамит» (1979) секілді фильмдер жарыққа шықты. Бұл фильмдерде басты кейіпкерлердің іс-әрекеті ғана емес, олардың қоршаған ортамен байланысы маңызды болды. Үш фильмнің де оқиғасы шарықтау шегіне келгенде табиғаттың, соның ішінде таулардың алар орны ерекше. Кейіпкерлердің шешімдерінің дұрыс-бұрысын заңғар тау білетіндей олармен сырласады. Жалтақтайды, қимайды. Бұл жағынан алып қарағанда тау ұлы құдірет секілді. Көкке ұмтылу – тәңірге жақын болу.  

1960-1970 жылдары жарық көрген туындылар қазақ халқы толық урбанизацияға ұшырамаған, ауыл тұрғындары қала тұрғындарынан біршама басым кезде түсірілген фильмдер болатын. Қалалықтар туған ауылдарынан алшақтап, ұлттық болмысынан ажырамаған кез. «Қараш-қараш» фильміндегі Бақтығұл мен Жарасбай арасындағы қақтығыс кезіндегі тауға көз тастауы, «Қилы кезеңдегі» Тоқтардың күрделі шешімінен кейін тауға ұмтылуы, «Бандыны қуған Хамит» фильміндегі тау бөктерінде отырған басты кейіпкердің фонында «Сағындым ғой» деп берілетін музыканың орны ерекше.

Адам және табиғат жайындағы фильмдер қазақ кинематографиясында үздіксіз шығып отырды. Ондаған деректі фильмдерді былай қойғанда, әр он жылдықта адамзаттың табиғатпен байланысы жайлы фильмдерден ұлттық қор кенде емес. 

Ал жаңа мыңжылдық кіріп келгенде технологияның үздіксіз даму кезеңінде, адамдар туған жерінен, тамырынан қол үзе бастаған шақта ауылға оралу, адамзаттың аманаты табиғатқа бас ию секілді тақырыптар «жаңа толқын» өкілдерін алаңдатты. Д. Өмірбаевтың «Жол» (2001) фильмі туған еліне рухани оралу болса, С. Апрымовтың «Аңшы» (2004) фильмі табиғатқа қайта келу еді.

Қазақ кино өнерінде өзіндік ерекше қолтаңбасымен, көркемдік стилімен, тың тақырыптарымен ойып тұрып орын алатын бірден бір режиссер Серік Апрымов Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген. Тарбағатай – әсем табиғатымен, көкке ұмтылған тауларымен, мөлдір өзен-көлдерімен танылған аймақ. «Алтаймен қол ұстасқан, Тарбағатай таулары» деп ән салатын да сол жердің тумалары. Сондықтан да болар, режиссер фильмдерінде табиғаттың алатын орны ерекше. Режиссер әр фильмінде қоғамда болып жатқан құбылыстарға аса ден қояды, толғандыратын мәселелерге тоқталады. 

Авторлық кино бағытында жұмыс жасайтын режиссерлардың басым көпшілігі өзінің жеке өмірбаянына жүгінеді. Адамның өмірінде есте қаларлықтай сәттер көп болған сайын, туындылары өмірінен алынған эпизодтарға толған сайын, мазмұндық жағынан байи түседі. Фильмде режиссердің өзі, өзінің толғамдары мен ойлары болғандықтан, фильмдер авторлық деп аталады. Оны авторлық киномен айналысатын режиссерлар да растайды. Д. Өмірбаев Н. Рахманқызына берген сұхбатында «Фильмдерімнің сценарийін өзім жаздым. Көп нәрсе өз өмірімнен алынған. Сондықтан, фильмдерімді авторлық деп есептеймін. Ал авторлық фильмде режиссердің өз ойы, өзіне ғана тән стилі болуы керек» [3, 256 б.] дейді. Сол секілді Серік Апрымовтың әр фильмі өзінің жеке өмірімен тығыз байланысты.  

Серік Апрымовтың шығармашылығын тақырыптық ерекшеліктеріне байланысты бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. «Қиян», «Сергелдең», «Ақсуат» фильмдерін өмірде өз орнын таба алмаған жас жігіттердің тағдыры десек, «Үш ағайынды», «Аңшы», «Бауыр», «Әкеге қоңырау шалу» фильмдерінде балалар – жасөспірімдердің есеюі, бозбалаға айналуы бірінші кезекке шығады. Аталған фильмде балалар сан түрлі. Дегенмен де, шығармашылығында айрықша ерекшеленетін бірден бір туынды – «Аңшы» фильмі. Режиссер әр фильмінде туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілік пен махаббатты, жанашырлығын білдіртеді. Бұл фильмде де  онысынан айнымайды.

«Аңшы» фильмі 2004 жылы жарыққа шықты. 2005 жылы Ресей кинематография өнері академиясының «ТМД және Балтық елдеріндегі ең үздік фильмі» номинациясы бойынша НИКА сыйлығына ие болды. Бірнеше кинофестивальдерден көрініп, марапатқа ие болған туынды қазақ елінде аса қабылданбады. Себебі, көрермен ұсынылған жаңашылдыққа дайын болмады. Бірақ, «Қазақфильм» киностудиясы фильмді DVD форматта сатылымға шығарғанда, фильм әжептеуір сұранысқа ие болған.

Бұл туынды «жаңа толқын» мәнеріндегі, әсіресе, С.Апрымовтың  киностиліне тән емес еді. Статикалық камера түсіру әдісімен жұмыс жасайтын режиссер бұл жолы әр сахнаны әдейілеп қоюға бел буады. Кинотанушы Б. Нөгербек «Экранда «Қазақфильм» («На экране «Казахфильм») кітабында фильм туралы былай деп жазады: «... Енді міне, деректі сахналары жоқ «Аңшы». Барлық эпизодтар қойылған. Фильмнің стилистикасы өзгеше, режиссердің кейбір этнографиялық детальдарда нақты болғысы келгеніне қарамастан толықтай қойылған көркемдік фильм [4, 360 б.]. Голливудтық мәнерде түсірілген пролог, шектен тыс ірі пландар. Түсіру мәнері ғана емес, бұл фильммен С.Апрымов фильмдерінің кейіпкерлері де өзгеріске ұшырайды. 

Кинотанушы Г. Наурызбекова «Қазақ киноөндірісінің жаңа толқыны» атты мақаласында былай дейді: «Тәуелсіздік заманындағы картиналарда ескі кеңестік жүйенің өзі ретінде әке әлсіз, сыртқы әсерге қарсы тұра алмайтын, алқаш немесе өгей әке етіп көрсетіледі. Дегенмен, жасөспірім ұлдар өте күшті, және бұл – жаңа мемлекеттіліктің құрылуының көрсеткіші. Бұл жағынан алғанда С. Апрымовтың «Аңшы» фильміндегі әкенің бейнесі тұжырымдамалық түрде маңызды. Күшті, бір жағынан, атақты, тіпті мифтік әкенің бейнеленуі ұлттың ұлттық сана-сезімінің қалыптасуындағы сандық нүктесі деп санауға болады. Бір қызығы, күшті әкенің бейнесі 2004 ж. кейін ғана шыға бастады және де қазақ, өзбек фильмдерінде басымырақ болды» [5, 48 б.].

Еркін табиғатынан жуас, үндемес бала. Дей тұрғанмен, оның бойынан ер балаларға тән бүлікшіл мінезді, табандылықты байқайсың. Бірақ баланың бойынан суықтық сезіледі. Онысы өзін тұл жетім сезінуінде болар. Бірге  жүретін достары оның асыранды екенін айтады. Онымен бірге тұратын шешесі – өгей, әкесі жоқ. Б.Р.Нөгербек былай деп анықтама береді: «Экранда – табиғат заңымен өмір сүретін Аңшы. Және өмірге ызалы Ұл бала [4, 360 б].  

Философия ғылымдарының докторы, профессор Д. Кішібеков «Қазақ халқының мінез-құлқы, ойын-сауықтары және рухани тіршілігі» еңбегінде: «Қазақ халқының мінез-құлқы оны қоршаған ортаға – кең далалық кеңістікке, географиялық жағдайға, баққан малға, оның шаруашылығына байланысты қалыптасты» деп жазды. Осы жазбаға дәлел ретінде бірнеше пункттерді қоя отырып: «Біріншіден, ол (қазақтар – Е.Е.) ерекше бір жағдай болмаса, етек-жеңін жимай, кеңге салып, асықпай, байсалды өмір сүрген» дейді де, «Екіншіден, қазақ әңгімелескенде асықпай, әр нәрсенің мән-жайына жетіп, түсінісуді қажет еткен» [6, 82 б.] деп жалғайды. Бұл келтірілген мәтіндер «Аңшы» фильміндегі кейіпкерлердің іс-әрекеттерін толығымен сәйкес келеді.

Аңшы да Еркін сияқты жалғыз. Адамдардан гөрі табиғатпен көбірек мұңдасады.  Аңшының келбеті сұсты, айтқанында тұратын, өр мінезді, ақылды, оң-солын аңдай алатын адам ретінде сипаттауға болады. Бұл қасиеттің барлығын өзінің қас жауы қасқырдан алған секілді. 

Кинотанушы, профессор Н. Рахманқызы «Қазақ киносы: кеше және бүгін» атты кітабындағы «Бауыр» және «Аңшы» фильмінің үндестігі» мақаласында: «Аңшы» фильмінде тұңғыш рет аңшының негізінде фольклорлық кейіпкердің деңгейіне көтерілген толыққанды болмысы бар, мінезді, айбарлы, рухы мықты күрескер-кейіпкердің бейнесі алдыңғы қатарға шығады. Аңыз-ертегілердің батырлары сияқты азулы бөрімен айқасады [3, 67 б.] деп жазады.

Стэнфорд университетінің ұстазы Майкл Роуланд фильмдегі ең алғашқы сахнаны архетиптердің кездесуі деп атайды. «Бірінші ауыл көрінісі архетиптердің – ақсақалдардың, балалардың және әйелдердің үш бөтенмен – аңшы, азғын әйел және жетім бала Еркіннің кездесуін бейнелейді» [7]. 

«Аңшы» фильмінің сюжеті қарапайым. Жеткіншек Еркін өзін асырап алған шешесі – жеңіл жүрісті әйелмен өмір сүреді. Шешесіне келетін еркектер көп, соның бірі Аңшы. Аңшының үйіне келуін қаламайтын Еркін оның мылтығы мен атын ұрлап, дүкеннің тас-талқанын шығарады. Енді оның өмірінде екі таңдау тұр. Біріншісі ұсыныс жасап тұрған Аңшымен тау ішіне кету, екіншісі түрмеге жабылу. Ол Аңшыны таңдайды. Аңшының тұрақты мекені – Тау. 

Баубек Нөгербек «Қазақ көркемсуретті киносы: фольклорлық дәстүрлер және кейіпкер бейнесі» («Казахское игровое кино: экранно-фольклорные традиции и образ героя») кітабындағы «Мифологиялық кейіпкер» мақаласында: «Аңшы» фильмінде С.Апрымов алғаш рет фольклорлы-метафоралық кино эстетикасына жүгінеді. Фильмде екі стихия бір біріне қарсы қойылады: Табиғат – жас балаға Ұстаз болған Аңшының, яғни еркін адамның қалыпты тіршілік ортасы және тәуелді адамның жасанды тіршілік ортасына айналған Қала» [8, 341 б.].

Кеңдікті, еркіндікті сүйетін режиссер өз шығармашылығында айналадағы дүниеге аса көп мән береді және ол фильмдерінде айқын көрініс табады. Әр фильмдегі оқиға көбіне далада өтеді. Жүрегіміздің пәктігі, жанымыздың жомарттығы – табиғат ананың сыйы деп білеміз. Қазақ философиясындағы ұлттық дүниетанымындағы алғашқы көзқарастар табиғат тылсымымен тығыз байланысты болғанын ескерсек, бұл фильмнің дүниеге келуі орынды еді. Фильм бұрын-соңды қазақ жаңа толқынының мәнерінде болмаса да, ұлттық кино нақышында жасалынды.  

Серік Апрымовтың фильмдерінде қазақ тұрмысын, танымын көрсететін детальдар өте нақты, дәл қолданылады. Болашақ режиссер жасөспірім шаққа жеткенде әкесі Секен оны Аңшының қарауына береді. Міне, алғашқы автобиографиялық фильмнің көрінісі «Аңшы» фильмінде көрініс табады. Алдыңғы фильмдерінде ол өзінің ішкі жан-дүниесімен, басынан кешірген сезімдерімен бөлісетін. Ал мұнда өмірінен алынған тұтастай эпизодтар кездеседі. Серік Апрымов бұл жайында былай дейді. 

С.Апрымов: Мен тауды, қасқырларды жақсы көретінмін. Бала кезімде тауға жиі баратынмын, тіпті тауда тұрып көрдім де. Жасым 12-ге жеткенде әкем мені Аңшының қарауына берді. Ол мерген болатын. Жаз бойы тауда қасқырларды ататынбыз. Тауда жаным рахат табатын, ол жерде тазалық бар. Ал мен ластықты ешқашан ұнатқан емеспін [9].   

Ал фильмдегі Еркіннің ең алғаш қасқырды аулау көрінісі өз өмірінен алынғанын оңай аңғаруға болады:

«Өзеннің жағасында отырып, суырды бөлшектеп, қуырдық. Тауда біз көбіне суырларды жейтінбіз. Кенет, Аңшы «қозғалма» деді. Басымды ақырын бұрын қарасам шатқалда қасқыр кетіп бара жатыр екен. Қасқыр біздің иісімізді сезіп қойып, жоғарыға қаша жөнелді. Аңшы мылтығын алып, атты. Жан-жағымыз бұта болғасын дәл тидік пе, жоқ па білмедік. Қасқырдың артынан жүгірдім. Таудың төбесінен таптым. Жатыр екен. Қасына келіп, басынан аттым, қайта оқтап, тағы екі рет аттым. Қозғалмады. Шұғыл тартып қалып едім, үстіме құлап түсті де, ары қарай домалай жөнелді. Қасқырды Аңшыға алып келіп, терісін сыпырып алдық [9]. 

Табиғаттың тылсым күштерін сезінуге, танып-білуге бағытталған туынды Алматы облысы Райымбек ауылында түсірілді. Алайда, фильмде «Тарбағатайдың құрып бара жатқан қызыл қасқыры ғой» деген Аңшының сөзі режиссердің еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Аңшы Еркінге әке орнын толтыратын адам. Ер балаға жасөспірім кезде анасынан гөрі әкесінің жанында болуы маңызды екенін мәлім. Аңшы да дәл уақытында табыла қалып, Еркінді өзінің білгеніне үйретеді. Алғашында таудың құпиясымен бөліседі. Қасқырдың ұлығанын салу арқылы сырласуды; ат ерттеуді; мылтық атуды; жәндіктерге енжар қарамауды; табиғатпен бірге дем алуды және ең маңыздысы табиғатпен бірге үндестікте болу арқылы жүректегі жылулықты сақтап қалуды үйретеді. Күн артынан күн, ай артынан ай, жаз өтіп, қыс келеді, бала Еркін Аңшының жанында жүріп, көп нәрсені үйренеді. «Қалыптасқан жағдайларға байланысты ол (Аңшы – Е.Егеубаева) Еркінді тауға алып кетіп, өзі білетін нәрселерге үйретеді. Ол өзінің ісіне ғана емес, оның өмірі құралған табиғатты есту, ат ерттеу, әйелді сүюді үйретеді [10]. 

Фильмдегі уақыттың маңыздылығы туралы Майкл Роуланд ерекше тоқталып өтеді. «Фильмде уақыт өте маңызды рөл атқарады. Сюжеттің басталуымен уақыт бір күннен екінші күнге ауысып, содан кейін апта, ай және жылдарға дейін жалғаса береді. Уақыттың осы қозғалысымен Апрымов көрерменге қазақ ауылы ішіндегі өзгеріс пен іркілуді контрастты оқиға арқылы баяндайды. Табиғаттың, ауылдың, бақсының және әлеуметтік желілердің біркелкілігі Анаға, Аңшы және Еркіннің эволюциясына қарсы қойылады. Жарты жыл өзін-өзі зерттеп, тауда білім алғаннан кейін, Еркін өз ауылынан пана іздейді, бірақ қамауға алынды.  Қалалық кеңістікте бақыланатын абақтыда бірнеше жыл қамауда болғаннан кейін, Еркін Аңшы болу үшін тауға қайта оралады» [7].  

Осы уақыт аралығында Аңшы мен Еркін ара-қатынастары трансформацияға ұшырайды. Алғашында біріне-бірі қырғи қабақ болып жүрген екеу айнымас досқа, әке мен балаға, бірі ізін басушы, бірі қамқоршы күшке айналады. 

Аңшы, Еркін және қасқырдан бөлек фильмдегі өзге кейіпкерлер жайлы киносыншы Л.Фелперин: «Фильмнің кейіпкерлері – камера ұзақ «қарайтын» құстар, қасқырлар және әсем жасыл жазықтар. Бұндағы табиғат А. Куросаваның «Дерсу Узала», Н. Михалковтың «Урга» және З. Кунуктың «Атанарджуат. Желаяқ» фильмдерін еске салады» дейді [11]. 

Майкл Роуланд: «Тау басында Еркін табиғаттың тылсым күші мен сұлулығын зерттеп, дайын болған шағында Аңшының орнын басу үшін батылдыққа, ерлікке апаратын өзіндік жолын салады. Далалық қазақ даналығын Аңшының сөзі арқылы беріп, Апрымов  ауыл мен көшпенділер өмірі түсінігін кеңейтеді» [7]. 

Таудағы өмір мен оның сұлулығынан бұрын фильмнің драматургиялық құрылымы «денең суық» деген бастан-аяқ кездесетін сөзге құрылатын тәрізді. Бұл сөз бірнеше рет кездеседі. «Мынаның денесі де, демі де тастай суық» дейді оны соққыға жыққысы келген достары. Алғаш рет фильмнің прологында айтылған сөзге көрермен аса назар аудармайды. Еркіннің демінің суық екенін аңғарған достары. Әдетте, адамның түрлі қырлары достарының арасында пайда бола бастайтыны мәлім. Бұл суықтықтың қайдан пайда болғаны нақты белгісіз, дегенмен де қасында жүрген достарының қатыгездігінің де әсері әбден болуы мүмкін ғой.

Аңшының бойынан да кейде суықтық сезіледі. Қасқырдың терісін бақсыға алып келгенде екеуара диалог кезінде мынадай сөз айтылады: 

Аңшы: Малшылардың айтуы бойынша Алтайдан асып келген көрінеді.

Бақсы: Сен өзің де Алтайдан емессің бе? Кісікиік болып кетіпсің. Деміңді жылытайын, - деп қолына дауылпаз алып, бақсы жоғарғы жақпен байланысқа түседі. Бұл диалогтан Еркін ғана емес, Аңшы да жалғыздығынан жапа шегетіндігін аңғара аламыз. Адамдардан бойын аулақ ұстағандықтан жүрегіндегі жылулықты сақтай алмай қалып жатады. Бірақ, оны құтқаратын жалғыз нәрсе – табиғатпен үндес болуы. Табиғаттан күш алып, тазаратындай.  

Аңшы мен Еркіннің таудағы оқиғаларының бірінде Еркін жәндікті ұстап алып, оны өлтіре жаздайды. Ол жәндікті Аңшы қолына алғаннан кейін, жәндікке жан бітеді. «Алақаныңда жылулық жоқ. Табиғаттың сұлулығын сезінбейтінің сондықтан» дейді Аңшы. Жәндікті тірі алып қалудың жалғыз жолы – алақандағы жылулықта екенін тағы да баса айтады. 

Ендігі бір эпизодта Еркін және Аңшы айдаладағы ауылға келеді. Олардың мақсаты бес тырнақты қасқырды өлтіру. Осы мақсатты орындауда  шалдың үйіне тоқтайды. Шал өзінен біршама кіші сұлуды жар етіп алған. Түн ауған шақта Сұлу Еркінмен сырласады. Екеуінің қолдары түйіскенде Қыз Еркінге: «Қолың қандай жұмсақ. Бірақ неге сонша суықсың?» дейді. Еркіннің қолы әлі де суық. 

Аңшымен тау басында отырып, Еркін «Мені бәрі суық дейді. Неге екенін білмеймін. Түнде мен өмірімде өз қолыммен бірінші рет жылулықты сездім. Кешегі қыз керемет сұлу» деп ағынан жарылады. «Нағыз сұлулық әйелдің жылтыраған бетінде емес. Сұлулық деген асқақ  болады. Бұл жаһанда тау сұлу, аспан сұлу» дейді Аңшы. Фильмнің басынан бастап үздіксіз көрсетілетін жалпы пландағы тау мен аспанның сұлулығын тағы бір мәрте айғақтау үшін айтылған сөзді Еркін түсінгендей. Бірақ, ол табиғатпен әлі де болса үйлесімділік таба алмады. 

Фильм барысында көрсетілетін жалғыз түс – Еркін мен табиғаттың бір-біріне жақындасуының алғашқы қадамы секілді. Аңшы Еркінге ең алдымен, өзіңді таны деп түсіне енеді. 

Аңшы: Неден қорықтың? 

Еркін: Біреуден қорықтым. 

Аңшы: Сен өзің бөтенсің. Айнаға қара. 

«Бар, өзіңе жылы орын тап» деген Аңшының сөзінен кейін Еркін қасқырдың қасына барып жайғасады. Адамдардан әлі де алшақ, жылу сезбейтіндіктен, қасқырдан жылу алады. Ол енді одан қорықпайды. Екеуі бірге. Еркін жылулықты табиғаттан алуды үйрене бастады. 

Арада жарты жыл өткенде Аңшы мен Еркін Еркіннің анасын өлімші қалде жатқан кезінде тауып алады. Аңшы Еркінге анаңа дененің жылуы керек деп, қасына жатқызбас бұрын, бақсының бұрындары Аңшыға дем салғанын Еркінге қайталайды. Еркін анасының жүзіне дем жібергенде, анасы мына өмірге қайта оралады. Таудағы уақыттың тез өтетіні соншалық, Еркін мен Аңшы жарты жыл өтсе де, жақын адамға айналмағаны байқалады. Аңшының Еркінге дем алуды үйретуі фильмнің шарықтау шегіне дәл келеді.

Фильмнің соңында Еркіннің өміріндегі Аңшыдан кейінгі қымбат адамы – анасы «Қолың қандай жылы!» дейді. Еркін бұл сөзге аң-таң. Бейжай күйде отырған ол анасымен енжар қоштасады. Оны бөлме сыртында милиция қызметкері күтіп тұр. Еркін жасаған әрекеттеріне жауап беретін кезі келді. Жақындарын қимайды. Бірақ, амалы жоқ. Дегенмен, оның бойынан үрей сезілмейді, ол табиғатпен үйлесім тапқандықтан кейін өзін қауіпсіз сезінеді. 

Аңшының «Әлі кездесеміз» дегеніне Еркін кездеспейтіндерін алдын ала сезгендей басын шайқайды. «Тек денеңді суытып алма» деп,  Аңшының Еркінге айтқан соңғы сөзі «Мені таулардан табасың, қасқырдың ұлығанынан табасың» дегісі келгендей. Еркін енді табиғаттан алшақтамау үшін денесін суытпауы керек. 

Түрмеге жабылғанда да, Еркін демін суытпау үшін үнемі Аңшының үйреткенін қайталайды. Ол жақындарынан алыс. Тек Аңшының «Денеңді суытып алма» деген ақылы ғана оның жадында. Төрт жыл өткеннен кейін жазасын өтеп, түрмеден шыққан Еркінге абақтыдағы төрт жыл ұзақ өткен сыңайлы. Ол есейіп, басқа адамға айналған. Абақты оны өмір үшін күресуге үйреткенге ұқсайды. Үйіне  келгенімен, ол анасының қасында тұрақтағысы жоқ. Анасынан, бақсыдан, малшылардан Аңшының өлімін сұрастырады, бірақ ешкім нақты білмейтін болып шығады. Алайда, бәрінің болжамы бойынша – Аңшының өлімі қасқырдан болған. Аңшының қасқырды ала алмағаны автордың Қасқыр да, Адам да табиғат бөлшегі, екеуі бір-біріне тең жаратылыс дегені. Аңшы өзін бүркітке теңейді. Енді көкте мәңгі қалықтайтын қыран құс Еркінді демеп, қолдап жүрмекші. 

С. Апрымовтың бұл фильмі адам мен табиғат бір бөлшек, екеуін бір-бірінен айыруға болмайды дегенге саяды. Фильмнің соңғы кадрында аңшы Еркін малшының үйінен ат үстінде алыстай бергенде құпиясы ашылмаған биік тауды домбыраның үнімен береді. Өрістен келе жатқан жылқылар (төрт түлік мал емес, тек жылқылардың жүріп өтуі өте маңызды), қалықтап ұшқан қыран құстың берілуі – табиғатқа көз салшы дегендей. Ең соңғы кадр – кадрдың сол жағынан оң жағына қарай шауып өткен Аңшы және кадрда тағы да биік тау. Екеуі бірге. Үйлесім табылды. 

Режиссер С. Апрымовтың басты мақсаты түркілердің аңыз-әңгімелеріне сүйене отырып, адам және табиғат арасындағы үйлесімділікті көрсеткісі келеді. Ол жерде түркілер немесе қазақтар қасқырдан тараған деген ауыз әдебиетінде кеңінен таралған мифологиялық астар болғанымен, ол алдыңғы қатарға шықпайды. Сондай-ақ, Тәңіршілдік, бақсылық секілді ғұрыптар бой көрсеткенімен, оған ешқандай екпін жасалмайды. 

Қорыта келе, режиссер С. Апрымов адам және табиғат біртұтастығы жайлы ой қозғайды. Фильмде бірнеше мәрте қайталанатын «суық дене» сөзі бүкіл оқиға барысында Еркіннің өзгеруімен бірге айтылып, әр кейіпкер айтқан сайын Еркін өзгеріп отырады. Режиссердің айтпағы – адам табиғаттан алшақтаған сайын жабайылана, қатыгездене түседі. Әдетте, адам мәңгілік өмірге аттанғанда денесі суиды. Фильмдегі ауыл тұрғындары да тіріөлікке айнала бастаған. Ал бойдағы жылулықты сақтап қалу үшін адамзат табиғаттың ажырамас бір бөлшегі екенін үнемі естен шығармай, табиғатпен бірге біте қайнасу керек. 

Қазіргі таңда адамзат және табиғат үйлесімі ең бір өзекті мәселелердің бірі екені мәлім. Адамзатты алаңдататын жаһандық жылыну процесі адамдардың табиғатты қорлауынан, оны қорғамағандығынан деп білеміз. Режиссер С.Апрымовтың «Аңшы» фильмі 15 жылдан астам уақыт өтсе де, тақырыптық ерекшелігімен, кино тілімен ерекшеленетін бұл туындының ғұмыры ұзақ болатынына сеніміміз мол. Себебі, режиссер махаббат, жақсылық пен жамандық секілді мәңгі тақырыптардың бірі адамзат пен табиғат үндестігін назарға алып, оны қызықты сюжет пен музыкамен, тамаша актерлік жұмыспен әрлеп, көрермен қабылдауына жеңіл болатындай етіп «әзірлеген». Автор көрерменнің қазіргі құндылықтарға басқа көзқараспен қарауға шақырады. «Ұл бала өзінің Аңшы-Ұстазының ізімен келеді. Ол «аңшылық» саймандардан бас тартады, себебі, айналадағының бәрі Табиғатқа тиесілі, ал ол – оның кішкентай ғана бөлшегі. Оның парызы – мына Жерді, Тауды, Аспанды, Аңшыға қарсылас бола алатын Қасқырдан тараған Адамдарды сүю және қорғау» дейді Бауыржан Нөгербек [4, 360 б.]  

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Эйзенштейн С. Избранные произведения в шести томах. – Том 3.– Москва: Искусство, 1964. – 702с. 
  2. Головня А. Пейзаж в фильме // «Советское искусство», № 6, 3 с. (12 декабря 1944 года)
  3. Рахманқызы Н. Қазақ киносы: кеше және бүгін. Зерттеулер, мақалалар, рецензиялар, сұхбаттар. – Астана: Фолиант, 2017. – 464 бет.
  4. Ногербек Б.Р. На экране «Казахфильм». Статьи, рецензии, эссе, интервью. – Алматы: RUAN, 2007. – 520 с. 
  5. Наурызбекова Г. Қазақ киноөндірісінің жаңа толқыны // «Өмір», № 4, 2004. –  48-50 бб.
  6. Кішібеков Д. Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең. – Алматы: Ғылым, 1999. – 200 б.
  7. Rouland M. Film Review: Serik Aprymovís The Hunter (2004) // KinoKultura, 2005. 
  8. Ногербек Б., Ногербек Б. Казахское игровое кино: фольклорные традиции и образ героя. Монография. – Алматы: ТОО «Каратау КБ», «Дәстүр», 2014. – 424 с.:ил
  9. С. Апрымовпен сұхбат. Қолжазба. 12-ші желтоқсан, 2018ж.
  10. Абикеева Г. Нациостроительство в фильмах Серика Апрымова. https://www.academia.edu/40752593/Нациостроительсвто_в_фильмах_Серика_Апрымова  
  11.  Felperin L. The Hunter // Magazine Variety https://variety.com/2004/film/reviews/the-hunter-6-1200531624/