Мақала
БАЛАЛЫҚПЕН ҚОШТАСУ. С.Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» фильмі туралы
2021 жылдың 8-шілдесінде белгілі жазушы, кинодраматург, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов өмірден озды.
Бөлім: Кино
Датасы: 12.07.2021
Авторы: Бауыржан Нөгербек
Мақала
БАЛАЛЫҚПЕН ҚОШТАСУ. С.Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» фильмі туралы
2021 жылдың 8-шілдесінде белгілі жазушы, кинодраматург, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов өмірден озды.
Бөлім: Кино
Датасы: 12.07.2021
Авторы: Бауыржан Нөгербек
БАЛАЛЫҚПЕН ҚОШТАСУ. С.Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» фильмі туралы

Жазушы, кинодраматург, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов ұлттық рухани мәдениетімізге 70 жылдардың орта шеңінде келген есім. Оның «Тағы мысық», «Ассалаумағалеукум, Атландида» повестері, Канн фестивалінде (Франция) күміс жүлде алған «Шоқ пен Шер» фильміне жазған сценарийі, сондай-ақ «Құрманғазы» деректі фильмі, «Күзгі бұралаң жол», «Зауал», «Созақтан шыққан Гамлет» көркем фильмдері рухани даму процессімізді, бұл жолдағы көркемдік ізденістерді бағамдап отырар көзқарақты қауымға жақсы таныс. Әрбір өнер адамының шығармасында өз болмысының қасиет ерекшеліктері бөле-жара көрінеді десек, Нарымбетовтың шығармалары оқырман-көрерменінен ең алдымен, парасатты, мәдени дайындықты қажет етеді. Өмірдегі өзі сияқты өнерінде де сонша мәдениетті, таза да нәзік, күрделі жазушы, режссердің жаңа туындысы – «Көзімнің қарасы» көркем фильмі. Сценарийін автор төл повесінің негізінде зайыбы, киносценаршы, терең білім мен мәдениет иесі болған Ізтөле  Ізмағамбетовамен бірігіп жазған. Фильмнің суретшісі Рустем Әбдірашев, операторы Хасан Қыдыралиев. Басты рольді мектеп оқушысы Дәулет Таниев, басқа рольдерді Қырғызстанның ел артисі С. Жұмадылов, актерлер Р. Айтхожанова, Б. Әлпейісов, Н. Тлеубергенов, Е. Өтеулинов, Б. Нұрлыбаева, Г. Хайтович тағы басқалар орындайтын бұл фильмде режиссер Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы түкпірдегі қазақ ауылының өмірін бейнелей отырып, адамдық бастауы – балалықта екенін зерделеуде дәстүрлі баяндаудан әдейі бас тартады. Ассоциативті-фрагментарлық стильге (әдіске) ден қояды. Бала Ескеннің көзімен берілетін өміртанымның дүние-танымға ұласуы барысында режиссер көрерменнің «мәдени  жадысына» салмақ салады. «Көзімнің қарасы» деп бүгінгі күндері дүниежүзілік фестивальдарда небір жүлделер алған фильмдерден, сондай-ақ қалың көрерменге арналып түсіріле бастаған мелодрамалардан да көркемдік қалыбы бөлек тұрған туынды екеніне оқырман назарын баса аударғымыз келеді. Енді назарларыңызға Б. Нөгербектің рецензиясын ұсынамыз.

Кинотанушы, PhD Баубек Нөгербек


Фильмнің атына зер салған жан туындының ұлттық және европалық мәдениет қиылысында дүниеге келгенін байқар еді. Қазақша атауы ұлы Абайдың халықтық әнге айналған «Көзімнің қарасын» көңілге оралтса, орысша атауынан – «Жас аккордеонистің өмірбаяны» - европалық сентиментальды романдармен, мәселен, Гетенің «Жас Вертердің жаназабы» параллельдер тудырады. Фильм авторы С. Нарымбетов прозашы, кинодраматург, режиссер көрерменін ә дегеннен-ақ ассоциативті кинотілмен сөйлесіп, ұғынысуға шақырады. Кинотуындының рухани кеңістігі 60-70 жылдардағы дүниежүзілік, сондай-ақ кеңестік кинематографияның ой қуаты, сезімдік серпіндерінен бастау алады. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы  түкпірдегі қазақ ауылының – автордың бейнелеп-зерделеуінде шағын Вавилонның тұрмыс-тіршілігін алға тарта, Ескен есімді жас баланың көзімен тани  отырып режиссер өзінің балалық шағын «таныс та бейтаныс», мүмкін қиял елегінен өткізген моделін жасайды. Кино үйіндегі тұсаукесер рәсімінде Сатыбалды туынды өзінің балалық шағы, туыс-туған, дос, таныстарының өмірі екенін қадап айтқан еді. Өз туындысы туралы автор қандай да болсын аңыз айтуға хақылы. Ал, көрермен үшін режиссердің нені мақсаттағаны емес, сол мақсатының нәтижесі және туындының нендей ойларға жетелеп, нендей сезімді бастан кешіртері қымбат.

Өз басым фильмді көріп отырып өз балалығымды еске алып қана қойған жоқпын, қазақ киносына 70-жылдары келген біздің буын туралы ойладым. Біздер «Қазақфильм» киностудиясына келгенде ұлттық кинотарихы өзімізден басталғандай сенімде болдық. Москвадағы кино өнері институтында жоғарғы білім алған біздер үшін кино алыптары Феллини, Бергман, Антониони, Куросава, Эйзенштейн, Тарковский еді. Басқа кинорежиссерлердің туындыларын мойындамай, көркемдігі төмен, айтары кем дүниелер деп білдік. Өйткені, біздер ұлттық киноға, айталық Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов туындыларына, сондай-ақ қырғыздың сол кездегі жас режиссерлары Толомуш Океев, Болот Шамшиев, Геннадий Базаровтардың фильмдеріне батыс европалық кино өлшемімен қарадық. Сол өлшемге тура келмегендіктен де «бұл – профессионалды кино емес» деген теріс ұғымда болдық.

Біздің буын жастық қызу қандылығынан арылып, дүние-ғаламды, өнер әлемін парасатты көзбен тану кезеңіне жеткенде итальяндық, жапондық, шведтік кинодан да басқа ағымдар бар екенін, соның ішінде ұлттық қазақ киносының орны бөлек екенін сезіндік. Сезіндік те шығармашылық жолы шетелдік әріптестерінікі сияқты драмалық, трагедиялық бұралаң бұрылыстарға толы болған Александр Довженко, Василий Шукшин, сондай- ақ Ш. Айманов бастаған қазақ киносының хас шеберлерінің фильмдеріне, ұлттық кино тарихына ерекше құрметпен қарауды үйрендік. Мұндай рухани өсу-түлеу жолында біздің буын бірталай уақыт тынымсыз жан еңбегін бастан өткердік.

Меніңше, С. Нарымбетовтың жаңа туындысында тап осындай рухани жаңғыру және жан кемелдігі бар. Сатыбалды – өз көрерменіне нені және қалай айтқысы келерін айқын білетін профессионалды кинорежиссер. Мен өз көрерменіне дегенді бекер айтып отырған жоқпын. Өйткені «Көзімнің қарасы» киномәдениет әлемінің тәлім-тәрбиесін көрген көрерменді қажет етеді.

Кинокартинада ұлттық кинода бұрын болмаған драматургиялық баяндаудың жаңа формасы – коллаждық принцип бар. Фильм құрылымында «цитаталық» әдіс пайдаланылған. Туынды Шығыс пен Батыстан да, Оңтүстік пен Солтүстіктен де соққан желден қорықпай, есік-терезесін шалқалай ашып тастаған үйді еске салады. Көкірегіңді самал жел тазартқандай әсерге бөлінесің.

«Көзімнің қарасы» кинематографистер ортасында 60-шы жылдарда прозалық кино, поэзиялық кино, оқиғалы киномен оқиғасыз кино, жағымды-жағымсыз кейіпкерлер  туралы болған қызу айтыс, пікірталастарды ойға оралтады. Мұндай ассоциациялар киносыншысы болғандықтан, мүмкін, менде ғана  туған шығар, ал, айталық, актер немесе оператор басқаша әсерде болуы әбден мүмкін.

Фильм құрылымында әлемдік мәдениеттің – Құдай ана, Інжіл сюжеттері немесе Феллинидің алып жезөкше Сарагинасы сияқты белгілі киноперсонаждарындай – белгілі құбылыстары маңызды орын алады. Әр ауылдың өз баскесері мен қорғансызы, Періштесі мен шайтаны, Әулиесі мен зинақоры, Иудасы мен азапкері болады. Әр  ұрпақтың өз тағдыр тарихы болады. Дегенмен де Нарымбетов киноперсонаждарына нақты тұрмыстық-әлеуметтік орта немесе нақты тарихи-ұлттық сипаттама бермейді, есесіне бүкіл адамзатқа ортақ белгі – қасиеттерді айқындауға күш салады. Сондықтан да авторлық өмірбаян негізге алынғанымен фильмнен нақты өмірбаяндық дәйектерді, айталық, Ескен әкесінің тағдыры автор әкесінің тағдырына қаншалықты сай келерін іздеп бас қатыру артық. Экранда көрсетілген балалық әлемі әу бастан кинематографтық сипат алады. Автор балалық шағын кинемаграфтық ассоциациялар елегінен өткізіп бейнелейді – фильмнен классикалық кинотіркестерді де, белгілі әндердің әуендерін де, күлдіргі жайттарды да молынан табасыз. Өйткені, туындыдағы балалық әлемі өмірдегі шындықтың тура көшірмесі емес. Бұл фильм – «Кино дегеніміз  бір секундтағы 24 кадр шындығы» деген белгілі тезисті жоққа шығарады.

Балалық шақты  «рэтро» стилинде қайта жасау, құру мүмкін бе? Мүмкін екенін автор дәлелдеп берді. Тек мәселе мынада – біздер, көрермендер, мұндай шығармашылықты қабылдап, өз сана-зердемізден өткізуге дайынбыз ба? Бұл – әр көрерменнің өз шаруасы. Фильмді танып-түсініп қабылдай ма, әлде соғыстан соңғы ұрпақ балалық шағының тағы бір аңыздық бейнесі деп қарсы бола ма? – өз құқы.

Өз басым Сатыбалды Нарымбетовтың бір-біріне ұласқан бірнеше шарттылығы бар (повесть, сценарий, фильм) бұл кинокартинасында көрерменге ұсынған ойын шарттарын қабылдадым. Фильмдегі бірде бір орысы жоқ, негізгі персонаждары бүркіт тұмсықты кавказдықтар сияқты киініп, орыс киносындағы көңілдестер сияқты сүйісіп, өз-өзіне өтірік самурайлар сияқты қол салатын қазақ ауылының өзі шартты. Әртүрлі, тіпті бірін-бірі жоққа шығаратын киномектептер, киноағымдар, фильмдерінен әдейі алынған метафора-цитаталардан да тұратын кинотілінің өзі шартты.

Экранда поэзия мен прозаның, шым-шытырық интрига мен оқиғасыздықтың, табиғат пен әлеуметтік ортаның шынайы картиналарының, кейіпкерлердің адам сенбейтін диалогтары мен қимыл-қаракеттерінің қым-қуыт араласып жүргенін көресің. Бірақ қалай дегенде де «Көзімнің қарасы» - нағыз кино. Енді бір есептен, автордың Өмірде және Өнерде жанына жақын тұтып, аса кадірлейтін жандарына деген махаббатының көрінісі. Ал,  бір сөзбен айтқанда Кино атты Ұлы Өнер әлеміне орнатқан өз ескерткіші деу орынды.

Жандарынан кездейсоқ өтіп бара жатып құлағы шалған адамдарға ғашықтардың әңгімесі аңғал да әсіре-қызыл естілуі мүмкін. Сатыбалды фильміндегі көз ұяларлықтай бір сахынасына кешіріммен қарайық. Кездейсоқ жүргінші болмайық. Ең бастысы автордың Сүйіспеншілік сөзін естуге ұмтылайық. Ол сөз бізге, Көрерменге, киноны түсініп-бағалайтын көрерменге арналған.

"Қазақ әдебиеті", 1994. - №30. - 29 шілде. - 15 б.