"Бозторғай" мультипликациялық фильмінің көркемдік ерекшеліктері

Алдымыздағы шағын ғылыми жұмыс қазақ мультипликация өнерінің тарихында ерекше орын алатын режиссер-мультипликатор Ерсайын Әбдірахмановтың «Бозторғай» мультипликациялық фильміне баса назар аударып, жан-жақты талдау жүргізуді көздейді.

Нұргүл СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Кинотанушы



Кіріспе орнына

Кино өнерінің бір тармағы болып саналатын сыры ғажап, әлемі көркем анимация өнерінің ұлттық сана-сезімде экраннан көрініс табуы мультипликатор мамандығын арқалаған қайратты жандардың ел мүддесі үшін қосқан үлесі деп танимыз. Олардың әрқайсысы бір-бір төбе, бірігіп «қазақ мультипликациясы» деген биік шыңды құрайды. Осындай қайраткерлердің шығармашылығын жан-жақты талдап, көпшілік қауымға кеңінен таныстыруға тиістіміз. Сонда ғана анимацияға жаңа серпіліс бере аламыз.
Қазақ мультипликациясының дүниеге келуіне себепкер болған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің қазақ көрерменінің сүйікті шығармасы болып келе жатқанына, міне, жарты ғасырға таяп қалды. Жоғары деңгейде орындалған аталмыш мультфильмнің белесіне қазақ мультипликациясының «алтын қорына» қосылған өзге мультипликациялық шығармалар үшін жеткізбес шың болғаны жасырын емес. Алайда, араға он тоғыз жыл өткеннен кейін шығармашылық деңгейі жағынан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмімен тең дәрежеде тұратын мультфильм жарыққа шығады. «Эта рисованная лента, созданная, после столь долгого перерыва (вспомним «Почему у ласточки хвост рожками») вновь продемонстрировала реальные творческие возможности наших мультипликаторов» [1, 177 б] - деп, кинотанушы Б. Нөгербек аса қуанышпен жеткізеді. Бұл фильм – «Бозторғай»! Аталмыш мультипликацилық шығарманың режиссері – Ерсайын Әбдірахманов.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінің басты кейіпкері қазақ фольклорының өзегі болған қасиетті құс – Қарлығаш. Ал, «Бозторғай» мультфильміндегі негізгі оқиға барысы халқымыздың бейбітшілікке қатысты айтылатын, мақал-мәтелдерде жиі кездесетін тыныштық символы – Бозторғайдың көзқарасымен түсірілген. «Бозторғай тыныштықты төтенше сүйетін құс, өзгелер ұясына жолап кетсе, құтты ұясын да, бауыр ет балапанын да тастап, өзге жаққа мәңгілік маңып береді, осының айғағы ретінде мамыражай жақсы заманды халқымыз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кез» деп атаса керек» [2].

Ерсайын Әбдірахманов


«Бозторғай» фильмінің драматургиялық байланысы
«Из чего складывается мультфильм? Драматургия мультфильма – понятие сложное. Может быть правильнее было бы сказать «строение», «архитектоника», ибо речь идет об основных компонентах литературном, изобразительном и музыкальном образе фильма» [3, 215 б] - дейді, кинотанушы С.В. Асенин өзінің «Волшебники экрана» атты ғылыми талдау кітабында. Жоғарыда айтып өткендей, шынымен де, мультфильм драматургиясы өте күрделі дүние. Себебі, мультипликация әдебиеттегі «троптар» деп аталатын астарлы көріністерді көбірек қолданады. Соның нәтижесінде фильмнің өн-бойы сиқырлы құбылыстармен байытылатыны жасырын емес. Мультипликациялық шығарманың ең бірінші қозғалатын тақырыбы анықталады («Бозторғай» фильмінде соғыс жылдарында күн кешкен ананың бастан кешкен оқиғасы басты нысанға алынған), содан өрби келе фабула елең беріп, ақырында, сюжет пайда болады. Сюжеттен драматургия құрастырылып, туындының идеясы көрініс табады. Міне, мультипликация осындай күрделі процестен өткеннен кейін ғана үлкен қоғамдық мәселелерді көтере алады.
Адамзаттың алғашқы ұстазы деп қабылданған Аристотель өзінің «Поэтика» атты кітабында: «жансыз және жанды заттар өзіндік кеңдікке ие болуы тиісті, жеңіл жасалуы үшін, сол сияқты, фабула да өзіндік ұзындыққа ие болуы керек, есте оңай сақталуы үшін» [4, 63 б]. Осы негізде «Бозторғай» фильмін айтар болсақ, шығарманың фабуласын баяндап беру өте күрделі. Себебі, фильм аллегория мен метафораға көмкерілгендіктен, оның символға толы көріністері фабуланың жеңіл баяндалуына кедергі жасайды. Сол себепті, талдау фильмнің алдымен іс-әрекеттің (фабула) қалай өріс табатынынан емес, сюжеттік, драматургиялық байланыстың қай бағытта жүретінін анықтаудан бастау алады.  Дәл осы мәселе өзге де мультипликациялық шығармаларға тән құбылыс болып табылады.
Аталмыш фильмнің («Бозторғай») драматургиясы өте күрделі өрбиді. Үш оқиға – бір тағдыр. Алғашқы баяндау – бозторғайдың ұясына тілсіз жау оттың шап беруі. Қазақта бозторғай жайында қызықты ертегі бар. Ол да қарлығаштың әңгімесіндей бізге сонау көне заманнан әжелер ертегісі арқылы жеткен. Бозторғайдың ағаштың үстіндегі қамыстан өрілген ұясына жылан шабуыл жасайды. Бозторғайдың үш жұмыртқасы болатын (бұл құс үшеуден артық не кем жұмыртқаламайды). Жан ұшыра шырыл қаққан бозторғай жыланға қарсылық көрсеткенімен, күші теңесе алмайды. Жан-жағындағы тіршілік атаулыдан шырылдап көмек сұрайды екен. Содан болар, қазақта «шырылдауық бозторғай» деген атауға ие болған. Және де бозторғай құсының тағы бір ерекшелігі – жау шапқан жерге қайта оралмайды. Режисер Ерсайын Әбдірахманов «Бозторғай» фильмінде жыланның орнына жерді жалмаған өртті көрсетеді. От жамандықтың жақындағанын ескертетін аллегория ретінде көрсетілген. Ал, бозторғай – тыныштықтың символы. Бозторғай өз ұясынан мәңгіге бас кешіп, безіп кетпесі үшін, жақсылықтың туын көтерген қаһармандар жауға қарсы тұрады. Негізінде бозторғай құсының фильмнің өзегі ретінде алынғаны осыдан болуы да мүмкін.
Екінші оқиға – халыққа қасіретті қилы кезең болған Ұлы Отан соғысының бейнесі. Бұл жерде майдандағы қырғын шайқас емес, ауылда шарасыз қалған әйел-аналар, әкесі мен қамқор ағаларын күткен балалар мен бауыр-қарындастардың ауыр кездегі көрінісі көрсетілген. «Бозторғай» фильміндегі ана бейнесі – төзімділік пен шыдамдылықтың символы. Ол алғашында қамқор жарынан айрылады, содан кейін жан дегендегі жалғыз тірегі ұлын да қаһарлы соғыс алып кетеді. Жаны астан-кестен болған ана төзімділік танытып, ертеңгі болашақ үшін өмір сүреді. Болашағы – жәутеңдеген қызы болатын. Қызына ертегі айту арқылы келешекке жол сілтейді. Сол арқылы өткенді ұмытпай, жаңа өмірге қадам басуды үйретеді. Қазіргі біздің қасіретіміз болып отырған да сол – ертегі айтатын әже-апалардың азайып бара жатқаны. Дегенмен, бұл біздің зерттеу тақырыбымыздың аясына кірмейді.
Үшінші басты оқиға – фольклордың көрініс табуы. Неліктен «басты оқиға» деп алып отырмыз. Себебі, аталмыш мультфильмнің нәрлі болуына, ұлттық мультипликациямыздың тарихынан ойып орын алуына тікелей себепкер болған, дәл осы аңыз-әңгімелердің қазіргі кезеңмен теңестіріле жырлануында болып отыр.

«Таудай болған талаптың

Назары қайтқан күн болған.

Жібектен бауы көнеріп,

Ақсұңқар ұшқан күн болған

Бағаналы боз Орда

Еңкейіңкі күн болған.

Телегей-теңіз шалқыған

Қоғалы көлдер суалып,

Тізеге жетер-жетпес күн болған.

Жапанға біткен бәйтерек

Жапырағынан айрылып,

Қу түбір болған күн болған»

Бұл Махамбеттің жалынды өлеңдерінің бірі еді. Өлеңде айтылған суреттеулер бозторғайдың көзімен берілген көріністерге дәлме-дәл келеді. Режиссер бозторғайдың бізге жеткізгісі келген зарлы әуенін жоғарыда жырланған өлең шумағымен келтіреді. Бұл туындыдан режиссердің тапқырлығын аңғару қиын емес. Махамбеттің өлеңі бір жағынан бозторғайдың сөзіне теңеу ретінде алынған болса, екінші жағынан қазақы поэзияның мультипликациялық кинотілімен жеткізілу ерекшелігін алға тартады.
1986 жылы жарық көрген «Бозторғай» («Жаворонок») фильмі шебер суреткердің қолынан шыққан дүние екенін дәлелдейді. Ондағы тақырыптық ерекшелік пен сюжеттік байланыс мықты драматургиялық қабысудан тұрады. Фильмнің ішкі құрылымына көз салар болсақ, әйгілі мультипликатор, өз мамандығының хас шебері Юрий Норштейннің 1976 жылы шыққан «Ертегілер ертегісі» («Сказка сказок») фильмі еріксіз еске түседі. Қос фильмнің айтар ойы мен қозғаған негізгі тақырыбы өте ұқсас.
«Бозторғай» – қаһарлы соғыстың қарапайым халыққа әкелген зардаптарын әңгімелеп, тереңде мықтап орныққан фольклорлық өткенмен астасып жатыр. Фильмді талдай келе, біз оның негізгі идеясына үйлесімді үндескен бірнеше тақырыптың қозғалатынын байқаймыз.
  1. Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақ жеріне әсері мен халықтың хал-ахуалы;
  2. Шыдамдылық пен төзімділік;
  3. Қайраттылық;
  4. Отанға деген махаббат;
  5. Ерлік.
«Сказка сказок» – адам жүрегіне жақын ең асыл жаннан айырған қаһарлы соғыс бейнесін көрсетеді. Өткенге қысқаша шолу жасап, қиялға ерік береді. Драматургиялық құрылымы сырттай шашыраңқы көрінгенімен, шарықтау шегіне жеткенде, айтар ойы айқындалып, бір арнаға жинақталады. Қозғаған тақырыбы сан түрлі болғанымен, идеясы бөлек-бөлек моншақтың ақ жібіндей тақырыпты тізбектей ала жөнеледі.
  1. Соғыс жылдарындағы халық бейнесі;
  2. Әйел-ананың жалғыздықтан жапа шегуі;
  3. Бейбіт күнді аңсау;
  4. Өткенге көз жүгірту;
  5. Қайран өмір!
«Бозтарғай» фильмінің басты ерекшелігі – өткен мен бүгінді өзара байланыстыра көрсетуінде. «Ертегілер ертегісі» мультипликацилық шығармасы да дәл осындай тәсілмен оқиға барысын суреттеуі ерекше көзге түседі. Қос туындының басты ұқсастығы, міне, осында жатыр. Екінші ұқсастық – фольклорлық кейіпкердің басты бейне ретінде алынуы. Қазақ мультфильмінде бейбітшілік символы ретінде – бозторғай алынса, Норштейннің фильмінде аңғалдық пен жалғыздық символы ретінде – кішкентай бөлтірік көрсетіледі. Соғыс кезіндегі қиын күндер, қара қағаздың келуі, нәзік жандылардың қайғы шегуі сол бөлтіріктің көзқарасымен көрсетіледі. Емізулі баласына бесік жырын айтып жатқан ананың көрінісі де сұр бөлтіріктің көзімен жеткізілген. Ал, «Бозторғайдағы» басты кейіпкер – бозторғайдың өзі. Ол арқылы режиссер соғысқа аттанған ер азаматтар, қара жамылған елді-мекен, баршасы-баршасы кішкентай шырылдауық құс – Бозторғай арқылы баяндалады. Ананың айтқан ертегісінің де басты күрескері болып отырған дәл осы – Бозторғай.
Осы жерде заңды сауал туындайды. Не себептен, қос режиссер адам арқылы емес, дәл осы жануарлар бейнесі арқылы шығармасын баяндап отыр? Себебі, халықтың о заманнан келе жатқан аңыз-әңгімелері мен тәрбиелі, өнегелі сөздері тікелей жануарлар табиғаты арқылы жеткізілген. Яғни, ата-бабамыз бізге жануарлардың тұрмыс-тіршілігі мен жасаған ерлігі арқылы адам баласының бойына қайсарлық пен оларға деген құрметті ұялатады. Жануар кейіпкерлер тек ауыз әдебиетте ғана емес, мультипликацияда сақталатын болса, өскелең ұрпақ өткенін ұмытпас. Адамдық қасиетін жоғалтпас. Фольклорлық тереңдік, міне, қайда  жатыр?! Сондай-ақ, фольклорлық терең мағынаға ие құндылықтарды алға тартады.
Жақсылықтың зұлымдықпен шайқасы Норштейіннің «Ертегілер ертегісі» фильмінен байқалмаса да, өмірдің қара және ақ жолақтан тұратын ауыспалы, құбылмалы тіршілік екені ашық көрсетіледі. Бақытты жұп вальс билейді, алайда, айтпай келген соғыс бақыттың шырқын бұзады. Пойыз дүрсіл қағып, әр әйел-анаға үш бұрышты қара қағаз ұстатып кете барады. Қарғамен алма бөліскенін елестеткен бала, бір қыстақта тұратын көршілердің күнделікті күйбелең тіршілігі, барлық көрініс «Қайран, Өмір!» деп, бір күрсінініп алатындай. Бұл көріністер бір-бірімен ешбір байланыссыз өрби береді. Оқиғалар үзіліп-үзіліп, жалғасын табады. Алайда, философиялық мағынасы бар аталмыш шығарманың соңғы кадрларына келгенде драматургияны ортақтастыратын шешімі сүт бетіне қалқып шыққан қаймақтай ап-айқын түсінікке ие болады. Тізбектелген төрт түрлі оқиға фольклорлық кейіпкер бөрі баласы бөлтіріктің көргенінен үзінді деген шешімге келеміз, екінші жағынан, өмір жайлы толғаныстың баяндалғаны сияқты сезіледі. Алғашында, ана сүтімен қоректеніп, бесік жырын тыңдаған сәби. Кейінірек, қиялына қанат бітірген балғын бөбек. Бейбітшілікте үйлесімді өмір сүрген адамдар. Және, кенет басталған соғыстың зардаптары. Осының бәрі режиссер Юрьи Норштейннің естелігі секілді көрініс тапқан. Ал, ескіде қалған естеліктерді фильмде бөлтіріктің көзімен жеткізген.
Ал, Ерсайын Әбдірахманов «Бозторғайда» жамандық атаулыны жаншып тастауға қайраттылық танытқан жақсылықтың ерлігін әңгіме етеді. Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмі де дәл осы тақырыпты өзінше баяндайды. Негізінде, қазақ ауыз әдебиетіне аса көңіл аударар болсақ, барлығын ортақтастыратын бір тақырып бар. Ол – жақсылық пен жамандық мәселесі. Әрине, бұл тақырып фольклордан нәр алған анимация өнеріне қалайша әсерін тигізбесін?! Қос фильмде де осы тақырып басты назарға алынған.
 
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» және «Бозторғай» фильміндегі жылан бейнесі. 
Қазақы түсінікте жылан әрқашан да зұлымдықтың бейнесімен теңестірілген. Бұл түсінік те сонау адамзаттың алғаш пайда болуы жайында айтылған мифологиялық әңгімелерден бастау алады. Адам ата мен Хауа ана жұмақта бақытты, тату-тәтті өмір сүреді. Бұны көрген шайтан іштарлық жасап, жұмаққа жылан кейпінде кіреді екен. Содан Алла тыйым салған жеміс ағашын Хауа анаға көрсетіп, одан дәм татуын өтінеді. Хауа ана жемістің дәмділігіне тамсанып, жан жары Адамға ұсынады. Алланың қаһарына ұшыраған Адам мен оның әйелі Хауа жұмақтан қуылады. Олардың Жер бетіне түсуіне жылан себепкер болғандықтан, қазақ ертегілеріндегі жылан әлемдегі ең күшті сұмдықпен байланыстырылады.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр» фильмінде жыланның алғашында аяқты әрі қанатты үшбасты айдаһар кейпінде суреттейді, әлі әбден таусылған, өмір қуаты біткеннен кейін ол ұсақ үш жыланға айналады. Мифологиялық әңгімеде де жылан басында аяқты жануар болғандығы жөнінде айтылады, пәк жандарды азғырғандығы үшін «жер жорғала» деген Құдайдың қарғысына ұшыраған делінеді.
«Бозторғай» мультфильмінде жыланның бейнесі ашық түрде көрсетілмейді, алайда зұлым жаудың көрінісі жылан сияқты әсер береді. Бейбіт жерге шабуыл жасаған қалмақтың болмысын режиссер от шашқан айдаһар кейпінде көрсетеді. Олардың астына мінген тұлпарының өзі жасанды, төрт бұрышты темір болат секілді. Ал,  дулығасы мүйізді, аузы адуын атқан ұзын тілді құбыжық тәрізді. Осы тұста режиссер қазақ ой-санада қалыптасқан зұлымдық түсінігін көркем жеткізе білген дей аламыз.
 
«Бозторғайдағы» музыканың рөлі
Фильмнің экспозициясындағы көрініспен қатарласа виолончельдің байсалды үні мен дабыл қаққан қоңырау дыбысы шығады. Бұл сәтте соғыс майданынан хроникалық үзінді көрсетіледі. Көріністің көрермен көңіліне жетуіне дүрліккен әуеннің күші зор еді.
Батырларымыздың қалмақпен кескілескен шайқасында виолончельдің салмақты үніне скрипка қосылады. Шайқас қыза түскен сайын, симфониялық оркестрдің де дауыс ырғағы күшейе береді.
Кейіпкерлердің көкірегіне үміт алауы жалындағанын сазсырнайдың ойнақы үні белгі береді. Әкесін сағынған қыз есікті ашады, алайда, әйелдер қаралы хабарды естіртуге келген екен. Қайғылы көрініс домбыраның қоңыр үнімен көмкерілген. Қайғыдан қан жұтқан әйелдің тіреусіз жалғыз қалуы домбыраға сазсырнайдың сырлы үні қосылып, фильмнің ішкі дамуына өзіндік көңіл-күй енгізеді. Домбыра фильмнің ішкі атмосферасын береді. Фильмнің соңында әженің «ерте, ерте, ертеде...» деп басталатын әңгімесімен қатар сазсырнайдың мұңды үні естіледі. Осы тұста кез-келген көрерменнің жаны тебіренбей қалмасы анық. Әрі қарай қайтадан домбыраның қоңыр үні орын алады. Бір сөзбен айтқанда, әуен фильмнің өн-бойындағы айтылған әңгіменің орнына қолданылған. Музыка арқылы режисер кейіпкерлер арасындағы өзара диалогты жандандырады. «Қазақ эпосы мен фольклорын әуенсіз елестету мүмкін емес.
Әмен Қайдаров және көптеген жас қазақ мультипликаторлардың шығармашылығы аңыздар мен ертегілер желісімен тікелей байланысты. Сонымен қатар, осы фильмдердің авторлары халық шығармашылығын жетік білгендіктен, өзінің жұмысында музыкаға көбірек мән аударады» [1, 101-102 бб] - дейді, кинотанушы Бауыржан Нөгербек. Бұл жерде әуеннің қазақ мультипликациясында қаншалықты маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтеді. Айтылған пікір, жоғарыда талданып өткен мультипликациялық шығармадағы әуеннің драматургиялық өрістеуге байланысты сан құбылған музыканың үні салмақты жүк көтеретінін айқындап береді.
 
«Бозторғай» фильміндегі ана бейнесі
Фильмдегі ана мен бозторғайдың бейнесі өзара ұқсас. Екеуі де ана, екеуі де жалмаған жауыздың тыныштықты бұзғандығының куәгері. Екеуі де келешектен зор үміт күтетін жарқын болашақ патшалығының құрметтісі. Бозторғай күш жағынан өте әлсіз құс болғанымен, фильмде оның бейнесі рухани байлықты сақтаушы қазына ретінде суреттеледі. Жақсылық пен жамандықтың, соғыс пен бейбітшіліктің күрес жүргізіп жатқандығын режиссер бозторғайдың көзімен жеткізеді. Ал, «ерте, ерте, ертеде...» деп басталатын ананың әңгімесінен біз тарихымызда болған қанды шайқастарды көреміз.
«Бозторғайдағы» ананың бейнесі мен 1963 жылы жарық көрген А. Карповтың «Ана туралы аңыз» («Сказ о матери») фильміндегі басты кейіпкер ананың (Әмина Өмірзақова) бейнесі аралығында өзіндік ұқсастық байқалады.
«Ана туралы аңыз» – жалғыз ұлын соғыс жалмаған ананың зары, жалғызын өлдіге қимай, жолын күн санап тосқан ананың бейнесі.
Қос фильмде қатты ұқсастық тапқан бір кадр бар. Қарастырып көрелік. Анаға баласының қайтыс болғандығын естірту үшін әскери комиссар қадамын асықпай басып, іс-қимылымен бір жамандықтың болғандығын ана жүрегін сездірте бала қазасын естіртеді. Сондағы ірі планмен алынған ананың бет-әлпетінде, әсіресе, көз жанарында орасан қайғының пайда болып үлгергенін көреміз. Бұл – фильмнің шарықтау шегі (кульминация). Дәл осы көрініс «Бозторғай» фильмінде де көрініс тапқан. Алдымен ер азаматынан, кейіннен баласынан айрылған ананың көз жанарын ірі планмен көрсетеді. Үш бұрышты қағаз ұстаған бір топ әйел бұлқан-талқан болған ана жүрегін езгілей түседі. Бұл сезім көрерменге ірі планмен көрсетілген ананың азалы жүзі және аса байыппен қозғалған кейіпкерлердің іс-қимылымен жеткізілген.
Қос фильм де соғыс кезіндегі аналарымыздың бастан кешкен қайғысының қаншалықты ауыр болғандығын дәл көрсете алған.
 
Ақ жаулық
Қазақта күйеуінен айрылып, жесір атанған әйел жоқтау айтатын болған. Бір қызығы «Бозторғай» фильмінде де жоқтау айтылады.
Есік қағылады. Отағасын күткен үй іші есікті асыға ашады. Алайда,  бұл қағыс ол күткен адамнан емес еді. Үй ішіне қара қағаз ұстаған бір топ әйел кіреді. Қаралы естіртудің келгенін түсінген әйел-ананың қадам басқан сайын басындағы ақ жаулығы иығына түсе береді. Содан әйел-ананың жанары ірі планмен көрсетіледі. Қайғыға батқан әйел ышқына жылайды. Міне, айтылған жоқтау осы еді. Бірақ та: «Қара шашым жаяйын. Жаяйын да жылайын» деп сөзбен айтылған жоқтаумен емес, кинематографиялық тәсілмен айтылды, дәлірек айтқанда, көрсетілді. Бұдан біз режиссердің «Бозторғай» фильмінде қазақы болмысты толығымен қамтығанын аңғарамыз. Жан-жағынан қарастырып, сөздік құндылықтарды көрініске салған.
Осы фильмде тағы да назар аударатын бір көрініс бар. Масаққа шыққан ана мен бала. Ананың қолынан қалың қолғап сырғып түседі. Бұл ананың шарасыздығын байқатады. Бала анасының қолғабын қайта қолына кигізеді. Қазақта «өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген мәтел бар. Осының да фильмнен көрініс тапқаны режиссердің халықтық ой-санасымен сусындап өскендігін айғақтайды.
Осы көріністер жайлы драматург Магарита Соловьева былай дейді: «Бұл көріністер мен жазған сценарийде болмаған еді. Ерсайын мені студияға шақыртты да, фильмнің қалай жасалып жатқандығын көрсетті. Сол сәтте осы көріністерге елең ете қалғаным. «Тамаша шешім!» деп таңдандым» [5].
 
«Бозторғай» фильмінің шешімі   

«Ерте, ерте, ертеде

Ешкі жүні бөртеді

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман.

Ел басына күн туды, жер шетіне жау шапты

Аналар қара жамылды

Сонда аға артынан іні, әке артынан бала бел буып

Ел үшін, жер үшін батырлар жолға аттанды».

Баласынан айрылған ана жалғыз ұлының тұсауы кесіліп, алғаш тақия киген кезін есіне алады. Сол көрініспен қатарласа жоғарыдағы әженің әңгімесі айтылады. Фильмнің өзекті шешімі алға шығады – «Ер елі деп туады, елі деп өледі». Содан қамыс арасындағы ұясына жұмыртқасын басуға орныққан бозторғайды көрсетеді. Яғни, осы арқылы режиссер қалың көрерменге, осындай ер-азаматтар ел тыныштығы үшін жаумен арпалысатынын айтады. Бәрін де метафора, символ және аллегориямен көмкеріп, өрнектеп жеткізген.
 
«Бозторғай» фильміндегі метафораның орын алуы
Метафора (грек metaphora – ауыстыру) – троптың (құбылтудың) бір түрі. Құбылыстар мен заттардың ұқсастық белгілері негізінде астарлы, көбінесе ауыспалы мағынада қолданылады.
«Бозторғай» фильмінде метафора алғашқы кадрдан-ақ көрініс табады.
Аспанда кішкентай ғана құстың қанат қаққандағы көрінісі. Осы тұста аспан,  Жер, ақша бұлттар дөңгеленген күйінде көрсетіледі. Негізінде қазақы түсінік бойынша, дөңгелек белгілі бір табиғи заңдылыққа бағынған құбылыстың, жаратылыстың өзара үндестігін (гармония) білдіреді. Кенеттен пайда болған жарылғыш құрылғы осындай үйлесімділіктің шырқын бұзады. Бұл көріністердің барлығы бозторғайдың көзімен әсерлі жеткізілген. Бұндағы метафора дәл дөңгеленген көзде болып тұр. Көз – өткеннен сыр шертетін камера іспетті.
Екінші метафора – әлсіз ғана жарық берген шам-шырақ. Режиссер шамды бірнеше қайталап көрсетеді. Шырақ – шаңырақтың жылуы, үміті.
Үшінші метафора – жасыл жапыраққа оранған ағаш. Ағаш – тіршіліктің белгісі. Ендігі кезекте қара жамылған ананы көрсеткенде, жалаңаштанған ағаштың көрінісі тағы да метафораға айналып, кейіпкердің ішкі толғанысын байқатады.
Төртінші метафора – өрт. Оттың жерді жалмап әкеткені жауыздықтың жақындағанын білдіретін белгі тәріздес.
Бесінші метафора – Толағай батырлардың тау-тасты жауға қарай бағыттауы. Бұл фильмнің қарқынды күшке енген кезі. Осы кадр созылыңқы әрі аса байыппен көрсетіледі. Шығарманың ішкі динамикасы осы метафоралық көрініске келіп тіреледі. Бұл – қайтпас, қаймықпас қайсарлықтың белгісі. Тас көтерген батырларға жауыз жаудың атқылаған жебелері әсер етпейді, олар еш қорықпастан алға жылжиды. Тас – қаттылықтың белгісі болса, фильмде тауды құраған алып тастар әрбір батырдың рухында сақталған қайраттылықты білдіреді.
 
Фильмнің түстік ерекшелігі
«Ерсайын фильмді ескі суреттер негізінде жасағысы келетінін айтты. Содан менің көз алдыма еш қиындықсыз фильмнің көрінісі келе бастады» [10] - деп еске алады «Бозторғай» фильмінің сценарий авторы Маргарита Соловьева. Шынымен де, бұл тәсіл фильмнің атмосферасын толық жеткізе алған. Сызба (штрих) әдісі қолданылғандықтан, әрбір қозғалыс, әрбір сурет өзгеше драматизмге тұнып тұр. Жарық пен көлеңкенің бір-бірімен еркін араласуы, байланысуы жанданған суреттің сыртқы келбетін ғана емес, ішкі бейнесін көріктендіре түскен. Көрініс бір көргенге өте ауыр қабылданады. Алайда, терең бойлай қарағанда, ақшыл қоңыр, алтын өңді сары түстердің жыпылықтай қозғалуы фильмдегі баяндалып отырған әңгімеге етене енуге көмектеседі. «Бозторғай» фильмі «қазақ» деп соққан жүрекке әсер етпей қоймайды. Әр көрген сайын көзге жас алуға мәжбүр етеді. Бұнда жан бар, қайғы бар, күрес бар және ең бастысы үміт бар. Болашаққа деген сенім бар.
 
«Бозторғай» фильмінің шығу тарихы
«Қазақфильм» киностудиясының мультипликация бөліміне қазақ ертегілерінің бірі «Толағай» жайында жазылған сценарий келіп түседі. Алайда, бұл шығарманың драматургиялық негізі тіптен әлсіз болғандықтан, Ерсайын Әбдірахманов драматург Маргарита Соловьеваға алып барады. Осы жайында сценарист былай деп еске алады: «Маған Ерсайынның алып келген сценарийдің белгілі бір қоғамдық ойы болғанымен, адами мәселелер жағы қарасырылмаған екен. Өткен мен бүгінді байланыстыратын үлкен ой болмағандықтан, Ерсайын қайта өңдеуге алып келген. Біз не істерімізді білмедік. Қажет емес деп, тастай салайық десек, студиядан қаржы бөлініп қойған екен. Содан бір амалын іздестіруге кірістік. Кенет, балалық шақтан қалған естелігіміз жайында әңгіме қозғай бастадық. Содан, Ерсайын екеуіміз әңгімеге бет бұрдық. Ол соғыс жылдары анасы мен үлкен ағасы күздің ызғарлы суығына қарамастан, егістікке масақ жинауға шыққандығы жайында айта бастады. Сол сәтті ұстап қалып, оған фильмнің өзегі ретіне өзінің анасының бастан кешкен оқиғасын алуын ұсындым. Осыдан екеуіміз де шабыттанып кеттік. Мен оған Орал қаласының шетінде орналасқан шағын қыстақта тұратын дәрігер атамның қолында балалық шағымның өткенін айта келе, сол жерде көптің «Ибрагимовна» деп атайтын бидай өңді қарт әжей жайлы әңгіме өрбіттім. Біз, әжем екеуміз оның балшықпен сыланған саман үйіне баратын едік. Ол мені «Ой, айналайын» деп, төрге отырғызып, сүт пен қантты араластырылып қайнатылған тәтті кәмпитті алдыма ұсынып, бал татитын шайымен қонақ ететін. Мен оны шексіз жақсы көрдім, өйткені ол маған нәзік махаббатын сыйлады. Содан, Ерсайынға «сен анаң жайлы фильм жаса, ал мен, сол Ибрагимованың құрметіне сценарийді жазайын. Ал, Толағайды бірдеңе қылып фильмнің ішкі құрылымына қосармыз» деген ой тастадым. Ол келісе кетті. Міне, «Бозторғай» біздің балалық шағымыздан естелік ретінде жарыққа шықты.
 

Қорытынды

Аталмыш фильм қазақ мультипликациясының ең асыл қазынасының бірі. Режиссер Ерсайын Әбдірахмановтың қаламынан туындаған «Бозторғай» өз авторының есімін биік деңгейге көтерді. Және де автордың өзі де, мультипликацияның даналығы халық шығармашылығының терең тамырында жатқандығын жасырмай айтады: «Біздің халық ертегілері тұнып тұрған қазына, дайын сценарий, тамаша мультфильм» [6, 5 б]. Бұнымен режиссер мультипликациялық кино өнерінің маманы үшін таптырмас құндылықты қайдан іздеу керек екенін меңзейді.
Қазақ мультипликациясында елеулі орын алатын Ерсайын Әбдірахмановтың «Бозторғай» фильміне жан-жақты талдау жасалу арқылы ондағы метафораның фольклор негізінде қолданылғаны анықталды. Халық даналығында айтылған мақал-мәтедер мен нақыл сөздердің кинотілімен жеткізіліп, қозғалмалы сурет өнерінің көркемдік тұсын байыта түсетіндігін Ерсайын Әбдірахманов тағы да дәлелдей түсті. Осы уақытқа дейін мультипликацияда биік деңгейден көрінген, автордың шығармашылық қолтаңбасын анықтайтын фильмдердің барлығы фольклор негізінде түсірілген. Фольклор – халықтың рухани дүниесі, ал, ол кинодан көрініс тапса, әр режиссердің таным-түсінігі мен көре алу қабілетіне икемделіп, шығармасының символына айналады. Сол себепті, фольклорды арқау еткен әрбір шығарма режиссердің деңгейіне байланысты өзгеріс тауып, киношығарманың көркемдік шешімін ашып жататыны бар. «Бозторғай» фильмінде де халық даналығы, соның ішінде мәтелдер мен аңыз-әңгімелердің қазіргі заман оқиғасымен байланыстырыла суреттелуі шығарманың ішкі құрылымын ерекше өрнектей түсті.                    
 
Қолданылған әдебиеттер:
  1. Ногербек Б. «На экране «Казахфильм». – Алматы: «RUAN», 2007
  2. «Бозторғайлар». https: // kk.wikipedia.org
  3. Асенин С. «Волшебники экрана». – Москва: «Искусство», 1974
  4. Аристотель. «Поэтика». – Москва: «Гослитиздат», 1957
  5. Абдулла Н. Маргарита Соловьевамен сұхбат. Қолжазба. – Алматы: 2016
  6. Иманбаева Ұ. «Шынайы өнер толғаныстан туындамақ» // «Азия», 1994