Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.9)
III.Қазақ кино өнерінің жанрлық түрленуі (1960-1970) 3.9. Экрандық өнердің жаңа түрі - анимация
Бөлім: Кино
Датасы: 25.04.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.9)
III.Қазақ кино өнерінің жанрлық түрленуі (1960-1970) 3.9. Экрандық өнердің жаңа түрі - анимация
Бөлім: Кино
Датасы: 25.04.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (III.9)

Бауыржан НӨГЕРБЕК

 Өнертану кандидаты, профессор, кинотанушы


3.9. Экрандық өнердің жаңа түрі - анимация

Қазіргі заманғы анимациялық өнердің түп тамыры, қуыршақ, көлеңкелі, немесе, индонезиялық “ваянгбебер”, я болмаса, орыстың “раек” сынды панорамалық театрынан бастау алып, эпикалық һәм ертегілік жанрға ұласатын халық фольклорында жатыр.

Киноөнерінің поэтикасын зерттеген Р.Мэнвелл 1950 жылдардың өзінде графикалық һәм қуыршақ фильмдерінің генеалогиясын нақтылап берген еді. Ол былай деп жазған: “Мультипликациялық фильм кинематографтың ерекше саласы екені даусыз, һәм оның бастауын (кино фотографиясының пайда болуынан әлдеқайда бұрынырақта) силуэттер мен ойылған ойыншықтарды жарық түсіп тұрған экранның ар жағында қимылдату ұмтылысынан іздеп табуға болар. Бірінің ізін ала қойылған картиналар мен барельефтер де (мысалы, Парфенонның фризалары), қайсыбір әрекеттің түрлі сатысын әйтпесе тарихи уақиғаның белгілі бір сәттерін (Байенің гобелендері іспетті) әспеттейтін ертедегі өнер туындылары да көркемсуреттік баянның даму тарихындағы жеке элементтер болып табылады, сөйтіп, бізді мультипликациялық фильмге жақындата түседі”[1].

Фольклорист-ғалым В.Е.Гусев былай дейді: “Генетикалық тұрғыдан алғанда әдебиет қана емес, өнердің өзге де түрлері фольклордан бастау алады. Демек, фольклор “түптамыр” немесе түрлі өнердің бастау көзі”[2].

Кинемотограф пен анимацияның өздеріне тән ерекшеліктері бар, оны мына бір параметрлерден көруге болады: біріншіден, көркем-сурет нысанасы мен материалында; екіншіден, түсіру тәсілдерінде; үшіншіден, уақыт пен кеңістікті кестелеудегі тәсілдерінде; төртіншіден, шындықты көрсетудің негізгі тәсілі шарттылық шеңберінде.

Кинематографиялық бейненің экрандағы фотографиялық негізін қазықтайтын киноның “онтологиялық” тұжырымдамасына сәйкес, “бет-пердесіз шындықтың өзі”, қоршаған ортаны фотография арқасында тану кинодағы көркем тәсіл болып табылады. Л.В.Кулешов өзінің “Натура, вещи и натура” деген мақаласында былай деп жазады: “Өнер туындысын шығарудың негізгі екі сәті бар: 1) тиісті өнерге сай келетін материалдардың күшімен композицияны құру, және 2) осы композицияға шығармашылық бастаудың негізінде... өнер атаулы өмірмен ортақ емес, һәм одан тек өзіне негіз боларлық материалдарды іріктеп, онысын өз еркімен пайдаланады деген тұжырымға қарамастан жан бітіру, ал, кинематография болса өзге принциптердің негізінде жасақталады. Өмірдің бар көрністері, оның боямасыз шындығы біздің материалымыз болып табылады, һәм біз монтаж бен техникалық ерекшеліктердің көмегімен шындықты өнерге көшіреміз” [3].

Шатты түрде айтсақ, кинематограф шындыққа мейлінше жақындай түсетін пішіндердің арқасында қоршаған ортамыздың көрінісін келтіріп, экран әлемін қорғауға ұмтылады. Кинодағы қозғалысты тудырудың негізі—қоршаған орта, табиғат, адам және шынайы құралдар, ал, анимация болса—“жансыз” дүниелер: қағаз, картон, бояу, ағаш, пластилин, целлулоид және т.б. Адамдар “ойнайтын” анимациялық фильмдер де осы қатарға жатады, себебі, мұнда актер қуыршақ әйтпесе сурет іспетті қолданылады, бір сөзбен айтқанда, статиканың қажетті элементі ретінде—фаза—шынайы өмірде кездеспейтін экрандағы бейнелі қозғалысты одан әрі жалғастырудың амалы.

Уақыттық және пластикалық өнердегі уақыт пен кеңістіктің трансформациясы жайлы жалпы теориялық талқыға бой алдырмастан айтарымыз, графикалық және қуыршақ фильмдерінде шынайы уақыт пен кеңістік жоқ—бұл, шынтуайтына келгенде суретшінің асқақ ойы, фантазиясы. “Мультфильмдегі уақыт пен қозғалыс—авторлардың қолөнері, ал, киноаппарат пен кинопроектор, мультипликациямен ұштасқан кезде, дереу өзінің негізгі міндеті—шынайы өмірді суретке түсіріп, жаңғырту мүмкіндігінен айырылады”,—деп жазады, анимация зерттеушісі Н.Венжер [4]. Анимациялық фильмде уақыт пен кеңістік үшінші категория—қозғалыссыз өмір сүрмейді. Фольклорлық туындыларды “бірінің ізін бірі алған уақиғалар ертегінің көркемдік уақыты” (Д.С.Лихачев) болуы іспетті, анимацияда да уақыт пен кеңістік графикалық және қуыршақ бейнелердің дамуында өмір сүреді, яғни, бейнелі адамдардың қозғалысында, көркем бейнелердің болмысы мен жүріс-тұрысында, олардың кинематографиялық баянында кескінделген.

Ендігі киноөндірісінің техникасы жөнінде, натуралық фильм мен анимацияны түсіру жайлы айтар болсақ, мұнда да “ережеден тысқарылау” нәрселерді көру қиын емес. Мысалы, Мак-Ларен мен Лен Лайдың таза авторлық шығармашылығы көркем және деректі кинематографтың қалыпты кестесіне сыймайды: фильмнің түпкі ойы (киносценарий)—киностудия (киносценарийдің кинематографиялық күйде жүзеге асырылуы)—кинопракат (аяқталған фильмнің көрсетілімі), себебі, мұнда түпкі ойды кинематографиялық тәсілмен жүзеге асырудың бірінші һәм негізгі амалы—фильмді түсіру және одан әрі—материалды пленкіге шығару, дауыстап оқу, фабрикада көшірмелерін жасау және т.с.с. ұмыт қалады, бірақ кинопленкіге сызылып салынған сурет-фазаларға жан бітірген кинематографиялық принципке негізделген экранды анимациялық бейнелеудің проекциясы ысырылмайды.

Анимациялық өнердің өміршеңдігін растайтын бір айғақ, бүгіндері анимация көркем-суретті кинематографияның поэтикасын шұғыл игере бастаған, егер де, мультэпизодтар, суреттер, мультсызбалар, жеке кадрлер бұрындары көркем фильмдерде көркемдік экспрессия есебінде қолданылса, бүгіндері кері процесс аңғарылуда. Анимация өзінің көркемдік тәсілдерінде таза кинематографиялық амалдарды қолданып келеді: камерамен жақындау, алыстау, кадр ішіндегі монтаж, ракурсты өзгерту, айналмалы панорама, қол камерасына ұқсатылған түсірілімдер.

Бірқатар тәжірибелі режиссерлар анимацияны өмірде жоқ қимылдарды тудыратын өнердің түрі деп есептесе, енді бірі оны—жаңа көркем-суретті тіл ретінде қабылдайды. Ю.Б.Норштейн былай деп айтудан жаңылмайды: “Мультипликацияның күшімен көркемдік ойлау тәсілдері жайлы айтқан жөн. Мультипликация—живопись, кинематограф, я болмаса, театр сынды бейнелі ойдың қатарына жатады” [5]. Ф.С.Хитрук өзінің мультипликация жайлы теориялық мақаласында мынандай қорытынды шығарады: “Қазіргі мультипликация—таң қалу, көңіл көтеру, тәрбиелеу, ақпарат бөлісуден әлдеқайда кең ұғымға ие. Бұл тағлымды құрал. Жаһан мен қоғамды, ғылыми прогресс пен жеке тұлғаның психологиясын тану құралы”[6]. Югославиялық теоретик Ранко Мунитич болса, мультипликация арнайы, мүлде ерекше, дербес “сегізінші өнер”[7] деген пікірде. Дәл осындай пікірді кино теоретигі С.С.Гинзбург та ұсынады. Өзінің кітабында ол былай деп жазған: “Шығармашылық процестің сипатына қарай, бейне және жанр табиғатына қарай, көркемдік тәсілдері мен көркемдік техникасына қарай мультипликацияның көркем-суретті я болмаса деректі кинематографиядан айырмашылығы соншалық, бәлкім, оны, тіпті, киноөнерінің бір түрі емес, тек, өзінің шығармаларында кинематографиялық техниканы қолданатын ерекше өнер деп тануымыз керек шығар”[8].

 


Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мэнвелл Р. Кино и зритель.—М: Иностранная литература, 1957. —73-бет.
  2. Гусев В.Е. эстетика фольклора. —Л: Наука, 1967. —88-бет.
  3. Кулешов Л.В. Статьи. Материалы. —М: Искусство, 1970. —100-101-беттер.
  4. Венжер Н.Я. Коммуникативные возможности мультипликации //Музы ХХ века. Художественные проблемы средств массовой коммуникации. —М: Искусство, 19778. —241-бет.
  5. Норштейн Ю.Б. Реальность, созданная художником //Мудрость вымысла: Мастера мультипликации о себе и о своем искусстве. —М: Искусство, 1983. —116-бет.
  6. Хитрук Ф.С. Мультипликация в контексте художественной культуры //Проблема синтеза в художественной культуре. —М: Наука, 1985. —23-бет.
  7. Бюллетень АСИФА. 1977. №1. —21-бет.
  8. Гинзбург С.С. Очерки теории кино. —М: Искусство, 1974. —194-бет.


    «Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

    ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

    Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.