«Қазақ киносының тарихы» (V.III)

V. Қазақ ұлттық кино өнеріндегі жаңа ағымдар 5.3. Балалар киносының тәрбиелік әлеуеті

Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

 Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


Өнер ең алдымен ойдың көркем  бейнеге ұласуы. Экранда пайда болған көркем бейне неғұрлым айқын, әрі нақты болса, соғұрлым ондағы көрерменге  жеткізілмекші ойдың мақсаты да айқынырақ байқалмақшы. Экрандық көркем шығарманың ерекшелігі – оның эстетикалық тартымдылығы. Эстетикалық тұрғыдан жаңа сатыға көтерілген жетпісінші – сексенінші жылдар тұсындағы балалар фильмдерінің тәрбиелік мүмкіндіктері жоғары бағаланады.

1970-80-ші  жылдар тұсында  қазақ ұлттық киносының негізін қалаған балалар киносының атасы Абдолла Қарсақбаев және балалар тақырыбына  көп фильмдер қойған Шәріп Бейсембаевтың шығармашылықтарындағы  балалар тақырыбына  түсірілген  сәтті  фильмдер  жетпісінші-сексенінші жылдар тұсында Қанымбек Қасымбековтың, Серік Райбаевтың, Әсия Сүлееваның, Талғат Теменовтың фильмдерінде өз жалғасын табады. 1972 жылы  Сатыбалды Нарымбетовтың  сценарийі бойынша  түсірілген “Шоқ пен Шер” (реж. Қанымбек Қасымбеков) Францияда өткен Халықаралық кинофестивальде “Күміс нимфа” жүлдесіне ие болады. Ал, Аманбек Әлпиевтың “Сүйрік” (1984) фильмі  Москвада өткен  ХІV Халықаралық кинофестивальде  күміс жүлдеге, одан да өзге көптеген кинофестивальдерде айтулы жүлделерге ие болады. Шын мәнінде,  осы кезеңде түсірілген балалар киносы  бірінен кейін бірі шығармашылық табыстарға ие болып отырды деп айтуға болады. 1977 жылы түсірілген “Алты жасар Алпамыс” (реж. А.Қарсақбаев) фильмі  Ригада өткен  Бүкілодақтық  кинофестивальде  ең таңдаулы балалар  фильмі ретінде  бірінші жүлдені жеңіп алды.

1970-ші жылдар кезеңінде  жалпы кеңес  кезеңі кинематографиясының  алдына қойған негізгі  мақсаттағы  бағыттарының бірі – ұрпақ тәрбиесін  экрандық туындылар  арқылы жалғастырудың  мүмкіндіктерін мейлінше  толық меңгеру.  Балалар тақырыбындағы  киношығармалардың  эстетикалық тәрбие  тұрғысынан аса жоғары дәрежеде  болу қажеттілігі кино саласындағы  суреткерлерді  жаңа ізденістерге, жаңа мүмкіндіктерге жетеледі. Экрандық туындының бала тақырыбы тұрғысынан алғандағы  мүмкіндіктері  шетсіз-шексіз. Киношығармаға арқау болар  тақырыптар - өмірдің  бала кейіпкерге қатысты  тақырыптары әр қырынан  алғанда жалғаса береді. Сондай мүмкіндіктердің бірі – табиғат  пен бала  кейіпкер байланысы.

Адам  табиғаттың бір бөлшегі, оның ортамен  қарым-қатынасы балалар қабылдауы тұрғысынан алынған жағдайда, кино саласындағы  мүмкіндіктердің жаңа көздері  ашылады. Бала кейіпкер өз бетінше табиғи, әрі шынайылылығымен  ерекшеленсе, екіншіден оның табиғатқа  көзқарасы да табиғи құбылыс болып есептеледі. Бала  көрермен (немесе,кейіпкер) табиғатты, жан-жануарды жанындай жақсы  көреді. Алайда, табиғатты тек жақсы көру аздық етеді.

Табиғат  аясындағы адам баласының орны мен қарым-қатынасы сияқты  күрделі құбылысқа бейімделу аса қиын. Кез келген адам баласы өзінің  төрт аяқты “досын” дәл тапқысы келеді. Неге екенін өзі де әлі толық  түсінбеуі мүмкін, бірақ өзінің еркінен тыс сол “досымен” (ол-ит, бұзау, құлын, мысық, тасбақа, қаз болуы мүмкін)  көзге көрінбес өте  нәзік рухани бірлікте болады. Осындай рухани бірліктің айқын мысалы Қаныбек Қасымбековтың “Шоқ пен Шер” және Әсия Сүлееваның “Ауылым көктебенің бөктерінде” фильмдері.  Жоғарыда айтылған адам мен табиғат арасындағы терең бірліктің бала жанымен  берлгендігін  көркемдік шығарма тұрғысынан нақты осы фильмдер мысалында талқылауға мүмкіндігіміз бар.

«Шоқ пен Шер» (реж.Қанымбек Қасымбеков) көркемсуретті фильмі 1972 жылы  экранға шықты және сол кездің өзінде  тек көрерменнің ғана емес, кино мамандарының да аса жоғары бағасына ие болған бұл туынды  бүгінгі күнге дейін өз көрерменін табуда.

Алғашқы  кадрлардан-ақ бала кейіпкерлер арқылы көрермен бірден  табиғаттың әсем  құшағына енеді.

Балалар ауылдың алма бағына ұрлыққа түсіп жатыр. Кейіпкер  мен оқиға өтер ортаның алғашқы сипаты ауыл сыртының әсем  көрінісімен тағы бірқатар эпизодтар  арқылы нақтылана түседі. Күн бойы кең даланың төрінде аунап-қунап, үйлеріне шаршап келетін балалардың  ішінен бас кейіпкерлеріміз Шер (Т.Үкімов) мен Ғалымжан ( Қ.Уәлиев) “ерекшеленіп” шығады. Бұл екеуі жас  шамаларының айырмашылығына қарамастан өзара ерекше дос. Бір-бірімен үнемі жақын жүреді. Шер қиялшыл, Ғалымжан – кітапқұмар. Екеуінің бастары қосыла  қалса, әңгімелері- әлі дүниеге келмеген  құлын.  Буаз биенің торсиған қарнын сипап, Ғалымжан болашақ құлынның қандай болатынына  сипат беріп үлгіреді. Жазғы демалыстарында күні бойы ауыл арасындағы көше шаңын аспанға көтеріп жүрген басқа балалардан айырмашылығы – екі  достың өмірінде болашақтан үміт бар. Оның аты – Шоқ. Құлыны жарық дүниенің есігін ашқанын Ғалымжан ести сала  егін даласында  жүрген Шердің ауылына қарай  оқша зулайды. Ғалымжанның соңынан ілескен басқа балалар да қуанышты хабарды Шерге жеткізуге асық.          Келесі кадрларда бүкіл бала Шердің құлынын сылап-сипап  ерекше бір сезімде  мәз-мәйрам  болып, оны қоршап алған. Аяғынан тік  тұра бастаған күннен Шер мен Ғалымжан  Шоқтың жанынан бір елі  қадам баспайды. Күні бойы құлынмен  кең дала төрінде  емін-еркін асыр  салады. Шердің  құлынымен асыр салған кадрлардан көрерменге кең даланың әсем табиғаты ерекше сипатымен жеткізіледі. Әсем табиғат көріністері  кадр сыртындағы ұлттық әуезді музыка тілі арқылы тереңірек  өрнектеледі. Алыс пландармен  қамтылған  Шоқ пен Шердің тау бөктерлері арасындағы асыр салған  көріністері арқылы адам мен табиғаттың тұтастығы  толық мазмұнымен ашыла түседі. Ғалымжан да Шоқты ерекше жақсы көреді. Сондықтан да шығар Шоқты сұраусыз  бұлақ басына апара  жатқан жерінен көріп қалған Шердің  мұны итеріп тастап, құлынын жетелеп кеткен  тұстағы сияқты кейбір  дөрекі мінездерін аса көңіліне алмайды. Шоқ өмірге  келгелі,  ауыл балаларының әрқайсысында  бір-бір төртаяқты дос пайда болады. Әркім  өз досын жетелеп, ауыл шетіндегі өзен бойына жиналады.  Біреуінде еліктің лағы, екіншісінде бұзау. Не керек, әйтеуір бәрі өзінің досын мақтап әуре болып жатқандары. Ауылдың  аты ауыл, мәпелеп бағып-қағып жатқан құлынға ауыл арасының  бұрқыраған шаңынан гөрі таудың  самал ауасы, шүйгін шөбі қажет екендігін мойындаған Шер оны  малдағы табынға қосуға қарсы болмайды.  Өз қолымен апарып қосады. Арада біраз уақыт өткенде кішкентай ғана құлын өте әсем тұлпарға айналады. Басқа жаққа қоныс аудармақ болған жылқышы Шоқты өз  иелеріне әкеліп береді.  Ендігі уақытта  Шер мен Ғалымжан  өмірінде  аса ғажайып күндер басталады. Шер өзінің  тұлпарын бәйгеге  қатыстыруға дайындық жүргізе бастайды. Бәйгеге қосылған  Шоқтың   үстінен абайсызда аяғы  тайып құлап кеткен Шер ауруханадан бірақ шығады. Сол уақыт арасында оның ағасы Тастан (Нұрқанат Жақыпбаев) Шоқты сатып, ақшасына мотоцикл сатып алады. Жазылып шыққан Шерді үйіне  мотоциклге отырғызып алып қайтады.  Ағасының мотоцикліне Шер өте қуанады, себебі ол оның қандай ақшаға келгенін әлі білмейді.  Үйіне жете  салысымен атын іздей бастайды. Барлық жағдай түсінікті болған тұста, Шердің  қайғысында шек болмайды. Енді ол тосын шешім қабылдайды. Таңертеңнен атын іздеуге жолға шықпақшы. Ғалымжанды алғысы келмейді.  Алайда, оған аса наразы болған   Ғалымжан өз бетінше автобуспен жолға шығады. Ауыл шетіндегі жол айырығында бұл автобусқа  Шер де отырады. Сөйтіп екеуі Алматыға бірге кетеді.  Қалаға келгенде  баланың аты бала, бір сәтке болса да, қайғыларынан арылып, қала ішін  емін еркін аралай бастайды. Паркке барады, балмұздақ жейді. Карусельге  отырады. Түс қайта олар Алматы маңындағы бір совхоздан  Шоқтың ізіне түседі. Тұлпары көзіне оттай басылған Шер әй-шайға қарамастан  атын жетелеп әкете береді. Бір атқа мінгескен екі “ұрының”  ізіне бірнеше  қуғыншы түседі. Қуғыншылар балаларды тек ауылдарына жеткен тұста ғана қуып жете алады. Ауыл арасындағы у-шудың соңы Шоқтың  Шерге  қайтарылуымен тәмәмдалады.  Балалардың қуанышында шек жоқ.

Фильмді көрермен және кино мамандары аса жоғары бағалады. Режиссер Қанымбек Қасымбековтың “Шоқ пен Шер” фильмі 1972 жылы Монте-Карло  (Франция) Халықаралық кинофестиваліне қатысып, “Күміс Нимфа” жүлдесін жеңіп алады.

«Әуезді арал құпиясы» (1980, реж.Серік Райбаев) көркемсуретті фильмі бала жанының тазалығы мен қиялының ұшқырлығын дәлелдейтін және достық, адамгершілік сезімдеріне баулитын тақырыпты қозғайды. Бала жанының құпияға деген  тынымсыз «тартылысы» олардың  табиғатына тән құбылыс. «Әуезді арал құпиясы» фильмінің кейіпкерлері де сондай құпияның сырын ашпақшы болады.  Фильм сюжетіне өзек болып отырған оқиға - Қайсардың атасының  үнемі айтып жүретін аралдағы ескі қала жайындағы әңгімесі еді. Бір кезде құлпырған қала, енді иесіз тас қорғандарға айналған, міне бұлар сол қаланың орнын таппақшы-мыс...

Үш бала - капитан Бекет (Т.Қарсақбаев), боцман Қайсар (О.Мамұтов), архимед Нұрлан (Е.Төлепбаев) жасырын түрде жорыққа жинала бастайды. Олардың әңгімесін абайсызда естіп қалған Айнұрды қыз болса да (Д.Қарманова) бұлар енді өздерімен бірге жорыққа алмасқа амалдары қалмайды, басқаша жағдайда қызды жолатпаушы еді, әзірге құпияларына «қауіп» төніп тұр.

Моторлы қайыққа жайғасып, түн жамылып төрт бала теңіз ортасындағы құпия аралға аттанып кетеді. Таң шуағы сәулеленіп атып келе жатқан тұста аралға жетуге шақ қалған  балалардың қуаныштарында шек жоқ. Алайда, олардың  қуаныштары ұзаққа созылмады, ауа райы кенет бұзылып, теңіздің адуын толқынына тап келген балалар дем арасында малмандай су болады. Тоңып, шаршап-шалдығып жетті-ау әйтеуір өздері аңсаған құпия аралдарына.

Аралға жетісімен, бастапқыда не мақсатпен келгендерін бір сәтке ұмытып, балалар суға шомыла бастайды, өздерімен өздері мәз-мәйрам.

Кеш бата бұларға  іздеу салған адамдардың айқайы жетеді, демдерін іштеріне тартып, тығылып қалған балаларды  ешкім таба алмайды. Келесі күні таң атысымен бұлар енді келген «жұмыстарына» кіріседі. Бекет бас болып, қалғандары оны қостап, ескі қаланың орнын іздей бастайды.

Әр барханның бетін бір аршып, күні бойы «қазба жұмыстармен» айналысқан балалар әбден шаршайды, қарындары да ашты. Жорыққа жиналғанда алған тамақтары екі тәулікке әзер дегенде жетеді. Үшінші күні бұлар енді сол аралда босып жүрген тау текелерді ұстап «жүрек жалғамақшы» болады, біреуін ұстайды да, алайда, оны сойып жеуге дәттері бармайды. Болымсыз нәрседен кикілжің туып, төртеуі екі топқа жіктеліп қалады. Қанша әрекет қылса да, капитан бұларды өзіне  басы бүтін бағындыра алмады. Осы төрт-бес тәулік арасында  балалардың достығы шын мәнінде сынға түсті. Бұлар бірнеше рет  дауласып, бірнеше рет қайта татуласты. Кімнің мінезінің қандай екендігі дәл осы жорықта айқындалды. Капитан Бекет өзінің қорқақ емес екендігін дәлелдегісі келеді, сондықтан да түн ортасында  аралдағы терең құдықты зерттемекші болады. Оған Қайсар да, Нұрлан да ілескілері келмейді, дәлірек айтсақ, дәттері бармайды. Ал, Айнұр болса, Бекетті жалғыз жібергісі келмей, оның ұрсып-жекігеніне қарамастан, арқанын қолтықтап капитанның соңынан ереді.  Әр дыбыстан секем алып, айналасына жалтаңдап келе жатқан Бекет өзінің қорқып келе жатқанын Айнұрға сездірмеуге тырысып бағады. Арқанмен сырғып құдықтың ортан беліне келгенде Бекет ондағы үйірмелеген  көп жыланды көреді, жан дауысы шыға айқай салады. Айнұр дем арасында Бекетті құдықтан шығарып алады, жыландар да бұлардың соңынан «зымырап» келеді. Аралда қаптап кеткен жыланнан құтылудың бір ғана амалы, теңізге кету керек. «Жүзбе арал» (қолдан құрастырылған жасанды қайық) үстінде бұққан төрт «саяхатшыны» вертолет келіп құтқарып алады. Міне, енді олар құпиялы аралға аспан төрінен үңіліп келеді. Қалай ғана байқамаған! Міне, аралдағы қала орны биіктен ғана көрінеді екен, ал олар болса, ескі қаланы жердің астынан іздеп, сонша әуре болған екен ғой... Олар армандарына жетті,  «қауіпті аралға» жетіп, қала орнын жоғарыдан болса да көріп қалды.

Бұған дейін деректі  кино саласында шығармашылығын шыңдаған режиссер Әсия Сүлееваның балалар тақырыбындағы алғашқы көркем туындысы және  өте сәтті туындысы «Ауылым көктөбенің бөктерінде» фильмі. Бұл фильм 1986 жылы Ташкент қаласында өткен Азия, Африка және  Латын Америкасы елдерінің Халықаралық кинофестивалінде  арнайы дипломды, сонымен қатар КСРО Жастар комитетінің жүлдесін иеленеді. Осы жылы  Алматыда  өткен Бүкілодақтық  XIX  кинофестивалінде балалар киносы бағдарламасы бойынша бірінші жүлдені  иеленді.

Оқиға өтер орта кейіпкер дүниесі арқылы аса тартымды  берілген. Фильмнің алғашқы кадрларынан-ақ  бас кейіпкер Арманның (Санжар Жақсылықов)  қиялындағы әсем көріністермен табиғат аясына барлау жасалынады. Аспанда қалықтап бүркіт ұшып жүр. Ол Арманның бүркіті. Әсем таудың бөктерінде аппақ шағаладай шашыраған киіз үйлер. Бұл Арманның ауылы. Ауыл маңында жайбарақат жайылған қойлар. Бұлар да Арманның қойлары.

Таудағы ауылда той болып жатыр. Осы қойлы ауылдан биыл мектепке үш бала барады. Мұрат, Медет, Арман. Ауыл басшылары шопандар тойына әкелген сыйлықтарынан балаларға портфель үлестіріп жатып, совхоз директоры «Кәне, қайсысың кім боласың?- деп сұрап қалады. Мұрат: мен академик болам дейді, Медет: мен космонавт болам дейді. Ал Арман:  мен шопан болам дейді. Арманның әлемі кең дала төрі. Ендігі жерде ол қалада интернатта оқиды.  Жас мұғалима апайлары бірінші класқа келген бүлдіршіндерге бар ықыласын салады, әртүрлі қызықты кітаптар оқиды, мұражайларға апарады. Осының бәріне қарамастан Кең табиғат аясынан келген Арман үшін қаланың «тар кеңістігі» соншалықты азапты болып көрінеді. Көпке дейін интернат өміріне үйрене алмай қиналады. Оның үстіне бұл жерден «жиренуіне»  мектептің шаруашылық меңгерушісі Губайдулла  (Д.Ахимов) да өз үлесін қосады. Екі кейіпкердің ара-қатынасы  арқылы жалпы үлкен мен кіші арасындағы қарым-қатынасқа көп көңіл бөлінген. Арман Губайдулланның кішкене қызы Әселмен танысады. Екеуінің әңгімесіне құлақ түріп көрейік: «Сен қайда тұрасың?- деген Әселдің сұрағы қойыла салысымен Арман сарнап қоя береді: «Мен тауда тұрамын. Біздің ауыл өте әдемі. Менің тауда боз атым бар. Екі итім бар, олардың аты Ақ Төс және Ақтабан.  Ал, менің қойларым сияқты қой ешкімде, еш жерде жоқ!!! Арманның осы бір сезімі қандай қарқынмен берілген десеңізші! Баланың табиғатқа деген сүйіспеншілігі басқаларды да қамтиды. Губайдулланың су жаңа машинасына еркінен тыс «болымсыз зақым» келтірген Арман интернаттан қашуға мәжбүр болады.  Ауылына жеткен тұста бүкіл әлем жарқырап сайрап жүре береді. Өзінің иті, өзінің қойлары, өзінің бүркіті, тіпті кең дала төсіндегі тарихи тас ескерткіштер де Армандікі.  Бірақ, кең даламен, апасының  ыстық құшағымен қауышқан бақытты сәті ілезде тарқап шыға келеді. Арманның әкесі өте қатал адам. Ұлының не бүлдіргенін бірден сезе қойды. Губайдулланың бүлінген машинасының жөндеу ақысына  бір қойын жетелеп, баласын қайта мектепке әкеледі. Әкесінің айтқанына амалсыз көніп, Арман мектепке оралады. Алайда, ертесіне-ақ, әкесі қайтып кеткеннен соң Губайдулланың байлап қойған қойын шешіп алып, көктөбенің бөктеріндегі ауылына бет алады. Жетегінде қойы, әрине, Арманды еш автобус отырғызбады. Ол  мүдірместен жаяу жолға шығады. Композитор Т.Қажғалиевтың фильмге арнайы жазған музыкасы, әсіресе, осы кадрларда баланың көңіл-күйі мен оның кең табиғат аясына асыққан сезімін мейлінше толық жеткізе білген. Жол-жөнекей Арман шопандар ауылына түнейді.  Дала төсінде ашық аспанға қарап жатып  тағы да талай ойларға кетеді...

Үйіне қайтып келген Арманды көргенде әкесінің ашуында шек болмайды. Бұл жолы шәйін де ішкізбестен қайтарып жібереді. Арманның апасы әкесіне: балаға сонша ұрса бергенше, қалаға барып  Губайдулламен жақсылап сөйлессеңші, неге сонша біздің балаға шүйлікті екен дейді. Әкесі қалаға келді. Баласын ертіп қыдырмақшы болады. Губайдулла бұл кезде мектептен кетіп, парк ішіндегі мейрамханада музыкант болып жұмыс істейді екен. Арманның әкесі оны сөзге тартпақшы болады, кешірім сұрайды. Бір қойдың орнына үш қой алып келгенін айтады. Ол қойларды бергізбеймін деп Арман быж-тыж болады. Сөйтіп ығы-жығының  аяғы төбелеспен бітіп, Арман мен оның әкесін милиция алып кетеді. Түннің бір уағына дейін жүрген бала әбден шаршап, орындықта қалғып кетеді. Оның түсіне Губайдулла кіреді. Мұның түсі бойынша Губайдулла Арманның қалауымен жазаға кесіледі. Ол бұдан жалынып-жалбарынып кешірім сұрайды.

«Менің атым Қожа» фильмінде бас кейіпкер Қожаның өзін жәбірлеуші «жауларынан» тек түсінде ғана өш алуға мүмкіндігі бар болатын. Бұл фильмде  Арман да Губайдулламен  осылай «есеп айырысады». Фильм соңына қарай Арман мен Губайдулла ортақ тіл тапқан сияқты.  Ол енді машинасын мектеп ауласына қоймайтын болды.

Фильмде ашық кейіпкерлік тартыстан гөрі жеке кейіпкердің қабылдау ерекшелігі мен оның арманшыл табиғаты көбірек сөз болады. Егер балалар фильмінің басты мақсаты – жас ұрпаққа эстетикалық тәлім берер мүмкіндіктері десек,  Қанымбек Қасымбековтың  «Шоқ пен шер» және Әсия Сүлееваның «Ауылым көктөбенің бөктерінде» фильмдерінде осы басты бағыт ұлттық ерешелікпен аса шебер үйлесімділік тапқан.

Режиссерлік қадамы сексенінші жылдардың екінші жартысына келгенімен де, жаңа толқын режиссурасынан ерекше айырмашылығы, Талғат Теменов шығармашылығындағы, әсіресе, режиссердың балалар тақырыбындағы туындылары мазмұндық ерекшелігі, ұлттық таным және кейіпкерінің ішкі дүние тереңдігінің ашылу мүмкіндіктері тұрғысынан алғанда алдыңғы буын  Абдолла Қарсақбаев, Шәріп Бейсенбаевтың және орта буын режиссурасындағы балалар тақырыбының шеберлері Қанымбек Қасымбеков, Әсия Сүлеева шығармашылықтарымен тікелей байланысты.

Кинорежиссер Талғат Теменовтың экрандағы кейіпкерлері балалар және олардың балалық әлемінің өзіндік ерекшеліктері бар. Бала қашан да бала. Жетпісінші жылдар киносындағы бала кейіпкер мен сексенінші  жылдардағы  бала кейіпкердің айырмашылығы бар ма?  Бір кезеңнің ұрпақтары екінші кезең ұрпақтарынан ерекшеленеді деудің өзі дау тудыратын сұрақ. Рас,  қазіргі жастар 70-жылдар жастарынан басқаша. Олардың танымы да, өмірге көзқарасы да бір-бірне мүлдем ұқсамайды. Екі кезең киношығармасының да зерттеу объектісі  жеке адамның (біздің мысалымызда ол-бала кейіпкер) ішкі жан-дүниесі болса,  ондай жағдайда өнер туындысына негізгі арқау болатыны – адамның рухани дүниесі екендігінде дау жоқ. Нағыз көркем туынды – бір ғана кезең ұрпағына арналмайды.  Қазіргі заман фильмдерінде берілетін жастардың бейнелік сипаты балалар тақырыбына қатысы олардың таза көркемдік ерекшелігінен байқалады.

Талғат Теменовтың  балалар тақырыбындағы фильмдері режиссер шығармашылығында ерекше атап өтуді қажет ететін құбылыс болып отыр. Әр фильмде жеке қырынан айқындалатын балалықтың ғажайып әлемі өзінің табиғи көріністерімен  тылсым ұштасып, жас көрерменнің көкейіне терең бойлайтын қасиетке ие болады.

Режиссердың  «Қайдасың, Чапай?» (1984)  фильмінде балалардың әсем әлемі мейлінше нәзік сезіммен берілген. Бас кейіпкер Самат (А.Халықов) ауыл балаларының ішінде шеттеу жүретін ерекше бала. Балалардың Чапай ойындары шын мәнінде олардың бір-біріне  деген қарым-қатынастарын толығырақ айқындайды. Чапайдың өз отряды бар. Қол астындағы нөкерлеріне арнайы тапсырмалар берілген. Бәрі де берілген тапсырмаға аса тиянақты қарайды. Әсіресе, Чапайдың барлаушысы өте тыңғылықты. Бала кейіпкерлердің айтқан сөздері көрерменді жайбарақат қалдыра алмайды. Кімнің қайда кеткені, кім кіммен сөйлесіп қойды, кімнің сиыры ұрланды, кім арақ ішті, не керек, ауыл арасындағы барлық болған оқиға Чапайдың барлаушысының назарына ілігеді. Чапайдың аяқ асты жағдайы қиындап кетті. Барлаушының мәлімдемесі бойынша оның досы Петька шешесімен көрші ауылға қыдырып кетіпті, дәл жауапты шабуыл алдында. Мұндай сатқындықты Чапай Петькадан күтпеген екен... Амал жоқ. Петьканы қайта сайлауға тура келеді. Ендігі Петька – Самат болды. Самат өзінің жаңа рөліне берілгендігі соншалық, қай жерде ойын, қай жерде шын болып жатқанын  ажырата алмайтындай жағдайда душар болды. Бірақ оны өзі соншалықты беріле қызмет еткен Чапай досы алдап кетті... Бұл енді тек ойын ғана емес, бұл бала әлемі...ондағы  жан-жақты қамтылатын сана-сезімдегі күрделілік.

Балалардың өзара қарым-қатынасы және бала мен ересектер арасындағы күрделі қатынасты толғайтын Талғат Теменовтың «Торо» (1987ж) көркемсуретті фильмі актерлық шешім және драматургиялық шиеленіс тұрғысынан аса ұтымды шыққан туынды болып бағаланады. Бас кейіпкер жанының күрделі процесі көрерменді үнемі жоғары сезім деңгейінде ұстап тұрады.

Ескі-құсқы жинап, аз да болса сауда-саттықпен ақша жасайтын өгей әкесінің  қолында тұрып жатқан Саматты ауыл балалары Торо деп атап кеткен. Олай деп аталып кеткенінің өзінше бір сыры бар. Ауылдағы жалғыз патефон осы Саматтың  әкесінде. Күні бойы бір тыным таппай, ертеңді кеш жыбырлап үй шаруасымен айналып жүрген қаршадай Саматтың ең бір бақытты сәті – патефонмен ән тыңдайтын сәттері. Бұл минуттар арасында Саматтың ой-қиялы әлемді тегіс шарлап, алысқа ғажайып сапар шегеді. Бұрыш-бұрышта жиналған ескі дүниенің ішінен табылған ескі пластинканы Самат көзінің қарашығындай сақтап жүр. Дем алып отырған тәтті кезеңдерінде ол «Карменнен» тореадордың ариясын тыңдаудан жалықпайды. Оның бұл қылығына қызыққан ауыл балалары Саматқа Тороның атын лайықтап алған түрлері бар. Өгей әкесі бұны анда-мында жұмсап, бір сәтке болса да бос отырғызбауға тырысып бағады. Самат болса, бір уақыт балалармен доп тепкісі келеді... Келесі кадрларда, соғыстан кейінгі ауыр тұрмыс сипатына қарамастан (жалпы фильм құрылымында бұған аса назар аударылмайды) балалардың өз қызықтары өздерінде. Екі топқа жіктеліп алған олар футбол ойынын зер сала салмақпен беріле ойнайды. Екі жақтан бірдей ортаға ақша салынуы керек (70 сом). Тороның достары бұған салмақ салады. Ауылдағы ақшасы бар адамдардың бірі – сенің әкең дейді олар, егер сен құтқармасаң, біз құрыдық. Екі сағатқа 70 сом әкеліп берсең, біз жеңіспен ол ақшаны қайтарып аламыз, сен білдіртпей орнына қоя саласың.  Иә, айтуға жеңіл, әрине. Тороның қиналғанын көрсеңіз! Достарын да ренжіткісі келмейді, өгей әкесінен де қорқады. «Сенсеңдерші, балалар,- деп бастады сөзін Торо, дауысы өте аянышты шықты. Балалар мұны мұқият тыңдап тұр. «Мен ақшаны ала алмаймын. Сендер білмейсіңдер ғой оның қандай адам екенін. Мені күнде соққыға жығады. Жазықсыз әкемді қаралайды. Егер менің ақша алғанымды біліп қойса, ол мені өлтіреді. Естеріңде ме, қыста мен бірнеше күн мектепке бара алмай қалғаным. Сонда мен одан таяқ жеп, көзім көгеріп үйден шыға алмай жатқанмын». Балалардың бәрі тегіс Тороның айтқанына сенді, аянышпен қарады...ренжіген жоқ олар, әрине.

Бала кейіпкерлердің терең дүниесі олардың бір-бірімен қарым-қатынасы арқылы өте шынайы әрі нәзік сезіммен берілген. Бір-біріне деген қайырымдылық, кешірімділік, достықтың терең мазмұны – осының бәрі «Торо» фильмі арқылы көрерменге жеткізіліп отыр. «Ақшаны ала алмаймын»- десе де, Торо өзі түнімен дөңбекшіп шығады. Ертесіне балалардың жарысқа түсер жеріне  қолындағы жетпіс сомын қысып ұстап, жүрегі алып-ұшып жетеді. «Әкелдім! Ол үйге сағат төртте келеді,  үлгіреміз ғой?»- деп бір жағы аянышты, бір жағы жалбарына қарайды Торо. Достары бұған дән риза. Ойын басталған сәттен балалардың кәдімгі балалыққа тән дүниесіне Торомен бірге көрермен де сүңгіп жүре береді... Ол үшін енді бұл дүниеде өгей әкесі де жоқ, екі сағатқа ғана сандықтан алынған ақшаның азабы да жоқ. Ол бала болып доп қуып жүр. Аяғын байқаусызда шығарып алып, ойыннан шеттеп қалған Тороны қатыгез өмірге зырылдап өтіп жатқан сағаттың соңғы минуттары қайта оралтады. Оған қоса есек жетектеген баланың: «Торо, сенің әкеңді дүкен алдынан жаңа ғана көрдім. Ол сені іздеді» дегені қосылып, Торда мүлдем ес қалмады. Ойын болса, әлі аяқталар емес. Оның  жаны мұрнының ұшына келді... Тороның бұл қиналысын достары да сезіңді, бірақ амал жоқ, ойын ережесін бұзуға болмайды. Қақпаға 11-метрлік айып добы соғылмайынша, ойын тарқамауға тиіс. Ірі, орта пландардың жиі алмасуы арқылы Тороның ішкі арпалысы мейлінше айқын берілген. Онымен бірге көрермен де «асығып отырады».

Бұған дейін қысқаметражды фильмдері арқылы режиссер ретінде  танымал болып қалған Талғат Теменовтың толықметражды «Адамдар арасындағы бөлтірік» (1988ж) фильмі балалар жанрында түсірілгенімен де, бала мен ересектер арасындағы аса күрделі қарым-қатынасты зерттеуге бағытталған терең философиялық күрделі  шығарма.

Фильмнің алғашқы кадрлары әжесі (Бикен Римова) мен немересінің (Айқын Халықов) зират басында отырған көрінісімен басталады. Әжесі Саматқа зират басында сөйлеуге болмайтыны жайында ескерту жасап қояды. Фильмнің өн бойында осы сияқты тәрбиелік мағынада айтылатын әже ескертулері жиі келтіріледі. Сол арқылы ересек пен бала арасындағы күрделі қарым-қатынас сипат алады. Әжесінің айтқандарын Самат  әрқашан мұқият орындай қоймайды. Бір басына жетерлік қиқарлық бала мінезінен көрініп қалып жатады.  Қарт әженің немересіне уағыздаған ақыл сөздері арқылы жалпы үлкен мен кіші арасындағы қарым-қатынас «байланыс жібі»  тереңге тамыр жайып, сонысымен көрерменге ұлттық тағылым тұрғысынан өнегелік сипатта берілген. Әжесі мен немересі арасындағы «кейіпкерлік тартыс» қазіргі заманның шынайы суреттері арқылы тереңдетіледі. Кешкі ауыл. Өрістен мал қайтты. Ауыл балалары доп қуып, асыр салып көше шаңын аспанға көтеріп жүр.  Осындай жайбарақат көріністермен күнделікті үйреншікті тіршілік тынысы суреттеледі.  Көпке дейін оқиғаға кіріспе панорамалық камера қозғалысымен әлі де болса тәптіштеле түседі. Бас кейіпкердің сипаты оның басқа кейіпкерлермен араласуы арқылы біртіндеп қана  нақтылана бастайды. Әсем табиғат көріністерімен өрнектелген келесі кадрларда Самат досымен бірге тау-тас арасында сарымсақ жинап жүр. Самат әлденеге ашуланып жүр. Өзіне де, өзгеге де сөз монологы арқылы мінездеме беріп қояды.  Айдаладағы тау арасында «жауларынан» өшін алғысы келіп, ешкім естімейтін жерлерде ышқына айқайлап алады.  Осындай әдіспен ызаларын бұрқылдатып сыртқа шығарып алған соң, екі дос әлі сол иықтары «зіл-батпан» қалпы үйлеріне қарай бет алады. Алайда, қанша шаршаса да, Саматтың қырағы көзі қураған бұталар қалқасында  көзге әрең түсетін қасқыр апанын байқап қалады.  Мүсәпір күйге түскен бөлтірікті аларын алды-ау, енді оны қай жерге жасырарларын білмей бастары әбден қатады... Бөлтірікті алғашында өз үйіне әкелген Самат әжесінің ұрыс сөздерін ести жүріп, бөлтірікті үйдің төбесіне шығармақшы болады.  Әжесінің ашуы бөлтірікті көргенде тіпті өрши түседі. Біразға дейін аса көтеріліп барып ашулары тарқаған сәтте әжесі мен немересі арасында қайтадан мамыржай қарым-қатынас орнайды.  Фильмде сан-алуан әрі күрделі   характерлер баршылық және олар өз ерекшеліктеріне қоса, оқиғаның өрбітілуі барысында  бас кейіпкер мінезіндегі режиссер тарпынан қажетті деген детальдарды кей жерінде асырып, кей жерінде бәсеңсітіп, нақтылай түсуге көмектеседі. Сондай кейіпкердің бірі Асанбек (Нұржұман Ықтымбаев). Аңшы Асанбек  бейнесі күрделілігімен, мүмкін, тіпті,  осы фильм көлемінде Саматтың да, өзінің де мінезіндегі ерекшеліктердің сырт орта әсерінен пайда болған жақтарын байқататын аса ауыр салмақты көрсетіп тұр деуге болады.  Кез келген бейнелік көріністік қатар (міндетті түрде біркелкі символикалық бейнеде болуы шарт емес) кадраралық немесе бір кадр ішінде бірнеше рет қайталанған болса, оның үстіне кейіпкерлердің диалогтық қатынастары көлемінде мазмұндық тұрғыдан толықтырылар болса, ондай жағдайда бейнелік қатардың режиссер тарапынан көрерменге айтар ойының мазмұндық салмағын тереңдету мақсатында жасалынған әрекеті деп  қабылдау қажет.  «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильміндегі режиссер тарапынан  алғашқы  кадрлардан бастап  айтылатын негізгі ойдың  толық мазмұндық шешімі   адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас төңірегінде өрбітіледі.  Тек сол негізгі мазмұнға келер «сүрлеулердің»  бағыттары  бірнеше тараптардан бастау алады. Мына бір эпизод осы айтылған тұжырымдардың дәлелі бола алады.  Ауыл шетіне ұзап шығып кеткен Самат кенет басталған қатты жауын астында қалады. Ол өзінің  орыс тілінің мұғалимасы екеуі  құйындай жауған  қара жауыннан пана бола қоймаған «беседканың» ішінде әр нәрсені сөз қылып отыр.  Осы бір эпизодтардағы  аса үйлесімді берілген «кең дүние» көрінісі әңгімелесіп отырған екеудің алды-артын орап әрі-бері айдалған түйелердің бейнелік шешімінде толықтырылады. Бұл аз болғандай,  екі кейіпкер арасындағы  сөздік диалог мазмұнына көңіл аударайық: «Бұлар (түйелер) қайда кетіп бара жатыр?»-деп сұрайды мұғалима. Саматтың жауабы: «Кетіп бара жатқан жоқ, оларды адамдар айдап бара жатыр». Оның бұл жауабы дәлелді болсын дегендей,  сырт пішіндері өте аянышты тобыр түйенің бос шабыстары олардың айқай-шуларымен жанамалай көрсетіледі.  Бұл аталып отырған салыстырмалылық дәрежеде берілген бейнелік қатар фильмнің негізгі тармағы – адамның табиғатқа әсерінің қаншалықты күштілігін басыра көрсетіп тұр.

Ертегі негізінде алынған балалар киносы

Қай халықтың болмасын заттық, рухани мәдениетінің жиналу, жариялау, зерттелу тарихын дәл мына уақыттан басталады деп  тап басып айту қиын. Халықтық мәдениет қаншалықты  көне болса, оның зерттелу тарихы да соншалықты тереңге тартады.  Ертегі – халық ауыз әдебиетінің ең көне жанрларының бірі.  Қазақ киносының тарихында ертегі нұсқадан экрандау құбылысы, өкінішке орай аса көп тәжірибе жинақтай қойған жоқ. Халық ауыз әдебиетінің інжу-маржаны ертегіге деген  кинематографистердің ықыласы тек сексенінші жылдардың орта шенінен бергі уақытта біраз артқан сияқты. Ауыз әдебиетінің ертегі жанрынан осы жылдары экрандалған бірқатар фильмдер көрермен назарына ұсынылды.

Қазақ киносының тарихында ертегі жанрының бастау алуы режиссер Виктор Пұсырмановтың шығармашылығымен тікелей байланысты.  Кинодағы шығармашылығы жетпісінші жылдар тұсына сәйкес келген Виктор Пұсырмановтың алғашқы фильмі «Ақ аруана» (1973) философиялық драма мәнерінде түсірілген. Бұл фильмде басты тақырып адамдар арасындағы  күрделі қарым-қатынас төңірегінде өрбітіледі. Фильмдерінің көпшілігі әлеуметтік дағдарыстар мен қоғамдағы өзгерістер төңірегінде болғанымен де, режиссер Виктор Пұсырмановтың шығармашылығын қазақ киносындағы ертегі жанрының басы деп бағалауға басты себеп- режиссердың сәтті шыққан ертегі фильмдері болып отыр.  «Тоғызыншы ұлдан сақтан» (1984), «Қайсар» (1991) үздік фильмдері осының дәлелі.

Виктор Пусырманов

Кинорежиссер, КСРО Кинематографистер Одағының мүшесі (1980ж),  театр және кино режиссері,  педагог,  ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері.

1937 жылы 20 маусымда Астрахань қаласында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік Консерваториясының театр факультетін режиссура мамандығы бойынша  1964 жылы бітіріп шығады. Өскемен  қаласындағы облыстық  театрында үш спектакль қояды, бұдан кейін ол екі жыл  көлемінде Алматыдағы  М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында  қызметте болады.  1967-69 жылдар аралығында  Москвадағы  Кіші театрда және "Мосфильм" киностудиясында стажировкада болып, шеберлігін шыңдады. Ал, 1968-1976 жылдар аралығында  Ғ.Мүсірепов атындағы  Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының бас режиссеры.  1969 жылдан "Қазақфильм" студиясында қоюшы-режиссер ретінде қызмет етіп, бірнеше көркем фильмдер қойған.

Режиссердың ертегі жанрында түсірген  «Тоғызыншы ұлдан сақтан»  көркемсуретті фильмі «Қазақфильм» киностудиясынан 1984 жылы жарық көрді.  Сценарий авторы – О.Бондаренко.  Операторы- А.Ашрапов, суретшісі - С.Романов, фильмге музыка жазған-композитор  Т.Мынбаев.

Рольдерде: Қ.Нұрқаділов, Н.Жантөрин, Л.Жұмалиева, Ж.Құдайбергенова, Б.Аюханов, Д.Ахимов, А.Молдабеков, Д.Тілендиева, Ә.Өмірзақова.

«Тоғызыншы ұлдан сақтан» фильмі қазақ халық ертегісінің желісімен түсірілген. Табыншы Ержан қарттың тоғыз ұлы болады. Ең кенжесінің аты Еркенже. Барлық ертегілерге тән міндетті түрде келтірілетін қарама-қайшы кейіпкерлік тартыстың түрлері осы фильмде толық қамтылған. Зұлымдықтың символы- сиқыршы Тасбол Еркенженің сегіз бірдей бауырын және әкесін сиқырлығының арқасында қастандықпен тас мүсіндерге айналдырып жібереді... Көпке дейін шеше байғұс ең соңғы ұлынан айрылып қалам ба деген қорқыныш сезіммен істің мән-жайын Еркенжеге  айтпайды. Айласын тауып, шешесінен бар шындықты біліп алған Еркенже ағаларын және әкесін құтқару мақсатында жолға жинала бастайды... Еркенженің басынан талай қатерлі кезеңдер өтеді. Алайда, жас батырдың ер жүректігі оны талай өлім қаупінен алып шығады. Ақыр соңында ең қатерлі жауымен шайқасқа түскен Еркенже жеңіске жетеді. Сөйтіп бауырлары мен әкесін құтқарып алады.

Сәтті басталған ертегі жанрының экрандық көрінісі қазақ киносының тарихында сексенінші жылдар соңында кең етек жая бастайды. Бұдан былайғы уақытта басқа да режиссерлардың шығармашылығында ертегі–фильмдер орын алады.

Режиссер Виктор Чугуновтың «Айсұлу туралы аңыз» (1987) фильмі ертегі жанрының әдемі дәстүрін жалғастырған сәтті туындылардың бірі ретінде бағаланады.

Тағдырдың талғамымен айдай әсем Айсұлу (Сәуле Жомартова) кедейден шыққан тегіне қарамастан, жас та, аса көрікті хан сарайына заңды некемен кіреді. Өзінің сүйіктісі Тауекел ханның адал сезіміне сенгендіктен де болар, Айсұлу хан сарайының  ішінде болып жатқан әртүрлі алып-қашпа әңгімелерден аулақ жүреді. Өлең шығарады, табиғатты сүйеді. Алайда, өмір дәл Айсұлу ойлағандай тек қана шуақты күн сәулелерінен ғана тұрмайды...   Айсұлудың да бақытына қара бұлт төне бастайды.  Фильм ертегі жанрында түсірілген. Шығарма құрылымында  негізгі  сюжеттік тармақ  бірнеше ертегі желісінен құрастырылған.  Кейбір кітаби қиссалардың, мысал ретінде  «Мұңлық-Зарлық» дастанының сюжеттік бір тармағы (дүниеге жаңа келген егіз нәрестені күшіктермен алмастыру хикаясы) Айсұлудың хан сарайындағы орнының соншалықты орнықсыз екендігінің дәлелі ретінде негізгі тармаққа мейлінше нанымды түрде қиюластырылады.  Фильм авторлары ертегі мазмұнындағы оқиғалар желісін  өрбітуде кино тілінің заңдылықтарын  орнымен пайдалануға тырысқан.  Оқиғалардың жүйелі дамуына киношығарма мазмұнына енгізілген ерекше формалар, әсіресе фольклорлық  өрнектеу мүмкіндіктерінің  үйлесімділігі ұлттық таным сипатын айқындайды. Актер ойынының маңызды элементтерінің бірі костюмдік шешім болса, ертегі жанрында  түсірілген «Айсұлу туралы аңыз» фильміндегі  киім үлгілері  қазақтың  ұлттық компоненттері шеңберінен еркін шығып, жалпы шығыс киім үлгілерінің  жинақталған формаларын  қабылдаған.

Ертегі құрылымындағы  кезеңдік сипат ондағы кейіпкерлер әлемінің күрделі қарым-қатынасы арқылы шебер үйлесім табады. Фильмнің бас кейіпкері Айсұлу көпшілік көріністерде бірыңғай лирикалық планда көрінеді. Авторлардың алдына қойған мақсаты да сол болуы керек,  бас кейіпкерді қоршаған басқа да кейіпкерлер  Айсұлудың  табиғи нәзіктігін  онан әрмен тереңдетуге көп үлес қосып тұр. Қарашаш (Раиса Мұхамедиярова) жігерлі де, өткір кейіпкер, бір өкініштісі ол өзінің осы қасиеттерін тек жамандық іс-әрекеттерге ғана бағыттайды.  Айсұлудың ағасы Жақсыкелді (Кеңес Нұрланов) бейнесі характер ерекшелігі тұрғысынан аса нанымды шыққан рольдердің бірі болып отыр.  Жақсыкелді қайырымдылық пен ізеттіліктің символы іспеттес, актердің ойынынан  үнемі жақсылықтың нышандары ғана сипат беріп отырады.  Осы аталып отырған  экрандық образдар аумағында бас кейіпкердің бірі болып есептелетін ханның бейнесі (Сағи Әшімов)  сәл солғындау шыққандығы байқалады. Сөз өрнегімен беруге болмайтын тұстарда актер ойынының пластикасы арқылы келтірілетін бейнелік шешімдер дәл хан образын ашуда өте аз  пайдаланылған, сюжеттік тармақтардың  алмасулары тоғысында ханның  ролі көмескіленіп кете барады, сондықтан да болар, тұтас алғанда, фильмдегі негізгі  оқиға желісінде ханның мақсат-мүддесі,  оның жан-дүниесіндегі тебіренісі аса терең ашыла қоймаған.

Ертегі-фильм оқиғасы қашан да болса  бақытты сарында аяқталады. «Айсұлу туралы аңыз» фильмі де бұл заңдылықты сақтаған.  Фильм авторлары халықтың келешекке деген зор үмітін, рухани қажеттілігінен туындаған негізгі мақсаттарын орынды таба білген.

«Хаорг».  «Қазақфильм», 1987 ж, түрлі-түсті, телевизиялық фильм.

Елсіз далада  жәпірейген жалғыз үй. Бұл дала құландарын бақылайтын қорықшылардың мекені. Тоғыз-он  жас шамасындағы Медет көптен бері ертедегі аңыз әңгімелер оқып әуестеніп жүр. Әсіресе жадында әбден жатталып қалған гректің ерте дүние аңыздарындағы жартылай адам, жартылай ат бейнесіндегі тосын «кейіпкерлердің» кітап беттеріндегі суреттерін  тамашалап таңырқауды әдетке айналдырып бара жатыр... Сондай бір күндердің бірі ол өзінің тым көп отырып қалғанын да сезбепті. Үй сыртынан қасқырдың ұлығанына соншалықты ұқсас тосын дыбыс естілген тұста ғана кітаптың қызығына соншалықты батып кеткен Медет түн болғанын  енді  байқайды. Әкесінің  қаруға тиіспе дегеніне қарамастан, мылтықты ала сала далаға жүгіріп шығады. Түң қараңғысын жамылып келіп қалған қорқауларды көзі көре қоймаса да, шамасы осы тұста деп, мылтығының шүріппесін басып қалады....да есінен танып құлап түседі... Келесі сәтте бұның көз алдына ай жарығының әлсіз сәулесімен аса биік көрінген дәл өзі аңызда оқыған жартылай адам бейнесіндегі «елес» келеді. Ол адамша Медетке тіл қатады. «Менің атым Руар. Сен мені өлімнен құтқардың! Мынау саған», - деп әдемі сыбызғыны ұсынады. Бұдан былай екеуінің арасында үзілмес көзге көрінбейтін достық орнайды. Бір-екі күн денесі қызып, сандырақтап есін әрең жинаған Медет өз-өзіне енді келе бастағанда, көп құландармен бірге өзіне соншалықты жақын болып көрінген ерекше «біреуін» санамен емес, сезіммен танығандай  болады.  Суы суалып, шөбі қурай бастаған «Барса-Келмес» қорығынан Алматы төңірегіндегі басқа қорыққа жасақталған жабайы құландардың барлығы дерлік зәулім-зәулім ағаш жәшіктерге «қамалған». Солардың ішінен «өз құланы» Хаоргты тауып алады. Қамалған торынан құтқарып алайын десе, шамасы келмейді. Бар білгені сол машиналардың біреуіне жармасып бірге кете барады. Жол жөнекей талай қиыншылықтарды көреді. Баланың алғаш Хаоргты көрген күннен көкірегіне ерекше қабілет бітеді. Сол ерекшеліктің арқасында Медет жол-жөнекей кездесіп жатқан тарихи ескерткіштер-тас мүсіндер тұсынан жанамалай өтіп бара жатқан тұста сол тастағы таңбалардың суретімен берілетін «заман» сипатындағы оқиғалар жиынтығын нағыз өмірдегідей көзбен көре алатын жағдайға душар болды. Жол сапарында Медет сондай тас ескерткіштердің бірнешеуін көріп, баланың сезіміндегі қабылданған оқиғаларды көрермен «тірі суреттер» арқылы байқауға мүмкіндік алады. Ерте заман оқиғасы тәмәмдалып, Медет қайта бүгінгі күнге оралған сәттердің бірінде самолетке тиеліп жатқан құландардың үстінен түседі. Оның қатысы болды ма, әлде жоқ па, не керек, Құлан ағаш торды бұзып-жарып кең дала төсіне қайта сіңіп жоқ болады. Оған Медет тек қуанды. Шетсіз-шексіз құм даланың төрінде жаяу-жалпы шаршап келе жатқан Медетке тас мүсіндердің таңбалық суреттері тіріліп келіп, жолына кедергі жасайды. Бұдан былай Медет қолындағы сыбызғы ойнаса, құлан жетіп келетін болды. Соншалықты ұзақ жолдың тағы бір бекетінде Медет нағыз қарақшы-бұзақыларға кездесіп қалады. Алпамсадай-алпамсадай жігіттер Медеттің қолындағы сыбызғыны тартып алып, өздері ойнай бастайды... Осылардың ішінде біреуі сыбызғыға ерекше назар аударады. Медетті іздеп артынан  әкесі де жетеді. Сыбызғысының «қалдығын» әрең жиіп-теріп бала әкесімен үйге қайтпақшы. Құлан кең далада,- деген ой оның жанын жайналтқан сыңайы бар. Үйіне жеткен әке мен бала қаңырап қалған жұртқа келеді... Енді оны жараланған құлан күтіп жатыр... «Сен кешіктің...»- мен енді қайтып аяғымнан тұрмаймын дейді адамға айналған құлан. Ауыр жарақатына қарамастан бала мен әкеге өздерінің бір заманда адам кейпінде болғанын, қандай жағдайда не себепті құланға айналғандарын айтып береді...

Фильм құрылымындағы берілетін  ерте дүние тарихының деректері мен бүгінгі күн сипатының қатар алынуы режиссер сипаттауында жалпы жер бетіндегі тіршілік иелерінің арасындағы табиғи байланыстың нәзік те болса, аса терең екендігі. Адам мен оны қоршаған орта, толып жатқан қақтығыстар тек  адамдардың құланға айналуына емес, жалпы тіршілік атаулының маңызын жоғалтатындығына аса назар аударады.

Арада біраз уақыт салып, режиссер Виктор Пұсырманов ертегі жанрына қайта оралады.  1991 жылы экранға  Виктор Пұсырмановтың «Қайсар» фильмі шығады. Фильмді  материалды-техникалық  жағынан қаржыландыруға «Мирас» шығармашылық бірлестігі ат салысады.  Сценарий авторлары - В.Пусырманов, А.Беркович, операторы- А.Беркович, суретшілері - В.Леднев, В.Трапезников, дыбыс режиссеры - Г.Мұқатаева

Ертегі  жанрында түсірілген бұл фильмнің негізгі мақсаты адамдар арасындағы қарым-қатынас күрделілігінен туындайтын себептердің жеке кейіпкер мінезіне, оның қалыптасуына әсер ете алар сиқырының табиғатын ашу. Әсіресе, кейіпкерлер арасындағы  аса нәзік сезімдері ақ  ниет пен қара күштің салыстырмалы деңгейінде күшейтіледі. Шығарманың құрылымдық негізіне қазақ және басқа да шығыс халықтарының аңыз әңгімелерінің желісі кеңінен пайдаланылған. Оқиға өте жылдам қарқында өтеді, сонысымен де көрерменді емін-еркін баурап алады. Музыканың әсем сиқырлы әлемі, кең құлашты декорация, табиғи ортада өтетін оқиғалар жүйесі   бас рольдегі актерлардың  әсем де  сұлу фактурасына үйлесіп, фильмді соншалықты тартымды етеді.

Басты рольдерде: А.Асенов, А.Гараева, А.Джалыев, М.Азимбаев, Ж.Байжанбаев, Б.Аюханов, Ж.Қуанышева,  Д.Ахимов, Г.Рахимбаева.

«Қайсар» фильмі 1991 жылы Ашхабадта (Түркмения) өткен Халықаралық кинофестивальда  бірінші жүлдені иеленеді.


 «Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.

 

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет