Гүлжан Наурызбекова. Америка киносының қысқаша тарихы (II)

Америка киносының қысқаша тарихы. 2-лекция. Кино тілінің жаңа суреттеу тәсілдері

Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


Гриффит шығармашылығының америка киносы тарихындағы рөлі

Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы онжылдығында  жалпы кинематограф саласында экрандық шығарманың мазмұндық сипаттау мүмкіндіктері біртіндеп күрделене түседі, оқиғаның  әңгімелену тәсілдері ендігі жерде психологиялық тереңдікті бере алатын тәсілдермен толықтырылады.  Осы орайда әсіресе, мысал ретінде режиссер Дэвид Уорк Гриффиттің «Много лет спустя» (1910) фильмін атауға болады. Бұл фильмінде режиссер алғаш рет монтаждық тәсіл арқылы ірі планның жаңа мүмкіндіктерін ашады. Қалыпты жағдайдағы жалпы планнан психологиялық тереңдік беретін ірі планға бірден алмасу тәсілі – кино тілінің жаңа сатасына жеткізді, бұл кино өнеріндегі үлкен жаңалық болды. Гриффит ойлап тапқан монтаждық контекст (жалпы план – ірі план- жалпы план) мазмұны ірі планмен берілген бас кейіпкердің бет-пішінінен (мимикасы) оның барлық сезім қатпарларын айқын көрсетіп, ішкі жан-дүниесіне мейлінше тереңдеуге мүмкіндік береді, көрермен зейіні ендігі жерде болатын оқиғаны бас кейіпкердің көзқарасымен қабылдайды. 1910 жылы экранға шыққан «Рамон» фильмінде Гриффит параллельді монтаж тәсілдерін жетілдіреді, актер ойынының, шығарма драматургиясының, камера қозғалысының көркемдік сипаттау мүмкіндіктерін кең пайдаланады. 1908-1913 жылдар аралығында  «Байограф» кинокомпаниясында Гриффит 350 лента түсіреді (2-3 бөлімдік). Оның алғашқы фильмдерінде жәрмеңкелік кинематограф дәстүрі басымырақ болса, шығармашылық ізденіс нәтижелері режиссердын бұдан былайғы фильмдерінде  көп жаңалық әкеледі. Жарық қою жүйесін, камера қозғалысын күрделендіру арқылы монтаждық тәсілдердің жаңа формаларын ойлап табады.

Дэвид Уорк Гриффит

Шығармашылық тәжірибелерінде Гриффит  өнер мен өмір шындығы арасындағы байланысқа көп көңіл бөледі, оның фильмдеріндегі адамдар табиғи, оқиға сипатталатын орта шынайы түрде беріледі.  1913 жылы Гриффит «Байограф» фирмасымен қарым-қатынасын үзеді, осы жылдар жалпы америка киносындағы ауыспалы  кезең болып сипатталады. «Тәуелсіз киностудиялар» мен патенттік фирмалар арасындағы көп жылғы тартыс антипатенттік оппозицияның жеңісімен аяқталады. Кино өндірісінда жаңа магнаттар пайда болады, солардың бірі Адольф Цукор европадағы «Фильм д!ар» студиясының үлгісімен жаңа кинокомпания құрады. Ендігі жерде америка кино өндірісі шығармашылық, өндірістік ізденістерінде европалық  тәжірибені кең пайдалана бастайды, «никельодеон» кинотеатралырының орнына  европалық үлгідегі жаңа кинотеатрлар көптеп пайда бола бастайды. Жаңа киномагнат Цукордың жүргізген саясатының нәтижесінде америка кинотеатрларында европалық режиссерлардың фильмдері кең таратылады. Жаңа қойылымдағы америка фильмдердің басым көпшілігі сахналых өнердің көркемдік тәсілдерін де кең пайдаланады. Ескі кинокомпаниялардың ыдырауы, кино өндірісінің Голивудке көшірілуі,  фильмдерде сахна жұлдыздарының көптеп қамтылуы, жаңа фильмдердің әшекейлі де әсем кинотеатрларда көрсетілуі – америка кино өнерінің қалыптасуындағы алғашқы сатысының айқын сипаты болып табылады.    

Мэри Пикфорд, Дэвид Гриффит, Чарли Чаплин және Дуглас Фэрбенкс

Америка киноимпериясының пайда болуы

1914 жылы америка кино өндірісінің туындылары әлемдік деңгейде өте жақсы көрсеткіштерге жетеді. Европа экрандарындағы импорт бойынша америка киносы 1-ші  орынға ие болады. 1917 жылы дүние жүзіндегі барлық  кинотеатрлардың репертуарында америка фильмдері басым болды.  1-ші дүниежүзілік соғыс жылдарында америка киноөндірісі үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Голливудта  ірілі-ұсақты  жаңа киностудиялар іске қосылады. «Витаграф», «Байограф», «Эдисон» кинофирмаларының өндірістік қуаты мүлдем әлсірейді. Ендігі жерде жаңа кинокомпаниялар қарқын ала бастайды, солардың бірі «Парамаунт» (жетекшісі – Адольф Цукор) кинобірлестігі кинопродюсерлер мен прокатчиктердің мүддесін біріктірген алғашқы кинокомпания болды. 1915-17 жылдар аралығында «Парамаутпен» бәсекеге түсе алатын дәрежедегі «Трайэнгл» студиясында Гриффит, Томас Харпер, Мак Сеннет сияқты ірі киноқайраткерлер қызмет жасады. Соғыс жылдарында кино өндірісінің, кино прокатының және кинотеатрлардың қызметтер жүйесі бір арнаға тоғыстырылады. Дәл осындай дүрбелең соғыс жылдарында америка киносының бүгінгі келбетін айқындап отырған момнополистік сипаттағы жаңа америка киносы қалыптасады. Барлық өндірістік кинобірлестіктер Голливудта шоғырланады. Уолл-стрит банкирлерінің қаржылық қолдауымен өркендеу сатысында болған Голливудта жаңа жобалармен айналысатын киноконцерндер көптеп пайда бола бастайды.  Кино өндірісі өте пайдалы өндіріс саласына айналады.


Әдебиет көрсеткіші:

  1. Жорж Садуль. История киноискусства от его зарождения до наших дней. М., 1957.
  2. Гуидо Аристарко «История теорий кино». М., "Искусство", 1966.
  3. Теплиц Ежи. История киноискусства. М.,1968-1973.
  4. Эйзенштейн С. М. статья "Диккенс, Гриффит и Мы" Том 5, М., 1968.
  5. Трауберг Л. "Дэвид Уорк Гриффит" М., 1974.
  6. Гиш Л. "Кино, Гриффит и я" М., 1974.
  7. Ч.Чаплин "Моя биография", М., 1976.
  8. Трауберг Л. "Мир наизнанку" М., 1984
  9. Леонид Трауберг. Дэвид Уорк Гриффит. Серия «Жизнь в искусстве». М., 1981.
  10. Садуль Ж. Всеобщая история кино.  М.,1958-1982.
  11. Киноэнциклопедический словарь. Москва., 1986.