Зейнет Тұрарбекқызы. Д.Өмірбаев фильмдеріндегі түстердің анализі

«Шілде», «Кайрат», «Кардиограмма» фильмдерінің негізінде

Зейнет Тұрарбекқызы

кинотанушы


Түс - адамның тілектерін орындайтын,

 толыққанды психикалық құбылыс.  

З.Фрейд

Түс арқылы адамның бейсанасын, бейсана арқылы адам психикасын түсінуге болатынын өзінің еңбектерінде дәлелдеген психоанализдің негізін қалаушы психоаналитик-терапевт Зигмунд Фрейдтің зерттеулері киноға да ықпалын тигізбей қоймады. XX ғасырдың 20-жылдары Францияда пайда болған сюрреалистік ағымның атрибуты ретінде кино әлеміне енген түстің қолданыс аясы жыл өткен сайын кеңейе түсті. Аталмыш ағымдағы фильмдерді байланыстырушы фактор - кейіпкердің ішкі конфликті болғандықтан, оның шешімін табу түске жүктеледі. Түс А.Хичкоктың «Арбалған» («Завороженный»,1945), И.Бергманның «Бүлдірген алаңы» («Земляничная поляна»,1957), Ф.Феллинидің  «Сегіз жарым» («Восем с половиной», 1963), А.Тарковскийдің «Айна» («Зеркало»,1974), Э.Кустурицаның «Аризондық арман» («Аризонская мечта»,1991), Д.Линчтің «Малхолланд драйф» (2001) фильмдерінде әр қырынан көрініс тапты.

Қазақ киносында түсті кейіпкер образын ашудағы құрал кетінде пайдаланып жүрген режиссер Дәрежан Өмірбаев. Өмірбаевтің кейіпкерлері ауылдан үлкен мегаполиске келген және сол мегаполистің бір бөлшегі болуға талпынатын, бірақ өзінің ішкі әлеміндегі идеялары, эмоцияларымен, әсерлерімен өмір сүретін, сол әлемді өздігінше шамасы мен қауқары жеткенінше қорғап, ішкі тепе-теңдікті орнату үшін сыртқы күштермен конфликтіге баратын жандар. Тұлғаның бұл типіне К.Юнг интроверт деп анықтама берген (Психологические типы, 201-б). Толығырақ айтар болсақ, кез-келген адамның бойында экстраверттік және интроверттік ішкі бағдарлану бір-біріне қарама қайшылықта болады. Тек олардың бірінің үстемдігі саналы, екіншісі бейсаналы болып келеді. Демек, Өмірбаев кейіпкерлерінің эгосы интровертті, ал тұлғалық бейсаналық - экстравертті. Себебі олар қоғамға жабық, ал ішкі әлемінде ар-ұяты басым, ашық мінезді индивидтер. «Психологиялық бейсана жайында очерктер» («Очерки по психологии бессознательного») атты жинағында Юнг интроверт пен экстраверттің саяхаты жайлы мынандай бір мысал келтіреді. Екі жас адам саяхатта жүріп бір үлкен сарайға тап болады. Екеуі де зәулім сарайды іштей көргісі келеді. Интроверт: «Ол іш жағынан қалай көрінеді екен», - дейді. Экстраверт: «Жүр, кірейік», - деп алдыға ұмтылады. Интвоверт оны тоқтатуға тырысып: «Мүмкін онда кіруге болмайтын шығар», - дейді. Өзі іштей полиция мен иттер бар болуы мүмкін, салық салуы да мүмкін деп ойлап тұр. Экстраверт болса: «Тым болмаса сұрап көрсек болады ғой». Ақыры қайырымды күзетші шалдың рұқсаты және экстраверттің оптимизмінің арқасында олар сарайға кіреді. Реставрациясы жақында біткен сарайдың ішінде тек екі экспонат қалған екен. Экстраверт бос бөлмелерді көруге қаншама уақытын босқа жұмсағанына ашуланып, көңіл-күйі түсіп кетеді. Интроверт болса күзетшінің айтқандарын қызыға тыңдап, бойдағы ұялшақтығы жоғалып, көңіл-күйі көтеріле түседі(2010:42). Юнгтің бұл мысалы маған Өмірбаевтің қысқаметрлі «Шілде» (1988) фильмін еске салды. Ауылдағы клубта кино көріп болып, кешкі сеансқа анасы ақша бермейтінін айтып, үн-жұрғасы түсе үйіне бет алған бас кейіпкер (Бақытжан Жартыбаев) мен ақша табудың жолын тапқан досы (Марат Досетов). Досы-экстраверт совхоз бақшасынан қауын ұрлап, оны сатып ақша табудың жолын айтса, бас кейіпкер-интроверт бақшаның қарауылы бар екенін айтады. Тек досының: «Қайдағы қарауыл, ешкім жоқ онда», - дегеніне іштей сеніңкіремесе де баруға келіседі. Бақшаға келіп досы қауын ұрлауға кетеді, ал кейіпкеріміз жатып, ұйықтайды, түс көреді. Жалпы Өмірбаев киносында барлық кейіпкерлер интроверттік типке жатады. Сонымен «Шілде» фильміндегі түсті талдап көрейік.

Бала кейіпкеріміздің түсі Өмірбаевтің кейінгі фильмдеріндегі түстермен салыстырғанда нақты әрі түсінікті. Фрейд «Бейсана психологиясы» («Психология безсознательного») еңбегінде түстерді үш категорияға бөліп қарастырады (1990:316). Олардың біріншісі - түсінікті және мағыналы түстер: «Түсінікті және мағыналы түстер жасырынбаған арман-тілектердің орындалуы болып келеді. Мұндағы түс жағдайында санаға таныс және күндіз орындалмай қалған, бірақ барынша назар аударуға тұратын қандай да бір арман тілектердің орындалуы көрінеді» (1990:337). Кейіпкеріміздің тілегі кешке клубқа бару. Демек тілек түсінде орындалды. Совхоз бақшасына велосипедпен барып келгендіктен, түсінде санасына таныс велосипедпен клубка келіп, ішіне кіруі оның тілегінің орындалғанын білдіреді. Ал клубта киноның орнына концерттің болуы ұйқы уақытында сыртқы факторлардың есту мүшелері арқылы түсімізге енетіндігінің белгісі. Фрейд бұл құбылысты былай түсіндіреді: «Түс адамды оята алатын барлық түрлі шуларды жоя отырып, алдымен өз міндеттерін орындайтын жауапкершілігі мол күзетші тәрізді. Сондықтан ұйқы кезінде сыртқы сезім мүшелерінің тітіркенуі түс мазмұнына әсер етеді» (2005:52). Демек алыстан кейіпкеріміздің құлағына естілген музыка үні, бірінші тітіркендіргіш фактор, түстің мазмұнының өзгеруіне, яғни киноның орнына концерттік қойылымның болуына әсер етті. Екінші тітіркендіргіш фактор - ат тұяғының дыбысы,  түстегі концерттік сахнада жануардың пайда болуына негіз болды. Дәл осындай тәсілді Өмірбаев «Кардиограмма» (1995) фильмінде ұйықтап жатқан Жасұланға (Жасұлан Асауов) әзілдегісі келген шипажай балаларының іс-әрекетімен байланыстырған сәтінде қайта пайдаланады. Бұл түстегі сыртқы фактор - су. Шарылдаған судың дыбысы түсінде кенеттен Жасұланның кіші дәретін келтіртіп, өңінде төсегіне сиіп қоюына себеп болады. Қолында жол сөмкесі бар анасының бейнесі Жасұланның үйіне қайтқысы келетіндігінің түстегі көрінісі. Бұл да түсінікті түстердің қатарынан. Фильмнің мазмұнына келетін болсақ, фильмде Қызылорда облысынан Алматы шипажайларының біріне жүрегіндегі ақауын емдеуге келген Жасұлан есімді жасөспірімнің оқиғасы баяндалады.

Жалпы алғанда аталмыш екі фильмде бейнеленген түстер жоғарыда атап өткеніміздей түсінікті түстер қатарына жатады. Бұны Фрейд бала түстерін толығымен бірінші категорияға жатқызуымен түсіндіреді. «Бала түстерінің мазмұны күрделенсе де, тарылса да олардың күндізден жете қанағаттанбай қалған тілектерінің, армандарының түсте орындалғанын оңай көруге болады» (Фрейд, 1990:319). Демек, Жасұланның самаурынға шай қайнатқалы жатқан анасын түсінде көруі  сағыныштың, анасын өңінде көргісі келген тілектен туындаған.

«Шілде» және «Кардиограмма» фильмдеріндегі бас кейіпкерлердің өздерінен жастары біршама үлкен қыздарға қызығушылық танытуын (бұл сезімді махаббат деп айтпас едім, өйткені ол жасөспірім баланың әйел бейнесіне деген қызығушылығы ғана) фрейдше түсіндіретін болсақ, тұлғаның барлық психикалық процесстері ләззат алу принциптеріне бағынышты. Адам әуел бастан ләззат алуға ұмтылады, өйткені адамға ләззат сыйлайтын дүние тұлға бойында жағымды эмоция тудырады (Фрейд,  1923). Демек, әйелдің жалаңаш бейнесін көру немесе шынтақтарының жақындасуы кейіпкерлерге жағымды эмоция сыйлайды, ал сол эмоциялар адамның құштарлық сезімін оятады.

Фрейд тұрақты тұлғалық қасиеттер тым ерте шақта қалыптасады, сондықтан бейсаналық процестердің түп-тамыры балалық шақта деп қарастырады. Сонда бұл тұрғы бойынша ересек адамның мінез-құлқының, жүріс-тұрысының әр түрлі варианттарында балалық таптаурындар (ой-пікір) қайталанып, жаңғыртылып отырады (Ә.Нысанбаев, 2005:9). Сол себепті де өнер адамының (қаламгер, суретші, режиссер тб.) шығармашылығында балалық шағына деген туынды міндетті түрде болады. Мәселен қазақ әдебиетінде Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма», «Жусан иісі» повестері автордың балалық шағына саяхаты деп айтуға толыққанды негіз бар. Өмірбаевтің да араға жеті жыл салып балалар тақырыбына оралуының себебі балалық шақтың кермек дәмінде.

Фрейдтің психоаналитикалық моделі бойынша адам психикасының ішкі динамикасы: оның әр түрлі саналы және санамен аңғаруға болмайтын қажеттіліктері мен мінез-құлық, жүріс-тұрыс мотифтерінің, ортаның қоятын талаптары арасындағы күрестер, оның психологиялық қорғаныс механизмдері, типтік көріністер мен қарсыласу сипаттарынан анықталады. Бұлардың бір бірімен байланысы анықталып барып, адамның балалық шағындағы тәжірибесімен байланыстырылады (Ә.Нысанбаев, 2005:9). Балалық  шағының тәжірибесі бар, бірақ психикасының ішкі динамика байланыстары әлі анықтала қоймаған кейіпкерінің психологиялық тепе-теңдікті орнатудағы жан күйзелісін Өмірбаев «Қайрат» (1991) фильмінде баяндайды. Сөзсіз «Қайрат» - Өмірбаев шығармашылығындағы өзіндік айшықты орынға ие фильм. Туындының сценарилық құрылымы өте күрделі. Бір қарағанда түсінікті болып көрінгенімен, талдау барысында фильмнің ұсақ бірақ маңызды, бірін-бірін байланыстырушы белгілерден құралғанына көз жеткіземіз. Сол себепті, фильмде көрсетілген әрбір деталь үлкен маңызға ие. Режиссер өз кезегінде сол детальдарды кард ішіндегі мезансцена, пландардың ауысуы, панорама, монтаж арқылы нақты әрі түсінікті етіп бере алған.

Түс фильмде орталық, негізгі рөлді атқарады. Құрылымы жағынан күрделі, астарлы ойды меңзейтін және болашаққа болжам жасалынатын түстер қатарынан олар. Фрейд бұл қатардағы түстер жайлы мынандай пікір айтады: «Түстің әрбір элементінде астарлы, жасырын ойлар ұштасып, сабақтасып жатады. Әрбір астарлы жасырын ой түстің бір емес, бірнеше элементтерінен көрінеді. Ассоциативті тізбектер жасырын ойларды түс мазмұнымен жай ғана байланыстырмайды, олар бірнеше қайтара қиылысады және өріле айқасады(2005:32). Қайраттың түстеріне берілген дәл әрі нақты анықтама.

Фильмнің сюжеттік желісі Алматыға келіп, оқуға түсе алмаған Қайрат (Қайрат Махметов) есімді жігіттің басынан өткерген оқиғаларын баяндайды.

Бірінші түс: Қайрат пен жатақханадағы досы Самат екеуі көшеде келе жатыр. Бұл қала сыртында орналасқан бір ауылдың көшесі және оларға бейтаныс бір орта сынды. Кенет Қайрат бір үйдің ауласында өсіп тұрған ағаштың жемісін үзеді. Оның бұл әрекетін көріп қалған үй иесі терезесін бірнеше рет тақылдатады. Осыдан кейін Қайрат көшеде жалғыз қалғанын байқайды. Айналада ешкім жоқ. Көшемен біраз жүргенінде Қайратқа қарап тұрған орыс кемпір: «Адасты жігіт!» («Пропал парень!» бұл жерде «адасып кету» мағынасында) деп тіл қатады. Осы мезетте Қайрат жемісін үзген үй иесінің өзіне қарай бет алғанын көреді. Қайрат қашып бір үйдің ішіне кіріп, терезеден сыртты бақылайды.  Далада жұрт жиналып қалған. Әлгі қуып келе жатқан жігіт Қайраттың артынан үйге кіреді. Қайрат отырған бөлмеге кіру үшін жарма есіктің (двустворчатая дверь) ілмегін қолымен ашады.

Қайраттың бұл түсі уақыт тұрғысынан өткен шақ, осы шақ, келер шақты қамтиды. Бірақ оны түсіну үшін кейіпкеріміздің өзге де түстерін талдау қажет. Сонымен, түсті талдап көрелік. Түсінде Қайраттың Саматпен жүруі санасына таныс адамның (жоғарыда түсіндіріп өткеніміздей адамның санасына таныс, яғни сол күні көрген зат, адам деген ұғымда) түсіне кіргендігі. Түс оқиғасының қаланың емес, ауыл көшесінде өтуі Қайраттың бейсанасының қалаға қарағанда ауыл көшелерін жақсы білетіндігінен туындаған. Себебі, түсте бейсана әрдайым өзіне таныс, өзіне қолайлы ортаны суреттейді. Бірақ сол ортаның кейіпкерімізге бейтаныс болып сезінілуі, іштей Қайрат ауылда емес, қалада жүргенін сезінгендігін білдіреді. Жеміс түсте метафора ретінде қолданылған. Оған көз жеткізу үшін фильмнің түске дейінгі сюжеттік желісін еске түсіру қажет. Түстің алдында Қайраттың Индирамен танысып, бір аптадан соң киноға баратын болып келіседі. Демек, пісіп, жетілген жеміс бұл жерде қыздың, яғни Индираның рөлін атқаруда. Түсінде Қайрат жемісті үзгенімен, оны аузына салғанын көрмейміз. Керісінше жеміс ағашының иесінің пайда болғанына куә боламыз. Демек, түс бізге болашақты айқын көрсетіп отыр. Ешкім жоқ көшеде жалғыз қалуы, жүріп келе жатқан жолының жалғыздыққа апаратындығы, ал кемпірдің «адасты» деуі болса, Қайраттың таңдау жасауда жаңылып, нәтижесінде небір ойлардың жетегінде адасатындығының ескертпесі. Қашып барып бір үйге кіргендегі әрекеті Қайратқа үй таныс сынды әсер қалдырады. Мүмкін бұл Қайраттың ауылдағы үйі болар?! Кім білсін? Әзірге бұл бізге белгісіз.

Осы сынды күрделі түстердің: «Көбінде талдау арқылы анықталатын жасырын ойлардың өзіндік ерекшеліктері таң қалдырады, - дейді Фрейд,  -  олар әдеттегі рационалды сөздік формада берілмейді. Мұнда салыстыру құралы ретінде таңбалық бейнелер, метафора мен поэтика тілі орын алады. Олай болса жасырын ойлардың құралы поэзия тілі сияқты салыстыру мен метафоралар арқылы таңбалар болып табылады (2005:36).

Екінші түс: Қайрат көрерменге толы концерт залында музыка тындап отырған Индираны шақырады. Индираның ішін ұстап тұру әрекетінен, аяғының ауыр екенін байқаймыз. Бірақ Қайраттың бетін сүйгісі келіп ұмтылғанында, музыка үні кенеттен тоқтап, зал босап, сахнадағы өнерпаздар орындарынан тұрып кетеді. Артынан залдағы жарық сөнеді.

Түсті талдамас бұрын түстің алдында болған оқиғаны еске түсірейік. Алғашқы рет қыз бен жігіт ретінде кездесіп отырған Индира мен Қайрат киноға барады. Экранда жалаңаш кейіптегі аймаласып тұрған жұп. Түс те бізге кинотеатрда көрсетілген осы эпизодтың нәтижесі ретінде аяғы ауыр Индираны көрсетеді. Бірақ Индираның Қайраттың бетін сүйе алмауы екеуінің арасында ешқандай да жыныстық қатынастың болмағандығының айғағы. Демек, бұл түсте Индираның поезда өз Марадонасын жолықтыратынына, әлі болмаған, бірақ болашақта болатын оқиғаға сілтеме жасалынып отыр.  Залдың босауы - болашақтағы жалғыздықтың көрінісі. Жарықтың сөнгені Қанаттың ішінде пайда болған үміттің сөнетіндігінің белгісі. Бұл жерде Индира Қайраттың бетін сүйгенінде, түс тіпті басқа мағынаға ие болар еді.

Үшінші түс: Қайрат анасымен саябақта. Қайрат шолу дөңгелегіне (колесо обозрения) отырады. Дөңгелек көтеріліп, ең жоғарғы нүктесіне жеткенде тоқтатылады. Шолу дөңгелегін жүргізіп отырған адам да, анасы да саябақтан кетіп қалады. Қайрат қайтадан жалғыз. Тек алыстан суда жүзген қайықты көреді.

Түс неліктен бізге шолу дөңгелегін көрсетті. Өйткені ол Қайраттың бейсанасында сақталған сурет. Осындай шолу дөңгелегі Қайрат Индирамен танысар алдында көрген фильмнің бір сахнасында бейнеленген. Қайық болса Индира мен оның жігітінің қызметін атқаруда. Себебі саябақтарда көбінесе қайыққа романтиканы қалайтын, өзгелерден алыстағысы келетін ғашық жастар пайдаланады. Демек, қайық ғашық жұптың бейнесінде көрсетілген.  Шолу дөңгелегін жүргізіп отырған адам мен анасының кетіп қалуы - жалғыздықтың көрінісі.

Неліктен біз осы түсте Қайраттың анасын көреміз? Өйткені, сабаяқ дегенде бірінші ойға балалық шақ оралады Балалық шақ болса Өмірбаев фильмдерінде тек анамен байланыстырылады. Әке бейнесі тек «Кардиограмма» фильмінің басында ғана өте сұсты, қатал бейнеде, Жасұланның тілегінің орындалуына кедергі болар адам ретінде көрсетілген. Екіншіден, әрине, ана образы Қайраттың кейінгі түсінде тағы пайда болатындықтан, көрерменді алдын-ала таныстыру мақсатында енгізіледі.

Төртінші түс: Түс есіктің көрінісінен басталады. Камера өлі Қайраттың денесі мен перденің арғы жағындағы бөлмеде отырған Қайраттың анасы мен Индираны көрсетеді. Кенет Қайрат көзін ашып, бөлмедегі диалогты тыңдайды. Индира:

-  Денесі сізде қалатын шығар? Өйткені сізде одан басқа ешкім жоқ қой?

  • Жоқ. Өлген жігіттің денесі сүйген қызында қалуы керек. Сондықтан, алып кете аласыз.
  • Жарайды. Онда мен сосын алып кетермін.

Индира қоштасып, шығып кетеді. Қайраттың көзінен жас тамады.

Бұл түстің алғашқы көрінісінен-ақ бізге Қайраттың бірінші түсінен таныс жарма есік пен айна арқылы көрінген перде көрсетіледі. Анасы мен Индираның диалогынан бұл Қайраттың өскен өз үйі екенін аңғарамыз. Демек, бірінші түсте Қайрат қашып жүріп өз үйіне кіреді. Бұдан бірінші түс пен төртінші түстің бір-бірімен өте қатты тығыз байланыста екенін түсінеміз. Сонымен қатар, екі түсте орын алған оқиғаның Қайраттың ауылында өтіп жатқандығын және бірінші түстің дұрыс жорылғандығын қорытындылай аламыз. Қайраттың бірінші түсіндегі жеміс иесі түс барысында трансформацияға ұшырайды. Әуелде ол (жеміс иесі) түсте Индираның Марадоннасы, кейіннен жатақхананың 305 бөлмесіндегі Жан образына айналады. Ал, Қайраттың Жанмен өңінде болған төбелесі, түсінде осы үйіндегі өзі тығылған бөлмесінде өткендігін болжай аламыз. Төбелесте жеңілгендіктен түс бізге Қайратты өлі күйінде көрсетеді. Бірақ сананың Қайраттың тірі екендігін білетіндігінен, бейсана түсте оның көзін ашқан кейпін бейнелейді. Ал, Қайраттың көз жасы - көңілі қалғандығы, жалғыздығы.

Бесінші түс: Қайрат вокзалда отыр. Оянып, айналасына көз жүгіртеді. Еденді жуып жүрген әйелдің қозғалысымен бірге, күту залында тағы үш адамның бар екенін байқаймыз. Қайрат өз уақытын күтіп отырған әйел мен оның ойнап тұрған баласын бақылай бастайды. Әйел тұрып залдың есік жағына беттеп, ұлы Рауанды шақырады. Екеуі есіктен шығып кетті. Артынан есіктен милиция кіріп келеді де: «Әне ол отыр!» дегенді айтады.

Түстің мекені вокзал. Бұл жерде ойландыратын бір нәрсе бар. Вокзалдағы оқиға Қайраттың поезда бастау алған үлкен түсінің екінші бөлімі, яғни жалғасы болуы мүмкін бе? Өйткені, вокзалда да Қайраттың кенеттен оянып кеткенін байқаймыз. Егер Қайрат аулына қайтты деп болжам жасайтын болсақ, фильмнің соңында оның жатақханада оянғанын көреміз. Егер, поездағы оқиға Қайраттың Алматыға келе жатқанында орын алған дер болсақ, екі поезды байланыстырушы бірде-бір белгіні байқай қоймаймыз. Демек, ол да түс, түс ішінде орын алған түс! Ендеше талдап көрелік.

Мазмұны жағынан бұл мағыналы әрі түсінікті түстердің қатарынан. Тек неліктен  оқиға орны ретінде поезд таңдалып алынғандығын түсіндіріп өтсе болады. Оның себебі де Қайраттың санасында поезд азғындық, опасыздық мекені ретінде ассоциалануында.  Поездағы қыздың түрі де Индираға ұқсайды. Құшағында баласының болғанына қарамастан, оның вагон тамбурында бейтаныс жігітпен танысқанын көреміз. Түстің осыдан кейінгі өрбуі, айтпасақ та түсінікті.

Түстің екінші бөлімі вокзалда жалғасын табады. Түсте милицияның пайда болуы бір қылмыстың орын алғанын және қылмыскердің сол залда отырғанын білдіреді. Бірақ кім? Қайрат болғаны ма? Самат екеуі кинотеатрда көрген фильміндегідей Индираны пышақпен өлтіргені ме? Онда неліктен милиция қызметкерлерінің күту залына кіріп келуі, түсте Қайраттың көздері арқылы көрсетіледі? Егер Қайрат қылмыскер болса, олар Қайраттың көздеріне тіке, тура қарап, Қайратқа қарай қол сілтеулері керек еді. Демек, бұл жерде Қайрат тек бақылаушы, көрермен ретінде көрсетілген. Қылмыскер  -  еден жуушы әйелмен бірге кадрда пайда болатын бейтаныс азамат. Ол кім болуы мүмкін? Әрине, оның поездағы әйелдің күйеуі екенін түсіну қиынға соқпайды. Осы түсінде Қайраттың тілегінің орындалғандығын байқауға болады. Индираны өлтіру деген оның ойында болғаны анық. Тек ол тілегін ығыстырды, яғни оқиғаны ұмытуға тырысты. Ығыстыру - iшкi жан күйзелiстерiнен үйлесiмсiз мотивтер не ұнамсыз ақпараттарды санадан шығарып тастау  үрдісі (Фрейд, 1990). Ығыстырылған тілек Фрейдтің айтуынша, ешқайда жоғалмайды, ол бейсанада тұрақталып, адаммен бірге өмір сүреді. Кейіннен өзін жүзеге асыра алатын орта іздейді. Ол орта - түс!

Сонымен, Қайраттың түстерін талдау барысында түстің фильмнің сюжеттік желісін құрушы негізгі діңгегі екеніне көз жеткіздік. Юнг «Түстердің қызметі мен талдауы» («Функция и анализ снов») еңбегінде: «Түс жеке басының кемшіліктерін толықтырумен қатар, ескерту де жасай алады. Ескерту жасалған түстегі белгілер еленбей қалған күнде, қайғылы жағдай орын алуы әбден мүмкін» (1991) дейді. Егер Қайраттың ығыстырылған тілегі түсінде орындалмағанында, кейіпкеріміздің өңінде Индираны өлтіруіне алып келуі мүмкін еді. Түстің негізгі міндеттерінің бірі де осы: адамның психикалық тепе-теңдігін сақтау. Себебі сергек кезде орындалмай қалған тілектердің түсте орындалуы адамға қанағаттану сезімін силайды.

Бұл мақала аясында Өмірбаев шығармашылығындағы «Шілде», «Кайрат», «Кардиограмма» фильмдеріндегі түстердің негізгі рөлі мен атқарар функциясына талдау жасадық. Түс Өмірбаев кино стилистикасының құрамдас бөлігі ретінде, режиссердің өзге де туындыларында да көрініс табады. Өмірбаев киносында адамның қоғамға бейімделуі ішкі қажеттіліктер мен сыртқы талаптардың арасындағы компромисі болғандықтан, компромисс нәтижесінде санада пайда болар сезімдер мен ойлардың бейнесі түс арқылы берілетініне көз жеткіздік. Түс әрдайым Фрейд айтпақшы адам психикасының айнасы болып қала бермек!

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Фрейд З. «Психология бессознательного». Редактор М. Г. Ярошевский.— М.: Просвещение» 1990.— 448 с.
  2. Фрейд З. «Я и оно». 1923: http://knigger.org/freud/das-ich-und-das-es/)
  3.  Фрейд З. «Введение в психоанализ». Редактор М. Г. Ярошевский Москва «Наука», 1990 : http://osp.kgsu.ru/library/PDF/315.pdf)
  1. Юнг К.Г. «Очерки по психологии бессознательного» - КогитоЦентр; Москва, 2010. - 59c
  2. Юнг Юнг. К.Г. «Психологические типы» - http://transyoga.ru/assets/files/books/psychology/yung_tip_lichnosti.pdf - 285с
  3. Юнг. К.Г. «Функция и анализ снов», Москва, 1991 - http://www.aquarun.ru/psih/son/son5.html
  4. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. З.Фрейд және неофрейдистер. Психоанализ. 3- том. /Жектекшісі Ә.Н.Нысанбаев. - Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2005. - 480