Ержан Жұмабеков. Кейіпкер Қожа психоанализ объектісі ретінде

Қазақтың өр жеткіншегінің образдық прототипіне айналған Қожаны оп-оңай ғана Фрейдтің кабинетіне енгізіп жіберсек қалай болар еді?! Психоанализдің негізін қалаған австриялық ғалым біздің Қара Көжені қалай қабылдар екен?!

Ержан Жұмабеков

кинотанушы


Қазіргі заманда ғылым мен өнердің жан-жақты әрі жылдам дамуына байланысты кейде оларға талдау жасалынып та, баға беріліп те үлгермей жатады. Ал кейде заманауи өнердің түпкі мақсаты мен бағытын айқындау үшін теориялық таптаурын зерттеулерден қаша отырып, жаңаша ой пікірді қалыптастыру қажет болады. Заманауи өнер зерттеушілеріне сараптама жасау үшін ерекше, әрі қарапайым тәсілдерге жүгінуге мүмкіндіктер мол екендігіне сүйене отырып, кино кейіпкеріне психоанализдік зерттеу жасауды мақсат етеміз.

«Психоанализ және кино он тоғызыншы ғасырдың аяғында пайда болды. Олар заманауи күштердің ықпалымен қалыптасқан, әрі ортақ тарихи, әлеуметтік және мәдени дамуы жағынан ұқсас. Теоретиктердің зерттеуі бойынша психоанализ адам өміріне қажеттілікті өтей отырып, киноға әсер етті деп атап көрсетеді. Алайда, кино керісінше психоанализге әсер етуі мүмкін» [1.1]. Фрейд психоанализ теориясында кинематографиялық терминдерді қолданып қана қоймай, оның баяндаған оқиғалары құпиясы көп кино сюжеттерін еске түсіреді. Сондықтан да Фрейд пен киноөнері арасындағы дауға осы күнге дейін нүкте қойылмады.

Психоаналитикалық киносынының тарихы өте күрделі. Ол ұзақ әрі әрқилы болғанымен қатар киноның психоаналитикалық теориясының қалыптасуы басқа да кинотеория бағыттарының дамуымен қатар келді. 1950 жылдардан бастап Европа мен Америка экрандарын жаулап алған түрлі концепциялы фильмдердің арасынан көрерменнің мінезіне сай психоаналитикалық фильмдер әлемдік кинотарихында төңкеріс жасап, кино сыны мен теориясына терең әсер қалдырды.

Бұл жылдары да тарихымыз тығыз байланысты Кеңес одағының өнер қоғамына психоанализ теориясы кеңінен етек алмаса да, таныс болып үлгерді. Бірақ, қазақ кино өнерінде идеологиялық бағытты ұстана отырып, бұл теория қолданылмады десе де болады. Алайда, қазақ әдебиетінің дамуына жаңа леп әкелген 1920-30 жылдардағы өкілдерінің, атап айтқанда С.Торайғыров, Ж.Аймауытов, М.Әуезов т.б. ақын, жазушылардың еңбектерінен психоанализ элементтерін аңғаруға болады. Ал, еліміздің кино тарихына көз жүгірте отырып, режиссерлардың туындылары арасынан А. Қарсақбаевтың  «Менің атым Қожа» кинокартинасы, яғни бас кейіпкердің болмысы психоанализ теориясының сұрақтарына жауап бере алатын үлгілі нысан екеніне көзімізді жеткіздік. Осы зерттеу жұмысында фильмді психоаналитикалық тұрғыдан зерттей отырып, туындының ұрпақтан ұрпаққа құны түспей, қай заманмен де құрдас болып қалуының себебін нақтылауға деген қызығушылығымызды қанағаттандырамыз. Бұл зерттеу қазақ кинотарихы мен өнерінің әлемдік деңгейде зерттелуіне жаңа леп беретініне, болашақта жаңа көзқарастардың қалыптасуына септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Қазақ балалар әдебиетінің атасы, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесті қазақ оқырмандарының сүйікті туындысына айналып үлгерді. Ал, осы шығармаға визуалды тұрғыдан жан берген А. Қарсақбаев та балалар тақырыбында фильм жасаушы ретінде тарихта қалды. Осы уақытқа дейін түсірілген балаларға арналған фильмдер қалай аз болса, ол туралы зерттеу жұмыстары соншалықты жоқ екені қынжылтады. «Менің атым Қожа» фильмі жарыққа шыққаннан кейін қазақ кино тарихын зерттеуші Қабыш Сиранов «...балалар өміріне батыл енгені, олардың психикасын шынайы және шебер көрсеткені үшін ұнады. Тік, табанды және ашық мінезі қалыптасқан бас кейіпкер Қожа балалардың сүйікті образына айналды» [2.187] деп өз еңбегінде алғашқылардың бірі болып атап көрсетті.

Қазақтың өр жеткіншегінің образдық прототипіне айналған Қожаны оп-оңай ғана Фрейдтің кабинетіне енгізіп жіберсек қалай болар еді?! Психоанализдің негізін қалаған австриялық ғалым біздің Қара Көжені қалай қабылдар екен?! Түсінуге оңай болу үшін Фрейд ұсынатын тәсілді қолдансақ та болады. Қиялға ерік бере отырып, мәселен, тентек ұлдың қылықтарынан қажыған Меллат шеше  психоаналитик Фрейдке жүгінді делік.

«Қожа жүз пайыз үлгілі баланың қатарына жатпайды. Бұл жағдайда ол көптеген балалар жайлы кітаптағы көрсетілген ұлдарға ұқсамайды. Ол сотқар және қиялшыл. Оның сотқарлығы дөрекілікке дейін, ал қиялшылдығы жағымсыз оқиғаларға дейін апарады. Мысалы, оған өз мұғалімінің сөмкесіне тірі бақаларды салу қиынға түспейді. Оны сол үшін жазалағанда, ол: «Бақалар секіріп кетіп, бәріне қызық болады деп ойладым» дейді. Бірақ оның осындай қызғылықты әрекеттерінен оның үлкен болашағының және бекзада мінездің негізі қаланады» [2.187] деп кинотанушы кейіпкер мінезіне өз бағасын берді. Алайда, психоаналитик Фрейд балалар психологиясының өте нәзік, әрі күрделі, «психикалық өмірдің күңгірт және түсініксіз аймағы, кеңінен алынған гипотеза ең тиімдісі» [3.8] екенін ескеріп өз тұжырымдамаларын келтіреді.

Әсілінде, Фрейд теориясында көрсетілген негізгі тоқтамдар Қожаның «қасиеттерінен» алшақтамайды. Осы жерде бір мәселені айтып кетпеске амал жоқ, Фрейд жүйесі алғашқы уақыттары өнерде саналы түрде пайдаланылып, сәнге айналса да, оның ізбасарларының ізденісі барысында тармақтарға таралып, психоанализдің пайдалану аясы кеңейе түсті. Бірақ біз кейіпкердің психологиялық бейнесін нақтылау үшін тек қана Фрейдтің негізгі теориялық зерттеулеріне сүйенеміз.

Сонымен, Қожа – емделуші, нақтырақ айтқанда тұрақсыз көңіл күй мен мінездік ерекшеліктері арқасында психикалық қайшылықтарға душар болған бала. Оның «санаға дейінгі болған жағдайын ығыстырылу деп атап, ығыстырылуға алып келген және оны демеген жағдайды қарсыласу деп атаймыз» [3.97]. Қожа айна алдында отырып, санасындағы ығыстырылған эголық бөлшегін көрсете отырып, өз-өзіне көңіл толмау, сенімсіздік комплексін алға шығарады. Эмоцияларын басқаруға тырысқан кейіпкер өзін екіге бөліп, еркіне бағынбайтын, елді дүрліктіріп, әбігерге салып қоятын сотқар Қожаны тәртіпке салдырмақ болған ниеті «Оның үдерістерді ішінара қабылдауы түрлі, яғни психикалық аппаратының ең қатпарлы қабаттарын сезінуін береді. Олар өте бейтаныс, мысал ретінде ләззаттану-наразылықты айтуға болады. Олар іштен шыққан ұғынуға қарағанда тура және қарапайым, олар әр жерден бір уақытта келуі мүмкін және сондай-ақ түрлі, тіпті қарама- қайшы қасиеттерге ие болуы мүмкін» [3.107]. Қожаның айна алдындағы өз өзімен сөйлесу сәтінен: «Ертеңнен бастап тентек болып, бірде-бір баламен төбелеспеймін. - Енді өзі тиіссе ше? - Онда қой де, әйтпесе көкеңді танытам де. – Ал егер қоймаса ше?» Бұл сұраққа Қожа бір мүдірсе, екінші рет «Тәртіпсіздік істесең, өзіңді өзің жазалайсың. – Қалай?» деген сұраққа екінші рет жауап таба алмайды. Демек, Қожа айна ішіндегі өз  бейнесінен бірнеше қырын тани бастағанмен өз комплекстері алдында әлде де қауқарсыз екені байқалады.

«Қожа» атауы «қожайын», «ие» мағына берсе, оған қойылған мазақ аты «Көже», «Қара көже», «Қара ботқа» мағынасы кейіпкердің қарама- қайшылықты мінезін одан сайын өршіте түседі. «Көже, ботқа» сұйық тағам, әдетте ол қазақта сыйлы қонаққа қойылмайтын, кедейлер, жалшылар ішетін жеңіл, жүрек жалғайтын ас болған, ал оған «қара» сөзі жалғанғанда тіпті ішуге жарамайтын, жиіркенішті тағамды елестетеді. Ал, Қожаны қоршаған құрдастар арасынан ерекшеленетін Жанар және Жантас есімдеріндегі «жан», «ар», «тас» сөздері бөлек ассоциация беретін мағыналары өздерін түсіндіріп беретін сөздер. Қожаның есіміне деген өзінің және өзгелердің қатынасы да оның психикасына әсерін бермей тұрмайды. Оны «Қара көже» деп кемсіте атауы  Қожаның басбұзар екенін еске салатын провокаторлық сөз және ол сөз оның одан сайын ызасын қоздырады. Оның бойындағы «өзге» өзін ығыстырылған ниет секілді ұстайды. Ол қозғаушы күштерді дамытуы мүмкін, тіпті «Мен» мәжбүрлеуді байқамайды [3.107]. Майқанова мұғалімі: «Осы Қожаның қандай бала екенін түсіну қиын. Кейде ызаң келгенде мектептен қуып шыққың келеді. Ал, кейде одан үлгілі ешкім жоқ» дегендей,  ол біз үшін – «Мені» үстіртін дамылдаған, әрі танылмаған және бейсаналы психикалық «Өз» (Оно) [3.110].

Қожаның бүкіл саналы, бейсаналы әрекетінің астарында ең негізгі себеп - ол шешесінің назарын өзіне аудару, өзіне толықтай иемдену. Белгілі нәрсе, ана мен баланың эмоциялық және физикалық байланысы өте тығыз, алайда есейген сайын бала анасынан алыстаған сайын психологиялық қиындықтарға душар болады.  Қожаның шешесі үйге сирек келіп, баласы назарынан тыс қалған, оның психикасындағы өзгерістерді мәселе ретінде қарап, өзінің түсінігінше шешім қабылдауға тырысады. Қожаның шешесі: «Күннен күнге бұзақы, сотқар болып бара жатырсың. Өйте берсең жүрген жеріңе шөп шықпайды» деп жазғырады. «Ерте жастан бастап ана емшегі негізгі нүкте болып, тірек іздеудің үлгілі мысалы болатын анамен қатынасын дамытады да, бала әкесін сәйкестендіру жолымен иемденеді. Бұл екі қатынас та бір уақыттары бірге жүреді, бірақ сосын анасы мен санасының қатынасында сексуалдық ниеттердің күшейуінен, ол ниетке сана мен ана керектігін, ал әке бұл ниетке кедергі екенін білгеннен кейін Эдип комплексі пайда болады. Әкемен сәйкестендіруді дұшпандық кейіпке енеді де, анасының қасынан орнын алу үшін оны жою ниетіне назар аударады. Осы сәттен бастап әкеге деген қатынасы екі жақты, бұл бастапқы кездегі сәйкестендіру бар екі жақтылық нақтылай түседі. Әкеге екі жақтылық орнату және шешеге тек жұмсақ нысандық ұмтылысы бала үшін қарапайым, көңілді Эдип комплексі маңызды. Эдип комплексі күйреген кезде нысан-ана жүктелісі тасталыну керек. Оның орнына екі жағдай пайда болу мүмкін: немесе шешемен сәйкестендірілу, немесе әкемен сәйкестендірілуді күшейту [3.119]. Қожа шешесінің алдында тізерлеп отырып, жылап, шешесінің өзіне деген аяушылығын оятуға тырысады. «Мама, мен енді қоям, қоям. Осы ауылдағы ең жуас, ең үлгілі баланың бірі болам. Ант етем! Ендігәрі қой аузынан шөп алатын болсам оңбай кетейін. Осы айтқанымда тұрмайтын болсам, мені жер жұтып кетсін». Алайда, шешесінің екінші рет тұрмыс құруға ниеті Қожаның шешесіне деген қызғанышын ашықтан ашық көрсетуіне, оның болашақ әкесін бәсекелес ретінде қабылдап, анасын өзіне қайта иемденгісі келетінін комплекстерін одан сайын қоздырады. Қожаның шешесі айтатын «Қаратай дұрыс айтады, ер азаматсыз қиын екен» деген сөзіне Қожаның кірпідей жиырылып, «осы бір Қаратайдан-ақ құтылмадық-ау» деп тайсалмауы арқылы өз ойын нақты жеткізеді. Шешесінің бұл сөзінен Қожа: «Егер тентектігіңді қоймасаң, саған жаза ретінде махаббатымнан айырып, сенің орныңды басқа еркекпен алмастырам» деген мағынаны түсінеді. «Жатсам, тұрсам ойлайтыным бір өзің, балам. Түзелем деп жұрт алдында уәдеңді бердің» деген шешесіне Қожа: «Маматай, алтыным бұл үйге еркектің керегі жоқ. Анау оңбаған Қаратайға күйеуге шықпашы... Ол неге бізге келе береді? Неге сені ылғи мотоциклмен алып жүреді? Не себепті мен кіріп келгенде жым бола қалады?» деп өзімшілдік мінезін көрсетеді.  «Эдип комплексінің билігінде қалған сексуалдық фазаның жалпы нәтижесі «Меннің» көрсетілген, өзара байланысты қос сәйкестендірілудің енуі болып табылады. Бұл «Меннің» өзгеруі өзінің ерекше жағдайын сақтайды, ол «идеал Мен» немесе «жоғарғы Мен» секілді «Меннің» басқа мағыналарына қарсы тұрады. «Жоғарғы Мен» әкенің мінезін сақтайды, Эдип комплексі қаншалықты күшті болса, оны ысыру соншалықты жылдам өтеді, «жоғарғы Мен» қаталырақ бола түседі, кейінірек «Менге» ұят секілді, мүмкін бейсаналы кінә сезімін тудырады [3.122].

Қожаның мұғалімнің сөмкесіне бақа салып, елді шулатқан тентектік әрекеті, өз қатарластары арасында келіспеушіліктер, тыйым салынған әрекеттерді, яғни темекі шегіп көріп, алдау, қулыққа бой алдыруы - оның анық Эдип комплексінен айыға бастауы,  «Мені» «Жоғарғы Меннің» пайда болуына жол ашып, құбылмалы, кейде агрессиялық мінезінің қалыптасқанын байқатады. Әсіресе, оның маңайында жүрген Майқанова мұғалімін, сыныптастарын келемеждеп, аяушылық танытпауы, реті келсе физикалық күш көрсетуі «Жоғарғы Меннің» басым көрінісі. «Жоғарғы Меннің» «Меннен» бөлінуі кездейсоқ нәрсе емес, ол тұлғаның дамуы мен түрлік дамудың ең маңызды ерекшеліктерін көрсетеді, одан бөлек ата-анаға баянды әсер етуді қалыптастырады. «Жоғарғы Мен» біздің ата-анамен қатынасымызды қайта таныстырушы. Біз бала кезімізде бұл жоғарғы нәрсені білгенбіз, біз оларға сүйсінгенбіз және олардан қорықтық, ал кейінірек өзіміздей қабылдадық» [3.124]. Бұл жайында Қожаның әжесі «баланың аты бала, тентек болмай тұрмайды» деп оның жасаған қылықтарының бәрі қалыпты екенін түсіндіреді. Қожаның Жанар мен Жантас үшеуі арасында пайда болған қайшылықтар оны басқа қырынан айқындап береді. Ол Жантастан сескенбесе де, Жанарға деген қызығушылығын жасыра алмайды. Қожа үшін Жанар «Эдип комплексін» сексуалдық құмарлыққа айырбастаған нысан, сезімін саналы түрде мойындағысы келмесе де, кейде оның теріске бағаланатын қылықтары Жанардың көңілін аулау үшін жасалынғаны белгілі. Қожаның шешесімен арадағы басылған комплексінің орнын саналы түрде Жанармен ауыстырылады. Яғни, сексуалды жетілу жолында Қожа өзінің еркектік күшін паш етеді. Жанардың жұлынған тісін Қожаға көрсетуі арқылы екеуінің арасында тым интимдік қатынастың орнағанын көреміз. Сондай ақ, екеуара сезім жақындығын көрсететін көріністерінде Қожаның бейсаналы әрекеттерінен садисттік бейімділікті де байқаймыз. Ол Жанардың шамына тиіп, жылату үшін қитұрқы әрекеттерді жасайды. Сол арқылы қорқыныш, толқынысынан арылып, сенімділігі артатынына көз жеткізеді.

«Жауыздық «Мен» үшін зиян немесе қауіпті бола бермейді, керісінше, кейде рахат сыйлайтын, қалаулы нәрсеге айналады. Сондықтан, өзін басқа қырынан әсер етуін көрсетеді; ол мейірімділік пен жауыздықтың қалай аталатынын нақтылайды. Соған қарағанда, адамды бұл жолға өзіндік сезім алып келмейді, онда өзгенің әсеріне түсіп кеткені бойынша қандай да бір ұғыным болу керек. Оны адамдардың қорғансыз және өзгелерге тәуелділігі кезінде оңай аңғаруға болады; оны бәрінен бұрын махаббаты жоғалту алдындағы қорқыныш ретінде мағына берген дұрыс. Егер адам өзі тәуелді адамның махаббатын жоғалтса, ол көп қауіпте оның қорғауынан айрылады, ең бастысы, болып жатқан жағдай жаза түрінде келіп, қауіпке тап болады. [3. 249].

Қожа жасаған қылықтары мен қателіктерін мойындай отырып, одан алар жазасын да саналы түрде қабылдайды, «түзелейін десем, қисыны келмей қалады» деп ақталады. Оны қоршаған ортасы өз заңдылықтары мен ережелеріне идіру үшін қолданатын шаралары Қожаның жауыздық пен мейірімділіктің ара жігін ажыратуға, саналы түрде қабылдауға мүмкіндік береді. Қожаның «Менін» түрлі қайшылықтарға жетелейтін  бір сезім, ол  - ұят. «Бұл қылығыңа ұялмайсың ба?» деген сұраққа ойланбастан «Ұялам» деп жауап береді. Қожа көңілін өзіне аудартқысы келетін шешесінен айрылып қалу қаупінен қатты қорықса да, аса ұяла қоймайтыны барлық әрекеттерінен көрінеді. Тек ұстазы Рахмановтың алдында ғана өзінің арының мазасыздығын мойындап, ақтала алады. Рахманов оның сана астындағы ұят сезімін оятушы «Мені» секілді. Ұят пен «Мен» жетістігі талаптары арасындағы шиеленіс кінә сезімі секілді сезіледі. Әлеуметтік сезім өзгелермен бірдей «Үлгілі Мен» негізінде өзін сәйкестендіруде орнығады [3. 155]. Рахмановтың алдында ғана Қожа салмақты сезініп, өз жанына үңіліп, қиялы мен арманына ерік бере алады. Сабақ үстінде жазған шығармасында Қожа: «Арманымның бәрін жазар болсам дәптеріме сыймас еді. Оған ешкім де сене қоймас. Сенсе де Рахманов ағай ғана сенеді. Ол бәрін де біледі. Жұрттың бәрінің жан дүниесін түсінеді» дейді. Оның бұл ойынан Қожаның сана түкпірінде жатқан «Құдай – Әке» тотемдік түсінігінің қалыптасқанын көреміз. «Тотем – ол әкенің бірінші, ал, құдай – әке қайтадан өз адамдық кейпіне келетін кешеуілдеу ауысымы» [4. 274]. Қожаның бала санасында Рахманов жердегі құдіретті Құдай кейпінде, ол оған сенеді, құрметтейді, мойындайды, бас иеді. Ал оны білетін Рахманов та Қожаны әлеуметтендіру, яғни оның психологиялық комплекстерінің бағындыруға көмектеседі. «Дін - тұлға тәрбиесіне енгізілген барлық нәрсеге жетті. Ол оның сексуалды құлшынысын ауыздықтады, оны сублимациямен және орнықты тиянақтықпен қамтамасыздандырып, оның отбасылық қатынасын құнсыздандырды және адамдардың ауқымды қауымына қосылуға жол ашып,  сонымен оқшаулану қаупінің алдын алды. Жабайы, жасқаншақ сәби әлеуметтік, әдепті және тәрбиелі болды» [4. 274].

Рахмановтың күші жетпейтін бір адам бар, ол Қожаның досы болып жүрген Сұлтан. Ол әлеуметтік ортаға бағынбаған, өзіндік дүниетанымдық түсінігі бар психологиялық кейіпкер. Сұлтан Қожаның екінші келбеті секілді, оның еркіндік сүйгіш «Жоғары Менін» одан сайын қоздыртып отырады. Қожа үшін Сұлтан өзі сыймаған қайшылықты әлемнен құтқаратын жалғыз жол, өзінің тұлғалық қабілетін орнықтыру үшін психологиялық күйлерінің арасын жалғайтын көпір секілді. Сұлтан жерге шеңбер сызып, ант алу салтын жасағаннан кейін Қожаның сана  астында бұғауын босатып, жасырынған құпия тілектерінің орындауына болатынын сендіреді. Ал, шын мәнінде Сұлтанның рөлі Қожаға өлімді таныту екенін түсінеміз. Алғаш рет Сұлтанмен жүріп темекі шегіп, ұрлық жасап,  алдап, нәпсінің, сексуалды құмарлықтың ырқына берілгеннен кейін барып, ол өлімнің бар екеніне, оның қорқынышы қандай болатынына көз жеткізеді. «Өлімнен қорқу механизмі «Мен» белгілі дәрежеде өзінің нарцистік құмарлық жүктелісінен арылудан тұруы мүмкін, ол әдетте қорқыныш кезінде өзге нысаннан бас тартқандай өз өзінен бас тартады. Менің ойымша, өлімнен қорқу «Мен» және «Жоғарғы Мен» арасында өрістетіледі. Меланхолия кезіндегі өлімнен қорқу тек бір ғана түсінікті береді, нақтырақ: «Жоғарғы Мен» оны жек көріп және жақсы көрудің орнына ізіне түскенін сезіп «Мен» өз өзінен бас тартады. Демек, «Мен» үшін өмір деген бұл жерде өзін «Өздің» (Оно) өкілі ретінде көрсетіп сүйікті болу, «Жоғарғы Мен» жағынан сүйікті болу дегенді білдіреді. «Жоғарғы Мен» бұрынғы әке секілді қорғанышты және құтқару функциясын, кейінірек болжағыштық пен тағдырдың функциясын атқарады. Алайда, ауқымды қауіпте болса да, өз күшімен жеңуді мүмкін емес деп есептейтін «Мен» де дәл сондай қорытынды жасау керек. «Мен» барлық қорғаушы күштерден аластатылғанын көрген соң өлуге мәжбүр болады. Айтқандай, бұл жағдай бірінші ұлы туылу қорқынышы мен сақтаушы анасынан айрылу қорқынышы, инфантильді уайым- қорқынышының негізі болады [3. 155].

Анасынан оңбай таяқ жеген Қожа өзінің өлімін елестетеді. Өмірінде орын алған, санасына қозғау салған өзгелердің аянышына, өкінішіне ие болатынын ойлайды. Алайда, Қожаның суицид жасауға ынтасы жоқ, өйткені оның «Жоғарғы Мені» басым болып, мүмкіндік бермейді. Қожаны арғы дүниеге деген көзқарасын білдіретін тағы бір элемент – ол өзінің әкесі. Соғыста қайтыс болған әкесін өзі көрмесе де, ол туралы естеліктер оның өміріндегі маңызды жайт. Өмірде жоқ деп үмітін үзсе де, Қожа үшін әкесі өзі білмейтін әлемнің бар екенін сұлбалайды. Сол туралы көп білгісі келеді, белгісіз дүниеге іштей құмартады, жұбаныш, жанына ұқсастық іздейді. Оның дәлелі әкесінің суретімен ынтызар кейіпте сырласуы, күзетші шалмен әңгімесі кезінде айқын көрінеді. «Марқұм әкеңнің шашы да қайратты еді.... ол кісіні білмейтін адам бар ма?! Әкеңнің керемет қарагер аты болған. Ажалға амал бар ма деді... сенің әкең осындай бір ақкөңіл жақсы адам еді» дейді. Қожа әкесінің өмірі өзінікіне ұқсамайтынын, оның о бастан өлімге басы тігілгенін іштей сезеді. Сөйте отыра ол өзін де әкесі секілді өлім құшқан бейнеде елестетіп, өлімнің тәтті сәттерін басынан өткергісі келеді.

Қожаның ой-қиялының күрделілігін оның көрген түсінен байқауға болады. Фрейдтің балалардың түсін жору жөніндегі теориясын олар анық, қысқа, екі ойлы емес, бұлдырсыз болатынын айтады. Бірақ, барлығы да мұндай болмайтынын, кейде кішкентай балалардың түстері бұлыңғыр, жасырын, инфантильді түрде болуы да мүмкін.

Қожа түсінде ғарыштан жерге, өмір сүрген ортасына оралып, құрмет пен сыйға бөленіп жатады. Анасы мен Жанар еш кедергісіз барлық мейірімі мен махаббатын көрсетті. Қақтығысы таусылмайтын Майқанова қатесін түсініп, кешірім сұрады. Бәсекелесі Жантасты да жазалап үлгерді.

Қожаның көрген түсін түсіну үшін саралау да, фрейд техникасын қолдану керек болмауы мүмкін. Қожадан түсін толықтырып айтуын сұрау да қажет емес. Түсті Қожаның өміріндегі жайттармен аздап толықтырса болғаны. Басынан өтіп жатқан барлық оқиғаны Қожаның түсінде көрінуі заңды.

Көріп отырғандай Қожаның түсі түсінікті, жанның толыққанды актілері. Егер балалар түсінде қобалжып, тіріткеніп жатса, үлкендер бұндай жағдайда өздерін қалай ұстаушы еді?! Сондықтан ба, балалардың түстері терең әрі мағыналы болып отырады. «Балалардың түсі сағыныш, өкініш, орындалмаған армандардың күні бойғы толқыныстарына реакция болып табылады. Түс осы тілектің тікелей орындалуын береді» [4. 122]  Қожаның анық түсіндегі кейбір жасырын тұстары бір-бірімен сәйкес келуі мүмкін. Қожаның ғарыштан түскеніне аса назар аударсақ, сана қатпарындағы күрделі танымға тап боламыз. Ғарыш Құдай өмір сүретін кеңістік, яғни Қожа жерге ерекше құдіретпен оралғысы келеді. Демек Қожаның бейсана тұсауындағы «Жоғарғы Мені» түс арқылы сана астына көтерілді. Оның билікке, басып алушылыққа, бағындыруға құштарлығы өмірде де соған сәйкес әрекет етуіне көмектеседі.

Жалпы, Қожаның психологиялық портретін жасай отырып, оған толықтай психоаналитикалық тұрғыдан сараладық. Қожа өмірге деген бейімділігі жоғары, яғни өзін-өзі сақтау және сексуалды инстинкі жақсы дамып келе жатқан жас жеткіншек. Балалар психикасына тән барлық деңгейлерді өз уақыты мен орнында меңгеріп, өз «Мендік»  қағидаларын қалыптастыру жолындағы ізденгіш жасөспірім. Ол әлеуметтік бейімі қиындық тудырса да, болашақта саналы, ақылды тұлғаға айналар адам ретінде баға береміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Film and psychoanalysis. Barbara Creed
  2. К. Сиранов. Кино искусство Советского Казахстана. – Казахстан: Алма-Ата, 1966.
  3. Зигмунд Фрейд. Я и Оно. – Азбука-Классика: Санкт-Петербург, 2014
  4. Зигмунд Фрейд. Введение в психоанализ. – Азбука-Классика: Санкт-Петербург, 2014