Ш.Оразбаева, М.Фазыл: Әйел режиссердің көзқарасы арқылы әйел мәселесін көтердік

Ақпанның 15-25 күндер аралығында Германияның Берлин қаласында өткізілген «Берлинале» халықаралық кинофестиваліне отандасымыз режиссер Шарипа Оразбаева және сценарист Майра Фазыл «Сілеусін» атты фильм-жобасымен барған болатын.

сұхбаттасқан: Нұргүл Абдулла

кинотанушы


Шарипа Оразбаева Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 2010 жылғы түлегі және 2013 жылы танымал режиссер әрі сценарист Иракли Квирикадзенің шеберханасынан магистратураны тамамдап, қазіргі таңда, докторантурада оқиды. Майра Фазыл 2005-2009 жылдар аралығында өнер академиясындағы драматургия мамандығы бойынша Шахимарден Құсайыновтың шеберханасында білім алған. Жас режиссер Шарипа Ұзарбаева және сценарист Майра Фазыл арасында жүргізілген сұхбатты ұсынамыз.

ХІІІ-ші «Еуразия» халықаралық кинофестивалі аясында ұйымдастырылған питчингте сіздің «Сілеусін» фильм-жобаңыз басты жүлдеге ие болды. Көптеген шетелдік және отандық продюссерлерді қызықтырғаны баршамызға белгілі. Енді дәл осы жобаны сіздер «Берлиналеде» көптеген танымал қолдаушылардың назарына ұсындыңыздар. Олар қалай қабылдады екен?

Шарипа: Үш мың бір жүз қатысушылардың арасынан біздің «Сілеусін» фильм-жобамыз үздік ондықтың ішіне кірді. Бұның өзі үлкен көрсеткіш деп ойлаймын. Біз қатысқан бағдарламада көп дегенде 25 продюссермен кездесуге мүмкіндік беріледі. Ал, біздің жобамызға қызығушылық танытқан продюссер саны отыздан астам болды. Орталық Азиядан өз жобасын ұсынып отырған тек біз, Қазақстан болғандықтан, көрермен саны да айтарлықтай көп жиналғаны, әрине, біз үшін үлкен қуаныш.

Майра: Шетелдік әріптестеріміз де, продюссерлер де  қазақ халқының салт-дәстүрі мен дүниетанымына аса қызығушылық танытады. Бір жағынан жобамыздың тақырыбы әйел режиссердің көз-қарасы арқылы әйел мәселесін көтеретіндіктен, еуропалықтарға таңданыс тудырғаны жасырын емес.

Шарипа: Иә, әрине, қолға алып отырған жобамызда әйел өмірі, өның өмірге деген сүйіспеншілігі жайында айтылады. Әйел ең алдымен – ана! Ана мен бала арасындағы өзара байланыс жайында да сөз қозғалмақ. Бұндағы мақсатымыз – әрбір керемет дүниенің анадан бастау алатынын көрсеткіміз келеді.

«Еуразия» және «Берлинале» фестивальдері аясында өткізілген бағдарлама арқылы көрсетілген бұл жобаға нақты қолдаушылар табылды ма?

Шарипа: Әрине, екі жақты бағдарлама бізге көп мүмкіндіктер жасады. Продюссер Анна Качко бізге қолдау көрсетіп отыр, сонымен қатар, франциялық продюссерлер де өздерінің көмек қолын созуға дайын екендерін хабарлады. Және де, еліміздің «Спорт және мәдениет» министрлігі де қызығушылықтарын жасырып қалмады. Ендігі кезекте, «Қазақфильмнен» де рұқсат алып қалуымыз мүмкін. Тек жақсылықтарға үміттенеміз.

Шарипа, сізді режиссер ретінде қандай тақырыптар қызықтырады?

Шарипа: Мені көбінесе әлеуметтік тақырыптар қызықтырады. Әртүрлі оқиғаны жанама, астыртын көрсеткенді жөн санаймын. Өзім әйел заты болғандықтан, қазақ қоғамындағы әйелдің рөлін де тереңірек көрсеткім келеді. Менің докторантуралық жұмысымның өзегі қазақстандық әйел режиссердің кинодағы рөлі жайында айтапқшы ойым бар.

Өз фильмдеріңіз арқылы қазіргі қоғамды қай қырынан көрсеткіңіз келеді?

«Адамның күні – адаммен» дейді. Адамдар арасындағы өзара қарым-қатынасты кино тілі арқылы көркемдік шешіммен көрсетуді басты міндет ретінде қарастырамын. Онымен қоса, қазіргі тәуелсіз мемлекет Қазақстанды шетелдік көрермендерге жаңа қырынан көрсеткім келеді, еліміздің қаншалықты көрікті әрі халқымыздың қаншалықты дана екенін ашып айтқым келеді.

Сұхбаттарыңызға көп рахмет! Қолға алып отырған жобаларыңыз деңгейі жоғары фильм болып шығуына шын тілектеспіз. Сіздердей талантты да талапты режиссер, сценарийтерден үмітіміз мол. Сәттілік болғай!

Шарипа Оразбаева & Анна Качко