Назгүл Ақшалова. Қазақ киносының шежірешісі

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, кинорежиссер, продюсер Сламбек Тілеуғабылұлы Тәуекел бүгінде 70 жас мерейтой иесі атанып жатыр. Осы жастың 50 жыл жуығында кино саласының сан-қырында атқарған қызметі ұшан теңіз.

Қазақ киносы тарихының егжей-тегжейін білетін, бүгінгі күннің шежірешісі, асыл қазынасы Сламбек Тәуекел «Қазақфильм» киностудиясына Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын тәмамдап келгеннен бері талай тарихи оқиғаның куәгері де бастаушысы да болған. Кинематографияның тоқырау кезіңінде қиындықтан шығар әр түрлі жол іздеп, кино саласының білікті басқарушысы ретінде жас мамандар тәрбиелеуге баса назар аударды. Дарынды жастардың өнердегі жолына көпір салып, маман ретінде алғашқы қадамдарын қолдаған  бірден бір себепкер адам. Иә, дәл солай «себепкер» адам. Соған байланысты бүгінде елімізге танымал «Жаңа толқын» өкілдері деп аталып кеткен сол кездегі бір топ қазақ жастарын 1980 жылдан бастап Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов пен Л.Ғалымжанованың ұйымдастыруымен республикамызда білікті жас режиссерлерді тәрбиелеу мақсатында Мәскеу қаласындағы кинематографистер институты (ВГИК) С.Соловьевтің шеберханасына талапкерлерлерді жіберуге ат салысқан. Олар бүгінде елімізге танымал Т. Теменов, Р. Нұғыманов, А. Әмірқұлов, А.Қарпықов, Д.Өмірбаев, С.Апрымов, С.Құрманбеков секілді т.б. кинематографистер. Аталған режиссерлердің әрқайсысы европалық және азиялық кинофестивальдерден бас жүлделердің иегері атанып, қазақ киносын әлемге шарықтатты.

1993-1997 жылдары С.Тәуекел экранды америкалық және коммерциялық фильмдер қаптап кеткен аумалы-төкпелі кезеңде кино өнерін насихаттау және дамыту мақсатында И.Вовнянкомен бірлесіп мемлекетке «Қазақкинофест» акционерлік қоғамын ұйымдастырып, «Кадр» продюсерлік студиясын құрған. Алматы қаласындағы «Арман» кинотеатрының прокатында америкалық фильмдердің саны көбейіп, 800-1000  орындық кинотеатрлардың залдары қаңырап бос тұрған уақытта, елшіліктермен бірлесе келісім шартқа отырып, дүниежүзі киноөнерінің үздік фильмдерінің көрсетілімін өткізген. Кинофестивальдер мен әр елдің кино апталығын өткізу арқылы қиындыққа тойтарыс берген. Бұл қадамда сондай-ақ кино қайраткерлерінің арнайы шығармашылық кештері өткізіліп, кино өнерінің алтын қоржынындағы фильмдерін көпшілікке көрсетіп, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі мүгедектер мен зейнеткерлердің тамашалауына жол ашқан. Сламбек Тәуекел белгілі кинорежиссер, кинооператор И.Вовнянкомен бірге 1996 жылы өткізілген автокиномарафонның негізгі жоба авторы және жетекшісі. Әлем киносының 100 жылдығы мен Қазақстан республикасының 5 жылдығына арнайы өткізілген Халықаралық автокиномарафонда әлемнің 25 мемлекетін аралап, қазақ киносын насихаттаған. Сондай-ақ 2017 жылы елорадамызда өткізілген ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің ең алғашқы негізін қалаушыларының бірі, ұйымдастыру ісінің басы қасында жүріп,  фестивальдің бағдарлама директоры қызметін атқарған. Аталмыш кинофестиваль еліміздің фильмдерін насихаттап қана қоймай, біршама жас дебютанттардың бағы жанып, елдің имиджі мүддесіне бүгінгі күнге дейін қызмет жасауда. 1971 жылы мультипликациялық бірлестіктің директоры қызметінде жүріп, анимация өнерінің қыр-сырына мән беріп, зерттеп зерделеп «Айнакүн» (1975), «Өмір бұлағы» (2009) анимациялық туындыларының сценарийлерін дүниеге әкелген. Ал, көркемсуретті деректі фильмдеріне назар аударатын болсақ, Сламбек ағаның  ұлттық бағыттағы фильмдер түсіргенін байқаймыз. Атап айтқанда: көркемсуретті фильмдерінен «Батыр Баян» (1993), «Махамбет» (2007), «Жерұйық» (2010) атты тарихи туындыларында халқымыздың дара тұлғалары мен тарихын экрандаған. Өнер саласына орасан зор  сүбелі үлес қосып келе жатқан Сламбек аға кино өнеріне өзінің көркемсуретті фильмдері арқылы біршама жаңа есімдерді әкелгені белгілі. Мәселен: Жұмахан Әбдіқадыровты қазақ халқы «Батыр Баян» рөлімен танып, «біздің батыр Баянымыз» деп атап кеткен. Біз режиссердің көркемсуретті және деректі фильмдерінен қоғам және адам тақырыбына жиі баратынын байқаймыз. Ал, енді толықметражды  деректі  «Армысың әз Наурыз!» (1991) фильмі алғашқы рет экранда наурыз мерекесінің этно-тарихи, этно-мәдени маңыздылығы мен құндылығын дәріптесе, «Киіз үй» (1991) фильмі ата-бабамызға қоныс болған киіз үйдің архитектуралық ерекшелігін тарихи-этнографиялық тұрғыдан қарастырады. Географиялық елді мекенде атауы болғанымен қараусыз мекен Павлодар облысындағы Жаңабет ауылы мен Новокрасное ауылы жайлы  «Қағажу» (1991) («Потерянный край») фильмінен кейін деректі биографиялық фильмде өмірдің ащысы мен тұщысын көрген халқы үшін елеулі еңбек сіңірген қоғам қайраткерлері, алып бәйтеректердің шығармашылық тағдыры мен адами болмыс бейнесін жан-жақты қарастырған.  Мәселен: «Мұң» (1997) атты деректі фильмде Ұлттық ғылым академиясының академигі, балалар дәрігері Камал Сәруәрұлының игі істері көрініс тапса, «Қанышты ашқан жер биігі Жезқазған» сөзінің өзегін ала отырып түсірілген «Сәтбаев: Ғасыр адамның толғауы» (2000) атты фильм геолог, тұңғыш академик, Қазақстан Ғылым Академиясының бірінші президенті Қаныш Имантайұлының бейнесін ашады. Сондай-ақ сахна және кино актерлері жайлы «Актриса апа» (2008) Қазақстанның еңбек сiңiрген артисі Тамара Қосыбаева туралы, «Сағыныш» (2011)  кино актері Сағи Әшімов жайлы, «Төзім» (2013) театр және кино актері Кененбай Қожабековтың тағлымы мол тағдырлары экрандалса жақын арада қолға алған «Тұңғыш» атты деректі фильм қазақтың ең алғашқы ғарышкері Тоқтар Әубәкіров туралы түсірілген. Балалар тақырыбына арналған телевизиялық «Бір бала» фильмі де көпшілікке таныс. Осы фильмдердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да автордың кейіпкеріне деген құрметі сезіледі. Көркемсуретті жанрдағы фильмдері мен деректі фильмдегі кейіпкерлерінің өмірі шындыққа негізделгендіктен, деректердің құнды екендігі сөзсіз.

Сламбек Тәуекел Қазақстан Республиасының мәдениет пен өнерді қолдаудың мемлекеттік қорының атқарушы директоры қызметінде жүріп те біршама сұрақтарды алға тартып газет беттеріне қазақ киносының атасы Ш. Айманов туралы «Шәкен. Шәкен аға. Шәкен ата», журналист, қоғам қайраткері «Камал Смайылов деген атақ иесі», «Тұлға тегеуріні», режиссер Қ.Қасымбеков туралы «Қарсақбаевтан кейінгі режиссер», қазақ киносына ерең еңбек еткен Л. Ғалымжанова «Қас-қағым сәт немесе бүкіл ғұмыр», ұлы актер К. Қожабеков жайлы «Нағыз адам туралы», көрнекті қаламгер, актер С. Сәнбаев туралы  «Сегіз қырлы, бір сырлы», қазақ кинотану ғылымының негізін қалаған Б. Нөгербек туралы «Сыншы», және өзінің және өзгенің жасаған кино туындыларына жазған «Махамбет түсіріліп бітті. Енді...»,  ««Батыр Баян» – еркіндікті аңсаған батырлардың киносы», «Нағыз ұлттық туынды», «Құсбегі», «Эрнест пен Ермектің шалдары», «Қайсар қазақ балалары туралы баллада», «Мультқарлығаштың ұядан ұшқан күні», «Мәдениет неге толық қаржыландырылмайды?» секілді т.б біршама мақалалары жарық көрген. Бұл мақалалармен таныссақ, Сламбек Тәуекелдің қазақ киносының тарихына әр уақытқа дер кезінде үндеу беріп, қоғамның өзгерістерінен артта қалмай белгілі бір адамдарға, әр түрлі келелі мәселелерге байланысты өзекті де құнды мәліметтерді жазғанын аңғарамыз. Қазақ киносының алтын ғасырындағы корифейлеріміздің көзін көрген Сламбек аға кино саласының сан-қырында еңбек етіп, ақпарат жүйесінің дамуына ықпал еткен. 2001-2004 жылдары – «Қазақстан» РТРК корпорациясының бірінші орынбасары, әрі бас продюсері қызметін атқарған жылдары көгілдір экранымызға ұлттық бағыттағы телебағдарламалар еніп, өзгешеленді. Қоғамда әр-түрлі қылмыстың өршіп, тәлім-тәрбиенің бәсеңдеген кезеңінде «Күлтөбе», «Шынның жүзі», «Ақжүніс», «Ән мен әнші», «Үзеңгі жолдас», «Жаңа күн» секілді бағдарламалар экранда көрініс тапты. Бұл бағдарламалардың сапасы жоғары, берер тағлымы мол еді.  2004-2005 жылдары – Қазақстан Республикасы Мәдениет ақпарат және спорт министрлігі ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы қызметін атқарғаны да белгілі. Бүгінде Сламбек Тілеуғабылұлы  Қазақ ұлттық өнер университетінде 2014 жылдан бастап «Кино және теледидар режиссурасы мен продюсерлігі» мамандығы бойынша шәкірт тәрбиелеуде. Қазақ кино өнерінде алтын әріппен жазылған  Ш.Айманов, М.Бегалин, С.Қожықов секілді тұлғалардың ізін жалғастырып келе жатқан Сламбек Тілеуғабылұлының меншікті мерейтойы құтты болсын!

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет