Суретшілер одағының есеп көрмесі

Көрмеге қазақстандық суретшілердің кескіндеме, графика, мүсін, қолөнер туындылары (гобелен, киіз паннолар, шым ши, кушкон) қойылған.

2019 жылдың 12-қараша күні Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының ұйымдастыруымен «Қазақстан суретшілерінің жылдық есептік көрмесінің» ашылу салтанаты өтті.
Көрмеге қазақстандық суретшілердің кескіндеме, графика, мүсін, қолөнер туындылары (гобелен, киіз паннолар, шым ши, кушкон) қойылған. Республикалық көрмеге Алматы, Талдықорған, Қарағанды, Петропавл, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Өскемен өңірінен 130 суретші қатысып отыр. ҚР Суретшілер одағы ҚР СО мүшелерінің соңғы 2-3 жылда орындаған жұмыстарының республикалық есептік көрмесін тұрақты түрде өткізіп келеді. Жұмыстарды іріктеуді жүргізген – шығармашылығы қоғамда танылған тәжірибелі мамандардан құралған көрме комитеті болса, оны бекіткен – ҚР СО секретариаты. Осы көрме өтіп жатқан кезде ҚР СО барлық бөлімшелерінің төрағаларының қатысуымен ҚР СО Есептік пленумы өтеді. Осы экспозицияда Атырау облыстық, Ақтөбе, Қарағанды, Петропавл бөлімшелері өз жұмыстарын қояды.
Түркістан облысының Шымкент бөлімшесі, Талдықорған, Семей, Өскемен бөлімшелері бұрынырақ Алматы-Арена галереясында толық құрамда өз есептік көрмелерін өткізген.
Жұмыстарды іріктеу барысында көрме комитеті жұмыстардың мынадай принциптерге сәйкес келуіне назар аударды: кәсіби көркемдік деңгей, идеялар мен пластикалық-образдық шешімдердің жаңашылдығы, тақырыптық мазмұнның өзектілігі. Қызықты композициялық шешімдер болса, құба-құп. Этюдтік және эскиздік, аяқталмаған жұмыстар әуел баста-ақ қабылданбады. Бұлар – үлкен көрмелерге қойылуға тиіс емес шығармашылық жұмыс барысындағы құрамдас бөліктер.
Көрме көркемдік шығармашылықтың бүгінгі деңгейінен көрініс береді, авторлық стильдер мен тақырыптық артықшылықтардың алуандығын көрсетеді. Кескіндемелік композициялардың концептуалдық шешімдерінің шегі кеңейе түседі. Кескіндеме бұрынғысынша Қазақстан көркемсурет мектебінің бейнелеу өнеріндегі басты түр болып қала береді.
Баспа графика, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының саны өндіру күрделілігімен шектелген.
Мұндай көрмелер пісуі жеткен мәселелерді шешу жолын анықтайды, суретшілерге, өнертанушыларға, мәдениеттанушыларға пікір алмасуға, шығармашылықтың толғақты проблемаларын шешу жолын анықтауға мүмкіндік жасайды.
13 Қараша 2019
132
0
0