Астанадағы ұмытылмас маусым

Маусым айының екінші аптасында бастау алған "Самғау" VI Халықаралық театр фестивалі отандық жəне алыс-жақын шетелден келген 12 театр ұжымының өнерін елордалық көрермендерге ұсынып, өзара тəжірбие алмасуға мүмкіндік сыйлады

Бейбіт Əлкеева

                                          Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның студенті


Бас қаламыздың күн сайын көркейгені тек сыртқы келбетімен ғана емес мəдени өміріндегі елеулі жаңалықтарымен, ауқымды жобаларымен де айқындалып келеді. 2018 жылдың маусым айы астаналықтар мен қала қонақтары үшін рухани байып, мəдени көкжиегін кеңейткен "театр маусымы" болып есте қалды. Жас қаламыздың жиырма жылдық мерейтойы қарсаңында қатарынан екі театр фестивалі жоғарғы дəрежеде өтіп, елордада шығармашылық ортаның қалыптасып үлгергенін аңғартты. Маусым айының екінші аптасында бастау алған "Самғау" VI Халықаралық театр фестивалі отандық жəне алыс-жақын шетелден келген 12 театр ұжымының өнерін елордалық көрермендерге ұсынып, өзара тəжірбие алмасуға мүмкіндік сыйлады. Фестиваль аясында жаңа есімдерді, үздік деп танылған режиссерлік жұмысты, актер мен актрисаны анықтап өнер иелерін марапаттады.

Ізін суытпай 16-29 маусым аралығында тағы бір театр фестивалі шымылдығын түрді. Биыл елімізде екінші рет өткізіліп отырған ІІ Дүниежүзілік театр фестивалінде 13 мемлекеттің театр ұжымдары өз өнерлерін көрсетуі, шетелдік театр қайраткерлері ой бөлісіп, "Оскар" сыйлығының иегері, актриса Жюльет Биноштың шеберлік сағаттарын өткізуі Қазақ театр өнерінің тағы бір белесті бағындыруға бет алғанын дәлелдегендей.
Аталмыш екі фестивальге де С.Мұқанов атындағы Қызылжар облыстық қазақ сазды-драма театры М.Əуезовтің "Қарагөз" трагедиясымен қатысты. "Самғау" фестивалінде "үздік режиссерлік жұмыс" номинациясын жеңіп алған бұл қойылым II Дүниежүзілік театр фестиваліне арнайы шақырылыпты. Классика шығарманы қазақ театрлары сан түрлі режиссерлік интерпретациямен сахналап келеді. Бұл шығарманы өз биігінде қоя алар ма екен деген ой болғаны жасырын емес. Спектакль режиссері - Фархат Молдағали. Бұған дейін Ф.Молдағалидің дəл осы жанрда "86" атты қойылымын көрген көрерменнің бірі ретінде  сол спектакльдегі қателіктерді көретіндей күмəнмен келгенім рас.

М.Әуезов "Қарагөз". реж.: Ф.Молдағали

Шымылдық түрілді. Алғашқы сахна Қарагөз бен Нарша. Ойымда арпалысып келген күдік пен күмəннан түк қалмаған. Алғашқы сахнадағы Наршаның ішкі психологиялық хал-күйі мені мезгіл мен мекеннен бейхабар күйге түсірді. Қойылымда алдыңғы планға Наршаның трагедиясын шығарғаны бірден аңғарылды. Өзі ұнатқанымен, Қарагөздің көңілі басқада екеніне жүрек сенбейді. Бірақ, зорлықпен жар ету ойында жоқ. Тек қана, өзі шын жүрегімен ұнатқан аруының бір түйір де өзіне көңілі аумағынына қапалы, жаны жаралы еді. Наршаның "Қарагөз мені жат санады. Жаным деген жақыны бар, менің дертім сол ғой. Асылдың екі бірдей сүйгені бола ма...?" - деп жалғасатын монологы жек көру немесе өзге сезімдер емес, жанының ауырған хəлін жеткізгеніне түсініктеме беріп тұр. Бұл тұстағы ең ұтымды сəт - таңдалынып алынған лейтмотивтің ерекшелігі. Дəл бір əуен мен сөз бір-бірін толықтырып тұрғандай. Спектакльдегі əрбір əуен режиссердің барлық ізденісін, жүрегімен жасалған жұмысының нəтижесін көрсетіп тұр. Тіпті, дəл осы Нарша мен Қарагөз шығатын сахналарда қойылатын əуенсіз спектакль толыққанды дүниеге айнала алмас еді. Сахналық костюмдердің барлығын ұлттық нақыштағы, қазақ ауылының тұрмысын көрсететін киімдермен бермеген. Мəселен, Сырым мен Қарагөздің сыртқы бейнесін жасауда тек киім үлгісіне ғана басымдық бермей, олардың ішкі психологиялық хəлін көрсетуге тырысқан. Қаракөз ашық, көк түсті ұзын етекті көйлек, Сырымның аяғында көбінесе серілер ғана киетін ұзын саптама етік, оның сыртқы сұлбасынан елді аузына қаратқан суырыпсалма ақынның кейпін жазбай танисың.

М.Әуезов "Қарагөз". реж.: Ф.Молдағали

Қос ғашықтың бір-бірімен қауышатын сахналарын пластикалық бимен беруі таңқаларлық дүние емес, əрине. Заманауи театр процесінің тәжірибесінде жиі кездестіріп жүрген сахна. Ал, мұндағы ерекшелік – дəл сол сахнаның өту орны. Көбіне бос кеңістікте көрсетілетін сахнаны бұл жолы төменге жəне жоғарыға ұзыннан тартылып тұрған арқанның үстінде ойнатады. Төмендегі арқанда аяқтары, ал биіктегі арқанды бір қолдарымен ұстап тұрып, пластикалық ауыр би көріністерін орындау арқылы шеберліктерін көрсетті. Тек кəсіби сахналық қимыл ерекшеліктерін ғана емес, физикалық əрекеттерді орындау арқылы қос ғашықтың барлық қайғы-қасіретін, мұндай сəтті енді ешқашан бастарынан кешпейтін сезінген соңғы азаптарын, ым-ишарат арқылы ұғысқан қос мұңлықтың ішкі шерін беруге тырысты. Бұл сахнаға сөздің қолданылмауы ұтымды шешім деп есептейміз.

Сахна декорациясы да оқиғаның өту орнына түсініктеме бермейді. Бос кеңістік, қараңғы, ала көлеңке реңк беретін жарық жəне сахнаның екі шетіне орналастырылған микрофон. Сахнаның артқы жағына тор ілініп, оның артында домбырамен күй тартылады. Домбыраның күмбірімен Қарагөздің барлық жан тебіренісі, азап пен лəззатты қатар сезініп, шарасыз күй кешіп, сау-тамтығы қалмаған жүрегінің үнін береді. Сырымның той үстінде келіп шырқайтын əні, жанды дауыстағы барлық əндер спектакльдің атмосферасын түзуге өз үлестерін қосып тұр.  Режиссердің актерлік құрамды таңдауда жəне жұмыс жасауда бар шығармашылық күшін салғаны сезіледі. Əр кейіпкер өз ролінің шеңберін, кім екенін дөп басып анықтаған. Актерлер əдеби нұсқадағы кейіпкерлеріне дұрыс түсініктеме бере білген.

М.Әуезов "Қарагөз". реж.: Ф.Молдағали

Шығарманы жазушы автордың айтар ойын режиссер өз азаматтық ойын қоса отырып жандандыруы қажет. Ал, актер жазушы мен режиссерден екі есе ізденуші, зерттеуші болуы қажет. Сонда қойылым бір-бірін толықтырып тұратын біртұтас дүниеге айналады. Ал, бұл шығарманың авторына, айтар ой мен туындының өзіне мін тағу əсте мүмкін емес. Ендігі бар жүк режиссер мен актерлердің мойнында еді. Шығарманың негізгі ойынан асырып көркем дүние жасамаса да бірдей дəрежеде сахналау міндеті жүктелді. Себебі, шығарманың өзінен төмен дəрежеде сахналау алдымен Əуезовке, жалпы өнерге, сосын "Қарагөзге" деген қиянат болар еді. Ф.Молдағали өнердің осы салмағын сезіне білді. Ол - қайталауды, оза шабуды немесе өзін дəлелдеуді мақсат тұтпады. Ол - өзінің ойындағы Қарагөзін, оның қасіретін, жеті атаға жетпеген туыстардың ғашықтығы мен отбасындағы мəселелерін емес "трагедия тудырушы" деп те аталмайтын Наршаның трагедиясын, оның бойындағы қасиетін көрсетуді ойлады. Ең бастысы, ол өз ойын жүзеге асыра алды. Сырым ролінде - Айбол Қасым. Актер шығармадағы Сырым бейнесін режиссердің тапқан формасымен үндестіре отырып, өзінің Сырымын жасай білген. А.Қасымның шеберлік қарымы өте жоғары актерлердің бірі деп айтуға болады. Рольге физикалық қана емес, психологиялық тұрғыдан дайындалғанын аңғардық. Сырым монологтарында көбіне сөздің астарына басымдық беріп, сыртқы келбет арқылы эмоцияны көрсету жағы кемшін түскенін ғана әлі де болса қайта қарастыру керек тұс ретінде айтар едік. Қойылымдағы барлық оқиғалардың шешуші кілті Қарагөз - Мадина Өсербаеваның қолында болды. Қандай кейіпкер қате таңдалса да бұл бейнені таңдауда режиссердің, рольді жасауда актрисаның қателесуге хақысы жоқ еді. Жауапкершілік пен өнер алдындағы міндетті абыроймен атқара білді. Қарагөздің қойылымдағы рөлінің өсу барысы, ессіз сезім мен өзіне бағынбайтын жүректің тілі, өз əрекеттерінің түйіні жоқтығы оның бастапқы сахналардағы солғындау бейнені көрсетудегі кемшіліктерін жойып жіберді.

Нарша ролін актер Нұржан Асылхан орындайды. Екі ғашықтың трагедиясынан бөлек Наршаның жай-күйі мені сан-алуан əсерге бөледі. Жан-дүнием Наршамен бірге алай-дүлей күйге бөленіп, өзімді біресе ессіз ғашық, енді бірде бақытты сезініп көрмеген бейбақ, соңында ең бақытты жан сезіндім.

Қойылымнан жанарыма жас тұнып, жыламадым. Ұзақ ойға шомдым. Қызығы, жылаған жоқпын. Спектакль режиссерімен болған бір сұқбатта Ф.Молдағалидің : "мен қойылымыңнан бір жылап алдым деп шығатындарды түсінбеймін. Менің мақсатым ол емес қой" деп айтқаны есімде. Сонда мен ойлаушы едім, жылататын спектакльдер жақсы емес дегісі келді ме? Мен көбіне спектакльдерде жылайтыным несі екен деп ойға қалып едім. Спектакльді көріп отырып көзім жетті: "Нағыз туынды - ойландырады!" Қуантады, өкіндіреді, мұңайтады, кеуде тұсыңды шымырлатып сан күйге бөлейді, мəн бермеуге тырысқан бүкіл шындығыңды алдыңа жайып салып ойландырады, тек жылатпайды!"

Театртанушы Е.Жуасбек Ф.Молдағалиға "үздік режиссерлік жұмыс" жүлдесін тапсырды

Режиссер спектакльге санаткер ретінде өзінің сүбелі үлесін қосқан жəне өз формасын тапқан. "Қойылым" атты құлыптаулы қойманың кілті табылған, бастысы режиссер қоймаға бұзып кірмеген. Ескіліктің қасіреті, əйел теңсіздігі, екі ғашықтың қилы тағдырынан бөлек Наршаның бойындағы ең адал сезімдерді ашып көрсетті. Жақыным деп қабылдаған сүйгеніне деген соншалықты мейірімі мен кешірімінің қаншалықты шексіз болатынын көрсетті. Бүгінде ең арзан бағалатын "сезім құнының" бағамен есептелмейтіндігін, Қарагөздің өзгеге ғашықтығы, Сырым мен Қарагөзді бірге көруі, тіпті оның дерті үдеп ауру болып қалғанда да жанында болуы ең алдымен Наршаның өзін, жүрегіндегі сезімін құрметтегені еді. Бүгінгі күннің өзекті мəселесін дөп баспаса да, ұлттық классика жауhарын сəтті сахналау, мыңдаған сахналық нұсқасына ұқсамайтын ерекше форма табуы режиссердің жеңісі деп есептейміз. Астана жұртшылығын мəнді дүниемен, саф өнерге шөліркеген жұртты рухани сусындатқан С.Мұқанов атындағы Қызылжар облыстық қазақ сазды-драма театры ұжымына алғысымызды білдіреміз.

Астанадағы бұл "театр маусымы" көпшіліктің көңілінде біразға дейін сақталары анық...