Қазақ театр өнерінің бүгінгі процессі театртанушылар назарында

«Жас сыншының үні» клубының кезекті кездесулері

"StarTDrama" лбоаториялық театр ұжымымен кездесу

Бейбіт Әлкеева

Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,  «Театртану» мамандандыруы, 4 курс 


Әдетте, біз көңілсіз деп есептейтін күз мезгілінің көркін келтіріп, көрермендеріне рухани демалыс сыйлайтын театр атты тірі ағзаның еңбеккерлері биыл ерекше қарқынды. Қазақ театрлары өз шымылдықтарын түріп, кезекті маусымдарын ашуға санаулы уақыттар қалса да, Күздің алғашқы айы аяқталмай оңтүстік астанамызға Елордалық үш театр гастрольдік сапармен келіп алматылық көрермендерді қуантуда. Қызылжарлық театр ұжымы да таңдаулы туындыларын ала келді. 16 қыркүйек күні С.Мұқанов атындағы сазды драма театры К.Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романының желісінде Ф.Молдағалидің режиссерлігімен «Солдат күнделігінен...» қойылымының премьерасын өткізді. Екінші күні дәл осы ұжым Қуыршақ театрының сахнасында кәсіби театртанушы мамандар мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленген саундрама жанрындағы «Қарагөз» қойылымын ұсынды. Спектакль соңында сөз алған А.М.Маемиров: «Бұл - Астанадағы Дүниежүзілік театр фестивалінде шетелдік сарапшылардан өзіндік бағасын алып қойған қойылым. Мұнда ешкімді қайталамаған режиссерлік шешімдер бар. Ф.Молдағалиден әлі көптеген дүниелер күтеміз»,- деп пікір білдірді. Ұлттық классиканы өз биігінде сахналап, Нарша бейнесінің азаматтық, адалдық деңгейін алдыға шығарып, көрермендерін таңдай қақтырған қойылымның актерлік құрамы мен режиссері Қ.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының студенттерінің «Жас сыншының үні» клубының қонақтары болды. Театрда өткізілген бұл шығармашылық кездесуде жас театртанушы студенттер қойылымға пікір білдіріп, алғашқы әсерлерімен бөлісті.  Жас ізденушілер «StarTDrama» лабораториясы ұжымынан көптеген тың дүниелер күтетінін білдірді. «Қарагөзден» алған әсерімізден айықпай жатып, дәл осы күні Астананың 20 жылдығы мен көрнекті театр актері және режиссері, ҚР халық артисі Райымбек Сейтметовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVI республикалық фестивалі бастау алды.  Онға жуық театр ұжымдарының өнерін тамашалып, алматылық театр сүйерлер үлкен әсерге бөленді. Аталмыш фестиваль аясында Шығыс Қазақстан облысының, құрылғанына үш жыл уақыт өткен Жастар театры ұжымы Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна»  ауд. Е.Жуасбек, реж.А.Салбан қойылымын ұсынды. Жаңа тыныс жас театрдың талпыныстары фестиваль сарапшылары тарапынан біраз сыни ескертпелер алғанымен, көзі қарақты көрермендер ерекше әсерге бөленгендерін, әр кейіпкерден өз болмысын көргендерін жасырмады. Т.Қ.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының студенттерінің «Жас сыншының үні» клубы Жастар театрының ұжымымен кәсіби түрде пікір алмасып, режиссермен ой бөліспек ниетте кезекті отырысты Шығыстан келген Жастар театрымен өткізді.

Өскемен Жастар театры ұжымы және жас театртанушылар

Кездесуде театр режиссері Айдын Салбан және фестивальде өнер көрсеткен актерлер толық құраммен қонақ болды.  Шалғайда жатқан облыстық театрдың тыныс – тіршілігі, бағыттары мен мақсаттары жас театртанушылардың қызығушылығын өз сауалдарын ұсынды. Ізденушілер тарапынан қойылымға талдау жасалынып, режиссерлік көзқарас, актерлердің рольге дайындығы, сахналық шешімдердің артықшылықтары мен кемшін тұстары жайлы айтылды. Сонымен қатар, театрдың алдағы жоспарлары жайлы сұрақтар қойылды. Бұл сауалға жас режиссер Айдын Салбан: «Алдымен біздің ұжымды қонақ етіп шақырғандарыңыз үшін алғыс білдіргім келеді. Қандай дүние сахналасақ та ең бірінші пікір білдіріп, кәсіби баға беретін театртанушы мамандар деп есептейміз. Сондықтан барлық ойларыңызды тыңдауға, содан нәтиже шығаруға барымызды салатын боламыз. Труппа әлі жас, ойымызда көптеген дүниелер бар. Сіздермен бірлесіп, пікір алмасып жұмыс жасасақ біраз нәрсе жасайтынымызға сенемін» десе, қойылымдағы басты кейіпкерлердің бірі Паша – Айдос Нұрмағамбетов : «Бұл қойылыммен төртінші рет театр фестиваліне қатысып отырмыз. Бейне жасаудағы айтқан әрбір ескертпелеріңіз орынды деп есептейміз. Дайындыққа уақыттың тығыз болғандығын жасырмаймыз. Бұл роль маған қиынға соқты. Актерлік құрамдағы жасы үлкендердің бірі болғандықтан бұрын мектеп оқушысының ролін ойнаған емес едім. Бірақ, негізгі ойды беруде жас ерекшелігі басты мәселе деп ойламаймын. Астарындағы дүниелерді жеткізуге тырыстық» деп өз ойын білдірді. Театр ұжымы осылайша өз ойларымен бөлісіп, жас театртанушылармен жалпы театр өнеріндегі өзекті мәселелердің біразын ортаға салып, әлемдік тәжірбиелер мен «Қымбатты Елена Сергеевна» қойылымының әр түрлі сахналану нұсқаларын салыстыра отырып пікір алмасты.  Репертуарларында 16 ға жуық қойылымдары бар ұжым дәл осы қойылым бізге Бішкек, Астана, Ақтөбе қалаларындағы фестивальде жоғарғы бағаға ие болғандықтан, алматылық көрермендер мен кәсіби мамандарға көрсетіп өз бағамызды алсақ деген ойда болдық деп ағынан жарылды. Сөз соңында кафедра меңгерушісі, театртанушы С.Қабдиева сөз алып, театрдың алдағы жоспарларына сәттілік тілеп, жаңа бағыттарда жұмыс жасап көруге кеңес берді. Қазақ театр өнерінің көсегесін көгерту жолында жеңіл-желпіге ұрынбай, жан аямай еңбек қылып жүрген жас театрлар ұжымына біз де өз кезегімізде шығармашылық шабыттарының сарқылмай, көркемдік деңгейі көрермен сұранысын қанағаттандыратын қойылымдар сахналауды тілейміз! Екі театрмен болған кездесу театр өнерінің бағытының түзу жолын дәл тауып бермесе де, қиыс жолға кетуіне жол бермейтін мәнді жүздесу болды деп есептейміз.

Театртанушы ұстаздар мен шәкірттері

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет