Кинодағы ұлттық сана

«Ұлттық кино, жалпы өнер дегеніміз – ең алдымен, қайталанбас, рухани дүние. Суреткер экранда өзінің шығармашылығы арқылы, халқының рухани әлемін, оның өзекті мәселелерін бейнелей алғанда ғана ұлттық киноға айналады». - Бауыржан НӨГЕРБЕК.

Бауыржан НӨГЕРБЕК

Балжан Сауырбаева
ҚазҰӨУ, кинотану, III курс


Қазақ кино өнерінің тарихын, теориясын зерттеп жазған тарихшылар мен  кинотануышлар санаулы ғана. Алғаш Қазақ киносындағы мәселелерді зерттеп  жазған кино тарихшысы Қабыш Сиранов, кинотанушы Камал Смайылов, Бауыржан  Нөгербек.

Бауыржан Рамазанұлының туғанына биыл жетпіс жыл. Оның қазақ кино тарихы  және теориясы жайлы жазған еңбектері қазақ киносының алтын қорынан орын  алары сөзсіз. Алғаш қазақ тілінде жазатын кинотанушылар мектебінің негізін  салған аяулы ұстаз. «Ертегілерге жан біткенде» («Когда  оживают  сказки») [1],  «Қазақстан киносы» («Кино Казахстана») [2], «Экранда «Қазақфильм» («На экране  Казахфильм») [3], «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүр» («Экранно-фольклорные традиции в казахском игровом кино») [4] монографияларының, «Қазақ киносының тарихы» оқулығының («Қазақ анимациялық  киносының тарихы» бөлімінің  авторы) [5],  280-ге жуық  мақаланың авторы. Еңбектері шет тілдерге аударылып, ТМД елдерінде, Югославияда, Германияда, Голландияда, Италияда, Оңтүстік Кореяда жарияланды.

Бауыржан Рамазанұлы кинодағы ұлттық сана жайында «Киноны  ұлттық па деп сұрақ қоюдың өзі парадокс болып  көрінеді. Өйткені, әдебиет болсын, қай өнер болсын, ол ұлттық болуы тиіс. Егер ондай сұрақ туындаса, онда ұлттық болу жағынан проблемалар бар деген сөз»,- деген болатын [2, 298-299 бб.].

Жалпы кинодағы ұлттық сананың болуын біреулер суретшінің сол жергілікті  жерден болып, сол халықтың бүкіл тыныс-тіршілігімен таныс болуы керектігін айтса, енді біреулер киноның ұлттық болуы сценарийге тікелей байланысты дейді.  Тіпті кино мүлде ұлттық болуы тиіс емес деген де тұжырымдар бар.

Бауыржан Рамазанұлы кинодағы ұлттық сана алпысыншы жылдарда Шәкен Аймановтың фильмдерінде айқын көрініс тауып, кейіннен «жаңа толқынның» дәуірінде түсірілген фильмдерде ұлттық нақыштың азайғанын айтады. Ал, мұндай өзгерісті қазақ киносына қазақилықтан алшақтау қала балаларының келуімен тікелей байланыстырады. Мысалы: БМКИ (ВГИК) түлектері, соның ішінде, режиссер Ермек Шынарбаевтың дипломдық жұмыс ретінде жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» шығармасы желісімен дайындаған қысқаметрлі жұмысы кәсіби деңгейдегі режиссерлік шешімі, экрандағы сұлуды бейнелеу тәсілі үшін емтихан қабылдаушылар тарапынан жоғары бағаға ие болады. Кейіннен бұл фильм отандық телеарнадан көрсетілгенде, әдебиетшілер мен сыншылар «бұл – Әуезов емес» деп, қарсылық білдіреді. Кинотанушы Бауыржан Нөгербек: «мұның себебі -жас режиссердың өзі фильміне арқау еткен шығармадағы халықтың ұлттық психологиясын, тұрмыс-тіршілігін жете  білмеуінен» дейді.  [1, 64-65 бб.].

Бауыржан Рамазанұлы өзінің кинотанушы Баубек Нөгербекпен бірлесіп жазған  «Казахское игровое кино: экранно-фольклорные традиции и образ героя» кітабында қазақ киносының бүкіл тарихын, советтік және одан  кейінгі кезеңіне жеке-жеке бөліп қарап, кәсіби баға береді. Кітапта тарихи-революциялық және тарихи-биографиялық фильмдерді халық шығармасымен, яғни, фольклормен тығыз байланысты екенін Ш. Аймановтың бірінші режиссерлік жұмысы «Махаббат туралы аңыз» фильм-спектаклі, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» сияқты фильмдерді талдап көрсетеді. Және мұндай халықтық жанрға негізделген фильмдер Ш. Аймановтың «Алдар Көсе», С.Қожықовтың «Қыз Жібек», Б. Мансұровтың  «Құлагер»  сияқты кинотуындылармен жалғасын табады. Осы сынды  фольклорға негізделген басқа да фильмдердің тарихы мен сол кездегі  жағдайды  баяндай отырып, Бауыржан Нөгербек 1980-жылдардың соңында пайда болған «жаңа толқынның», аты айтып тұрғандай, қазақ киносына жаңа бағыт, жаңаша көзқараспен, өздерінің алдыңғы режиссерларден мүлде бөлек  бағытты ұстанып, поэтикадан алыстап, реалды көзқарас алып келгенін, Д.Өмірбаевтың «Жол», С.Апрымовтың «Үш ағайынды» («Три брата») сияқты  фильмдерінде халықтық фольклордың, оның ішінде, халық нақылы, ертегі сияқты дүниелердің фильмде  көрініс тапқанын  айтады [3, 350-355 бб.].

Бауыржан Рамазанұлы өз сұхбатында жаңа толқын мен алдыңғы аға буынның айырмашылығы - біріншісінің өз замандарының болашағын  бұлыңғыр көруі деп айтқан болатын. Яғни, бұл режиссердың ішкі жан дүниесінде болып жатқан дағдарыспен де тікелей байланысты. Және 1960-1970 жылдардағы фильмдердің енді шарықтап келе жатқанда  тоқтап қалуын Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев сияқты білікті мамандардың мезгілсіз өмірден өтуімен түсіндірсе, одан кейінгі Шәріп Бейсембаев, Жардем Байтенов, Виктор Пұсұрмановтар алдыңғы буын өкілдерінің жолын қайталай алмағанын айтады. «Жаңа толқынның» бір  жарқ етіп, Серік Апрымовтың «Соңғы аялдамасы» (Қиян),   Дәрежан Өмірбаевтың «Қайраты» т.б сияқты сол кездегі қоғамның көңіл- күйін өз кейіпкерлері арқылы кино тілімен байланыстырған туындылардың бірден тоқтап қалуын режиссерлердің жоғарыда аталған фильмдердің тақырыбынан шыға алмай қалуымен, яғни, идея тоқыруымен  байланыстырады.

Бауыржан Нөгербек өзінің қазақ киносының тарихы, анимация жанры, фольклордың кинодағы көрінісі, М. Әуезовтың шығармаларының  эрандалуы сияқты ауқымды тақырыптарға мақала, очерктер мен кітаптар жазған. Ұлттық сана тек режиссерге немесе сол елдің фольклорына ғана емес, оны халықтың, яғни, фильмдегі «кейіпкерлердің» өздеріне түсінікті  болуы керек екенін жазған. Себебі, Бауыржан Рамазанұлы «ұлттық нақыштағы  кино жасаудың бірден бір жолы - өз елің туралы киноны өзге көрсін, әлемге танылайын деп емес, бірінші сол фильмдегі халыққа түсінікті болатындай етіп жасау керек» деп, сөзінің дәлелі ретінде бүкіл әлемге танымал Феллинидің ең алдымен италяндықтарға, содан соң барып басқаларға  түсінікті  екенін алға тартады.

«...Әдебиетте Абайдан бастап, өз ұлтының адамдары ғана әдебиет жасауда. Киноның кішкене өзгешелігі, өзіндік ерекшелігі бар. Оны  интернационалдық өнер, ал, тілін халықаралық деп айтуға болады. Монтаж, ірі план болсын, кез-келген бейнелеу тәсілдері ортақ. Әдебиетте тілдің өзі шығарманың ұлттық негізін қалайды. Өйткені, кез-келген әдеби шығарма нақты бір тілде жазылады, кино өнерінде олай емес. Себебі, түсіру жұмыстары, прокаты халықаралық өлшеммен жасалынады. Сондықтан, режиссердің дүниетанымы, көзқарасы мен ішкі сезімі ғана ұлттық  ерекшелікті  жеткізе  алады»  [2, 299 б.]

Қолданылған  әдебиеттер  тізімі:

  1. Ногербек Б. «Кино Казахстана». – Алматы: Национальный продюсерский центр, 1998
  2. Рахманқызы Н. «Қазақ киносы: кеше және бүгін». – Астана: «Фолиант», 2017
  3. Ногербек Б. Р. «На экране Казахфильм»». – Алматы: Ruan, 2007
  4. https://www.oner.kz/cinema/view/9809-nazira-mukysheva-bauyrzhan-nogerbec-zhane-kazak-casibi-cinoteoriyasy
23 Қыркүйек 2018
117
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет