"Шыңырау түбінде" өз бағасын алды...

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен Жасөсіпірімдер театры ішінен құрылған «EGO» театр лабораториясы бүгінде бірнеше тәжірбиелік қойылымдар сахналап келе жатқан жас ұжым. Ерлан Кәрібев режиссерлігімен «Ол» моноспектаклін, сонымен қатар, лаборатория 2016 жылдың маусым айында көпшілік көрерменге М.Горькийдің «На дне» пьесасы желісімен «Шыңырау түбінде» атты қойылым ұсынды.

Бейбіт Әлкеева

Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Театртану» мамандандыруы, 4курс


Спектакльдің қоюшы режиссері, Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөсіпірімдер театрының актері, Халықаралық театр фестивалінің лауреаты  – Данияр Базарқұлов. Режиссер ретінде сахналаған алғашқы дебюттік жұмысы кәсіби мамандар тарапынан өте жоғарғы бағаға ие болды.  Спектакльге дайындық барысында кәсіби театр сыншыларымен репетиция жасап, алғашқы жұмысын елордалық көрерменге көрсеткен режиссер еңбегін алғашқы болып  Ә.Сығай атындағы жиырма бесінші республикалық драма театрлар фестивалінде театр мамандары «режиссерлік дебют» номинациясымен ынталандырды.

Актерлік ансамбль мен режиссердің өзара түсінісуі қазақ театр өнерін біртұтас дүниемен толықтырды. Басты өзегі рухани құндылықтарымыздың жұтаңдауы болып табылатын бұл туынды дәл бүгінгі күннің көкейкесті мәселесін көтереді.

Сахна шымылдығы ашылған сәттен шыңырау түбіндегі шиеленіске толы оқиғалар мен өзара арпалысып жатқан мыңдаған тағдыр иелерінің бір күндік өміріне куә боласыз.  Онда бұрынғы барон, басшы, тіпті бұрын актер болған адам да бар. Бәрінің мойындағысы келмейтін бір ақ нәрсе. Ол – шындық. Өмірлерінің осындай сұрықсыз кейпін мойындағылары, бір-біріне бағынғысы келмейді. Ия, әркімнің өз шындығы бар дейміз. Бірақ, шындық деген не өзі?

Спектакль  «адам» деген ұғымды жан-жақты зерттейді. Осындай психологиялық терең ойларға көз жүгіртетін пьесаны аударған – Е.Оспанов.  Қоюшы суретшісі – Нұржан Сәменов, Музыкамен көркемдеуші – Динара Әбікеева.

Әдеби нұсқаға аздаған өзгерістер енгізген жас режиссер пьесадағы бірнеше кейіпкерді қысқартқанымен оқиғалар желісін өзгертпеген.  Спектакльдегі басты кейіпкерлердің бірі Барон ролінде – Ерлан Кәрібаев. Бұл уақытқа дейін театр репертуарындағы  «Қара шекпен» (реж. А.Маемиров), «Құстар фестивалі» (реж С.Рысбайұлы)  қойылымдарында ерекше кәсіби шеберлігімен көзге түсіп жүрген сахнагердің бұл бейнесі өзгелерінен мүлдем бөлек сарын, жаңа образ бола білді. Шығармадағы Барон – бүгінгі хәл-күйі үшін кімге кінә артарын білмей жүрген, бір кездері барон болып, көп адамдарға билік жүргізгенін бір сәт есінен шығарғысы келмейтін шарасыздың бірі. Сол күйіне қарамастан: «Мен кезінде барон болғам. Төсекте жатып кофе ішетінмін, қаймақ қосылған...» деген тіркесті аузынан тастамайды. Әлі кетіп, қауқары бітсе де мысы басылмақ емес. Бұл кейіпкерді ақымақ деуге де келмейді. Осы Барон бейнесінің ішкі-сыртқы психологиялық хәлін, тіпті сырт-келбетіндегі ерекшелік, ым-ишаратқа дейін толыққанды образ жасай білген Ерлан Кәрібаев шеберлігі қойылымдағы сәтті бейнелердің бірі болды. «Өнер ережесінің ерекше шартына мынадай бейнелі белгілер енеді:  Егер актер өз өнерінің алдында құрыштай берік, әбден шыныққан дене тәрбиесі, дұрыс қойылған әсем сазды дауыс, қырағы елестетуі, өмірден жиған әсерлік қоры, зерек зейіннен өзге көркемдік зор мақсат қойылмаса, онда кез-келген актердің өзі де кең мағынадағы үлкен сахна шебері дәрежесіне көтеріле алмақ емес». Иә, Кәрібаевтың Баронын осындай көркемдік деңгейі жоғары бейне деп бағалауға болады.

Оқиғалардың өтуінде маңызды роль атқаратын  тағы бір бейне  - 28 жастағы Васька Пепел. Негізгі оқиғалар тікелей Васьканың іс-әрекетіне байланысты өрбиді. Егер, анықтап қарасақ бұл жертөледе ақымақ адамдар жоқтың қасы.  Бәрінің де лауазымы, қоғамда өзіндік орны болған адамдар. Бірақ, бір мезетте олар ешкімге керек емес болып шыңырау түбінде қалып кетті. Мұндай екіжақты көзқараста болатын бейнені сомдаған, театрдың жас актері – Шағуан Үмбетқалиев. Алғашқы басты рольдерінің бірі ретінде дәл осы бейнені шығаруға үлкен жауапкершілікпен кіріскені, ізденгені анық аңғарылады. Шыныққан дене, жас жігіттің сыртқы идеалды образын беруден бөлек Васьканың ойлана білетіндігін, жанындағыларға күшімен ғана емес ақыл-айласымен үстемдік жүргізіп отырғанын шебер жеткізе білді. Тек,  өзінің бар ерекшелігін көрсете алғанымен актерлік ансамбльмен ортақ шығармашылық байланыс жағы кемшін түсіп жатты.

Жер астындағы олар ғана емес жер бетіндегі талай тағдырлар да осындай хәлде екенін сезеді. Васьканың олай ойлауына да себеп бар. Себебі, шығармадағы келесі бір жер бетінің кейіпкері, жертөле бастығының әйелі, Васьканың көңілдесі – Василиса. Қулығына құрық бойламайтын жеңілтек әйел бейнесін, оның сыртқы формасын табуда қателікке ұрынбай, серіктесімен (партнер)  сәтті дүние шығара білген актриса – Гүлбахрам Байбосынова. Әсіресе,  Васькамен болатын іс-әрекетті бимен жеткізетін сахнада екі актердегі темп өте жоғарғы деңгейде болады. Спектакльдің темпоритмін түсірмей ойнай білу актерлерден аса үлкен күшті талап ететіні анық. Осындай күш жұмсаған тағы бір актер, «Актер» ролінде  – Ербол Идрисов. Спектакльде өзінің роль шеңберін анықтай білген Е.Идрисовтың бұл бейнені жасауы расымен кәсіби шеберлік талабының үдесінен шыға білген рольдердің бірі болды. Актерлік ансамбльдегі Ұлан Болатбек, Олжас Сақ, Асан Мәжит секілді сан түрлі бейнелерді сомдаған актерлермен ортақ байланыс таба білді.  Бұл қойылымдағы ең басты жетістік – актерлік құрамның біртұтастығы. Сонысымен қойылым құнды, деңгейі жоғары.

Аталмыш қойылым екі жыл ішінде бірнеше фестивальдерге шақырту алды.  Ақтөбе қаласында «BALAUSA» Халықаралық экспериментальді спектакльдер фестивалінде «Ең үздік спектакль» номинациясымен Гран При жеңіп алса, Қыркүйек айының 13-16 аралығында Ақтау қаласында өткен Н.Жантөриннің 90жылдығына арналған Каспий  жағалауы елдерінің ІІ халықаралық театр фестивалінде «Үздік өнер көрсеткені үшін» марапатталды.

Көркемдік деңгейі жоғары дәрежедегі дүниені сахнаға шығарған режиссер мен актерлік ұжымның еңбегі қазақ театр тарихында өз орнын алатынына сеніміміз мол.