Қардағы көгершіннің ізі

Қаллеки театрының мерекелік іс-шарасы М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында Т. Теменовтың режиссурасымен қойылған Шекспирдің әйгілі «Отелло» спектаклімен шымылдығын түрді.

Тәңірберген Ембергенов

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану, II курс


Астана қаласының 20 жылдығына орай елордалық театрлар гастрольдік сапармен Алматыға алыстан ат арқалап келгені бәрімізге аян.  Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры,  Астана Жастар театры мен қалалық қуыршақ театрының  өнерпаздары оңтүстік астананың тұрғындарына өз қойылымдарын паш етті. Көрермен барлық спектакльдерді ерекше ықыласпен қабылдап, алған әсерлерін сөзбен жеткізе алмағанында жасырмау керек. Бар ынтасын салып ойнаған актерлерге көзқарақты көрерменнің беретін бағасы төмен болмақ емес.

Қаллеки театрының мерекелік іс-шарасы М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында Т. Теменовтың режиссурасымен қойылған Шекспирдің әйгілі «Отелло» спектаклімен шымылдығын түрді.   Сондай-ақ бұл ұжымның  А. П. Чеховтың   «Шиесі»  мен  М. Әуезов пен Қ. Ысқақтың  «Қараш – қараш» қойылымдары халық назарына ұсынылды. Партер, балкон лық толы,  залда ине шаншыр орын жоқ. Бәрі дән риза.

Гастрольдік сапардың  төртінші күнінде    Қазақстанның халық әртісі, көрнекті театр және кино актері,  профессор Тілектес Мейрамовтың 70 жылдық мерейтойына байланысты «Қардағы көгершіннің ізі» атты спектакль болады деп хабарлады театр қызметкерлері. Тыңнан қосылған қандай дүние екендігі бәрімізді қызықтырғаны да жасырын емес. Бұл актердің бенефисіне белгілі режиссер Тілеген Ахметов  итальян драматургі Фурио Бордонның «Последние луны» пьесасын  арнайы сахналаған қойылым екен. Тағы бір айта кететіні пьесаны қазақ тіліне тәжімалаған Тілектес Мейрамовтың өзі екен.

Шаңырақтың шайқалмай, отбасының іргетасы биік болуы – адалдыққа байланысты. Адалдық атаулы асыл ұғым біреуде болса, ал кейбіреулерде мүлдем атымен жоқ. Болған күннің өзінде пайдаға аспайтын жылтыр қасиет. Қазіргі таңда барлық әлем бойынша өрескел проблемаға айналған ата-ананы қарттар үйіне өткізу тақырыбы  көтерілген осы қойылымда Т. Мейрамовтың өзі басты рольді сомдады. Адал әке мен ақымақ бала арасындағы қарым-қатынас, жасы ұлғайған қарттың өз үйінде артық адам болуы біздің елімізге таңсық емес.  Осындай жағдай қит етсе жұлқынып шыға келетін келін атаулы пенделердің өркөкіректігінен және күйеу деген ынжық бәлелердің кесірінен туатыныда сөзсіз. Қария астары тереңге бойлайтын сөздері арқылы баласын шымшып отырады. Бірақ ақымаққа айла жоқ, айтқаныңмен пайда жоқ екені төрткіл дүниеге де аян сөз. Жан дүниесі суық сезімге айналған баласының бағы өзіне сор болып біткен қария бейнесі – тектілік пен ептіліктің астыртын жоғалып бара жатқандығын анық көрсетеді. Адамды қай тұстан ағаттық пен олқылық жіберіп алса, сол тұстан «жау» алады. Мұның тәрбие мәселесіне тікелей қатысы бар. Балаңды қалай асырайсың, сондайлық қана әке бола аласың деген ұғымды түсінген қарт ақырында қарттар үйіне жол тартты...

Жастық – не орауға, не құшуға келмейтін, әрі құшағың жетпейтін уақыт. Жас шағында айырылған әйелімен тілдесуі арқылы жанына жай табатын қарттың көрген күні осы. Баласы мен келінінен көрмеген ыждаһатты аллегориялық тұрғыда дәріптелген және сол жастық қалпында бейнеленген әйелінен көреді. Бірге ән тыңдап, би билейді. Ескі күндерін еске түсіруі арқылы, сыртқа білдірмей іштей қатты күрсінетіні де һақ. Бұл драматургтің қиялынан шыққан.

Психологиялық жағынан қарағанда өте ауыр драма  ойлай білетін пендені тұңғиыққа батырады. Қазақ жерінде тұңғыш рет қойылған спектакльдің көрер күні мен көрермені көп болсын дейміз. Тәрбие мен тәлімді алға тартатын қойылымдар біздің ел үшін өте қажет. Өйткені, бәрімізде «Тәрбие» деген тәңірінің құлымыз!

 

 

 

14 Қазан 2018
311
2
1
Пікірлер
Жансая Тұрмағанбет

Жарайсың, Тәңірберген!

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет