Жезқазғанға көктем келді

Күз мезгілінің соңғы айлары театр сүйер қауым үшін үлкен мереке. Қоңыр күзде өнерді бағалайтын көрермендердің көңіліне көктем сыйлайтын театр фестивальдері биыл ерекше қарқынмен еліміздің әр аймақтарында жоғарғы деңгейде өткізіліп жатыр. Солардың бірі, күздің қара суығын сездірмей, Жезқазғанды жылытып жатқан, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, режиссер Жанат Хаджиев атындағы Халықаралық театр фестивалі.

Бейбіт Әлкеева

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Театртану» мамандандыруы, 4курс


Биылғы жыл екінші рет өткізіліп отырған театр өнерінің додасы қараша айының бірінші жұлдызында С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында бастау алды. Өткен жылы «аймақтық» дәрежеде болса, биыл Халықаралық деңгейге көтерілген фестивальдің ұйымдастыру аясы да, қатысушы театрлар дайындығы да жоғарғы деңгейде екені аңғарылады. Фестивальге елімізден Республикалық Неміс драма театры (Алматы), І.Омаров атындағы облыстық драма театры (Қостанай), С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық драма театры (Жезқазған),  «Жастар» театрымен (Астана) бірге Франция, Сербия, Қытай мемлекеттерінің де театрлары қатысуға өз өтініштерін білдірді. Ұлттық өнеріміздің аясын кеңейтіп ғана қоймай, әлемдік театр өнері тәжірбиелерінен де өзімізге қажет тұстарын аламыз деген сеніміміз мол. Әділ-қазылар алқасы да жоғарғы деңгейде таңдалынып алынған. Қазылар алқасының төрағасы – режиссер, Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі -  Н.Жақыпбай, сонымен қатар С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық драма театрының актері, ҚР халық әртісі - Досжан Жанботаев, Серб жазушылар қауымдастығының Вице-президенті, сыншы -  Снежана Кутрицки,  Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА доценті, өнертану кандидаты  - Меруерт Жақсылықова, Г.Камал атындағы Татар мемлекеттік Академиялық театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, театр сыншысы -  Нияз Игламов сынды мамандар қойылымдарға өз бағасын беретін болады.

Фестивальдің алғашқы күні көзі қырағы көрерменге екі театр өз жұмыстарын көрсетіп үлгерді.  Қойылымдар соңынан кәсіби мамандар мен театр ұжымдары талқылау өткізіп, артықшылықтар мен кемшін тұстар сарапқа салынды.

Алғашқы болып фестиваль шымылдығын ашқан С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық драма театрының «Қара орамал» поэтикалық драмасы. Ақын Ғ.Жайлыбайдың өткен ғасырдың азапты кезеңін суреттеген туындысын режиссер Т.Жанботаев сахналады. Автор қасіретті шежірені, бір ғана халықтың тағдырын емес жалпы адамзаттың, ана бейнесінің, өнер адамы болмысының және адам төзгісіз қатыгездіктің әкелген зардабын поэтикалық тілмен көркем жеткізе білген. Режиссер автордың ұсынған барлық жағдайды қарастыра отырып біртұтас дүние жасаған.  Туындының тамыры тереңде жатыр. Қанды жылдар қасіретін беруде әр бейнені өз ерекшеліктерімен көрсетуге тырысқанымен лагерьдегі тұтқындардың сырк келбетінде, сөйлеу мәнерінде ұқсастықтар көп болды. Тарихқа үңілсек лагерьге қарапайым адамдарды емес, рухы мықты, ақылы кемел, халықтың бірегей қаймақтары мен олардың жарларын аттандырған. Демек, кейіпкерлерде сондай бір биіктік, болмашыға тозып кететін боркемік емес, рухани мықтылық аңғарылуы тиіс еді. Әрбір актер репликаларын сезініп, шынайы жеткізуге тырысқанымен, шектен тыс дауысқа салу мен эмоцияны көрсетуге мән берген. Рольге біржақты мінездеме беру спектакльдің темпоритмін төмендетіп қана қоймай, актердің екінші планын көруге кедергі келтіреді. Режиссердің соңғы сахналардың біріндегі аналарға әлдиді өз тілінде айтқызуы ұтымды шешім деп есептейміз.  Аналар бейнесін, олардың ішкі хәл-күйін, нәрестелердің өлімін, өздері әлдилеп келе жатқан жөргектерінен құм болып төгілуін режиссер сәтті сахналай білген. Поэтикалық драма жанрында сахналаған қойылым қай кезеңде де құндылығын жоғалтпақ емес.

Дәл осы күні Республикалық Неміс драма театрының А.Чеховтың «Апалы-сіңілі үшеу» (реж. Наташа Дубс) психологиялық драмасына куә болдық. Фестиваль аясында тағы бес театрдың туындыларын тамашалап, жезқазғандықтарға рухани көкжиектерін кеңейтер тағылымды дүниелер ұсынылады деген сенімдеміз.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет