Қоразды оятқан күн

Заманауи қазақ драматургиясы хақында.

Жансая Тұрмағанбет

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану, ІІ курс



"Қазіргі қазақ театрында драматург жоқ!" Бұл сөздерді ести беруге театр аудиториясының еті үйренгелі қашан... Тәуелсіздік жылдарынан бергі уақытты саралайтын болсақ, иә, кең көсіле, ауыз толтырып айтатындай драматургиямыздың қоры бай деп айту қиын. Жылдар жылжыған сайын, олардың саны кемімесе, көбейіп жатқанын да байқаған емеспіз. Бүгінде қазақ театр айналасындағылар мен жанашырларының "күн тәртібіндегі" негізгі проблемасы да - осы. "Сахнаға Шекспир мен Чеховты қоя бермей, төл драматургиямызды қойғымыз келеді", - дейтін ізденімпаз жас режиссерлердің қалауын қанағаттандыратын қаламгерлер қайда жүр?!.

Осындай шешімі қиын сұрақтарға жауап іздеп, саф өнердің жолында аянбай еңбек етіп жүрген, заманауи драматургияның кемелденуіне ықпал етіп, бұлақ көрсе, көзін ашпаққа талпынып жатқан азаматтардың елеулі еңбегін айтпай кеткеніміз жөн емес. Солардың бірі, бүгінгі заманауи драматургияның өкілі, "Мы дети твои, Россия", "Дебют", "Золотая маска" премияларының иегері, ағылшын, неміс, француз, башқұрт, поляк, чех, түрік және басқа тілдерге аударылған пьесалардың авторы, "Драма.kz" фестивалінің көркемдік жетекшісі – Олжас Жанайдаров. Ресейлік қазақ жігіті биыл екінші мәрте мәдени астанамыздың театр кеңістігінде заманауи драматургия өкілдерінің қаламгерлік шабытына қанат бітірер мүмкіндіктеріне жол ашатын фестиваль ұйымдастырып, шеберлік сағаттарын оқу міндетін сәтті орындады.

20 қазан күні жас та талантты драматургпен "Драматург Олжас Жанайдаров: экономист-студенттен – "Золотая маска" номинантына дейін. Табысқа апарар жол" атты шығармашылық кездесу өткен болатын. 22 қазан күні О.Жанайдаров "Современная драматургия, как частное отражение реальности" деп аталатын арнайы шеберлік сағатын өткізумен қатар, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының  студенттерімен және фестиваль финалистерімен өз тәжірибесімен бөлісіп, шығармашылық орта қалыптастырды.

 "Драма.kz" – елімізде екінші жыл жүзеге асырылып отырған тың жоба. Бағындырған белестері мен көрсеткен нәтижелеріне қарап, жас бастаманың аяқ алысы жаман емес деп айтуға әбден болады. 2017 жылы ол "Қазіргі драматургия лабораториясы" атауымен танылған болса, осы жылы форматы фестивальдік бағытқа бұрылып, "Заманауи драматургия фестивалі" аталды. Айта кетейік, ол халықаралық "ЖасSтар" шығармашыл жастар байқауы аясында Тұңғыш Президент – "Елбасы" Қоры, РФ мен ҚР Театр қайраткерлерінің тікелей қолдауымен және "ВТ" театрының директоры – Айгүл Сұлтанбекованың продюсерлік етуімен жүзеге асырылған болатын.

"Драма.kz"-тің тұрақты мекеніне айналған М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының кіші залы биыл да «"Драма.kz" аудиториясын құшағын жая қарсы алды. Драматургиялық шығармаларды оқу үшін Алматының әртүрлі (жеке, мемлекеттік) театрларындағы актерлер қатысты. Сондай-ақ, әр пьесаның оқылымын сахналау үшін режиссерлер де тағайындалған.

Күні кеше аяқталған фестиваль былтырғы лабораториямен салыстырғанда, айтарлықтай жаңалықтар әкелді десек, қателеспейміз. Ол - осы жолғы пьесалардың арасында қазақ тіліндегі драматургиялық шығармалардың бой көрсетуі. 2017 жылы көрерменге ұсынылған он үш пьесаның барлығы да орыс тілінде болғаны бәрімізге аян. Ал, биылғы фестивальде оза шапқан тоғыз пьесаның үшеуі қазақ драматургиясының қатарын көбейткені – аса қуантарлық жайт.

26-28 қазан аралығында өткен фестивальдің бірінші күні – Л.Максимжанның "Три сестры", А.Каримнің "What`s up, пятый "Б"?", К.Евдокименконың "#пятьвечеров" пьесалары оқылды. Келесі күнде қазақ драматургтері Ә.Айтуардың "Туған күніңмен, анашым!", М.Қосынның "Мен жоқ жердегі менің өмірім", Ә.Асановтың "Мұңлы Арлекин" шығармалары халыққа ұсынылса, соңғы күні М.Қолғанаттың "Я – камень", Н.Сатпаеваның "Ложки-липучки", М.Земсковтың "Шипалы-тас" пьесалары фестиваль шымылдығын жапты.

Осы тұста әлгінде айтып өткен қазіргі заман драматургиясының бәйгесінде алмастай жарқырап көзге түскен, көрермен қызығушылығын оятып, саналарын сілкінткен пьесалардың бірі – Өнер академиясында "Кинотеледраматургия" мамандығы бойынша драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың шеберханасын үш жыл бұрын тәмамдаған жас драматург Мерей Қосынның "Мен жоқ жердегі менің өмірім" пьесасы. Атауының өзі шығарманың жанрлық ерекшелігінен хабар беріп тұрғандай. Бүгінде жастардың санасы мен жүрегін жаулаған жанр - абсурд пен абстракция болса, жас қаламгер оны орынды ескерген. Қыз, Жігіт және Сурет адамдар. Осындай үш жақты кейіпкерлері бар пьесада көрермен әр оқиғаны қыздың көзімен көріп, сол қыздың жүрегімен сезіп, дәл сол қыздың қиялымен өзінікін ұштасатырып отыратыны керемет көрініс табады. Пьеса мәтінінде не түрлі тұңғиық сезімдер, философия, психология төңірегіндегі тақырыптар ұтымды әрі шебер ашылған. Құрылымдық жағынан монопьесаға жақын шығарманы оқыған актерлер де, режиссер де оны үлкен театр сахнасына шығаруға ниетті екендерін білдірді. Бұл – фестиваль аясындағы һәм қазақ қазіргі драматургиясы үшін – жеңіс.

Тағы бір атап өтуге тұрарлық пьесалардың бірі – Ә.Асановтың "Мұңлы Арлекині". Қазақ драматургиясында бұрын-соңды бір актердың монологынан құралған пьеса жазылмағаны жалған емес. Оған қоса, мұндағы көтерілген тақырыптар да пафосқа толы жалпылама сөздер емес, іштен шыққан шынайы эмоциялар. Бүгінгі драматургия талабына, драма теориясына сай жазылғаны көрініп тұр. Көлемі жағынан шағындау болғанымен (12 бет), фабуласы нақты құрылған. Арлекин атты кейіпкер әлем драматургиясынан бәрімізге жақсы таныс. Оның бейнелік мінез-құлқын, ол қатысатын пьесалардың комедия екенін де жақсы білеміз. Ендеше, "автор неге Арлекинді мұңлы еткен?" деген сауал пьесаға деген интрига тудырары анық.

Көрерменге ерекше әсер еткен сондай "жылы" туындылардың бірі - А.Карим жазған "What`s up, пятый "Б?" пьесасы. Әлеуметтік желілердегі бір "чаттың" ішінде өткен әңгіме-оқиғалардың басын құраған драматург әр кейіпкерге жан бітіруде үлкен еңбек еткені көрініп-ақ тұр. Олардың репликасы кейіпкер мінез-құлқын айна-қатесіз баяндап береді. Комедия жанрына жатқызуға болатын пьеса ата-ана мәселелерін, бала мен ата-ана қарым-қатынасын, жасөспірімдер проблемасын, ата-ана мен қоғам арасындағы байланыс, ата-ана міндеті, жалғызбасты ана, әке, тіпті, мектеп бағдарламасының қиындықтарын да қамтыған. Бір сыныпта оқитын балалардың ата-аналарының виртуалды әлемдегі әңгімелерінен тұтас бір драмалық шығарма жасап шығару – расымен, шеберлік. Бұл да заманауи драматургияның тоқтаусыз процесінің ықпалымен жасалған прогресс.

Әрине, біз тоқталып өткен үш пьесадан басқасының бəрінің өмір сүруге құқығы жоқ деген сөз емес. Олар да өз алдына жеке драмалық шығарма. Мəселен, тұрмыстық-әлеуметтік драма жанрында жазылған Ə.Айтуардың «Туған күніңмен, анашым!» пьесасы мен Л.Максимжанның «Три сестры» драмасы мазмұндық тұрғыдан ұқсас. Екі шығарма да кеше мен бүгінгі күнде өзекті боп отырған отбасы ұйытқысы турасында жазылған. Тіпті, «Туған күніңмен, анашым!» драмасының оқылымынан кейін көрермендердің бірі оның «Бір түп алма ағашына» біршама ұқсайтындығын алға тартты. Еліміздегі үздік режиссерлердің бір-екеуінен: «Осы пьесаны сахналар ма едіңіз?», - деп сұрағанда, олардың да тартыншақтап қалғанына куə болдық. Сондай-ақ, 90-жылдардың оқиғасын заманауи драматургия үлгісімен жазған драматургтердің шығармалары да сюжетімен қызықты болғанымен, бүгінгі күнге қатысты өзектілік жеткіліксіз болғандықтан, бұл күнде сахна төрінен тамашалауға құмартқандар қатары аздау болғанын жасыра алмаймыз. Бүгінгі күннің олқы тұстары мен өлмейтін тақырыптарды арқау еткен және жаңаша стильдік құрылыммен жазылғандарының қызығушылыққа ие болуының себебі – пьесалар көркемдік қуаты арқылы бүгінгі көрерменнің ішкі сұранысын қанағаттандыра алғандығынан болар.

Әр оқылымнан кейін пікір білдіруге ерікті көрерменге сөз беріліп, авторға көкейдегі сауалды қоюға да мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, жазбаша түрде тілек не ұсыныстарын білдірем деуші қонақтарға арнайы анкета толтыру да ұсынылды. Жалпы, фестивальдің ұйымдастырылу деңгейі жоғары деңгейде, ендігі жерде атқарылған істер де соған сай оң нәтижесін көрсетеді деп кәміл сенеміз.

Республика көлемінен заманауи драматургия өкілдерін тізер болсақ, саусақпен санарлық екені көңіл көншітпей тұр. Бүгінгі күнде көбі айтатын "төл театр өнеріміздегі ең ақсап тұрған тұсымыздың" тынысы бүгін тарлау болғанымен, осындай қарқынмен қадамдар жасайтын болса, келешегінен зор үміт күттіретіні рас. Фестивальге қатысқан әрбір драматургтың пьесасы өз алдына ерекше сезімге бөледі. Өйткені онда бүгінгі біздің тынысымыз, бүгін бізге маза бермейтін ойлар, бүгін бізді шаттыққа бөлейтін қуаныш бар.

Бәсеке болған жерде – нәтиже болатыны қай саланың адамдарына болсын, тікелей қатысты. Әрине, таза драматургия мамандығында білім алмаған авторлар жазған шығармалар басымырақ болған соң, кейбір қателіктер орын алып жатқаны жасырын емес. Әйткенмен, көш жүре түзеледі деген бар. Осындай  игі істердің түрткісі болып жүрген театрдың шын жанашырларына мың да бір мәрте алғысымыз! Сол үлгінің үзігін жалғап, ізін қуушылар, жолын жалғастыратындар табыла берсе екен деген тілегіміз және бар.

Драматургия халық санасын ояту керек болса, біздің жағдайда, қораз - үнсіз келді. Тіршілік ағысына, уақыт заңдылығына баулыған, қоразды елді оятуға шақырған нұр шапағы төгілген "күн" шықты театр көгінде. Сөнбесін ендеше! Оян, қораз! жаңғыр, қазақ драматургиясы!..

 

2 Қараша 2018
560
2
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет