АБАЙ

Ең алғаш М.Әуезов пен Л.Соболевтің бірігіп жазған «Абай» трагедиясын 1940 жылы А.Тоқпановтың режиссерлігімен тұңғыш рет театр сахнасына шығарған еді. Көркемдік құрылымы, «Абай» образы арқылы ұжымның көтеріп отырған қоғамдық мәселесі жөнінен - спектакль қазақ театр өнерінің өркендеуіне үлкен үлес болып қосылған еді. Сол алғашқы сәтті қадамнан кейін «Абай» трагедиясы көптеген қазақ театрларының үздік туындылары қатарына енді.

Рухия Бақытбек

ҚазҰӨУ, театртанушы, II курс



Ең алғаш М.Әуезов пен Л.Соболевтің бірігіп жазған «Абай» трагедиясын 1940 жылы А.Тоқпановтың режиссерлігімен  тұңғыш рет театр сахнасына шығарған еді. Көркемдік құрылымы, «Абай» образы арқылы ұжымның көтеріп отырған қоғамдық мәселесі жөнінен - спектакль қазақ театр өнерінің өркендеуіне үлкен үлес болып қосылған еді. Сол алғашқы сәтті қадамнан кейін «Абай» трагедиясы көптеген қазақ театрларының үздік туындылары қатарына енді.                                                                                     

2015 жылы Шығыс Қазақстан облыстық  «Абай атындағы қазақ музыкалы драма театрында» Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына арналған  М.Әуезовтің «Абай» трагедиясы қойылған еді. Өткен ғасырдың 40-шы жылдары театр корифейі Қ.Қуанышбаев сомдаған бейнені кейіннен Ы.Ноғайбаев, сосын Б.Әбділманов, Е.Біләл сынды театр майталмандары сахналаған болатын. Ал, өзінің актерлік мансап жолында «төлқұжат» рөліне айналдыра алған Нұркен Өтеуіл. Дегенмен көрерменнің көкейінде сақталған бұл бейнені  әр актер өзінше кескіндейді.                            

«Абай» спектаклінің сахналық шешімін суретші Дәулет Доспаев қысқа да нұсқа бейнелеу әдістерімен шешкен. Негізгі оқиға өтетін орында сахна айналасын терең де тұңғиық етіп көрсетер қара матамен көмкеріп, шағын дөңгелек алаңқай орнатылған. Ортадағы ақ дөңгелек шар мен сахнаның екі жағынан көтеріліп-түсірілетін ұзын құрықтар Абай мен Жиреншенің ұстанған өмірлік көзқарастарын, жаңа мен көненің тайталасын ойға оралтады. Режиссер осы шағын кеңістікке салмақты трагедияның  тартыс пен күреске толы оқиғалар желісін ықшамдап қоя білген. Әрине, бұл туындыны бүгінгі таңда сол жазылған қалпында тұтастай сахнадан көрсету шарт емес. Режиссер тарапынан пьеса мәтінінде редакциялық қайта қараулар мен қысқартулар, кейбір кейіпкерлердің түсіп қалуы секілді өзгерістер байқалады. Соған қарамастан, режиссер негізгі айтпақ ой-идеясын орнымен, байыпты көрсете алған.                              

Режиссер сахнаға бір мезгілде Абайдың екі бірдей образын енгізеді. Сахнада негізгі әрекет етуші Абай болғанымен, спектакльдің көрерменге түйдек-түйдек ой айтар түйінді тұстарында драмалық оқиға ақынның “төл сөзімен” енгізілген аға Абай бейнесі арқылы іріленеді. Аға Абай сахнада әрекет ету мүмкіндігі мол кейіпкер болып шыққан. Оған өз көзқарасын бүгінгі – ХХІ ғасырдағы қандастарына батырып айтатындай етіп берсе де артықтық етпес еді. Қойылым басталғанда сахна ортасындағы үлкен дөңгелек шардың тасасынан шығатын Абайдың жастардың қара матамен байланған көздерін шешіп, болашаққа, білімге жол сілтеуі ұлы данышпанның ұлттың рухани ұстазы ретіндегі келбетін танытады. Қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Әлімбек Оразбековтың басты кейіпкер Абайдың толғанысын, жан күйзелісін күшейтуге аға Абайды енгізуі – өте орынды табылған шешім. Қойылымның негізгі салмақ жүгі Н.Өтеуілдің Абайына артылған. Әрине, ұлы ойшылдың рөлі актерге оңай тимейтіні рас. Қойылымда «Соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан жанның» тереңдегі жұмбағы, Абай азабының айтылмай қалған тылсым бейнесі көрсетіледі. Сырт келбеті келісті, айтар сөзі салмақты Абайды актер режиссер ұсынған ойын ережесін қабылдай отырып, өзіндік шығармашылық ізденістен туындаған ой өрнегімен бейнелейді. Біз бұл орындауда қорғансыз екі жастың тағдырына өзінің жауаптылығын өткір сезінген, әділдік үшін күрескен әрекет үстіндегі күрделі образды көреміз.                                         

Керімді нұсқалаған талантты актер Жасұлан Ерболат кейіпкерінің ішкі жан-дүниесіндегі трагедия оқиғасын қозғалысқа келтіретін негізгі себептер мен салдарлардың соңынан жүруге тырысқан. Бұл орындауда Керім өз ұстазы Абайға жан-тәнімен берілген, табынған жан. Сөйте тұра, оның өнер бәйгесінде талантымен оза шауып, шығармашылығымен өзін көлеңкелеп кеткен Айдарға іштарлық жасап, кек алмаққа баратын кейпін көреміз. Спектакльдің екінші бөлімінде Керім-Ж.Ерболат бойында діншілдігі, мойнына Айдардың қанын жүктеген “тақуалық” кейпі бүгінгі қоғамда да көрініс беріп қалатын “қос стандартты”, екіжүзді адамдардың жинақталған образын танытады. Орындаушының Керім бейнесін сипаттауда ұстанған зұлымдық табиғатының астарынан осындай астар оқылады.               

Спектакль «Абай трагедиясы» деп аталғандықтан, трагедияға тән  барлық элементтері бар. Қақтығыс, қайғы, сатқындық, өлім сияқты адам өмірінің ауыр кезеңдері суреттеледі. Алайда екі жарым сағат бойы көрерменнің тек қайғыны көруі ол адамның бұл спектакльге екінші рет келуіне кедергі болатын сияқты. Бірақ Абай трагедиясы арқылы халықтың мұңын, биліктің надандығын көрсетіп отыған спектакльге көрермен ішек-сілесі қата күлетін сахна қосу тым әбестік болар еді. Яғни, трагедияны комедия деңгейіне түсіру режиссердің кешірілмес қателігі болмасына кім кепіл? Бұл жерде режиссердің сахналық шешімі не драматургтің комедиялық сахна қоспай-ақ спектакльде сәл езу тартқызар деталь жасап жіберу актердің еншісіне қалатын жұмыс.                                                            

Қ.Қуанышбаев театрының көптеген спектакльдерінде массовкада ойнап жүріп-ақ көрермен назарын өзіне аудара алатын актер деп – Дастан Әлімовті айтар едім. «Абай» спектакльіндегі бір-екі қылықты сәттерімен ерекше есте қалды. Әбіш пен Мағашты оңаша қалдырған топ арасынан суырылып шығып, екеуіне жас балаша мәз болып қарайтын сахнасы залдағы көрерменге күлкі тудырып сәл де болсын қайғы бұлтын сейілтіп екі ғашық арасына дәнекер болатын хат тасушы, жастардың кездесуіне жағдай жасайтын қарапайым ауыл баласын еске түсіреді. Міне, осындай шағын ғана рөлдерде асқа қосылатын дәмдеуіш секілді сахнада импровизация жасап, көпшілік сахнадан үлкен рөл жасай алатын талантты актер. Театр туралы сөз қозғалғанда, рөлдің үлкен-кішісі жоқ, актердің үлкен-кішісі бар деп айтып жатамыз. Дастан Әлімов осы ойға жұмыс істейтін актер екені көрініп тұрады. Ол ойнайған көпшілік сахнадағы рөлдің өзі басты кейіпкерлермен қатар көрермен жадында сақталып қалады. Актер үшін бұл үлкен жетістік.            

Абай атасы мен Әйгерім енесіне сәлем бере келген Ажардың жанына тұра қалып «Қалай жігіттер, жараса ма?», - деп жеңгемен қайны арасындағы қалжыңды көрсеткен сәті де жақсы шықты дей аламыз. Қазақта жаңа түскен келіннің қайнысымен, балдыздың жездесімен, бажалардың бір-біріне деген жеңіл қағытпа қалжыңдары "қойындарында" жүреді ғой. Сол  қазақылықты Дастан Әлімовтің ойынынан көре алдық. Тек, көрерменге осы ұнайды екен деп барлық рөлдеріне юмор тықпалай беруден аулақ болса. Себебі, көрермен актер ойыны бірсарынды болып кетсе тез жалығатынын естен шығармаған жөн.

Спектакльдің музыкалық сахнасы жекелеген әртістер мен көп дауыста хормен қосыла атқарған Абайдың төл әндерін орындаудан тұрады. «Желсіз түнде жарық ай», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әндерін актерлердің бірнеше дауыстарға бөліп сауатты айтуы ұжымның музыкалық орындаушылық деңгейі мен мүмкіндіктерінің жоғары екендігін көрсетті. Театр классикалық репертуарды бүгінгі көзқараспен оқуда бас-аяғы бүтін, бір деммен өтетін қызықты спектакль жасаған. Режиссерлік ұтымды шешімдер мен қызықты табылған мизансценалар өзінің оралымды ойлары мен тұспалдап берер тұжырымдарынан айрылмаған.                                         Ажар рөлін сәтті алып шыққан – Сая Тоқманғалиева жаңа түскен келінге тән ибалық, ата-ене алдындағы имену, құрметтеп сәлем салуы көрер көзге жылулық ұялатып, жарын құлай сүйген сезімін де көрерменге жақсы жеткізі білді. Айдар мен Ажар жұбы, тобыр арасындағы  қарапайым ғашықтар емес. М.Әуезов осы жұпты пьесаға қосу арқылы  біріншіден, Абайдың әкесі Құнанбайдың кезінде жасаған Қодар мен Қамқа қастандығын  жаңа заманда көрсетіп, оның Тобықты руы үшін қарғыс жазасы болғанын көрсеткісі келді деп ойлаймын. Екіншіден, Кеңгірбай бидің заманындағы «Еңлік пен Кебек» трагедиясын көрермен ойына қайта салу арқылы дәстүрдің озығы мен тозығын көрсеткісі келген. Яғни, Ажар, Айдар екеуінің алдағы күндерінің не болар ойлап әрбір қалт еткеннен сескенуі заңды. Бір сөзбен айтқанда, шолпы таққан сұлудың ішінде қан жұтқан дерт жатқанын ұғына алдық. Яғни, актрисаның Ажар образында көп ізденгені, барынша шынайы ойнағаны сезілді. Оны Айдардың ақтық сөзін толық айта алмай қиналып жан тәсілім еткенде Сая Тоқманғалиеваның ерекше күйінішпен жарын жоқтаған сәтінде залдағы басым көпшілік жас көрерменнің іш тарта сілтідей тынып, қосыла егіліп отырғанынан аңғаруға болады. Кез-келген жақсының да  жаман жағы болатыны белгілі ғой, былай алып қарасаңыз Ажар – Сая Тоқманғалиева өз рөлін жақсы ойнай алды дегенмен де, Айдар рөліндегі Олжас Жақыпбектен жас айырмасы көп екені, жас қыз бен жігіт рөліне сәйкестігі аз екені көрініп тұр.                                                                

Абайдың үміт артқан үлкен ұлы Әбіш рөлін сахналаған – Жанат Оспановтың өз рөліне деген ізденуі бар.  Петербургта ұзақ уақыт оқып, туған жерін, ет жақын туыс-туғандарын сағынған көзі ашық дала баласының жарқ еткен жанарын ол сахнаға шыққанда байқамау мүмкін емес. Жеріне, еліне деген мауқын басып анасының өтінішімен атастырылып қойған қалыңдығы Мағышты көрген де актер кенет өзгеріп кетеді. Көзінде бір мұңның, қорқыныш пен қимастықтың бар екенін Әбіштей асыл перзенттің тарихын білметін жан сезе алмайды деп ойлаймын. Әбіштің ішкі трагедиясын сезіну үшін әкесі Абайдың оған артқан ауыл ел жүгін, елден жырақта жүргенде жабысқан ауыр дертін, алқымынан алған биліктің салқынын сезу керек, ал сезу үшін оқу керек. Ол Мағыштан оны сүймегені үшін емес, алда-жалда ауруы жеңіп өмірімен қош айтысқанда жастың жанын жаралаймын ба деп қорқады. Жастай жесір атандырып  үлкен қайғыра душар еткен ше, тірісінде өзінен барынша алыс ұстағысы келеді. Әбіш – Жанат Оспановтың сахнаға екінші мәрте шыққанында алдыңғы сахнадағыдай тегеурін, кеудесін керген қуаныш жоқ. Көзі мұңлы, әкесінен ауруын жасырғысы келсе де, әке жүрегі перзентінің өзегін құрт жеп жатқанын біледі. Трагедия! Сөзбен айтып, шерін тарқатпаса да көзбен бәрін айтып тұр. Актер үшін де көзбен ішкі трагедиясын көрсетіп, жүріс-тұрысымен тектінің ұрпағы оқыған азамат екенін көрсету ең қиыны.

Қойылымда сәтті актерлік ізденістер, көрерменге ой саларлық образдар бар. Классикалық репертуарды ойнау бірінші кезекте театрдың актерлік құрамының көркемдік деңгейіне сын болар ауыр жүк. М.Әуезовтің шұрайлы көркем тілінің құнарлы нәрін жоғалтпай бере білу, образдың бас – аяғын таразы басында тең ұстау актерлік шеберлікке байланысты десек, орындаушылық құрам трагедияның табиғатын көрерменге барынша ашуға талпынған. Бір сөзбен айтқанда, «Абай» трагедиясы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма  театрының шоқтығы биік туындысы!

9 Қараша 2018
216
0
0