Айтматов және театр

Ш.Айтматовтың 90-жылдығына арналған халықаралық театр феcтиваліне шолу.

Жансая Тұрмағанбет

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану, ІІ курс



3 жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын кезекті халықаралық театр фестивалінің себепшісі болып, алыс-жақын елдердің басын құраған – шоқтығы биік Айтматов шығармашылығы. 12-17 қараша күндері өткен Шыңғыс Айтматовтың 90-жылдығына арналған «Айтматов және театр» атты халықаралық театр фестивалінде Бішкек қаласының қалың көрермені мен фестиваль қонақтарының назарына шалқар жазушының жауһар туындылары түрлі нұсқада көрсетілді. Ең көп қойылғаны – "Ана-Жер ана" мен "Найман ана", «Жәмилә» повестерінің инсценировкалары. Классик жазушының әлем елдерінде сахналанып жатқан шығармалары түрлі режиссерлік формалардың арқасында спектакльдерді жан-жақты талдауға мүмкіндік беретін тартысты дода жасай білді десек, артық айтпағанымыз болар.

Фестивальге Қырғызстанның академиялық және облыстық театрларымен қатар (Т. Абдумомынов ат. ұлттық академиялық қырғыз драма театры, Ч.Айтматов ат. мемлекеттік орыс драма театры, М.Рыскулов ат. Нарын облыстық академиялық театры, А.Жайнаков ат. Баткен облыстық драма театры, К.Медетбеков ат. Талас облыстық музыкалық драма театры, Бабур ат. Ош академиялық өзбек музыкалық драма театры, А.Молдокматова фондының театры), Қазақстан (Қ.Қуанышбаев ат. Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Астана қаласының Жастар театры, Алматы қаласының мемлекетттік қуыршақ театры, Жамбыл облыстық орыс драма театры), Өзбекстан (Өзбек ұлттық академиялық драма театры), Тәжікстан (А.Мухаммеджанов ат. Хатлон облыстық музыкалық драма театры), Ресей (Подольск драма театры), Әзірбайжан (Әзірбайжан мемлекеттік академиялық драма театры), Қарақалпақстаннан (Бердах ат. мемлекеттік академиялық қарақалпақ музыкалық драма театры) келген театрлар бақ сынасты. Театр алаңында бас қосқан әртүрлі ұлт өкілдерінің өнеріне куә болып, өз еліміздегі театр үдерісімен салыстырмалы түрде сараладық. Шын мықтыға тұсау жоқ. Өнер бәйгесінде қай тұлпардың оза шапқаны мәре сызығына жетпей-ақ көзге оттай басылды. Олардың ішінде қазақ театрлары да бар.

Жеті мемлекеттің театрларымен бірге сайысқа түскен отандық төрт ұжым – Астана қаласының Жастар театры, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Алматы қаласының мемлекеттік қуыршақ театры, Жамбыл облыстық драма театрлары биік дәрежеде өнер көрсетіп, түркі тілдес ағайындардың мол ықыласына ие болып қайтты. Бірі режиссуралық бағыты мен ерекшелігі жағынан, басқасы труппаның берік ансамблімен, енді бірі биік актерлік шеберлігімен көз тойдырған жоқ.

Фестиваль ауқымын құраған 18 спектакльдің ішінде əділ қазылардың фаворитіне айналғандары – төрт-бесеуі ғана. Соның ішінде біздің Алматы мемлекеттік қуыршақ театры мен Жастар театры ерекше аталып өтті. Төл театрымыздың дәрежесін тағы бір сатыға көтерген туыстас елдер арасындағы абырой – үздік деп танылған спектакльдердің қатарынан табылуымен асқақтай түсті. «Біз, драма театр өкілдері»,-деп бастады Хурматулла Утяшев спектактакльге деген ойын, «көп жағдайда қуыршақ театрларына менсінбеушілік танытып, жоғарыдан қарайтынымыз өтірік емес. Бірақ, бүгінгі спектакльді көріп, бұл труппаның не драма актерлері екенін, не қуыршақ театры әртістері екенін ажырату қиын болды». Осы мазмұндас пікірді қазылар алқасының бәрі дерлік алға тартты. Олар жаңа бағытқа бетбұрыс жасап жатқан қуыршақ театрының сәтті қойылымымен құттықтап, Толғанай бейнесін жан-жақты қарастырылғаны көңілдерінен шыққанын атап айтты. Осындай мақтау сөздердің дәлелі ретінде Алматы мемлекеттік қуыршақ театры «Қазылар алқасының арнайы сыйлығымен» марапатталды.

13 қараша күні, яғни доданың екінші күні жалынды Жастар театры көрерменге «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты фестиваль аясынан тыс концерт-спектаклін тарту еткен болатын. Сол сәттен бастап-ақ жанды дауыста жоғары деңгейде өнер көрсеткен жерлес өнерпаздарымыз Бішкек қаласының театр аудиториясынан бастап, өзге мемлекеттік театрлардың көзайымына айналғаны – мақтануға тұрарлық жа йт. Режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың инсценировкасымен сахналанған «Шыңғысхан» спектаклі де күткен нәтижені ақтады. Әрине, көрнекті синхрондылық, пластикалық икемділік, нақты қойылған мизансена – педагог-режиссер Н.Жақыпбайдың өзгелерден дара қолтаңбасының айғағы. Талқылау кезінде ол туралы қазылар алқасының басым көпшілігі: «Орта Азия театрларының ішіндегі жетекші режиссерлердің бірі»,-деп айтып өтті. Спектакльдің топ жарып, үздік спектакльдердің ішінде І орынға ие болуы да – бірінші кезекте режиссердің, одан кейін өнер майданында тізе бүккен жігерлі, талантты актерлердің жемісі.

Сондай-ақ, Қ.Қуанышбаев ат. Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Ә.Серіков «Қызыл орамалды шынарым» спектакліндегі Ілияс ролі үшін фестивальдің «Үздік ер адам бейнесін» жеңіп алды. Т.Теменовтың режиссерлігімен қойылған бұл спектакль елорда және өзге де аймақ көрермендерінен оң бағасын алғаны бәрімізге аян. Фестивальге қатысқан қырғыз ағайындардың «Кызыл жоолук делбирим» спектакліндегі Ілиястан көш ілгері басым түскен астаналық жас актер дарындылығымен қазақ театр өнерінің қанжығасына кезекті жеңісті байлады.

Кей жағдайда театр фестивальдерінің ұйымдастырылуы мен сәтті өтілуінде мінсіздік орын ала бермейді. Бұл фестивальдің де əттеген-ай дегізер тұсы – əділ  қазылар алқасында, əдеттегідей, театр сыншыларының бір-екеуі ғана бой көрсетуі. Қатысушы спектакльдерді пьесаны жік-жігімен сарапқа салып,  режиссура, актерлік шеберлік турасында профессионалды түрде талқылау жасайтын мамандардың аз екені байқалып тұрды. Басым бөлігі жазушы-драматург, режиссерлерден құралғандықтан, сылдыр судан гөрі нағыз орынды сыни пікір аз айтылғанына куә болдық. Қазылар алқасының құрамында: қазылар алқасының төрағасы, Қырғыз Республикасының халық жазушысы, мәдениет  қайраткері, драматург Мар Байджиев (Қырғызстан), қазылар алқасының төрағасының орынбасары, Қырғыз Республикасының мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, жазушы, драматург, театртанушы және театр сыншысы, Қырғызстан театр қайраткерлері одағының президенті Жаныш Кулмамбетов (Қырғызстан), Тәжікстан Республикасының халық жазушысы, белгілі драматург Ато Ходжаев (Тәжікстан), Қырғыз Республикасының халық әртісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, актриса Гульсара Ажибекова (Қырғызстан), Ресей Федерациясының және Башқұртстан Республикасының халық әртісі, Гафури ат. мемлекеттік академиялық башқұрт драма театрының актері Хурматулла Утяшев (Ресей), Түркия мемлекеттік Адана театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Исмаил Диклиташ (Түркия), Философия докторы, профессор, белгілі драматург Шухратилло Ризаев (Өзбекстан), ҚР еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан Театрлар Ассоциациясының вице-президенті, Т.Жүргенов ат. қазақ Ұлттық Өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров (Қазақстан), театртанушы және театр сыншысы Элеонора Турдубекова (Қырғызстан) төрелік етті. Фестиваль соңында Қырғызстанның мәдениет және туризм министрі Азамат Джаманкулов фестиваль маңыздылығы жөнінде сөз сөйлеп, қатысушы театрларға министрлік атынан алғыс білдірді.

Сонымен, фестиваль қорытындысы бойынша номинант атанған және орын иеленген театрлар мына ретпен жайғасты:

«Үздік сахналық ізденіс» «Жәмилә»  реж. Д. Нургазиев (Жайнаков ат. Баткен облыстық драма театры) «Сахналық жаңа интерпретация» – «Жәмилә» реж. Т.Алыев (А.Молдокматова фондының театры) «Айтматов шығармашылығының заманауи оқылымы» – «Ыр. Песнь Чингизу» реж. А. Бенольо (Ч.Айтматов ат. мемлекеттік орыс драма театры) «Үздік дебют»"Найман ана" реж. Э.Эгембердиев (Т. Абдумомынов ат. ұлттық академиялық қырғыз драма театрының училищесі) «Көрермен көзайымы» – Музафар Бахтияров «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» реж. Т.Исраилов (Бабур ат. Ош  академиялық өзбек музыкалық драма театры) «Қазылар алқасының арнайы сыйлығы» – «Ана-Жер ана» реж. Д.Жұмабай (Алматы мемлекеттік қуыршақ театры) «Үздік музыкалық әрлеу» – «Плаха» реж: О.Ефремов (Подольск драма театры) «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» - Абдуллаев Алабуддин. «Плаха» реж; Р.П.Бухануддин (А.Мухаммеджанов ат. Хатлон облыстық музыкалық драма театры) «Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі» - Ханларова Мехрибан. «Манкурт» Реж: А.Садыгов (Әзірбайжан мемлекеттік академиялық драма театры) «Үздік сценография» – «Кызыл жоолук делбирим» реж. Н. Асанбеков (К.Медетбеков ат. Талас облыстық музыкалық драма театры) «Үздік ер адам бейнесі» – Әбілмасұр Серіков. «Қызыл орамалды шынарым» реж: Т.Теменов (Қ.Қуанышбаев ат. Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры) «Үздік әйел адам бейнесі» – Малика Авасова. «Жәмилә» реж: Г.Мардонов (Өзбек ұлттық академиялық драма театры) «Үздік режиссура» - Нурлан Абдыкадыров. "Найман ана " (Жамбыл облыстық драма театры) ІІІ орын – «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» реж. М.Реймов(Бердах ат. мемлекеттік академиялық қарақалпақ музыкалық драма театры) ІІ орын – «Саманчынын жолу» реж: М.Козукеев (Т. Абдумомынов ат. ұлттық академиялық қырғыз драма театры) І орын – «Шыңғысхан» реж. Н.Жақыпбай (Астана Жастар театры)

Гран-при«Поле» реж: Е.Акс .Айтматов ат. мемлекеттік орыс драма театры)

Үздіктердің үздігі болған «Поле» спектаклі жөнінде айтпай кеткеніміз жарамас. «Ана-Жер ана» повесінің желісімен қойылған спектакль тұтастай пластикаға құрылған. Бұл тұрғыда спектакльді қимылмен шешкен қоюшы режиссер Евгения Акс пен балетмейстердің еңбегі жоғары бағалауға лайық. Сондай-ақ, артық-кемсіз қимыл-қозғалыс, актерлік техника, жұмылған ансамбль атмосферасы да ерекше әсерге бөледі. Спектакльде ешқандай декорация қолданылмаған. Артқы экрандағы видео мен нақ әрленген музыка арқылы ғана оқиға орны мен уақыты көрсетілді. Бірақ, актерлер ойыны оларға түбегейлі тәуелді болған жоқ. Басты рөл Толғанайды сомдаған актрисаның ішкі тебіренісін айқайлап монолог оқымаса да, жанымызбен сезініп, жүрегіміз езілгені де рас.

Еленбей қалған театр болған жоқ. Бұл жағына келгенде, әділ қазылар аталған номинацияларды теңдей үлестіріп, үздігіне лайықтыларын да өз тұғырына көтерді. Жалпы, қорыта айтсақ, фестивальдің түп мұраты орындалып, Айтматов шығармаларын сахнада жаңғыртып, қайта түлеткен, жаңаша ізденістермен өзгеше бояу берген барлық спектакльдер туыстас елдер арасындағы шығармашылық байланысты нығайта түсті деген мол сенімдеміз. Шүкір, қазақ театрлары халықаралық, әлемдік аренада тайсалмай бақ сынасатын деңгейге күннен-күнге ұмтылуда. Фестивальден олжалы қайтқан отандық театрларды құттықтай отырып, әлде де тынбай еңбек етіп, шығармашылық шыңдалуына тілектес екенімізді білдіреміз. Осы қарқыннан таймай, қазақ театрлары Орта Азия шеңберінен асып, Авиньон, Зальцбург, Брегенц, Эдинбург, «Чехов» фестивальдерінде бой көрсетсе екен деген тілек-ниетіміз қашанда көкейімізде.

19 Қараша 2018
508
1
2