Айтматов есімін асқақтатқан орыс драма театры

Қараша айының 12-17 күндері көршілес қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында белгілі жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Шыңғыс Төреханұлы Айтматовтың 90 жылдығына орай «Айтматов және театр» атты Орта Азия елдерінің басын біріктірген халықаралық деңгейдегі фестиваль өтті.

Ұлжан Құрманбай

Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану, III курс


Қараша айының 12-17 күндері көршілес қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында белгілі жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Шыңғыс Төреханұлы Айтматовтың 90 жылдығына орай «Айтматов және театр» атты Орта Азия елдерінің басын біріктірген халықаралық деңгейдегі фестиваль өтті. Фестиваль барысында ұлы жазушының шығармалары бойынша Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қарақалпақстан, Әзірбайжан мемлекеттерінің театрлары  18 спектакль көрсетті. «Адамзаттың Айтматовы» атанған қаламгердің есімін ұлықтаған бұл шараны өткізуші қырғыздардың да бірнеше театры бақ сынап, ішінен оқ бойы озық шыққан Ш.Айтматов атындағы мемлекеттік орыс драма театры болды.                                 

84 жылдық тарихы бар театр фестивальге екі спектакльмен қатысты. Бірі Италия, Ресей мемлекеттерімен бірігіп сахналаған «Ыр. Песнь Чингизу» (Реж.: Андреа Бенальо), екіншісі Евгения Акс қойған «Поле» спектаклі болды. Осы спектакльдерден қырғыз театры өкілдерінің қызу жұмыс жасап, бұл өнер түрін жаңа деңгейге көтергенінің куәсі болдық. Әртүрлі мемлекеттен келген қазылар алқасы мен патша көңіл көрермен көңілінен шығып, бас жүлде алған «Поле» спектаклі болды.                                                 

Үздік қойылым атанған спектакль Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісі бойынша сахналанған. Спектакльді көруге жиналған көрермен алғашында дәл осы деңгейдегі өнерді тамашалаймыз деп ойламаған. Дегенмен, бұл ұжым Толғанайдың балалық шағын,  соғыс кезінде тылда бел жазбай еңбек етіп, жұртына тигізген пайдасы мен ерлігін, қайғы-қасіретін көрсете білді.                                                                                             

Сахнада көрермендер залын бөлетін мінбер мен Led экран ғана. Спектакль ҚР халық артисі Тынара Абдразаеваның экрандағы видеосымен басталады. Труппаның синхронды билеп, көрермендер залынан шығуы – шығармаға режиссердің жаңаша интерпретация жасағанынан хабар береді. Режиссер бұл қойылымда пластикалық іс-әрекетке көп мән берген. Толғанайдың 3 шағын көре аламыз. Бала Толғанайды  – Амина Бийзаева, бойжеткен шағын – Нина Чернышева, Сыбанқұлды – Андрей Черкасов ойнайды. Ал көрермен жүрегінен орын алған Толғанайды – Сайрагүл Есенбаева сомдаса, Толғанайдың серіктесінің рөлін ҚР еңбек сіңірген артисі Болат Тентимишов алып шықты. Труппадағы актерлер санқырлы,  жан-жақтылығын таныта алды. Орыс-қырғыз аралас барлық актер екі тілде өлең айта алады.                                                                          

Адам денесін шымырлатар, әрбір ойды би қимылдары арқылы жеткізе алған қоюшы хореографтың да еңбегі зор. Актерлерге жеке-жеке назар аударып, олармен кәсіби түрде жұмыс жасағаны көрінеді. Пластика арқылы кейіпкерлердің жан дүниесін бере алған. Қойылымды түсіну шығарманың негізгі тілін, немесе оның жазылу тарихын білуді қажет етпеді. Барлығы көзбен оқылып тұр. Бұл спектакль барлық халыққа арналған. Ана мен баланың, ер мен әйелдің, халықтың Отанға деген махаббатын жеткізе алған қойылым болды. Тағы бір айта кететін, қойылымның ұтымды тұстарының бірі әскерден келетін хаттар. Хабар күткен әйелдерді Led экранға телміртіп, ары-бері жүгіртіп, күшпен алғызады. Әрбір хаттың ерекшелігін де ұтымды жеткізе алған. Үш түрлі хат келеді. Ақ, қызыл және қара. Әрбірінің символдық мәні бар. Оның мәнін аша түсу үшін орамалдарды пайдаланған. Кейбіреулерге жақсы хабар келгенін ақ орамалды алып қуанғанынан білсек, Толғанайға қаралы қағаз келгенін, беліндегі қара орамалды шешіп көрсеткенінен білеміз. Ол Сыбанқұл қайтыс болғанын естігенде, жар салып жыламайды. Алғашында пауза ұстап, барлық ішкі сезімін көзімен көрсетеді. Оның өз қайғысына тұншығып тұрғанын  көріп, актерлік шеберлігінің өте жоғары деңгейде екенін аңғарамыз. Режиссердің спектакльдің формасын тауып, оны жаңа бағытта қоя отырып, ұлттық құндылықтарды сақтап, көрсете білуін оның суреткерлік шеберлігі деп танимыз. Фестивальдегі қырғыз театрларының спектакльдерінде олардың ұлттық ерекшеліктері өз деңгейінде көрсетілмеді. Әр қойылымнан қырғыздың әсем әндерін естуді күттік. Алайда, бас театры саналатын Т.Абдумомынов атындағы қырғыз ұлттық драма театры да бұл үдеден шыға алмады. Салыстырмалы түрде қарағанда, Ш.Айтматов атындағы орыс драма театрының  спектакльдерінен қырғыз халқының ұлттық құндылықтарын, мәдениетін көбірек байқадық. Ұлы жазушының есімін абыроймен көтеріп жүрген бұл театр Айтматов есімін тағы бір асқақтатты. Жазушының: «Сені еске алушылар барда, сен тірісің», - деген сөзі бар. Рас, барлық әлем қаламгердің шығармаларымен таныс. Оның туындыларын өнерпаздар осы кезеңге сай өңдеп, қайта тірілтуде. Оған дәлел – Айтматовтың есімін тағы да бір асқақтатқан қаламгердің есімін абыроймен алып жүрген орыс драма театрының «Поле» қойылымы.  

21 Қараша 2018
85
0
0