Қоғам шындығын жасырған «Құпия» спектаклінен кейінгі ой

2019 жылдың 30 қаңтарында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында Ж.Әлікеннің «Құпия» атты драмасының премьерасы өтті.

фотоны түсірген Рақымжан Құдайберген

Ерсұлтан Орынбай

Т.Қ Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Театртану» мамандандыруы, 4 курс  


Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер  театры үшін биылғы жыл өте сәтті басталды. Қаңтар айының 16, 23 жұлдызында театр сахнасында Г.Гориннің «Ұмытындар оны» трагикомедиясының премьерасы өткен еді. Режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың спектаклі көпшіліктің көңілінен шығып, өзінің жоғары бағасын алған. Міне, сол премьераның ізін суытпай Ерлан Кәрібайдың режиссерлік етуімен қойылған «Құпия» драмасының тұсауы кесілді. Театрда актерлік, әрі режиссерлік қызметті қатар алып жүрген Ерлан Кәрібайдың бұл туындысы алғашқы жұмысы емес. Осыған дейін ол көрермен назарына  аталмыш  театр сахнасында Данияр Базарқұловпен бірлесе қойған Е.Аманшаевтың «Ол» моноспектаклін ұсынған. Моноспектакль театр репертуарында бүгінде ойналмағанымен,  республикалық және аймақтық театр фестивальдеріңде үздіктер қатарынан көрініп үлгерді. Жас режиссер алғашқы қойылымынан-ақ жаңалыққа жаны құштар екенін байқатты.

Ал «Құпия» туындысының айтар ойы да, тақырыбы да  өзгеше. Адамды екіге бөлетін қазіргі қоғам,  расында,  қайда барады? Билікте отырған адамдардың ойына не келсе соны істеп, барлық дүниені өз меншігі деп санауы қоғамды рухани азғындауға әкелетін кесел. Қоғамдағы ащы шындықтарды сахнадан көріп, бір жағынан ашуың келсе, екінші жағынан мұндай жағдайдан шығудың жолын іздейсің.

Драматург Ж.Әлікеннің бұл пьесаға  дейін театр сахнсында балаларға арналған «Сиқырлы терезе» ертегісі қойылған. Ол спектакль қызықты, балаларға ұнамды болған еді. Ал бұл  туындысында  қоғамның ащы шындығын астармен бере білгені қуантады. Спектакльде ұстаздарға  шәкірт тәрбиелеуден бұрын, басты назарға қағазбастылықты қойған қазіргі билік және білімді шәкірт емес, бай шәкіртті қалайтын басшылық туралы айтылады.

Колледж директоры – өзіне-өзі қожа, оқу орнын өзінің жеке меншігі санайтын, айналасындағыларды адам құрлы көрмейтін бастықсымақ. Арам пиғылын, пайда үшін жүргенін спектакльдің басынан-ақ аңғаруға болады. Бұл кейіпкерді шынайы сомдаған актер – Бейбіт Камаранов.  Білікті актер спектакльдің  басы мен соңыңда  ғана көрінетін бұл кейіпкердің ойын өрнегін таба білгінен. Ашкөздікке салынған қоғам құрбанының бейнесін көре алдық. Спектакльде актерлік ансамбль мықты құрылған. Өнер көрсеткен актерлер ортақ қимыл мен үндескен әрекеттің үздік үлгісін көрсете біліп, спектакльдің көркемдік деңгейін арттырды.

Ал сахнадағы барлық оқиғада  жетекшілік ететін кейіпкер  Арман, ол бүкіл спектакльді өрбітетін әрекет иесі. Бұл бейнені сомдаған Дархан Сүлейменов. Арман – жаңа ортаға қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып келген, қоғамда тек әділдік, шынайылық, білімділік бар деп санайтын жас маман, ұстаз. Дегенмен спектакль барысында күтпеген жағдайларды басынан өткеріп, ессіз шәкірт, билік үстемдігі, махаббаттың ауыртпалығы, екіжүзділік сынды дүниелерді басынан өткереді. Кейіпкер характеріндегі осы бір өзгеріс драманы шиеленістіре түседі. Арман ролін орындаушы Дархан Сүлейменовтың ойыны   арқылы біз ауыр сезімді басымыздан өткереміз.

Қойылымда режиссер қоғамның ащы шындығын нанымды түрде көтере білген. Мәселен, спектакльде ерекше мән беретін деталь актерлердің басындағы құрсау. Осы құрсаудын семантикасыда түсінікті. Бұл зат  арқылы бірнеше мазмұнды ұғамыз.  Құрсауды  қалаған уақытта кез-келген адам шеше алмайды,бұлбағыныштылық пен шарасыздықты білдіріп тұр.        Дәл сол секілді спектакльдің мағынасын аша түсетін келесі режиссерлік шешім – құлыптаулы құрсаудың кілтін іздеу. Бұл жерден билік тұрғанда оның бәрібір шешілмейтінін көрсеткендей.

Спектакль декорациясына келсек, суретші жұмысы бірден көзге түседі. Сахнада үлкен кеңістік сақтай отырып, жеті есік қойылан. Және актерлер мизанценасына байланысты кез келген жерге  ауыстыра алады. Бұл тұста суретшінің актер еркіндігі үшін жұмыс жасағаны көрініп тұр.

Музыкалық және жарық партитуралары да әрбір көріністі ашуда өз септігін тигізген. Композитор Ұшқын Жамалбектің әні де орынды таңдалған. Спектакльде көрік пен келісімділік беріп тұрған балетмейстр Альфия Ембергенованың еңбегі де ерекеше. Көрініс барысында көрерменді қызықтырған  «степ» биімен режиссер басшылыққа бас иген оқытушыларды  көсеткісі келген. Мәселен  Арманның спектакльдің басында биге араласпай, соныңа таман қатысуынан түсінуге болады.

Спектакльдің алғашқы сахналарында колледж басшылығы өздеріне білім сапасы емес,  олардың төлем ақысы маңызды екенін айтады. Яғни «олардың төлем ақысы, сендердің айлықтарың» деген директордың сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Оның мұғалімдерге «неге оқудан шығарасың?», «оқымаса үш қойып отыра бер» деген сөздерінен заманның күйреп бара жатқанын көреміз. Дегенмен басшылықтың бұл озбырлығына қарсылық білдіріп, наразы болған Армандай кейіпкердің бар екенін көргенде бір үміт оты жалт еткендей болады санамызда. Алайда «жалғыздың үні шықпас» дегендей,  оның қарсылық көрсетуге  шамасы жетпеді.   Ол да шарасыздықта биліктің құрбаны болады.       Ендігі бір сахналық көрініс – сыныптағы оқиға. Тәртіпсіз шәкірт пен ұстаз арасындағы кикілжің шәкірттің жеңісімен аяқталады. Осы тұста «ұстаздан шәкірт озады» деген сөз амалсыз еске түседі. Бірақ бұл спектакльде шәкірттің ұстаздан озғаны ақша, таныстық арқылы. Міне спектакльдің көтерген мәселелері  шыңбайыңа еріксіз батады.

Спектакльге арқау болған тағы бір тақырып өз туған тілін менсінбейтін жастардың  күрт көбейгені. Режиссер бүгінгі жастардың  «қазақ тілі зачем?», «қазақ тілі маған керек емес» деген сөздері арқылы көрерменге ой салғысы келген.  Осындай қоғамдық  мәселелерді қозғап  режиссер спектакльдің өзектілігін арттырған.

Алайда қойылымдағы махаббат сахналары спектакльге кері әсерін тигізіп тұр. Біріншіден, махаббатты жеткізетін көріністер тым ұзақ, көрерменнің спектакльге деген қызығушылыған арттырмайды. Екіншіден, бұл көрініс спектакльдің сюжеттік құрылымына сәйкес болмай тұр.

Ұстаз – мәртебелі маман. Олардың жұмысы жауапты, әрі күрделі, сондықтан болар, Мағжан бабамыз «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздікі» деген тіркес қалдырған.  Сол ұстаз мәртебесінің бүгінгі қоғамда    қадірінің төмендеуі және  көп ұстаздың бірі болғысы келмеген кейіпкердің ішкі жан-тебіренісі, Арманның  күйзелісі, бұлқынысы  арқау болған «Құпия» қойылымының берілу тәсілі – сөзден гөрі іс-әрекетке құрылған. Бұл – «сөзден іске» көшетін уақыт келгенін және  жастар ұстанатын ұран осы екенін меңзесе керек. Бір ғана білім мекемесінде (колледжде) болған оқиға – мемлекеттегі білім жүйесінің кемшіліктерін, олқылықтарын, қателіктерін тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Бір ғана спектакль арқылы – білім жүйесіне реформа орнатып, білімді  ұрпақ өсіру үшін  ұстаз мәртебесін көтеру керектігін ұғындық.

1 Ақпан 2019
325
0
0