Алматы мемлекеттік қуыршақ театры. Жетістік пен жаңа белес

Қуыршаққа жан бітіру, өз үнін қосу, көрерменнің шабыт-қиялына қозғау салу – олардың басты міндеті. Драма театрларының актерлерімен салыстырғанда, екі есе тер төгетін өнер иелерінің басын қосқан қуыршақ театры бүгінгі күнде өз орнын айшықтап, лайықты бағасын да алып келеді.

Нұрай Заманиянова 

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

«Театртану» мамандандыруының 3 курс студенті


Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы бүгінде шығармашылық күш-қуатын тек балалар аудиториясына ғана емес, ересектерге де сарп етіп жатқаны бәрімізге мәлім. Қуыршақ театрының бүгінгі күнгі тынысы шығармашылық мол табысымен күн өткен сайын қуынтып келеді. Соңғы екі жылда қуыршақ театрының репертуарындағы «Ана жүрегі», «Ана – Жер ана», «Медея», «Ромео мен Джульетта» сияқты спектакльдер осы сөзімізге дәлел бола алады. Театрдың даму бағыты мен бағдары – қуыршақ театрының сахнасындағы жаңа сипаттағы қойылымдармен ерекшеленеді. «Алғашында балалар тәрбиелеу үшін ашылған бұл ұжым, үлкен шығармашылық ізде­ністер мен көптеген жаңашыл қойы­лымдарды сахнаға шыға­ру­дың нәтижесінде, балалар театры деген шеңберден шығып, қазақ сахна кеңістігінде өзіндік орнын қалыптастырды», - дейді театр директоры Талғат Есеналиев. Расында да, республикалық өнер ұжымдарымен қатар қояр болсақ, мемлекеттік қуыршақ театрының жеткен жетістіктері мен бағындырған белесі басым түспесе, кем емес.

Театрдың алға жылжу қарқынын бәсеңдетпесе де, әсер етпей қоймайтын тұстары да бар. Оның бірі – театрдағы қуыршақ жасайтын маманның тапшы болуы. Театр ішінде қуыршақ жасауға арналған арнайы цех жұмыс істейді. Кішкентай көрерменді қуантуға асыққан театрдың басты қаруы – әрине, сол қуыршақтар. Бүгінгі жаһандану мен түрлі технологияның дамыған заманында инновациялық шешімдер қажет ету қуыршақ театры өнерін де бейжай қалдырған жоқ. Олай болатыны, әлемдік аренаға енген қазақ қуыршақ театрының бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуында жатыр еді. Бүгінгі күнгі нақты талап пен көрермен тілегі осындай. Қуыршақтардың нағыз кәсіби шеберлердің қолынан дайындалуы осы кезекте маңызды роль атқарады. Ал, бұған өнер мамандарын даярлайтын оқу орындарында жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей жатқандығы, әлбетте өкінішті жайт.

Басқасын былай қоя бергенде, еңселі орда – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында қуыршақ жасайтын шеберлер түгілі, қуыршақ театрының әртісі, режиссері, сценографы деген мамандық қарастырылмаған. Бұдан бірнеше жыл бұрын О.Ақжарқын-Сәрсенбектің шеберханасынан «Қуыршақ театрының актері» мамандығын бітіріп шыққан түлектер де аты солай болғанымен, драма актерлерінің жүйесімен білім алған. Осы олқылықтың орнын толтыру енді қолға алына бастады. Қуыршақ театрының белді әртісі Болат Момынжанов өнер академиясында биыл, 2019 жылы алғаш рет курс қабылдамақ. Осылайша, қуыршақ театрының актері деген кенжелеп қалған әрі сұранысқа ие мамандықты қайта жандандыру мақсаты қолға алынып отыр.

Театр соңғы жылдары фестивальдерге қатысу қарқынын күшейткен. Аймақтық, республикалық театр байқауларын былай қойғанда, халықаралық дәрежедегі фестивальдерде белсенді түрде бой көрсетіп келеді. Тіпті, олардың бірқатары қуыршақ театрларының ғана фестивалі емес. Алматы мемлекеттік қуыршақ театры, сондай-ақ, драма театрларымен бірге бақ сынасуға қабілетті екенін дәлелдеп келе жатыр. Бұл дегеніміз – театрдың кәсібилік біліктілігі айтарлықтай жоғары екенін, өзін-өзі дамыту процесінің ілгері екенінен хабар бермек.

Атап айтар болсақ, соңғы 2 жыл ішінде (2017-2019): 2017 жылы 25-29 мамыр аралығында театр ұжымы Бішкек қаласында (Қырғызстан Республикасы) М.Жанғазиев атындағы Мемлекеттік қуыршақ театрының ұйымдастыруымен өткен ІІ Халықаралық «Так-теке» қуыршақ театры фестиваліне қатысып, А.Чеховтың «Каштанка» ертегісі үшін «Классикалық шығарманы қуыршақ жанрында көрсеткені үшін» номинациясымен, қоюшы режиссері Қ.Адилов «Ең үздік режиссер» номинациясымен, сондай-ақ Қырғыз театр қайраткерлері одағының арнайы дипломымен марапаттады; сол жылдың 28 мамырында Кишинев қаласында (Молдавия Республикасы) өткен «Под шапкой Гугуцэ» атты Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне театр ордасы халық ертегісі «Қаңбақ шалды» жиырма бес мемлекеттен келген өнер өкілдерінің назарына ұсынып, «Ұлттық дәстүрді насихаттағаны үшін» және театр директоры Т.Есеналиев «Үздік менеджер» дипломына ие болды; 2017 жылдың 5-9 маусым аралығында Татарстан Республикасында өткен ХІІІ Халықаралық «Наурыз» фестиваліне драматург Ә.Файзуллаұлының «Алтын адам» эпикалық спектаклін ұсынды (реж.: Ю.Уткин); Анкара муниципалитетінің ұйымдастыруымен Түркия Республикасында 2017 жылдың 1-9 тамызында өткен Халықаралық VII театрлар фестивалінде театр ұжымы «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) қойылымымен қатысып, арнайы дипломмен марапаталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Түркия мемлекетіндегі елшісі Абзал Сапарбекұлының арнайы алғыс хатына ие болды; 2017 жылдың 2-8 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен Қайрат Сүгірбеков атындағы І Республикалық драма театрларының жас режиссерлерінің арасында өткен форум-фестиваліне режиссер Р.Жаныаманов сахналаған Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен Бөлтірік» ертегісімен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды; 2017 жылдың қазан айының 19-27 аралығында Түркия Республикасында өткен III Халықаралық Анкара фестиваліне театр ұжымы шақырту алып, үшінші рет өткелі отырған фестивальге қатысып, фестиваль қатысушылары мен қонақтары назарына «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: Қ.Ешмұратова, С.Шүкіров) және «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» (авт.: М.Дългечева, реж.: Э.Тотева-Андотова) қойылымдарын ұсынған болатын.

2018 жылдың ақпан айының 1-15 күндері аралығында Франция, Ұлыбритания, Ресей, Германия, Өзбекстан және Қазақстанның үздік өнер ұжымдары қатысып, бақ сынап, өзара тәжірибе алмасқан «Откровение» V Халықаралық орындаушылық өнер фестиваліне театр ұжымы «Ана жүрегі» (авт.: Е.Ионов, реж.: А.Зайцев) қатысып, кәсіби сарапшылардың жоғары бағасына ие болды; ағымдағы жылдың сәуір айының 20-22 күндері аралығында Ақтөбе қаласында өткен Т.Ахтановтың 95 жылдығына арналған III Халықаралық «Balausa» фестиваліне өнер ордасы «Ана-жер Ана» (авт.: Ш.Айтматов, реж.: Д.Жұмабаева) спектаклімен қатысып, театр ұжымы алғыс хатқа ие болып, актриса Д.Иса «Әлиман» ролі үшін «Ең үздік дебют» номинациясына ие болды; 2018 жылдың қыркүйек айының 22-27 күндері аралығында Ақтөбе қаласында өткен «Ассалаумағалейкум – V» Халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне театр ұжымы «Ана жүрегі» (авт.: А.Ионов, реж.: А.Зайцев) қойылымымен қатысып, бас жүлде мен «Ең үздік қойылым» номинациясын иеленді; 2018 жылдың 22-29 қазан аралығында Душанбе қаласында Тәжікстан Республикасы өткен «ЧОДАРИ ХАЁЛ» VI Халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне «Ана жүрегі» (авт.: А.Ионов, реж.: А.Зайцев) қойылымымен қатысты; Театр ұжымы ағымдағы жылдың 10-14 қараша күндері аралығында Өскемен қаласында өткен Рүстем Есдәулетов атындағы II Республикалық театр фестиваліне Еврипдтің Медея (реж.: А.Салбан) трагедиясымен қатысып, облыс әкімі атынан Р.Есдәулетов атындағы «Арнайы сыйлық» және «Ең үздік режиссер» номинацияларымен марапатталды; 2018 жылдың 12-17 қараша күндері аралығнда Бішкек қаласында Қырғызстан Республикасы өткен «Айтматов және театр» Халықаралық фестиваліне «Ана – Жер Ана» (авт.: Ш.Айтматов, реж.: Д.Жұмабаева) қойылымымен қатысып, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» марапатына ие болды.

2019 жылдың 26 ақпаны мен 6 наурыз аралығында Ресей Федерациясы, Челябинск қаласында өткен "CHELoBEK ТЕАТРА" кіші формада сахналанатын спектакльдердің VII Халықаралық театр фестиваліне "Ана -  Жер Ана" (авт.: Ш.Айтматов, реж.: Д.Жұмабаева) қойылымымен қатысты. «Бүгінде ұлттың руxани қажет­тілігін өтеп отырған 84 жылдық тариxы бар өнегелі өнер ордасының алға қойған бағыты мен бағдары айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу. Елімізде және шет елдерде өткен республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде топ жарып, биік белестерді бағындырып жүрген өнер ошағы­ның репертуарлық саясатының ауқымы кең. Жаңашылдыққа жаны құмар сахнаның бұл саласы, жалпы театр өнеріне жүктелер қоғам­дық салмақты тең тұрғыда көтеріп келе жат­қандықтан, қуыршақ театрының қоғамдағы маңызы зор», - дейді театрдың қызметшісі Гүлім Көпбайқызы.

Сондай-ақ, театрішілік «Қуыршақтар шақырады», «Бақытты отбасы» сияқты фестивальдер де жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді қолға алынған. Әдетте драма театрларынан кейінгі орынға қалып жататын қуыршақ театрының бүгінгі хал-ахуалы, тыныс-тіршілігі, расымен көңіл көншітерлік дәрежеде.

Өнер ұжымы осылайша кәсібилік тұстарын шыңдап, бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп келеді. Оның бір дәлелі репертуардағы классикалық шығармалардың қуыршақтар орындауында дүниеге келуі. Осы тұста республикамыздың жас, талантты режиссері – Дина Жұмабайдың қуыршақ театрымен тығыз қарым-қатынаста болуы қуантарлық жайт. Бүгінгі күні тек Алматы мемлекеттік қуыршақ  театрында ғана емес, жалпы, республика көлемінде қуыршақ театрының режиссурасы ақсап бара жатқаны өтірік емес. Осы мәселеге келгенде, бұл театрдың мақтанар тұсы басым. Бүгінгі таңда театрда Антон Зайцев, Рүстем Жаныаманов, Еркебұлан Қабдыл сияқты білікті режиссерлер қызмет етеді.

Ағылшындық қуыршақ режиссері Честерсон: «Қуыршақ театрының философиясы – көңіл бөлуге тұрарлық үлкен философия. Қуыршақтар арқылы бүгінгі адамзатқа қатысты барлық нәрсені айтуға болады. Кішкене ғана кеңістікке ұлы ойлар сыяды», - дейді. Расымен де сан түрлі театрлардың ішінде осы мақсатты місе тұтқан қуыршақ театрының алар орны ерекше. Ендеше, біз де өз кезегімізде театр жанашырлары ретінде, жаңашылдықты ту еткен өнер ұжымына сәттілік пен өнер әлемінде биік шыңдарға жетуін тілейміз.

 

9 Маусым 2019
239
0
0