Қазақ театры: «Көрермен үшін»

Әр жаңа маусым театрдағы өнер иелеріне қашанда жаңа мүмкіндіктердің есігін ашатыны даусыз. Күні кеше, 3 қазанда ағылшын драматургы Р.Кунидің «№13» атты атақты комедиясымен өз маусымын ашық деп жариялаған Ғ.Мүсірепов атындағы қазақтың академиялық балалар мен жасөспірімдер театры өз көрерменімен 74-рет қайта қауышты.

Жансая Тұрмағанбет,

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

Театртану, 3 курс

 

Бұл қуанышты театрмен бөліспекке келген қазақ өнерінің әр саладағы өкілдері қызыл кілемнен өтіп, киелі шаңырақтың айтулы күнінде арнайы қонағы болып кетті. Маусым ашылуын жоғары деңгейде атап өткен театр ұжымы алғаш күндерден-ақ өз көрермендерін қуантуға кіріскен. Дұрысын айтқанда, күлдіріп, көңілін бағуда.

«№13» – әлемнің азулы театрларының репертуарынан табылатын үздік туындылардың бірі. 30 жылға жуық уақыт бұрын жазылған атақты комедияны әлемнің әр бұрышындағы режиссерлердің сахналауға деген құмарлығы жылдан жылға артып келеді. Ал, ол туындының балалар мен жасөспірімдер театрында қалай сахналанатыны біздің, алматылық театр жұртшылығының қызығушылығын тудырғаны рас.

«Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім» демей ме. Күллі көрерменді күлкіге қарық қып, керемет әсер сыйлаған өнер ұжымының бұл туындысы сәтті деуге лайық. Қойылым соңындағы көрермен ықыласын көрсеңіз, сөзімізге сіз де келісесіз. Жалпы, спектакльді емес, комедияның өзін бір оқып шықсаңыз да ішек-сілеңіз қатар. Өйткені, қат қабат шиеленіске құрылған керемет комедияның мәтіні кез келген көрерменді күлкіге қарық қыларлық. Сондай-ақ, ирониялық сатираға бай. Р.Кунидің «№13» комедиясындағы бейнелердің санқилылығы да, көрерменді «енді не болар екен» деген сезімге екі сағат бөлейтін оқиға интригасы да, пьеса мәтініндегі кейіпкер мінезін нақ білдіретін репликалары да спектакльдің сәтті шығуына үлкен қолғабыс етері сөзсіз. Әйткенмен, одан бөлек, осы ғажап оқиғаны көрерменге жеткізуде режиссер қандай шешім қолданады екен деген сұрақ, бізді, театртанушылар мен сыншыларды қатты қызықтырады. Бірақ, бұл қойылым режиссері біздің ол қалауымыз бен сұранысымызды ескермеген сыңайлы...

Шымылдық ашылғанда ауқатты адамдардың қалтасы көтеретін әдемі қонақ үйдің бір бөлмесін көреміз. Спектакль суретшісі Айдана Бисембаева өзгермейтін оқиға орнын кескіндеуде барын салған сыңайлы. Терезе, шкаф, есік, қонақ үй жиһаздары – бәрі мінсіз қалыпта. Сахна ортасындағы есіктен кірген жұп Ричард Уилли (актер М.Сәбитов) мен Джейн Уорзингтон (актриса А.Жантілеуова) бірден спектакль темпін қолға алып, комедия жанрына тән асырасілтеушілікті пайдалана отырып, оны қажет тұсында көтеріп, көрерменді үнсіз ұстайтын жерлерінде баяу ұстап отырды. Осынша шиеленісті оқиғаны сахна алаңында тым қарапайым «тілде» жеткізген Е.Қаулановты спектакльге өзек болған пьесаның құндылығы «құтқарған» сыңайлы. Яғни, спектакльді белгілі бір тұрғыдан актерлердің еңбек жемісіне балауға болады.

Жалпы, спектакль орта деңгейде. Спектакльдің дүниеге келуіне атсалысқан адамдардың еңбегін жоққа шығаруға, әлбетте, хақымыз жоқ. Бұл туындының өмір сүруге құқығы бар деп бек сеніммен айта аламыз. Қойылымның атап айтарлық бір жетістігі деп ондағы актерлердің орындаушылық шеберлігін айта аламыз. Әсіресе, бастан-аяқ сюжеттік линияны өз мойнына алған Ричард Уиллиді сомдаған актер Мақсат Сәбитовтың, оған сахналық серіктестік танытқан Джейн Уорзингтон роліндегі талантты актриса Аида Жантілеуованың, нағыз комедиялық кейіпкер Джордж Пигденді кейіптеген Ербол Садырбайдың ойындары нанымды һәм жоғары деңгейде. Екінші құрамдағы Джейн ролінде актриса Динара Абдуллинаға кей тұста шеберлік жетіспеді.

Әр қойылымның сүйікті аудиториясы бар. Режиссер Е.Қаулановтың сахналауындағы спектакль де өз көрерменін табары сөзсіз. «Таяқтың екі ұшы бар демекші», кей көрермендер спектакльдегі күлкілі сахналарды «анайы» санап, «белден төмен әзіл» деп бағаласа, енді бірі жай сергіп қайтпаққа таптырмас дүние дейді, ал біреулер үшін оның «биік өнер» болуы да ғажап емес.

Иә, кассалық спектакльдер қай-қай театр репертуарына болсын «ауадай қажет». Тіпті, онсыз «көрермен жинау мүмкін емес» деген пікір де қалыптасқан бүгінгі қазақ театрының басым бөлігінде. Бұл секілді спектакльдердің өндірушілері «бүгінгі күнгі көрермен сұранысы осындай» деген ақтау сөзді ту етуге көшуде. Әйткенмен, көрерменнің ығына жығылған театрдың көркемдік деңгейінің өсіп, оны өрге жетелеуі екіталай. Оның үстіне, ғылым мен техника жарыса дамыған заманда көрермен талғамы турасында бұлай асығыс пікір жасамаған жөн. Керісінше, бүгін – көрерменді таңқалдыру қиынға соғатын кезең.

Еңселі театрлардағы спектакльдердегі көркемдік деңгейдің төмендігі облыстық, аймақтық театрлармен дәрежелес болмақ десек, екі тарап та (академиялық және облыстық) бұл сөзімізге назданып қалатын болар. Әйтсе де, айтпасқа, жазбасқа тағы болмайды. Басқалардың жөні бір басқа, театртанушылар оған көзін жұмып қарай алмайтыны тағы бар. Қайтпек керек? Ол біздің парыз. Тек оған аяқтан шалу не сыншылардың бірбеткейлігі деп қарамай, нағыз жанашырлық деп қана қабылдаса екен Олар.

5 Қазан 2019
258
0
0