«Апан» фильмі жанрын ақтай алды ма?

Көңілді де ырғақты әсем әндерімен халықтың жүрегіне жол тапқан Бүркіт (Айбек Жансейітов) өзін кино саласында да сынап көрмек. Иә, ол енді әншілікпен қатар режиссерлікті және продюсерлікті алып жүрмек.

Мақпал Бақыт

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотану,  II курс


 

Фильмнің алғашқы көрсетілімі қараша айының 30 күні Алматы қаласының «Esentai Mall» орталығында өткізілді.

Фильм желісі Қазақстанның көркем де әсем жері – Көкшенің көк тауларынан бастау алады. Көкшетаудың қалың орманына қаланың у-шуынан демалу үшін үй жалдап, көңілдері таң-тамаша болып келген достар алдарында нендей сұм жайттар тұрғанынан бейхабар еді... Араларында  арабада отыратын қызы бар ерлі-зайыпты отбасы да бар-тын. Міне, фильмнің ең шытырман сәті де осыдан басталады. Арбада отырған қамқорсыз жеткіншекті еш алаңсыз қалдырып кеткен ата-ананың аңғарлығын пайдаланған бөтен екі еркек қыздың мойынына пышақ тақап, қорқытып, өздерімен алып кіреді. Осы кадрдан бастап фильм реңі тұтас сұр түске боялады. Демалуға келген жастардың әрқайсысы өмірімен кез келген сәтте қош айтысарын білгендей күй кешеді. Себебі, келген екі еркек достардың аяқ-қолдарын байлап, ұялы телефондарымен қоса банк карталарын да алып қояды. Дегенмен, қалайда құтылу керек. Бәрінің өмір сүргісі келеді. Бірі жылап, бірі амал жасау жолында жараланып, бірі ашу-ызасы ішіне сыймай бағуда. Осы ретте «Келген екі еркек кім?», «Оларға танымайтын жандардан не керек?» деген сауалдар көрермен ойына еріксіз келеді.

Көп күттірместен шындық ақырындап тесіктен өзі сығалай бастайды. Флешбек арқылы қолында мылтығы бар Бек есімді кейіпкер (Жан Байжанбаев)  орман ішінде қасқырлардан қашып келе жатып, бір үңгірге құлап кеткенін көреміз. Бек үңгірде жатып, қойнынан матаға ілінген бірнеше бағалы әшекей-бұйымдарды шығарады. Сол баяғы теріс жолда жүрген адамзат баласының дүние құмарлығы. Соңында голливудтық сценарий заңдылығына сай, жағымсыз кейіпкерлер өліп, жағымдылар әділдікті үстем етеді. Алайда, арбаға таңылған өрімдей қызды режиссер анасынан айырады...

Фильмдегі бой көрсеткен жас актерлердің  біразының дебюттік рөлі болғанымен, шынайы образға кіріп, нанымды сомдап шықты. Әрине бәрі деп айта алмаймыз. Татарин есімді зұлым кейіпкері үрейдің орнына күлкі үйіре берді. Оған қоса фильмдегі қазақ қыздарының ашық-шашық киімде жүруі де көрермен көңіліне кірбің ұялатқандай болды.

Бұркіт өзінің бұрыннан кино түсіруді армандап,  триллер жанры жанына жақын екенін, сценарийін шет елде демалып жатқан кезде жазғанымен бөлісті. Сонымен қатар, фильм желісінде көліктердің жарыса-соғыса айдауын көреміз. Бұл ретте режиссер каскадерлердің жұмысын жоғары бағалап, шынайы болғанын айта кетті. Фильмнің жасалуына 300 мың АҚШ доллары кеткенін де қоса кетейік.

Қазақ киносының қоржынына триллер жанрында тың дүние қосқан әнші Бүркіттің тырнақалды туындысын қалың көрермен сын садақтарымен атпай, фильмнің артында ерен еңбек тұрғанын ескере отырып,  оң бағасын берер деген ойдамыз.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет