Нұрлан Қилыбаевтың образды шешу ерекшелігі

Қазақстан бейнелеу өнеріндегі кескіндеме шығармаларымен танылған ерекше тұлға Қилыбаев Нұрлан Аталықұлы Талдықорған облысы, Үштөбе қаласы, Қаратау ауданында 1969 жылы 18-ші наурызда дүниеге келген. Қазіргі таңда Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Дарын» сыйлығының лауреаты. Қазақстан өнерінде еңбек сіңірген қайраткер. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университетінде «Кескіндеме» кафедрасының доценті.

Нұрлан Қилыбаев, "Бесік жыры"

Еркеназ Жұмағұл

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, этноөнертану, II курс



Қазақстан бейнелеу өнеріндегі кескіндеме шығармаларымен танылған ерекше тұлға Қилыбаев Нұрлан Аталықұлы Талдықорған облысы, Үштөбе қаласы, Қаратау ауданында 1969 жылы 18-ші наурызда дүниеге келген. Қазіргі таңда Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Дарын» сыйлығының лауреаты. Қазақстан өнерінде еңбек сіңірген қайраткер. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университетінде «Кескіндеме» кафедрасының доценті.

Кескіндеме, кескіндеу өнері – бейнелеу өнерінің бір саласы, белгілі бір заттың бетіне (кенеп, ағаш, қағаз т.б.) бояу арқылы салынатын көркем шығармалар атауы. Кескіндеме заттың сыр – сипатын, нәрсе мен кеңістіктің қарым – қатынасын сәуле мен көлеңкенің құлпырымын үндестіре бейнелейтін көркемдік және танымдық қуатымен ерекшеленеді. Ол көрерменнің сезіміне, ойына әсер ету арқылы эстетикалық ләззат береді. Кескіндеме туындылары жеке бір тұлғаны, дара көріністі бейнелеп қана қоймай, күрделі сюжетке, оқиғаларға құрылған шытырман соқтығыстарды да бейнелеп, олардың мәнін ашады.

Бейнелеу өнерінің саңлағы Нұрлан Қилыбаевтың шығармаларының басым көпшілігі әйел образына арналған. Қазақ халқы қашанда қыз баланы қонағындай қадірлеген. Сондай - ақ қыз балаға тән биязылықты: «Фариза», «Келін», «Бесік жыры», «Бопай», «Аягөз» сынды туындыларынан байқауға болады. Суретшіні қызықтыратын нәрсе – қазақтың тұрмыс - салты ғана емес, сол әдет - ғұрыптың сақталуы, дәлірек айтсақ, соның сақталу себептері. Нұрлан Қилыбаевтың ұлттық тақырыпта жызылған шығармалары қашанда үлкен сұранысқа ие. Қазіргі таңда қазақтың ұлттық киімдері мен әшекей бұйымдары қолданыстан шығып қалған, дегенмен де осындай туындылар арқылы жас буын өкілдеріне танып білу оңай деп ойлаймын.

Нұрлан Қилыбев өзінің бір сұхбатында былай деген: «Анар ұстаған қыз туралы айтатын болсам, ол менің өзімнің шәкіртім. Мен адамды алыстан іздемеймін, «Інжіл» мәтінінде кездесетін және «Евадағы», Еваның еліктіргіш қасиетін бергім келді. Қолындағы піскен анар, бойжетіп есейгеннің белгісі. Жаңа туындыға кірісу үшін  алдымен қазақтың қолданбалы сәндік өнерін бір шолып шығамын. Шығармашылығымның басым бөлігі адам образына арналғандықтан жансыз натураға ауысу маған қиынға түсті. Одан кейін бұл жанрды қолға алған емеспін, алғым да келмейді. Өлі пішіндер мені аса қызықтырмайды». - деген. Сондықтан да Нұрлан Қилыбаевтың негізгі натурасы – адам. Әйел бейнесінің көркемділігімен қатар, қазақтың мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, салт - дәстүрі мен киім үлгісін көркем бейнелей білген Нұрлан Қилыбаев, қазақи ою – өрнектер мен қатар киелі жануарлар мен араб иероглифтерін де көп қолданады.  Әйел образындағы туындыларын анықтап қарайтын болсақ, тек бет пішінін келтіру ғана емес сонымен қатар әшекей бұйымдарының элементтеріне аса мән беріп, және оны бейнелеу арқылы өзін зергер сезінген. Нұрлан Қилыбаветың жұмыстарының басым көпшілігінде өзінің шәкірттері бейнеленген.

2009 жылы «Тұмар сақ патшайымы» сынды қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын ұлы патшайымдарға арналған, сериялық топтамасының тұсауын кесті. Тек Қазақстанда ғана емес халықаралық дәрежедегі кескіндемеші. Бүгінгі  күнге дейін әлемнің бір қатар елдерінде, яғни Франция, Италия, Греция, Прага, Малайзия, Қытай мемлекеттерінде көрмелері қойылған болатын. 2008 жылы Англия мемлекетінде Лондон қаласында өткен «Кристи» аукционында, Қазақстанның атынан үш туындыны ұсынған болатын, және сол үш туындысы аукцион барысында сатылған. Әлемдік дәрежедегі аукциондарға түсу Нұрлан Қилыбаев үшін үлкен жетістіктерінің бірі болып саналады. 2016 жылы Қытай мемлекетінде болып, бір жыл сабақ берген.

Нұрлан Қилыбаевтың жұмыстарын, Густав Климттың жұмыстарына ұқсатып жатады. Климт Густав әлемге әйгілі Австрия қылқалам шебері. (1862 – 1918) Суретшінің алғашқы жұмыстары Климт жұмыстарына қатты ұқсас, өзінің айтуы бойынша бастапқыда  Климт жұмыстарының элементтерін өз жұмыстарында қолданған екен. Расымен де Қилыбаевтың ең алғашқы жұмыстарын қарайтын болсақ, Густав Климттың жұмыстарымен ұқсастығы бар. Сол сәтте Нұрлан Қилыбаевты қызықтырған бір сұрақ болды, ол: «Бұлардың да тәлім алған адамдары бар шығар!»- деген оймен олардың жұмыстарын қазбалай бастағанда, сол әйел образын олар Азия суретшілірінен  алған  болып шықты. Сол арқылы әйел образын жазу Европада емес Азияда бастау алғанына көз жеткізген.

Тек әйел бейнелері ғана емес, сонымен қатар қазақтың батыр жігіттеріне де көңіл бөлген. Киім үлгілері мен тұрмыс - салтына қарап шамамен XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген батырлар бейнесі бейнеленгенін байқауға болады. Қазақтың батырларын бейнелеуде, олардың образын толық аша білген. Әрқашан да өр мінезді, жаужүрек қалпынан таймаған ер азаматтар бейнесін көркем бейнелеген. Сол батырларымызды ел есіне салып тұратын туындыларды жазудың өзі үлкен мәртебе деп білемін.

Қазіргі таңда қазақтың салт - дәстүріне арналған туындылар өте көп, және «Нұрлан Қилыбаевтың жұмыстары несімен ерекшеленеді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Сонымен қатар көптеген суретшілердің туындыларынан қазақтың салт - дәстүрін жалпылама түрде көреміз, яғни қазақатардың ұлттық киімдері,  әшекей бұйымдары және тағыда басқа... Нұрлан Қилыбаетың жұмыстарынан да кездестіре аламыз, бірақ тереңдетілген түрде. Әр бір оюды бейнелеу арқылы оның мән мағынасына терең үңіліп, соны сезіне білудің өзі үлкен өнер. Туындыларының басым көпшілігін, соның ішінде әйел бейнесін шетелден келген қонақтар сатып алатын көрінеді. Себебі, Европада Шығыс әйелдері жоғарғы деңгейде бағаланады. Нұрлан Қилыбаевтың «Бопай» картинасы осы күнге дейын екі мәрте жазылған болатын, екеуін де шетелдік азаматтар сатып алған, және басқа да туындыларын қайта қайталауын сұрағандары да жетерлік. Бұл жердегі Бопай бейнесінде қазақтың соңғы ханы Кенесары ханның қарындасы Бопай Қасымқызы бейнеленген. Көпшілігі оны Абылхайыр ханның әйелімен шатастырып жатады. Жұмыстарының ерекшелігіне тағы да бір дәлел, Нұрлан Қилыбаев жұмыстарын әсемдеу барысында монета немесе фальга қолданып отырады. Мысалы: «Фариза» туындысының оң жақ бөлігінен монеталарды байқауға болады. Алыстан қарағанда 3D форматында көрінеді, бірақ жақындай келе ол жерде монеталардың қолданылғанын аңғаруға болады.  Ал «Аягөз» туындысында айды фальгамен әсемдеген, себебі жарық сәулелерімен шығармасы одан әрі көркемдене түседі. Иа қазіргі дамыған заманда монета, фальга, салафан секілді заттарды жұмыстарына қолданатын суретшілер де баршылық. Нұрлан Қилыбаетың олардан ерекшелігі ол монетаның үстінен бояу жағып 3D форматында беруі.

Нұрлан Қилыбаевтың туындыларының ішінен айрықша көзге түскені «Жеті қазына» шығармасы. Кескіндемеде басты тақырып ол - түс. Түстің Нұрлан Қилыбаев шығармасында алар орны ерекше. Түстердің үйлесімділігі мен қанықтығы көздің жауын алады. Колориттік шешіміне тоқталатын болсақ, әйел бейнелеріне қызыл мен сары түстерді, ал ер адам бейнелерінде көк пен сұрғылт түстерді көп қолданған. Н.Қилыбаев салған туындыларын басқалармен салыстыра келе өзгеше екенін байқаймыз. Себебі, ол жаңаша, ешкімге ұқсамайтын бағыт ұстанған суретші. Өзінің туындылары арқылы үнемі оқшауланып жүрген. Осы шығармасында да өзінің шәкірті Бота деген бойжеткенді бейнелеген. Картинаға сипаттама бере кететін болсам: Жеті қазына – қазақтың дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы Жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырады. Бірінші планда ер жігіт пен бойжеткен бейнелеген. Аңшылықтан келген еріне сусын ұсынған әйел бейнесі. Ал екінші планда қазақ халқының жеті қазынасы көрініс тапқан, яғни, жылқы, тазы, бүркіт. Шамамен Наурыз айы. Артқы фонда енді бүршік атып келе жатқан гүлдерді, ою - өрнектер арқылы бейнелеген. Ою – өрнектерге анықтап қарайтын болсақ, бұл жердегі ою – өрнектер Ахмет Яссауи қақпасында бейнеленген ою - өрнектерден алынған. Басындағы кимешегінен қыз баланың жаңа түскен келін емес екендігін аңғаруға болады. Кимешегіндегі ою – өрнектер өте көркем әрі көз тартарлық. Комзолындағы көк түс пен сары түсті керемет үйлестіре қолданған.

Байқап қарайтын болсақ берен мылтықтың орнына қанжар бейнеленген. Бұл жайлы автордың өзінен сұрағанымда: «Иа, мен ол жерде қанжарды бейнеледім. Жеті қазынаны қазанмен де бейнелеу әдісін көрген болатынмын, маған көп қойылатын сұрақтардың бірі, қанжарды бейнелеу себебім. Анықтап қарайтын болсақ қанжардың шетінде, оқтарды салатын кішкентай сауытша ілініп тұр, яғни, мен ол жерде берен мылтықты ұмыт қалдырған жоқпын»,- деп жауап қайтарған болатын.

«Фариза» шығармасын қарастыратын болсақ, ол жерде қазақ қызына тән нәзіктік сипатталады. Сондай - ақ «Фариза» туындасын Алматы қаласының аялдамаларынан, жанрнама плакаттарынан да көріп жүрміз. Көз қарасы мен саусақтарының майысып анар ұстауы керемет үйлесім тапқан. Басындағы қызыл орамалы қыздың көркін ашып, қолындағы әшекей бұйымдары қыздың бейнесін нәзік етіп көрсетеді. Картинаның колориттік шешімі бір – бірімен ғажайып үйлесім тапқан. Көз қарасынан өткірлікті байқаймыз, Шығыс қыздарына көбірек келеді. Кең маңдайлы етіп берген. Әшекей бұйымдарын бет әлпетіне келтіріп нәзік етіп бейнелеген. Осындай әшекей бұйымдарды XIX-XX ғасырға  жатқыза аламыз.  Бейнелеу өнеріне өзінің зор үлесін қоса білген қылқалам шеберінің бұл туындысы портрет жанрында жазылған. Өзінің шәкіртін бейнелеген. Жалпы картинадағы кейіпкерді үлкен форматта берген. Суретші өзінің шәкіртін ерекше болмыста халыққа жеткізе білді. Олай айтуымның себебі, киім үлгісі, сәнді әшекей бұйымдары және де түстік үйлесімінің арқасында. Түске тоқтала кетер болсақ, қою түстер өте сирек кездеседі. Қызыл түстің қанықтығы картинаға қараған сәтте бірден көзге түседі.  Артқы аясының көгілдір түсі арудың орамалына өзіндік әсер беріп тұр. Сондай - ақ, көгілдір түсті көздерінен де байқай аламыз. Суретші өзінің  бұл туындысында мейірімді қыз бейнесінде қаһарлы, суық көздерді бейнелей білген. Туындыдағы түстердің бір - бірімен үйлесе орын табуы қылқалам шеберінің түске ерекше көңіл бөлгенін білдіреді.

Қорытындылай келе тарихи тауындаларды жазатынына қарамастан Нұрлан Қилыбаевты заманауи суретші деп айтуға болады, түрлі техника мен материалдарды қамтуға тырысады. Әр түрлі жанрларды араластыра отырып өзінің керемет туындаларына терең ой сала білген бірден – бір қылқалам шебері. Осы заман мен өткен тарихымызды ұштастыра, мән мағынаға толы туынды шығармаларын жазудан жалыққан емес.

Туындылары:

«Фариза», «Жеті Қазына», «Жорық», «Келін», «Ықылас», «Бесік жыры», «Аягөз», «Хан», «Кездесу», «Өмір ағашы», «Бота көз», «Сұңқар», «Арлан», «Сардар», «Қалыңдық», «Түс», «Мерген», «Массагет», «Анюта», «Храм», «Мост», «Чаочжоу», «Чаочжоу көшелері», «Бопай», «Тұмар», «Елім – ай»

10 Желтоқсан 2017
397
1
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет