Кескіндемедегі Жамбыл бейнесі

Жыр алыбы Жамбылдың тұдғасын көптеген Қазақстандық кескіндемешілер жазды. Атап айтатын болсақ: Александр Риттих, Әбілхан Қастеев, Тоққожа Қожағұлов, Жұмақын Қайранбаев, т.б. Осы қылқалам шеберлерінің ішінен Александр Риттихтің, Әбілхан Қастеевтің, Тоққожа Қожағұловтың шығармаларын қарастырсақ.

Талант Сарсақанов

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, этноөнертану, II курс



Адам баласы табиғатынан өзінің көңіл-күйін, ішкі тебіренісін сыртқа шығарғанды қалайды. Сол бір қасиетінің арқасында жаңа бағыт – өнер саласын ашты. Алауыртқан ойларын, албырт сезімдерін өнер арқылы шығару, білдіру тірі пендеге таңсық іс емес. Сонау заманнан бері дамып келе жатқан өнер түрлерінің бірі – бейнелеу өнері. Айналасынан көрген-білгенін алғашында тасқа қашап, бояп қалдырған саналы тіршілік иелері, кейіннен бұл өнерді дамытып, бүгінгі күні жоғарғы деңгейге көтерді.

Бейнелеу өнерінің кескіндеме саласында еңбек еткен, еңбектеніп жатқан суретшілер өте көп. Сол кескіндемешілердің арқасында тарихта аты қалған талай тарлан тұлғаларымыздың образдары дүниеге келді. Сондай бір саңлақтардың бірі – ұлы ақын, жырау, жыршы Жамбыл Жабайұлы.

Жыр алыбы Жамбылдың тұлғасын көптеген Қазақстандық кескіндемешілер жазды. Атап айтатын болсақ: Александр Риттих, Әбілхан Қастеев, Тоққожа Қожағұлов, Жұмақын Қайранбаев,  т.б. Осы қылқалам шеберлерінің ішінен Александр Риттихтің, Әбілхан Қастеевтің, Тоққожа Қожағұловтың шығармаларын қарастырсақ.

А.А.Риттих өмірі мен шығармашылығындағы  «Жамбыл бейнесі»

Советтік сəулетші, суретші жəне педагог– Александр Александрович Риттих 1889 жылы Мəскеуде дүниеге келген. 1933 жылы Қазақстанға көшіп келді. Мәскеу гимназиясын бітірген, Мәскеу университетінің тарих және филология факультетінде оқыған. Вена өнер академиясында көркемдік білім алды. Кейіннен Мюнхен өнер академиясында оқиды, политехникалық институтта кескіндеме өнерімен архитектураны біріктіріп зерттейді. Қазақстан суретшілер кеңесінің мүшесі болған.

А.А.Риттихтің «Жамбыл портреті»картинасына тоқталып өтсек. Бұл туындыда Жамбыл бейнесі динамикалы шешім тапқан. Үстіне сары шапанын киген Жәкең оң жаққа қарап отыр. Қабағын күйбең тіршіліктің уайымы, өткенінің естеліктері, тұңғиық ой басқан ол, әлденеге елеңдеген іспетті. Алатаудың ақша қарындай аппақ сақалы асау тағдырының, арынды өмірінің куәсі ретінде төмен салбырап тұрғандай. Жамбылдың қатпарлы әжімдері талай тарлан тарихты бойына сіңірген іспетті. Басында бөрік, қолында қазақтың қасиетті қара домбырасы. Сол қолымен аққу үнді домбыраның мойнын ұстап, оң қолымен қос ішекті қағып жатқан тұлғасы бейнеленген. Ол көк жамылғы жабылған төсектің үстінде отыр. Артқы фонда үйдің сұрғылт қабырғасы кескінделген. Көркем шығарма кенепке майлы бояу жағу арқылы жазылған. Картина портрет жанрында орындалған. Аталған туындыны дүниеге алып келмей тұрып, Александр Риттих арнайы барып, Жамбылдың киген киім-кешектерін, қолданған заттарын көрген екен.

Ә.Қастеев өмірі мен шығармашылығындағы «Жамбыл бейнесі»

Қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі – Әбілхан Қастеев 1904 жылы дүние есігін ашқан. Туып-өскен жері  – Алматы облысына қарасты Жаркент төңірегі. 1973 жылы Алматы қаласында  дүниеден озды. Қазақстанның халық суретшісі. Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945-1956).«Колхоздағы сүт фермасы», «Мақта жинау», «Колхоздың тойы», «Қызды еріксіз әкету», «Сатып алынған қалыңдық», «Алтын астық», «Ақсай карьері», «Медеу мұз айдыны», «Түрксіб», «Талас жағалауы», «Қапшағай даласы», сонымен қатар Кенесары Қасымұлы, Абай, Шоқан Уәлиханов, Жамбылдың портреттері ерекше танымал болып табылатын туындылары мен «Амангелді Иманов» портреті сияқты танымал суреттері бар.

Әбілхан Қастеевтің «Халық ақыны Жамбылдың портреті» шығармасында Жамбыл малдас құрып отырған қалпында кескінделген. Басына жасыл бөрік, үстіне сары шапанның сыртынан жасыл шапан киген атамыз, назарын сол жаққа аударған. Қолына өзінің «Жамбыл домбыра» деген атаумен тарап кеткен сырласын ұстап, шертіп отыр. Аққаладай аппақ, сапсиған сақалдары да оның дара тұлға болғандығын айғақтап тұрғандай. Домбырасын күмбірлетіп шертіп, терең ойға батып, қиялға ерік бергендей. Қария балауса балалық шағын, қайратты, жалындаған жастық шағын есіне түсіріп отырған іспетті. Текемет үстінде отырған Жамбылдың ақсақал болған шағы әспеттелген. Артқы аяда киіз үй іші: кереге, сандықтар, көрпе-жастықтар бейнеленген. Туынды 1937 жылы кенеп бетіне майлы бояу жағу арқылы орындалған. Көркем шығарманың авторы Жамбылды қазақи атмосферада айшықтаған.

Т.Қожағұлов өмірі мен шығармашылығындағы «Жамбыл бейнесі»

Тоққожа Мұқажанұлы Қожағұлов 1962 жылы 1 қаңтарда Алматы облысы Нарынқол ауданы Жамбыл ауылында туған. Абай атындағы ҚазҰПУ Өнер, мәдениет және спорт институтының шығармашылық мамандықтар кафедрасының меңгерушісі. Ғалым, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры (2004), педагогика ғылымдарының кандидаты (2007), ҚР Көркем академиясының корреспондент мүшесі (2008), ҚР Суретшілер одағының мүшесі (1995) болған, 1998 «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды.

Оның «Жамбыл қызырлы қызыл жолбарысымен» атты шығармасында жыр алыбы негізгі планда алынған. Үстінде қоңыр костюмінің сыртынан киген сары шапаны, қара шалбары бейнеленген. Қолына қоңыр сазды домбырасын алып қоңыраулатып отыр. Назары ортаға, яғни көрерменге ауған. Ақша сақалы алқымына дейін жеткен Жамбыл сахна төрінде отыр. Көркем шығарманың сол жақ бөлігінде жолбарыс кескінделген. Ол құдды бір көктен жерге түсіп келе жатқандай. Ал оң жақ бөлігінде қызыл перде көрініс тапқан. Артқы аяда кең даладағы бұқара халық, қазықтай қадалған таулар, көк аспан, көк аспандағы ақша бұлттар кескінделген. Көкте киіз үйдің шаңырағының бейнесі орын алған. Картина абстрактілі ой негізінде дүниеге келген. Себебі, қиял кеңістігі анық байқалады. Автор осы әрекеті арқылы Жамбыл мәңгілік деген ойды айтқысы келген сияқты. Тоққожа Қожағұлов Жамбыл атамыз бейнеленген бұл туындыны 1996 жылы, кенепке майлы бояу жағу әдісімен жазған. Картина портрет жанрында орындалған. Қызырлы қызыл жолбарыс аңыз емес, шындық. Ақынның айтуы бойынша бұл жолбарыс оның өзіне ғана көрінеді екен. Аттың үстінде кетіп бара жатқанда иттің бейнесінде, көлікте кетіп бара жатқанда аспандағы бұлттар бейнесінде көрінетін болған. Жамбылдың жанына жолбарыс келіп жантайғанда оған шабыт келіп, домбырасын қолына алып, гуілдетіп өлең шығара бастаған және шығарған өлеңдерін ұмытпай, есінде сақтап отырған екен.

Қорыта келгенде Жамбыл Жабайұлының образын кескіндемешілер әр түрлі көзқараста көрген шешімге келдім. Себебі, Александр Риттих Жамбылды жер үйдің ішінде бейнелеген. Ол Жамбыл бейнесін кеңестер билігі тұсындағы ақын ретінде жазған. Ал, Әбілхан Қастеев жыр алыбын қазақи кеңістікте, киіз үй ішінде кекескіндеген. Тоққожа Қожағұлов болса, ақын және оның шабыты туралы, қиял кеңістігінде жұмыс жасаған. Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, әр суретші Жамбыл образын түрліше бейнелейді. Аталған кескіндемешілер шығармаларының барлығында Жамбыл бейнесі динамикалы берілген, және өзінің ажырамыс аспабымен әспеттелген. Алайда олардың ортақ ойы, Жамбыл образының феномені ретінде «Ақын – Жамбыл» бейнесі негізгі шешім болып табылған.

15 Желтоқсан 2017
270
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет