Баян Алагөзованың арманы

Қазақ телехикаясы 26 жастағы жас режиссер Дархан Сәркеновтың туындысымен толықты. Басты Қозы Көрпеш рөлінде – «Алау» тобының әншісі Ержан Мұқатаев, Баян – «Қазақ аруы» сериалымен көпшілікке танылған Гүлзада Тұрлаш.

Ақмарал Айтбаева

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотеледраматургия, II курс


Бүгін, желтоқсан айының жиырма үшінші жұлдызы Esentai Mall ойын-сауық кешені кинозалында «Қазақстан» телеарнасының тапсырысы бойынша «Esentai production» таспалаған «Қозы-Көрпеш Баян Сұлу» көпсериялы телехикаяның тұсаукесері өтті. Кеш шымылдығын «Кешью» тобының фильм саундтрегі «Махаббат баяны» әні  мен фильм  тизері ашты. Қазақ кино өнері мен телевизия саласының майталмандары бас қосқан жиында «Қазақстан» телеканалының басшысы Ерлан Қарин сөз тізгінін алып,  Ұлттық арна тынысынан хабар беріп, телехикая желтоқсанның жиырма бесі күні көрерменге жол тартатынын хабарлады. Қазақ телехикаясының саны мен сапасын өсіру жолында  жасалған тағы бір қадамдарына себепші болған экс-Есентаеваның Алагөзова болғалы жасаған алғашқы топтық жұмысына алғыс айта отырып,  микрофон кезегін ұсынды. Баян Мақсатқызы түсірілімнің қиын-қызық кезеңдерінен сыр шертіп, өзінің көптен ойлаған арманы осындай тарихи телесериал түсіру екенін атап өтті де, көрермен назарын телехикаяның бірінші бөліміне бағыттады.

Сонымен, қазақ телехикаясы 26 жастағы жас режиссер Дархан Сәркеновтың туындысымен толықты. Басты  Қозы Көрпеш рөлінде  – «Алау» тобының әншісі Ержан Мұқатаев, Баян – «Қазақ аруы» сериалымен көпшілікке танылған Гүлзада Тұрлаш.

«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» - XII-XIV ғасырларда туған қазақ халқының лиро-эпостық жыры. Қосыла алмаған ғашықтар Қозы мен Баянның трагедиясы. Идеясы шын ғашықтар қосылса екен деген халықтың арман-тілегінен туған. Жырдың жиырмадан аса нұсқасы болса да, алғаш сахнаға пішімдеген Ғ.Мүсірепов болатын. Ол 1940 жылы 29 сәуірде бүгінгі М.Әуезов атындағы драма театрында сахналанды. Бүгінге дейін бірнеше рет экрандалып та үлгерді. Дәйекке «Қазақфильм» киностудиясы мен А.Әшімовтың 1992 жылғы адаптацияларын келтіре аламыз. Әлі күнге дейін бірегей театр сахналары мен экраннан түспеген дастан желісіндегі туындылар қатары, міне, бүгін де толықты.

Лиро-эпостық поэманы киносценарий қалпына салған – драматург Әннәс Бағдат. Бірінші сериядан-ақ кәсіби сценарийст жұмысының лебі еседі. Өте сапалы жасалған.  Алайда, аузындағы сөзі мен көп тұста ісі үйлесім таппай жатқан актерлерге кәсібилік жетіңкіремей тұрғандай. Көрермен Гүлзада Тұрлаштан жырдағы Баянға тән бейнені таппаса, өз басым каскадерлікті аса қажет етіп тұрған Қозы рөліне кәсібиліктен бөлек, шайқас өнерін де меңгерген маман қажеттілігін айтқым келеді. Дегенмен де, Қарабай, Қодар, Баянның құрбысы Талшын рөлдері бірінші бөлімнен-ақ көрерменді өзіне тартып әкетті.  Актерлік ойындары мен қоса бейнелері де рөлдерімен керемет үйлесім тапқан.

Тағы да ерекше атап өтерлік дүние – фильм түсірілген Асы жайлауы, ондағы ауылды бейнелейтін арнайы салынған декорациялар. Ауқымды, әдемі, анық. 

Жалпы, жоба өте қолдарлық дүние. Біріншіден, өте аз тарихи фильмдер қатарын толықтырса, екіншіден, бүгінде қазақ экранын жаулаған түрік, үнді сериалдары ересектерге жай ғана ермек болса, ал ұрпағымыз үшін тәрбие көзі. Бұл жаппай жайпаған ұзын-сонар телехикаялар ұрпақ тәрбиесін, олардың ойлауы мен мінезін бұзушы арзанқол дүниелер. Айта-айта жауыр болған сөзден бүгін іске көшкен секілдіміз. Қарапайым көрермен түйсігіне қонымды, жеңіл, жеңіл де болса астарлы ойы, идеясы бар туынды болары бүгінгі қарасынан-ақ байқалды. Шығармашылық ұжымға алғысымызды айта отырып, алдағы уақыттан тың туынды күтіп қаламыз.

22 Желтоқсан 2017
486
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет