«Кардиограмма» немесе өмір мектебінің алғашқы сабақтары

"Кардиограмма" /1995/

Әлімақын Жанболат

кинотанушы

Т.Жүргенов атындағы ҚазақҰӨА

"Кино тарихы мен теориясы" кафедрасының оқытушысы


1995 жылы белгілі кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиогармма» атты кинокартинасы экранға шыққан болатын. Туынды бір қарағанда 90 жылдардағы жасөспірім балалардың өмірін көрсеткенімен, анығында бұл балаларға арналған деуден гөрі балалық шақ туралы фильм деуге әбден лайық дүние еді. Қазақ киносы үшін мүлде жаңа формадағы экрандық шығармалар туындап жатқан сол жылдары «Кардиограмманың» түсірілуі ұлттық кинорежиссураның иқуатын, деңгейін жаңа өреге алып шыққан кезекті құбылыс болды.

Картина еуропалық киносүйер орта үшін де жаңалығы бар фильм ретінде қабылданды. Тіпті Париж кинотеатрларында «Кардиограмма» прокатта жүрді. Егер картинада күрделі оқиғалар болғандай сезінсеңіз қателесесіз. Сюжет бойынша Қызылорданың шалғай ауылында тұратын жасөспірім бала Алматыдағы санаторияға бір айға дем алуға келеді. Ол бұл ортаға тез үйреніп кете алмай қиналады. Өйткені орыс тілін білмейтін Жасұлан бұған дейін ауылдан алысқа ұзап шықпаған бала-тын. Жаңа ортадағы күндер ол үшін өмір метебінің алғашқы «заңдарын» үйретеді. Фильм бас кейіпкердің санаториядан қашып кетуімен аяқталады.

Біздің сөз етіп отырғанымыз қазақстандағы авторлық киноның дамуына, әсіресе тәуелсіздіктен кейінгі кино өнерінің беталысына әсер еткен тұлғалардың бірі Д.Өмірбаевтің фильмдер ретроспективасына орай, 7 ақпан күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында көрсетілген кезекті фильм – «Кардиограмма» туралы еді. Көрсетілім алдындағы кіріспе сөзінде режиссер аталған фильмде өзінің балалық шағымен байланысты дүниелер көп екенін тілге тиек етті. «Фильмнің атауын бастабында сығалау сөзімен байланысты мағынада қойғым келеген, себебі бас кейіпкер айналасын үнемі бақылаумен болады. Жалпы кинорежиссердың өзі сығалаушы. Ол жан-жағындағы әдемі кадрларды, жақсы атмосфераны түсіріп алу үшін аңдып жүреді», – деді Өмірбаев фильмнен кейінгі көрермен сұрағына жауап беріп жатып.

Дәрежан Өмірбаев

«Мен Робер Брессонның фильмдері арқылы кино өнерінің театрмен ешқандай қатысы жоқ екенін байқадым. Ол кісі маған соны дәлелдеді. Мен Брессонды өнердегі ұстазым санаймын. Мүмкін сол үшін де, менің фильмдерімде Брессон кинематографының әсері болған шығар»,–дейді киногер. Өнердегі өзара сілтеме, бейсаналды әсер мен көшірме туралы кеш модераторы Алма Айдардың сұрағына режиссердың жауабы да өте тұшымды берілгендей: «Егерде фильмдегі негізгі айтар ой өзіңдікі болса, оған өзге дүниелерден сілтемелер алуға болады. Бұл автордың ішкі деңгейіне байланысты дүние. Ал өз көзқарасы жоқ режиссер да әр жерден құрап бірдеңе жасап жасап шығуы мүмкін. Бірақ ол оныкі емес. Бұнымен алысқа бару қиын. Әрі кеткенде бір фильммен шектелесің»,– деп кесетті кештің бас кейіпкері.

Қазақстандағы кинотану мектебінің негізін қалаушы, белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербек Д.Өмірбаев фильмдерінің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ұлт өмірінің таспаға өнер формасында түскен тарихы екендігін айта келіп, оның жыл өткен сайын құндылығы арта беретініне, кинематографиялық мұрағат деңгейіне дейін көтерілетініне сенім білдіре отырып маңызды баға берген екен. Көрсетілімдік кешке арнайы қатысқан Өнертану докторы (PhD), С.Демирел атындағы университеттің қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков «Кардиограммаға» өз пікірін білдірді. «Маған Д.Өмірбаевтың шығармашылығынан, әсіресе, жаныма жақын үш фильмді атағым келеді. Олар «Қайрат», «Кардиограмма» және «Киллер». Бұл фильмдер бізге Қазақстанның 90 жылдарын түсіндіреді. Ол кезең біздің балалық шағымызғаа түспа-түс келтін қиын кезеңді, бір дәуірді көрсетеді. Сол үшін де жаныма жақын. «Кардиограмма» 90 жылдардағы ауыл баласының, оның қалаға келуін, тілдік проблемаларды, балалар арасындағы қарым-қатынастарды сәтті көрсетеді. Жасұланның үлкен әйелге ғашық болуы оның анасына деген махаббатпен де байланысты болуы мүмкін. Әрине, мен атап отырған осы фильмдер уақыт өте келе, әсіресе әлеуметтанушылық тұрғысында жоғары бағасын алады деген ойдамын»,–деп қортындылады ғалым сөзін.

«Кардиограмманың» тағы бір ерекшелігі кейіпкерлер екі тілде (орыс және қазақ) қатар сөйлейді. Режиисер бұл туралы да «Мүмкін осы шешім фильмнің бір жаңалығы болар. Шын өмірде де біз екі тілде қатар сөйлейміз. Бұл біздің артықшылығымыз деп білем», - деп ойын сабақтай келе, нағыз өнер ешқашанда халыққа арнап жасаймын деген ниеттен туындамайтынын, керісінше, өз мүмкіндігің мен еңбегіңнің нәтижесі ғана екендігін нанымды дәлелдеп берді.

Кездесу барысында режиссер бұдан тыс қазақ киносындағы өздерінен кейінгі жас режиссерлер жайлі, «Кардиограммадағы» өз өмірімен байланысты көріністердің тархы туралы, фильмге актер таңдаудың сырлары жайлы т.б. көптеген қазақты ойларымен, көзқарастарымен бөлісті. Әсіресе кино саласы бойынша түрлі бағытта маманданып жатқан студенттер үшін бұл келелі кездесу болды.

Д.Өмірбаевтың 60 жас мерейтойына орай «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасы және «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубы ұйымдастырып отырған ретроспектива осыдан үш апта бұрын басталған болатын. Көрсетілімдер наурыз айының ортасына дейін жалғасады.

https://www.youtube.com/watch?v=uyVR43wKK4g

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет