«Аққулар ұйықтағанда» спектаклінің премьерасы

Ақпан айының 9-шы жұлдызында Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында «Аққулар ұйықтағанда» драмасының премьерасы болды.

Ақмарал Мұқтар

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану, II курс


Ақпан айының  9-шы  жұлдызында Ғабит  Мүсірепов атындағы академиялық  балалар  мен жасөспірімдер  театрының сахнасында «Аққулар  ұйықтағанда»  драмасының премьерасы болды. Бұл  қойылымның авторы – жазушы,  драматург Нұрғали Ораз, ал   режиссері – Ержан  Қауланов. Спектакль қазақ халқының  лирик  ақыны Мұқағали  Мақатаевтың туған күніне орай арнайы қойылды. Көпшілік қауымға бұл спектакльдің аты мен мазмұны ақынның поэмасы арқылы жақсы мәлім. Поэмада жалғыз баласын аман алып қалу үшін бәріне дайын ана мен Жетімкөлде жүзіп жүрген аққудың қасіреті жырланған.

Ал енді қойылымның өзіне келер болсақ, тақырыбы ұқсағанымен мазмұны мүлдем бөлек. Спектакльде қазіргі қоғамдағы жастардың хал-ахуалдары, заман ағымы мен уақыттың өтуіне қарай бойларындағы өзгерістер баяндалған. Толығырақ айта кетсек: жасанды түсік жасату, жас буынның өмірден түңіліп қиналуы және бар кінәні аға буын өкілдеріне артуы, үлкенге деген құрметтің азаюы, ақша тапшылығы мен ұрлық жасау сынды келеңсіз жәйттер қозғалған. Спектакльде жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты М.Мақатаевтің өлеңдері оқылып, көтеріліп отырған тақырыптың ашылуына айрықша ықпалын тигізді.

Поэмада жас бала мен айдын көлде жүзген аққудың жаны бірге үзілсе, ал қойылымның соңында аққу өз көліне оралып, шыр етіп дүние есігін ашқан сәбидің үнімен аяқталады.

Спектакльде театр сүйер қауымға белгілі актерлер ойнайды. Атап айтсақ, бойжеткен қыз Аяны – театрдың жас актрисасы Нұржамал Әбілқиясқызы, жас жігіт Арманды – Мерей  Әжібеков, қарт кісіні – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жомарт Зейнәбіл сынды артистер сомдайды. Ал, ақын М.Мақатаевтың өлеңдерін оқып, дыбыстаған – «Дарын»  мемлекеттік сыйлығының лауреаты Елдар Отарбаев.  Көпшілік сахнасында Қазақстанның халық артисі, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері – Роза Әшірбекова, актерлер Сүндет Бектау, Олжас Сақ, Анар Әділов, Нұргүл Мыңғатов, Рахат Халық, Диас Мырзахмет, Шыңғыс Жаңабай, Абзал Құралбай өнер көрсетті.

Премьерасы кеше ғана болған спектакльдің бүгінгі көрермендерге берері мол. Сондықтан да, алдағы уақытта актерлік құрам бұдан да жақсы деңгейде ойнап, көрермен көзайымына айналатынына сеніміміз мол.  

10 Ақпан 2018
352
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет