Айдын Жақыпбаев: Мамандығыңа махаббатың жоғалса, өнерде саған орын жоқ

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының артисі, «Еңлікгүл» сыйлығының иегері Айдын Жақыпбаевпен сұхбат

Сұхбаттасқан: Айжан Есенгелді

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Кинотану» ІІІ курс


Өнердің өр биігін бағындыру үшін артиске талантпен қатар қатаң талап та, ерен еңбек те қажет. Бойындағы бүкіл дарынды біріктіре отырып, он саусағымен қуыршақтарды қимылдатып,  миллиондаған адамды сендіруге жұмыс жасайтын бұл саланың артистері бағалауға тұрарлық. Осы ретте жаңа кейіпкерге жан бітіруде алдына жан салмайтын Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының артисі, «Еңлікгүл» сыйлығының иегері Айдын Жақыпбаевпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Қайырлы күн, Айдын аға! Сөзіміздің басын бұл мамандыққа қалай келгендігіңізден бастасақ.

Мен 1997-2000 жылдар аралығында Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде «Қуыршақ бөлімі» мамандығы бойынша білім алдым. Оқуды тәмамдаған уақыттан бастап, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында жұмыс жасап келемін. Бұл жерде сомдаған әрбір рөлің өз балаларың сияқты. Бірінен-бірін бөліп-жара алмайсың. Оларды сезініп, бар ынтаңды салып, ниеттеніп ойнамасаң, халықтың жүрегіне жетпейді де. Ал кәсібіңнің қыр-сырын жітік меңгермей, сомдалатын образдарыңа толық ене алмай, мамандығыңа деген махаббатың жоғалар болса, онда өнерде де саған орын жоқ деген сөз. Бұл менің таңдаған жолым болғандықтан, өмірімнің соңына дейін адал болуға серт бергенмін.

Сахнада бір емес, бірнеше адаммен жұмыс жасағандықтан, кейде келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктердің орын алары хақ. Ондай жағдайда өзіңізді қалай ұстайсыз?

Мұндай сәттер кез-келген ұжымның ішінде орын алуы мүмкін. Алайда, ақыл тоқтатып, ес жиған ересек адамдар ретінде сабырға келіп, ашуды ақылға жеңдіруге әркет жасаған жөн. Егер арада өзара сыйластық, түсіністік, адамгершілік болмаса, жасап жатқан істің бәрі бекер. Осы ретте әріптестерімізбен бір үйдің балаларындай бауырмал, ынтымақ, бірлігіміздің берік екенін мақтанышпен айта аламын.

Өзіңізбен өзіңіз тұңғиыққа батып, терең ойдың жетегінде кететін сәттер бола ма және ол кездегі сіздің әркетіңіз? Көңіліңізді қалай орнықтырасыз?

Әрине, мұндай сәттер, әсіресе, өнер иелерінің, шығармашылық адамдарының басында жиі болып тұратын құбылыс. Тіпті, сомдаған рөліңнен шыға алмай қалатын кездер болады. Қандай жағдай болмасын қиындықтың бәріне жеңіл қарап, әлсіздік танытпауға тырысу керек. Әр нәрсені жүрекке қабылдаудан, жалқаулыққа жақын болудан, еріншектікке ерік беруден іргемізді алыс ұстағанымыз абзал. Сүйікті ісінен жырақтамай, қызығушылығымен шұғылданып, кітап оқып, адами деңгейін көтерумен айналысқан адамның бос нәрселерді ойлауға да уақыты болмайды деп ойлаймын.

Бала тәрбиесіне, оның психикасына, қалыптасуына қуыршақ театры қаншалықты ықпал етеді?

«Алма – өскен ағашынан ұзап түспейді» дегендей, әрине, бала ата-анасына қарап бой түзейді. Алайда, енді ғана ақылы толысып келе жатқан бүлдіршіндерге қуыршақ қойылымдарының берер тәлімі мол. Балақайлар осында сахналанатын әрбір қойылымнан жақсы мен жаманды, мейірімділікті, өзгеге қол ұшын созуды, достыққа адал болуды үйрене алады. Ал  біз – оларды барынша қызықтыруға, жеңіл, түсінікті тілде түсіндіріп, ой-өрістерін дамытуға жұмыс жасаймыз. Жастайынан қуыршақ театрына келіп санасын жетілдірген балалардың, есейгенде драмалық қойылымдарға да қызығушылығының басым боларына кәміл сенемін.

Көрерменнің мәдениетіне көңіліңіз қаншалықты толады? Жалпы, біздің халықтың залдағы деңгейі қай дәрежеде?

Өте орынды сұрақ. Бір спектакльдің артында күні-түні тынбай, айлап дайындалатын қаншама артистің, шығармашылық топтың маңдай тері жатыр. Сахнаға зор ынтамен, ұзақ уақыт жұмсалған еңбекті алып шыққаннан кейін, соған лайық көрерменнің қошеметін күтесің. Алдыңда интеллекті жоғары, әділ бағалай алатын, мәдениетті адамдардың тамашалап отырғаны бір ғанибет. Жасыратыны жоқ, бұрындары залдан балаларын жетектеген орыс халқын көп көретін болсақ, қазір өзіміздің қазақ ұлтының көрермен саны күн санап артып келеді. Бұл – рухани байып, мәдениетіміздің биіктегенінің белгісі дер едім.

Көп адамдар қуыршақ театрын тек кішкентай балаларға арналған деген ой қалыптастырып алған. Осы ретте, ересек көрермендерге қандай спектакльдерді ұсынар едіңіз?

Иә, өкінішке орай, біздің қоғамда осындай қате түсініктегі адамдар көп кездеседі. Қазіргі таңда театр репертуарында көрермен назарына ұсынылып жүрген отыздан астам қойылымдар бар. Оның ішінде ересектерге арналған  былтырғы жылы ғана сахналанған «Ана жүрегі» (реж.: А.Зайцев) спектаклін ұсынар едім.  Сондай-ақ, Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына орай театр ұжымы дайындап жатқан «Ана-Жер Ана» (реж.: Д.Жұмабаева) қойылымы 28 ақпаннан бастап Мемлекеттік қуыршақ театрында көрерменге жол тартпақ. Қазір осы қойылымға қызу дайындық үстіндеміз. Бұл спектакльдің басқаларынан өзгешелігі – артистер кей кейіпкелерді өздері сомдаса, екіншілерін қуыршақ кейпінде алып шығып, қатар ойын көрсетеді. Мұны театр сахнасындағы жаңа леп, тың серпіліс деп айтар едім. Осы орайда, барша театр сүйер қауымды «Ана - Жер Ана» спектакліне шақырамыз! Рухани байып, санаңызды сергітіп қайтатындарыңыз анық.

Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңізге шығармашылық табыстар тілейміз! 

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет