Қазақ киносындағы ірі тұлғалар бейнесі

Тарихымыздың тұғырынан ойып тұрып орын алған тұлғаларымыз туралы әр қилы фильмдер түсіріп жатады. Мәселен: Ардақ Әмірқұловтың «Абай», Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай», Ефим Арон, Григорий Рошальдың «Абай әндері» фильмдері. Міне бүгінгі менің айтпағым осы фильмдердегі тұлғалар бейнесі.

Ғабиден Тұрықбаев "Абай" фильмінде Абай рөлінде

Абылай Нұрсұлтан

Қазақ ҰӨУ, кинотану III курс 


«Абай» фильмі. Сценарий авторлары: Мұхтар Әуезов, Лейла Ахинжанова, Серік Апрымов, Александр Баранов. Режиссері: Ардақ Әмірқұлов. Операторы: Хасанбек Қыдыралиев, Әубәкір Сүлеев.

XIX ғасырдың ойшылы саяси қайраткері Абай Құнанбаевтің 150 жылдығына арналып 1995 жылы  «Абай» фильмі түсірілді. Фильмге ақынның жастық шағы, медреседе оқып жүрген кездері, алғашқы өлең-жырлары мен өмірге қалыптаса бастаған азаматтық көзқарастары арқау етіп алынған. Суреткердің шебер қаламынан шыққан Абай бейнесі, оның өмір сүрген ортасы, әлеуметтік майданда қалыптасу ерекшеліктері, жастық шаққа жарасымды үміт-армандары, қасиеттерден жинақталған. Абайдың Тоғжанға деген сезімі, сол кезеңдегі жастардың махаббатынан  сыр шерткендей-ақ тамаша суреттелген. Фильм оқиғасы тарихи шығарма желісімен түсірілгендіктен де, жалпы көркемдік жинақтаудың ортақ заңдылықтарынан алшақтамайды. Абайдың сипаты оның айналасындағы адамдармен арақатынасы арқылы айқындалады. «Абай» фильмінің сюжеті ең алдымен  Құнанбай, Абай төңірегінде өрбиді. Фильм авторлары романдағы оқиға суреттемелерін экранға көшіруде екі кейіпкер ара­сында тең қашықтықта ұстайды. Фильмде мешіт, ыдыс-аяқтар, адамдардың ұлттық киім киістері Абай дәуірімен үндестік тапқандай. «Фильмнің аты дәл қойылмаған. Өйткені кинотуындыны Абай туралы емес, оның әкесі Құнанбай туралы ғой деген ойға қалады» - дейді Камал Смайылов. Десе де мен бұл пікірге келісе қоймаймын, себебі Абайдың жас кезі әкесімен тікелей байланысты. Нақтырақ айтқанда М. Әуезовтың шығармасында, Абайдың әкесіне деген көзқараста оның саясатына қарсы болады, уақыт келе әкесін түсінеді. Міне кинотуынды да осы екі кейіпкерлердің сол кезеңдегі сәттерінен құралған.

"Абай Әндері", Қалыбек Қуанышбаев Абай рөлінде

«Абай әндері» фильмі. Сценарий авторы: Мұқтар әуезов, Григорий Рошаль. Режиссері: Ефим Арон, Григорий Рошаль. Оператор: Галина Пышкова.

«Абай әндері» фильмі -1946 жылдары жарыққа шықты. Ол Абайдың халық арасында аты шығып, шығармашылығы мойындала бастаған шағынан дерек беретін бірден-бір алғашқы кинотуынды. Абай бейнесін Қалибек Қуанышбаев сомдауымен, Абайдың байсалды, ақылды, рухани  болмысы ашыла алды. Фильмнің негізі оқиғасы екі ғашық Ажар мен Айдар арасында өрбиді. Көрші ауылдың жесіріне ғашық болған Айдар, Ажарды алып қашу барысында қолға түседі. Екі руда екеуінің қосылуына қарсы болып, Айдарды жазаламақ болады. Дегенмен, Абай араға түсіп, бұл дау-дамайдың басын ашады. Өзінің даналық ойымен Айдарды ақтап алады. Осылайша фильмде Абайды адал махаббат арашасысы ретінде де көре аласың. Оның сол қоғамда достары мен қатар дұшпандары да аз емес. Осылардың қастандығынан дарынды шәкірті Айдар мерт болады. Фильмде өзге кейіпкерлер арқылы да Абайдың бейнесі ашылып отырды.

«Бұл фильм М.Әуезовтың сол кезде беріле жазып жүрген Абай жөніндегі эпопеяның бір үзігі, көрінісі секілді. Оған ұлы ақынның бейнесі толық көрінбеді деп кінәлауға болмайды.Ол бір фильмге ауыр жүк. Бірақ, Абай өмірінің басты оқиғалары мен бағыттарын көрсете алған. Абайдың ойшылдығын, ақындығын, халық қамқоры екендігін, озат ойлы адамдармен жақындығын, жаңаша жастармен бірге екенін суреттеген» -деп, Камал Смайлов өзінің үш томдық кітабында пікірін жазып өтеді. Расыменде, фильм ақынның тек белгілі бір кезеңі мен сол жас аралығындағы өмірін ғана қамтиды.

Осы аталып өткен екі фильм де қазақ қоғамы, сол кезеңдегі халықтың тұрмыс-тіршілігі мен ру аралық қарама-қайшылықтары шынайы кескінделген.  Абай өмірінің екі кезеңінен деректер көрсетеді. Ондағы тұлғамыздың бейнесі, шығармашылықтағы өмір бейнесі картинада беріліп отырды. Ғабиден Тұрықбаев, Қалибек Қуанышбаев тұлғамыздың бейнесін аша алды. «Абай» фильмі қазақ жаңа толқыны қатарына енсе, «Абай әндері» Қазақстанның дербес құрылған киностудиясының алғашқы кинотуындысы болып есептеледі.

«Құнанбай» фильмі 2015 жылы жарыққа шықты. Сценарий авторы: Досхан Жолжақсынов, Таласбек Әсемқұлов. Режиссері: Досхан Жолжақсынов. Оператор: Рифкат Ибрагимов.

Досхан Жолжақсынов "Құнанбай" фильмі

«Құнанбай» Құнанбай Өскенбайұлы туралы бұл фильм, Өскенбай қазасының бір жылдығынан бастау алады. Фильм бастауынан көрермендерді қызықтырып өтетіндей-ақ, марқұмға деген жоқтауды, қара жалаумен және ат жалынымен әдемі етіп көрсетті. Жалаңаш шыққан әйел, көпшілікке түсініксіз болды, бұл көрініс ешкімі жоқ жесірге, байлар табынан мүсіркетіп берілген түйе болатын. Мұқтар Әуезовтың «Абай жолы» романындағы Құнанбай бейнесі толық ашылмады, қаталдық пен өткірлік жетпегендей. Бірақ бұл режиссер Жолжақсыновтың Құнанбайды, жаңа басқа бір кейіпте көрсеткісі келгені болар. Болыс сұлтаны Құнанбай елдің қамын жеп, жұрт арасындағы дау-дамайды, ортақ талқылауға салып, шариғат бойынша шешуі, сол дәуірдегі қазақ болмысын, діннің кеңінен етек жайғандығын көрсетті. Қодар мен Қамқа өздерінің жақын қарым қатынаста болғандығын мойындайды. Екеуін өлімге кескен соң, мәйіті суымай-ақ Сарыбайдың, Қодардың иелігіндегі жерді сұрап келуі, екеуінің айыпты еместігін көрсетті. Расында «Абай жолы» романында екеуіне жала жауылып өлімге кесілген болатын. Екеуін өлімге кесуге үкім берген Құнанбай бұлақ басында шайынып отырып  Қодар мен Қамқа бейнесін бұлдыраған судан көреді, ол оның қателесіп, сол үшін мазасызданып, өкінгені сыңайлы. Фильмде мезгіл ауысуы, түсірілім алаңдары, қазақтың сұлу кең даласы, фильмді жандандырып тұрғандай. Фильмде қойылған музыка, түсірілім алаңы, актерлік кұрам жақсы таңдалынған. Құнанбай бейнесін сомдаған Досхан Жолжақсынов оны басқа қырынан көрсете алды.

Тұңғышбай Жаманқұлов "Абай" фильмі Құнанбай рөлінде

«Абай» және «Құнанбай» картинасындағы Құнанбай бейнесі салыстыра қарасақ, Құнанбайды екі сипатта  көреміз.  Тұңғышбай әл- Тарази сомдаған бейнелеуінде қатыгездік басым болды. Досхан Жолжақсыновтың сомдауында момынырақ болып келген. Бірақ бейнелер бір-бірінен тым қатты алшақталды десек қателесеміз. Діни көзқараста әділдік сипаты екі фильмдеде ұқсастықпен ашылып отырады.

28 Ақпан 2018
558
0
0