«Бойжеткен. Бәрі де сол үшін» фильмін жастар қалай қабылдады?

Режиссер Абдель Фифтибаевтың «Бойжеткен. Бәрі де сол үшін» атты тырнақалды туындысы қазақ көрерменіне жол тартты. Төменде кинотану мамандығының студенттерінің фильм жайлы түйген ойларын ұсынамыз.

Мөлдір Бектұрсын

 Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотану II курс

Бұл фильм 18-жасар Дэн (Ерболат Ержанов) мен Америкадан жазғы демалысқа  келген Анельдің (Алия Наурызбаева) бір-біріне деген кіршіксіз сезімдері жайлы баяндайды. Дэн­ ­­– ­әкесі сияқты өзінің жеке тобын құруды армандайтын әуесқой музыкант. Бос уақытын гитара ойнап, өлең шығарып, көшеде ән айту арқылы аз-маз табыс табумен өткізеді. Тағдырдың тоғысуымен Анельмен кездесіп, оған бір көргеннен ғашық болады.

Фильмнің осал тұсы ретінде актерлік ойынның нанымсыздығын айтуға болады. Алия Наурызбаева мен Ерболат Ержановтың кейіпкерлерінің арасындағы диалогтары бір-біріне кереғар, әсіре сілтеп эмоцияға берілген ойындары көрерменді сендіре алмады. Негізгі кейіпкерді сомдаушы актрисаның өзін-өзі экран алдында ұстауы,  сөз саптауы, кейіпкер табиғатын аша алмады. Cонымен қатар, қосалқы актерлердің де рөлдері үзік-үзік болып толыққанды ашылмаған. Мысал ретінде Дэннің анасының кім екені, Анельдің ата-анасының не себепті ажырасқаны ашылмай, көрерменге түсініксіз болып қала берді.

Дэннің досы Бағланның рөлін сомдаған Қуаныш Жылжақсыновтың кейіпкері ғана бейнесі толық ашылып, өзіне артылған рөлін шынайы алып шықты.

Фильмнің құлаққа жағымды әрі әсерлі таңдалған музыкасы кез келген көрерменге жағары сөзсіз. Десек те, фильмде қолданылған музыканың басым көпшілігі шетел тілінде болғаны түсініксіздеу болды.

Екі ғашықтың махаббат хикаясы арқылы отбасылық қарым-қатынас пен туған еліңнің ешқандай елге жетпейтінін көрсетуге тырысқан бұл фильмді 14-18 жас аралығындағы жасөспірім жылы қабылдайды деп сенімді айта аламыз.


                                     Мақпал Бақыт   

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотану, II курс

Фильм сюжеті ерекше деп айта алмаймыз: әлеуметтік теңсіздік, қарапайым көше баласының байдың қызына ғашық болуы. Жалпы айтқанда басты кейіпікерлеріміздің бір-біріне деген шынайы сүйспеншілігі туралы бейнеленген бұл картинаның негізгі кейіпкері танымал музыкант болуды армандайтын қарапайым жігіт.

Фильмге негіз болған өте қарапайым оқиға. Бүгінде бұл сынды қазақ кинематография саласын қолдап әрі дамыту-мыс үстінде түсіріліп жатқан фильмдер баршылық. Мәтіні мен мазмұны да көрерменге айтарлықтай ой сала қоймады. Фильм авторлары Алматының әсем бейнесін көрсетуге барынша тырысқан. Алайда, көрермен қауым түнгі Алматыны Көктөбенің көк баурайынан ғана байқай алды.

Фильмдегі актерлік ойынға тоқтала кетсек, басты рөлдегі кейіпкерлер бір-біріне жалпы болмысы, өмір сүру ұстанымдары қарама-қайшы. Мейлі сырт келбеті жағынан, мейлі мінездемелері арқылы да. Әсіресе, Анельді ойнаған Алия Наурызбаеваның актерлік ойыны нанымды шықпаған. Олай деуімізге актрисаның тым жасанды ойыны мен мұрнының астынан сөйлеген дикциясының нашарлығын айта аламыз.

Көрермен қиялындағы Анель нәзік, кішіпейіл, өмірлік мақсаттары айқын кейіпкер ретінде елестеген еді. Ал, Дэннің рөліндегі Ерболат Ержановтың кейіпкері барынша жігерсіз, бар мақсаты Анельдің көңілінен шығуға ғана бағытталған жасөспірім ретінде бейнелеген.

Бұл тұрғыда әлдеқайда нанымды әрі ұтымды шыққан деп Баганың рөліндегі Қуаныш Жылжақсыновты айта аламыз. Экран алдында өзін еркін ұстай білген Қ.Жылжақсынов нанымды ойынымен көрермен көзайымына айналды.


Алтынай Тайжанқұлова

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотану, II курс

Өкінішке қарай режиссер қосалқы рөлдегі актердің бейнесін назардан тыс қалдырған. Дэньнің өз анасы мен өгей әкесі болады. Бірақ фильмде олардың мінездері мүлдем ашылмаған. Дэннің анасын бір көрініс арқылы ғана көріп, оның туған баласына деген жылылық сезімін байқамасақ, өгей әкесін Дэн ауруханадан шыққандағы бір-екі кадрлардан ғана көре аламыз. Ал, режиссердің бейнелеген Алматысы, бүгінгі біз тұрған Алматының шынайы келбеті емес, режиссер қиялындағы шетел қалаларына жақын шығып, шынайылықтан алшақтап кеткен.

Абдель Фифтибаевтың бұл туындысы елімізде көптеп шығып жатқан соңғы кездегі фильмдерден  еш ерекшеленген жоқ. Бай мен кедей арасында пайда болған қарабайыр сюжет, жаттанды голливуддық шаблондар арқылы бейнеленген жасөспірімдер өмірі суреттелген бұл фильм динамикасыз, тым ұзақ болып шыққан.

1 Наурыз 2018
423
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет