"Сиситай" фильміне көзқарас

Баян Мақсатқызы басшылық ететін «Shine production» компаниясының тағы бір фильмі жарық көрді. 6-наурыз Алматы қаласының «Esentai Mall» кинотеатрында «Сиситай» фильмінің пресс-көрсетілімі өткен болатын.

Әйгерім Жұмасағиева

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Кинотану, III курс


Туынды жас режиссер Ернар Нұрғалиевтің толықметрлі кинодағы екінші қадамы болып отыр. Пресс-конференция аясында продюссер Баян Мақсатқызы  осы күнге дейін көрерменге жол тартып отырған фильмдерінің ішіндегі жоғары деңгейде, көңілінен шыққан алғашқы туынды екенін айта кетті. Шынымен, бұл фильм өзге туындылардан асып түседі ме, әлде ...?  Иә, бұл Баянның көзқарасы ал, енді көрермен ретінде туындыны талдап көрсек.

Фильм басты кейіпкер Сиситай есімді бойжеткен қыздың басынан өтетін оқиғалар тізбегінен құралған.  Комедиялық элементтер мен мюзикл жанрына негізделген туындыны тамашалау барысында нені аңғардық?

Кино саласында қай жанрды алсақ та, мазмұнын көрсетуде түрлі қиындықтар туындап жатады. Аталмыш туынды Баян ханымның ойындағыдай шығуына ең алдымен сахнаға ептелген әртістердің түсуінде болып отыр. Олар күнделікті теледидардан көріп жүрген әншілерден құралған топ немесе өздеріне жарнама жасап жүрген “жұлдыздар”. Мүмкін, сол “жұлдыздардың” орнына, экранға жаңадан актерлар келсе қалай болар еді.? Кинотуындыны тамашалап отырып, мюзикл жанрындағы фильмді емес, әншілердің түсініксіз тілдегі бейнебаянын көргендей боламыз. Осы жанрды  Қазақстанға алғашқылардың бірі болып алып келгісі келген де болар. Әрине, көрермендерді таңқалдыру оңай емес. Алайда, «артық қыламын деп, тыртық қылмау» керектігін естен шығармаған абзал.

Басты рөлдегі Сиситай қандай кейіпкер? Анасынан ерте айырылған, ал өгей анасы бар байлықты иемдену мақсатында әкесін өлтіріп, ата-анасының еркесі болған жалғыз қыз үйінен қуылады. Оның бала күннен бергі әнші боламын деген арманының шындыққа айналуы “шоу-вумен” Алиса Максутовнамен кездейсоқ кездесуінен басталады. Алиса Максутовна рөлін Баян Алагөзова есінен адасқан әйел бейнесінде сомдаған. «Махаббат станциясынан» басталған барлық фильмдерінде бір міні жоқ кейіпкер образында ойнаған  Баянның бұл рөлі қалай шықты?  Біріншіден, есінен адасқан әйелдің неліктен ондай жағдайға жеткенін жете түсіне алмаймыз. Екіншіден, образын толық алып шығу үшін асыра сөйлейтін тіпті, боқтық сөздерді айтпаса да, түсінікті эпизодтар бар. Артық сөздерді айтпай-ақ кейіпкер образын ашуға болатын тұстар өте көп кездеседі. Өкінішке орай, “қара пиар” үшін емес, өнер үшін туындайтын дүниелер қатарына жатқыза алмаймыз.

Қандай дүние болмасын жақсы да, жаман да жағы болатыны секілді фильмнің  көңіл көншітер тұстары да бар. Операторлық жұмысты жоғары деңгейде  бағалауға болады. Оқиға өтетін орын, декорация, кейіпкерлерді түсірудегі бірнеше пландар керемет алынған.

Сиситай рөлін сомдаған Айгерім Мергенбай актерлық шеберлігін пайдалана отырып, өз образын толықтай аша білген.

Алты ай дайындық жұмысы жүргізіліп, 400 мың доллар жұмсалып, 35 күн ішінде түсіру жұмысы аяқталған бұл туындының қазақ киносында алар орнын көрермен берер бағаға қалдырамыз.

10 Наурыз 2018
689
0
0