«Тар заман» фильміне студенттік пікір

«Тар заман» фильмінің режиссері - Мұрат Бидосов, сценарий авторлары: М.Бидосов, С.Закерұлы, қоюшы операторы - Ж.Өмірәлі, қоюшы суретші - Д.Қыдырхан.

Еңлік Егеубаева

ҚазҰӨУ, кинотану I курс


22-ақпан күні кейбір дербес кинотеатрларда жүріп жатқан «Тар заман» тарихи драмалық фильмі көрерменге жол тартты. Алаш арыстары туралы фильм жарыққа шығады дегеннен бері алқынып сол фильмге баруға оңтайлы сәтті күтіп жүрдім. Ғаламтордан фильмнің уақытын көріп, «Аsia Park» ОСО-дағы «Арман» кинотеатрына билет алдым. Рейтингі де жақсы – 8.34. Іштей қуанып отырмын. Фильм бастала салып, көңілім су сепкендей басылды... Неге дейсіз ғой? Талдап көрелік.

«Тар заман» фильмі – қазақ кинематографиясындағы Алаш арыстары туралы түсірілген алғашқы көркемсуретті фильм. Бұл тақырып деректі фильмдерде қозғалғанымен, толықметражды көркем фильм ретінде «Қазақстан» телеарнасының қолдауымен алғаш рет үлкен экранға шығып отыр. Осындай ауқымды тақырыпты қозғаған қоюшы-режиссер Мұрат Бидосовтың еңбегін елемей кеткен жөн болмас. Осыған дейін режиссер 2016 жылы «Хабар» арнасы арқылы көрермендерге Абай Құнанбайұлының өмірінен сыр шертетін «Ақылдың кілті. Өмірдастан» атты телеэпопеясын ұсынған болатын. «Тар заман» фильмі кино әлемінде коммерциялық, продюсерлік фильмдермен бақталастыққа түсіп жатқан алғашқы жұмысы. Ал, енді фильмнің негізгі дінгегі – драматургияға көңіл бөлсек, біз оның әлсіздігін байқадық. Фильмде оқиғаның басталуы, өрбуі, аяқталуы сынды негізгі заңдылықтар сақталмаған. Бірнеше қалаларда болып жатқан оқиғаларды түгелдей қамтуға тырысқандықтан мозаикалы түрде жан-жақтан жинақталған оқиғалар бір-бірімен байланысқа түспейді. Тіпті, деректі фильмге көбірек ұқсас. Деректі фильм деп атау тағы қиын.  Себебі, ол жерде көркем фильмге тән актер ойыны, декорация, костюм сынды өзгешеліктер бар. Диалогтардың көп қолданылуы көрерменді жалықтыратынын да ескермеген. Бұл кемшілікті жасыру үшін музыканы үзбей қолданғандары бірден көрініп тұр (Ұ.Жамалбектің шығармалары). Көп сәттерде кейіпкерлерден жаңылысып, шатасып отырасың. Неге десеңіз, әлсіз грим, дұрыс қойылмаған шаш үлгісі сынды қателіктер актерлерге белгілі бір тұлғаның бейнесін ашуға көмек қыла алған жоқ. Сонымен қоса, жас актерлерден Алаш арыстарына тән тереңдікті кездестіре алмағанымыз қынжылтады. Тұрсын Құралиев, Дулыға Ақмолда, Медғат Өміралиев сынды белді актерлерден басқа қазақ зиялыларын біз бұрын-соңды үлкен экраннан көрмеген актер-дебютанттар сомдады. Ірі, орта, жалпы пландар дұрыс алынбай операторлық қателіктерге жол берілген. Фильмнің осал тұстары аз болған жоқ. Былайша айтқанда, фильмде театр да, музыка да бар. Тек кино жоқ...

Қорытындылай келе, жеке телеарналарда түсірелетін тарихи фильмдердің сапасына көңіл бөлінсін деген тілек бар. Сонда ғана ол фильмдердің сәтті шығып, халыққа жетуіне мүмкіндігі зор болары хақ.