"Astana Musical" театры Алматы төрінде / видео

19-наурыз ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының қолдауымен «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубында «Astana Musical» театры ұжымымен шығармашылық кездесу өтті.

Елорданың 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Astana Musical» театры Алматыда өз гастролін бастамас бұрын, талай өнерпазға қанат бітірген, өнер мен білімнің қара шаңырағына айналған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына арнайы келді.

Шығармашылық кездесуге ҚР Тұңғыш Президенті Қоры сыйлығының Лауреаты, актер, режиссер – Есләм Нұртазин, жас режиссер – Аман Гумаров және мюзикл қойылымдарында басты рөлдерді сомдаушы актерлер, Республикалық және Халықаралық байқаулардың лауреаттары Шалқарова Жарқынай, Мұқашев Саламат, Ризабекова Инабат, Усманов Расул  тағы да басқа бір топ орындаушылар қатысты. Олар 2017 жылғы желтоқсан айында Франция, Бельгия, Австрия, Ресей мемлекеттеріндегі гастрольдік сапары жайында және ойнаған рөлдері мен сахналаған қойылымдары туралы сыр шертіп, алға қойған жоспарларымен бөлісті. Залдағы көрермендердің сауалдарына жауап беру арқылы өз ойлары мен тәжірибелерін ортаға салды.

Бұл іс-шарада Орталық Азиядағы тұңғыш мамандандырылған  «Astana Musical» театрының репертуары аз уақытта отандық және әлемдік мюзиклдармен толығып, замануи бағытқа негізделгені байқалды. Сонымен қатар  23-27 наурыз аралығында Алматы қаласында «Astana Musical» театрының гастролі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтетіні жайында хабардар етті. Олар дүниежүзіне белгілі мюзикл – «Ромео мен Джульетта» қойылымын 23, 24, 27 наурыз күндері көрсетсе, 25-ші наурызда «Достар серті» мюзиклін, ал 26 күні ұлттық опера мен классикалық музыканың інжу-маржандары негізінде жасалған «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін жұртшылықтың назарына ұсынады. Аталған барлық қойылымдардың басталу уақыты 19.00-де. Бұған қоса, елордалық театр 26 наурыз 15.00-де Мұқағали Мақатаевтың шығармаларына негізделген – «Жырлайды жүрек» атты музыкалық-поэтикалық спектаклін көрсетеді. Жастық лебімен баурайтын, еуропаны дүр сілкіндірген театр шетелдік талғампаз көрерменнің қошеметіне бөленген. Сондықтан да, Алматы қала тұрғындары мен қонақтарына тұщымды ой мен рухани ләззат сыйлайды деген сенімдеміз.

Кездесу соңында студенттердің арнайы сұранысымен Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін актерлер хормен тамылжыта шырқап, жақсы әсерге бөледі. Қорытынды сөзді «Oner.kz» порталының бас редакторы, іс-шараны ұйымдастырушы клуб жетекшісі, белгілі драматург Ә.Бағдат барлық қатысушыларға алғыс айтып, ыстық ықыласын білдірді.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет