Винсент Ван Гогтың тұлғасы

«Менің түпкі ойым – өзіме аянышпен қарамау, көптеген қиындықтар мен көңіл-күйімнің түрлі реңктерінен қашпау. Көп күн көрсем де, аз күн көрсем де – маңызды емес. Себебі, калай да болса, қоршаған Дүние алдыңда менің парызым бар. Ол – жер бетінде 30 жыл жасап, артымнан Әлемге тағзым, сый-құрмет ретінде кенептегі шығармаларымды қалдыру». Винсент Ван Гог

"Қарғалы егістік" 1890

Жұлдыз Жаркенова

ҚазҰӨУ, кинотану, I  курс


30-наурыз күні ойшыл, сөзсіз аңыз адам, ұлы нидерланд суреткері – Винсент Виллем ван Гогтың туылған күні. Биыл сурет өнерінің ірі тарихи тұлғасының 165-ші мерейтойын Дүниежүзі атап өтуде. Ван Гогтың шығармалары Голландия, Франция, Бразилия, Швейцария, Ұлыбритания, Дания, Канада, АҚШ пен Ресейдің өнер мұражайларында, ал суреткердің ең үлкен шығармалар жиынтығы Амстердам қаласының сурет мұражайында  сақтаулы. Оның сурет туындылары әлем сүйіспеншілігіне айналған. Алайда, данышпандылығы тірі кезінде танылмай кеткені өкінішті-ақ.

Шынында да, Винсент ван Гог өмір жолында кездестірген адамдардан түсініспеушілік тауқыметін тартты. Тіпті туған әке-шешесінің өзі бірінші баласынан адам шығатынына үміттерін үзіп, тағдырына ат салыспай немқұрайлы қарайтын еді. Жалғыз сенетін жақын адамы, арқа сүйейтін жан досы – інісі Теодорус (Тео) болатын. Өзін ізденумен, оқу, жұмыс бабымен ел аралаған Винсент өмір сабақтарын, жасаған бақылаулары мен терең, жүректі толғандырған мәселелерімен інісімен хат жазып бөлісті. Сол мыңдаған хаттар зерттеушілер назарларына ілінді. Суреткердің шынайы бейнесі мен өмірбаяны анықтала бастады. Алайда, ол туралы көптеген сырлы оқиғалар мен аңыздар жеткілікті.

Винсент ван Гог. Автопортрет, 1889

Ван Гогтың шығармашылығымен, жалпы ол қандай адам болатыны туралы көп біле бермейтінмін. Жеті жыл бұрын «Ван Гог: портрет, написанный словами» атты ВВС ұсынылған деректі фильміне көзім түскен болатын. Сол кездері мен Бенедикт Камбербэтчтың, сол кездері жаңа ғана Әлемге Шерлок Холмстың кейпінде танымал бола бастаған ағылшын актерінің түскен фильмдеріне шолу жасап, осы фильмді көруге шештім. Ағайындар арасындағы хатнама негізінде суретшінің уайымы, шабыты, өмір бейнесі көрсетіліп, тарихи тұлғаның бейнесі жасатылды.

«Француз жаңа толқынының» рухани әкесі әрі кеңесшісі саналатын кино теориясы мен тарихын, сынын бірдей алып жүрген Андре Базен «Кино дегеніміз не» («Что такое кино») атты кітабында «Сурет өнері және Кино» байланысын зерттеді. Базен сурет өнерімен байланысты көптеген француз фильмдерін мысалға келтірді. Солардың ішінен Ален Рененің түссіз (черно-белый) «Ван Гог» туралы қысқаметрлі фильмін тамашаладым. Кинотуынды суретшінің өмірін оның төл шығармаларымен баяндайды. Режиссердің ойынша, өнер адамын шын бейнесін оның шығармалары айғақтайды. Расында да, Ван Гог салған портреттері, пейзаждары, натюрморттары – бәрі айналасындағы өмірінен алынды. Әсіресе, Ван Гог кедей ауыл шаруаларының шынайы бейнесін салуды көздеді. Алан Рене ХХ ғасырдың 40-50 жылдардағы кинематографтың мүмкіндіктерімен суреттерді тірілтуге тырысты. Бірақ, Ван Гог өнерінің негізі – жарқын палитра болатын, суреттері реңк ойнақылығымен ерекшеленеді. Ал бұл фильмде сол негізгі ерекшелігі жетіспейді. Базеннің айтуы бойынша, «Өнер туралы кинотуындылар, әсіресе кинематографтық синтезі мақсатында сурет өнерінің дәлме-дәл түпнұсқасын қолданған көркемсуретті фильмдер режиссерлердің бейнелеу өнерінің шындығын бұрмалап жіберуінен көптеген суреткерлер мен өнертанушылардың наразылығына ілінді. Олардың сыны  суреткерге ғана жасалған сатқындығында ғана емес, яғни, ол жалпы бейнелеу өнерінің маңызын кішірейтуіне деген көзқарасына сүйенді. Біріншіден, көрерменнің субъективті қабылдауда сурет шыңайылығын жоғалтады. Бұл фильмнің ақ-қара болудан ғана емес, тіпті түсті фильмдердің өзінде-ақ суреттің кейбір реңктерінің арақатынасы олардың әрқайсысының үндестілігіне әсер етпей қоймайды». Дегенмен, киносыншы кинематографтың сурет өнеріне маңыздылығы жайында да айтады: «Сурет өнері туралы фильм – экран мен кескіндеме кенептің арасындағы эстетикалық симбиоз. Сол сияқты, саңырауқұлақ пен балдырдың симбиозы – қына. Осыған ызалану – театр мен музыканы жеке өнер ретінде қабылдап, операға сын көзбен қараумен пара-пар».

Заманауи кинематографтың мүмкіндіктері шексіз деп айтуға да болады. Өткен жылдың жазында «Ван Гог. С любовью, Винсент» атты ұлыбританиялық толықметражды анимациялық фильм дүниежүзі кинотеатрларына жол тартты. 125 кәсіби суретші осы туындыны кенептің үстіне 62 500-ге жуық кадрларды майлы бояулармен суреткердің өзіндік техникасын қолданып салған.  Оқиға желісі Винсенттің қайғылы әрі жұмбақ өлімінен бір жыл өткен соң өрбиді. Суреткердің өмірінде болған адамдар фильмнің кейіпкерлері болып, ол туралы естеліктермен және оның соңғы күндері туралы пошташының ұлы басты кейіпкер – Арман Руленмен бөліседі.  Хрометрі бір жарым сағатты анимациялық фильм көркемсуретті әрі деректі кино түрлерінің ерекшеліктерін қамтиды.

Винсент ван Гогтың өмірімен, тұлғалық ерекшелігімен, әсіресе, шығармашылығымен тереңірек танысып, өзіндік өнерге деген берілгендік, аса қысқа өнер жолында мыңдаған кескіндемелер мұра етіп қалдырып жеке өз басымды өмірге деген сүйіспеншілікті, өнердің барлық түріне қызығушылықты арттырды.

Мақалаланы Винсенттің сөзімен аяқтағым келеді:

«Менің байқауымша, күн сайын болмаса да, өзімді жиі бай сезінемін. Ақшам көп болғандықтан емес, жоқ: өз жұмысымда әлдебір шабыттандыратын, өмірімді мәнді ететін нәрселерді тауып, осыған жанымды да, жүрегімді де арнауға дайынмын. Осы кішкентай нәрселер мен үшін ақшадан мың есе құнды».