Қуыршақ театрының бүгінгі бағыты

Алматы Мемлекеттік Қуыршақ театрының репертуары негізінде...

"Ана жүрегі" қойылымы. Реж.: А.Зайцев

Бейбіт Әлкеева

Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Театртану» III курс студенті


Кез-келген өнер ұжымында жаңаша бағытта алға ілгерілеу үшін болатын үзілістер, шығармашылық тоқырау болатыны жасырын емес. Бұл табиғат заңы өнердің қай саласында болмасын өзгеріссіз қалады. Біз тілге тиек еткелі отырған Алматы қаласындағы Мемлекеттік Қуыршақ театры да аздаған уақытын шығармашылық ізденіске арнап, өздерінің театр тарихындағы 83-ші маусымын жаңа леппен, шығармашылық шыңдалу мен тың идеяларды жарыққа шығара отырып ашты. Осы маусымда жарыққа шыққан премьелардың қайсыбірін алсаңызда кәсіби  театр зерттеушілері мен БАҚ өкілдерінің назарынан тыс қалған емес. Яғни, өнер жасаушыларға шынайы жанашырлықпен қарап, театрдың өсуіне, өркендеуіне барлық қажетті жағдайды ұсынып отырған шығармашылық топ еңбегі,  театр басшылығының жаңа көзқараспен, шығармашылық қарқынмен жұмыс жасауы Қуыршақ театрының тағы бір қайталанбас биік кезеңіне көтерілуінің бастамасы іспеттес.

Театр өнері жайлы сөз болғанда барлық шығармашылық ұжымның (драматург, суретші, композитор, хореограф, режиссер) еңбегін сахнаға алып шығатын басты тұлға ретінде «актерді» атайтынымыз белгілі. Музыкалық, драма т.б театрларда көрермен тікелей актер ойыны арқылы бүкіл ұжымның еңбегін бағалайды. Ал, Қуыршақ театрында актер «шеберлігі» көрінеді де, актердің «өзі» көрінбейтіні мәлім. Мұнда нәтиже қуыршақ қимылы арқылы, оның шынайылығы мен жалпы көркемдік бейнесі арқылы анықталады. Өзіне берілген қуыршақ кейіпкерін актер бірінші  өзі зерттеп бойына сіңіріп барып, өз жадындағы бейнесін жансыз қуыршаққа беру арқылы жанды қуыршақтың болмысын көрерменге жеткізуге тырысады. Бұл екі есе ауыр жауапкерішілікті, шексіз табандылықты және айналып келгенде мамандығыңа деген махаббатты талап ететін құбылыс. Осы тұрғыдан алғанда біз сөз етіп отырған ұжымның өзара шығармашылық байланысы, кейіпкер қуыршақтарына деген махаббаты бір де бір көрерменіне күмән туғызып, кәсіби мамандарға шүбә келтіруге мүмкіндік берген емес. Еліміздегі ЖОО да арнайы «қуыршақ режиссері» мамандарын даярлап шығармайтындықтан театрдағы біраз қойылымдар режиссура жағынан ақсап жатады. Дегенмен, ауызды құр шөппен сүртіп отыра беру де жарамайды. Театрдың актерлік ансамбліндегі әр актерге шығармашылық еркіндік беріліп, режиссер ретінде өзіндік жұмыстар жасауына да болады. Қуыршақ режиссерлерінің тапшы екенін ескерсек, театрда ширек ғасыр қызмет етіп келе жатқан актерлердің жаңа қойылымдар жасауға мүмкіндік алуы заңды деуге болатындай.

Театрдағы  басты «тұлға» қуыршақ екенін біле тұра, актерлер  өз бейнелеріне бей –жай қарамай, тамаша образдар жасай біледі. Сан түрлі сахналық бейнелер жасау арқылы шеберліктерін шыңдап жүрген шығармашылық ұжымның бүгінгі бағыты зерттеуге тұрарлық ерекше қарқынмен өсіп келеді. Театрдың бір күндік көрінісі кез-келгенді қызықтырады. Театр актерлері аптасына вокал, хор, би, қуыршақ жүргізу сабақтарын өтеді. Бұл қуыршақ театрларының көбінде бола бермейтін шығармашылық мүмкіндік. Актердің өз формасын, дауыс ырғағын, жалпы шығармашылық процессін тоқтатпас үшін бұл өте қажетті. Сабақ нәтижесі  бойынша ай сайын артистер көркемдік кеңестің сынағынан өтеді. Бұл актерлердің шығармашылық шыңдалуына деген мүмкіндік.

Театрдағы қойылымдарда бір орын алған қателік екінші рет қайталанбайды. Бұлай сенімді айтуымызға да себеп бар. Себебі, театрдағы көркемдік кеңес мүшелері әр қойылымды қадағалап, жалпы қойылым жайында сын-ескертелер жасап, кемшіліктер мен артықшылықтарды апта сайын назарға алып отырады. Даму бөлімі  мәдениет пен өнердің мекені саналатын қаламыздағы өтетін телевизиялық жобалар, әлеуметтік желідегі жарнамаларды үздіксіз қамти келе театрдағы премьералар мен артистердің тыныс-тірншілігін БАҚ өкілдерінің назарында ұстап келеді.

Театрдың жаңа маусымының басты жетістігі ғасырға жуық тарихы бар өнер ордасының тарихы тасқа басылып, алғаш рет «Қазақ қуыршақ театры» атты кітаптың  жарық көруі. 1935-1992 жылдар аралығындағы театр тарихын зерттеген, кітап авторы – театртанушы Еркін Жуасбек.  Қуыршақ театры тарихында да алғаш өткізілген театр ішілік «Қуыршақтар шақырады - 2018» фестивалі де жоғарғы дәрежеде өткізілді.  Фестиваль аясында кәсіби сыншылар мен көрермендер назарына театр репертуарында жүріп жатқан 8 қойылым ұсынылып,  соңында талдау жасалынды. Қазылар алқасы ретінде Ресей Федерациясының еңбек сіңірген артисі, режиссер Орынбор облыстық Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі В.А.Смирнов, Қырғызстан Республикасының театр сыншысы Турдубекова Элеонора және Астана қалалық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Х.Қ.Ешмұратовалардың шақыртылуы театр ішілік фестивальге салғырт қарамай үлкен жауапкершілікті сезінген шығармашылық топ еңбегі деп айтуға болады. Балалар театры болсада Драмалық театрлармен үзеңгілес болып бүгінде Республикалық фестивальдерді бой көрсетіп жүр. Былтыр Астана қаласында өткен жас режиссерлердің Қайрат Сүгірбеков атындағы  I Республикалық  форум-фестиваліне қатысса, биыл Ақтөбе қаласында өткен Қазақстанның Халық жазушысы Т.Ахтановтың 95 жылдығына арналған Халықаралық «Балауса» экспериментальды қойылымдар фестиваліне қатысып арнайы жүлделерге ие болды. Соңғы жылдары әлемдік театр фестивальдерінде жоғарғы дәрежеде өнер көрсетіп, (Қырғызстан, Татарстан, Түркия, Молдавия) марапаттарға ие болып жүрген ұжымның еліміздегі театр жүлдерінен де кенде қалған емес. Соңғы бесжылдықта Қазақстан Театр Қайраткерлер одағының ұйымдастырған «Еңлікгүл» сыйлығын, Қазақстан Театр Ассоцациясы ұсынған «Сахнагер-2018» ұлттық театр жүлдесі бойынша «Үздік қуыршақ артисі» номинациясын артистер Ұ.Момынжанова, А.Жақыпбаев, Б.Момынжановтар иеленсе, «Сахналық ғұмыр» - Қазақстанның еңбек сіңірген артисі С.Абуева, «Үміт» - А.Сақтағановалардың еңбегіде өз алдына бір төбе.

Қазақ қуыршақ театры жайында әңгіме өрбіткенде, бастауын ұлттық ойындарымыздан алғанын айтқанымызбен «балаларға арналған театр» деген түсініктен арыға аса алмаймыз. Тұңғыш Қазақ театры өз шымылдығын 1935 жылы түріп, бүгінде еліміздің бірнеше облыстарында қуыршақ театрлары жұмыс жасап жатса да , қуыршақ театрлары қызығушылық тудыра алмай, балаларға арналған ертегілер сахналайтын театр деген деңгейден аса алмады. Олай аталуының да себебі жоқ  емес. Еліміздегі қуыршақ театрларының репертуарына көз жүгіртіп көрсек, Облыстық театрларда «Қаңбақ шал», «Қайырлы күн», «Ғажайып қолшатыр» секілді 3-6 жас аралығындағы көрермендерге арналған қойылымдар жүріп жатса, «Сиқырлы сөздер», «Байқа жолда балақай»,  «Қайта оралған су перісі»,  «Арыстан патша» секілді танымдық ертегілер мен 6 жастан жоғары көрермендерге арналған «Ана құдіреті» «Жалқаудың айласы»  секілді қойылымдар сахналануда. Қуыршақ театрларының көшбасшысы саналатын оңтүстік астанамыздың театр ұжымы осы сарындас спектакльдерден бөлек, қуыршақтың да, актерлердің де мүмкіндіктерін ашатын үлкен қадамдарға барды. Театрдың 83-ші маусымындағы Е.Ионов «Ана жүрегі» қойылымы бұл театрдың ғана емес барлық қуыршақ театрларының үздік қойылымдарының бірі ретінде бағаланды. Режиссер Антон Зайцев сахналаған спектакль +14 жас жасөспірімдерге арналған.  Танымдық, тәрбиелік мәні ғана емес, қойылым заманауи театр кеңістігіндегі тәжірбиелерді қолданған. Хореграфия, сатира элементтерін де өз орнымен пайдаланып, қуыршақ жүргізудің де жаңаша әдістерін қоса білген.

Ш.Айтматов "Ана-жер Ана" Реж.:Д.Жұмабай

Осы маусымның тағы бір жаңалығы Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің негізінде Д.Жұмабай сахналаған Ш.Айтматов «Ана Жер Ана» қойылымы.  Еліміздегі бірнеше театр сахнасына шыққан шығарма Қуыршақ театрына алғаш қойылды. Биылғы маусымда жарық көрген Ж.Жұманбайдың қуыршақтар театрындағы алғашқы жұмысы  да ұлттық болмысымыздың бейнесін айшықтай түсті.  Жас баланың ер жетіп, ару қыздың бой жетіп ес жиғанында есінде қалар өмірлік азығының бәрі бала күнінде бойына сіңірген тәрбиесі жайлы ауқымды тақырыпты негізге ала отырып Е.Жуасбек «Тоба» атты қойылымды сахналады.  Орыс қуыршақ театрының теоретигі М.М.Королев «Қуыршақ театрында негізгі екі ақ компонент бар, біріншісі актер өнерінің ерекше түрі, яғни, актер-қуыршақшыда, екіншісі бейнелеу өнерінің ерекше түрі, яғни – қуыршақ» дейді. Біз куә болған аталмыш спектакль екі компоненттің де үлесін теңестіріп, біртұтас көркем туындыға айналған. Режиссер балалар психологиясын тереңінен талдап, автордың айтайын деген ойын қуыршақ тілі арқылы ұғынықты жеткізе білген.  Автор бір тәулікке сыйдырған оқиға желісінде сөз астары арқылы бірнеше мәселелердің де ұшын шығарып отырады. Кейіпкер немере он екі жастағы бала деп берілгенін ескерсек, азды-көпті түсінігі қалыптасқан бала ретінде шығармада біраз қоғамдағы түйіткілді дүниелердің шеті немеренің атынан айтылады.

Жаңа бағытта үзіліссіз еңбек етіп жүрген театрға қызығушылық танытып, жұмыс жасауға ұсыныс білдірген жас режиссерлер де бар. Бұл – қуыршақ театрының сахнасынан әлі талай тың дүниелер мен көрермен көңілінен шығатын қайталанбас қойылымдар көрерімізге дәлел. Сонымен қатар, жақында қуыршақ театры бірнеше шетелдік театр фестивальдеріне шақырту алды.

Түркия. III Халықаралық Анкара қуыршақ театрларының фестивалінде

Ізденісін тоқтатпай, жаңа бағыттың сүрлеуін салуға тырысып жүрген ұжымға біз де өз кезегімізде сарқылмас шабыт тілейміз! Өнер кеңістігінде өз биіктеріңізді бағындыратындарыңызға сеніміміз мол.

27 Мамыр 2018
309
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет