Мемлекеттік қуыршақ театрының артисі Әділет Балбаев

Еңбегін Мемлекеттік қуыршақ театрына сіңіріп жүрген актер, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты – Әділет Балбаев.

Карима Ахан 

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану, III курс



Кәсіби актер қызметі, өзге маман иелерінен өресі биік тұратыны белгілі. Ес білген баладан, еңселі қарияға дейін, артиске қызыға, тамсана қарайды. Санаткердің өнер жолы көркем. Көмкеретін өздері. Сахна саңлағының ешбірі жұмысының қиындығын, я болмаса репетициядан шаршағанын айтқан емес. Немесе, тынымсыз дайындық пен қажыр-қайратын салып, өмірге алып келген туындысының көреременге ойдағыдай өтпей қалғандығына күйзелгенін де білдірмеген, байқатпаған. Мына дүниеге өкпелесе де, киелі көркем өнерге деген махаббат оты ешқашан бәсеңдеген емес. Қанша уақытта тоқтап қалары беймәлім қойылым үшін барын салғанда, сырт көздің айтқан сынына төтеп беріп, күнде қайталап көрсеткені үшін де, нағыз артист атағына лайықты! Егер осының бірінен құласа, өнер тудырушы емес, тек өнердегі адамға айналады. Заңдылыққа бағынбай, шекараны бұзып-жару, артист тегіне сіңген қасиет сыңайлы. Сол үшін де, өнер адамының қызметі жұмбақ һәм қызық.

Актердің сахнадағы құпиялы қарекетіне келетін болсақ, атақты реформатор К.С. Станиславский дәлелдеген бір кілтті жауап бар. «Сахнада кейіпкер әрекетін органикалық тұрғыдан өрнектеу – санаткер парызы. Шынайы өмір – сахна шарты. Әрекет шындығына адамның психикалық әм қимыл-іс сияқты қос сипаты бір арнадан құйылыс тапқанда ғана жеткеруге болады. Жалпы, адам баласының қимыл-іс тіршілігі қос мекенді заңдылық бойынша, яғни психофизикалық көңіл күй танабында өмір сүреді. Демек, қимыл-іс тіршілігін психикалық тіршіліктен ажыратуға болмайды. Өмірде «жан» бір бөлек, тән бір бөлек өмір сүрмейді. Демек, ол психофизикалық тіршілік. («жан» мен «тәннің» бірлігі).» Психофизика. Бұл терминді басынан, башпайына дейін меңгерген санаткер, сахнада кейіпкер бейнесін кестелеу сәтінде көркемдік пен «сенімге» ие болмақ. Тоқ етерін айтсақ, режиссер ұсынған аманатты рольді жан-тәнімен (психофизика) орындау арқылы, қажетті бейнені өмірге алып келмек. Айналып келгенде, «жан-тәнімен» ойнау дегеніміз беріле жұмыс істеу. Өзіңді, өміріңді естен шығара отырып, тек қызметіңді адал, жүрегіңмен атқару. Соның арқасында, қоғам қызыға қарайтын нәтижеге қол жеткізу. Тоқетерін айтқанда, артист өмірінің құпиясы тек еңбекте!

Еңбегін Мемлекеттік қуыршақ театрына сіңіріп жүрген актер, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты – Әділет Балбаев. Еңселі елдің ертеңгі тұтқасын ұстар бүлдіршіндер мен жеткіншектерге қызықты бұл ортаның атқарар қызметі мен арқалар жүгі ауыр. Бала көңілін табу, жақсылыққа, мәдениетке тәрбиелеу оңай іс емес. Яғни, балаша ойнап, ересектерше ой айтып, қолындағы қуыршағына ие бола отыра, қажет тұсында ән шырқау, соңғы кездері белең алған қойылымдарда қуыршақпен қоса «қара жәшіктен» шығып, қарапайым халықтың алдында жест, мимика, мизансценаларды нақтылай отырып оқиға өрбітіп, машақаты мол жұмыс атқарып жүр.

Әдетте қуыршақ театрынан көптеген ертегіні тамашалағанда куә болатынмыз ширманың үстіндегі ауызы есепсіз ашылып-жабылатын немесе мүлдем ашылмайтын бейненің тынымсыз бас шайқауы мен құшағының ебедейсіз ашылып жабылуын байқаймыз. Бүгінде ондай логикаға сыйымсыз әрекетті спектакльдер балаларға мүлдем қызығушылық тудырмайтыны белгілі. Себебі, технологияның дамыған заманы, мультфильмнің алуан түрін білетін балалар үшін мүлдем заманауи тақырып емес. Оның үстіне 3D форматындағы аниматорлық мультфильмдер мен қалалық ойын сауық орталықтарынан бастап, той-томалаққа дейін қаптап жүретін мультфильм кейіпкерлері (аниматор) балалар түгілі үлкендерді де мезі қылғаны рас. Қорыта айтсақ, эксперименттік шығармаларға, ерекше идеяға ересектерден көрі, балалардың жаны құмар. Таптаурын дүниелердің ескіргенін ескерген Мемлекеттік қуыршақ театры заманауи тақырыптарға біртіндеп көңіл бөле бастағандарына соңғы премьералар дәлел.

Кез келген қойылымда басты кейіпкерлерден өзге спектакльдің темпо-ритмін түсірмейтін эпизодтағы бейнелер есте қалып жатады. Мысалы үшін: «Тоба» шығармасында басты кейіпкер кішкене бала жан-жануарға айналған сәтте қызықты диалог құрып импровизацияны ортаға салып, спектакльдің толыққанды сәтті  шығуына сахна иелері жауап бере алды. Аталмыш спектакльде бірнеше роль мен қатар декорацияны қозғауға дейін аса тыңғылықты қимылдауымен Әділет Балбаев кәсібилік деңгейін байқатты. Ол театрдағы бірден-бір темпераменті жоғары, дауысы анық қойылған нағыз маман. 83 жылдық тарихы бар, киелі ордада 10 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан жас буын артист бойынан қуыршақ артисіне тән артықшылық бірден байқалады. Шымылдықтың артында бірден бірнеше роль алып шығуға дауыс темборының мүмкіншілігі, қимыл мен іске деген ептілігін өндірісітік тәжірибе барысында кулисаның жанынан яғни, құпия сахна сыртынан бақылау арқылы көз жеткіздік. Нақты айта кетсек, жоғарыда сөз еткен «Тоба» спектаклінде «қарлығаш», «қасқыр», «балық» рольдерінің иесі. Қуыршақтардың тағы бір ерекшелігі бір бейнеге бірнеше артистің жауап беруі. Яғни, ұшқан құстың қанатын бір өнерпаз қақса, дауысы мен бас қимылына енді бірі жауап бермек. Серіктесті сезіну ең жоғарғы дәрежеде болуы шарт. Себебі, бір организмге қос бірдей тұлға жауап береді. Біздің кейіпкерімізде оқиғаны сезіну қасиеті талапқа сай. Соның арқасы болар, ұжымға сүйкімді болып, көрермен көңілінен толықтай шығып, 2015 жылы «Серпер» жастар сыйлығының иегері атанды.

Балбаев Әділет 1984 жылы 8 желтоқсанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында дүниеге келген.  2001 -2005 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясының "Қуыршақ жанрының актері" мамандығы бойынша Мәдениет қайраткері, профессор С.Мақұлбековтің шеберханасынан дәріс алған.

Театрда қызмет еткелі, төмендегі рольдердің иесі атады. «Алқызыл гүл» – орман перісі, «Көңілді қонжықтар» – аю, «Үш торай» –торай Наф-Наф, «Морозка» – ата, «Алтын балапан» – қасқыр, «Атамекен» – жүргізуші, «Бағдаршам» – бұзау, «Арыстанныңүрейін қалай емдейміз?» –Бонго-Тонго, Керік, Маймыл, Піл, Арыстан т.б. «Алтын адам» – ертекші, «Каштанка» –Лука Александрович, «Аладдинның сиқырлы шамы» – жұлдызнамашы, «Алтын адам» – қала тұрғыны, «Қуыршақ думан» барлық қуыршақтар, «Сұғанақ ешкі» – ит, аю, «Құтан мен қарақшы» – құтан, «Аква ертегі» – сүңгуір. «Құлыншақ пен Бөлтірік» – Ақбақай,  «Тоба» – қарлығаш,  қасқыр, балық. т.б

Шаһарымыздағы қуыршақ театры екі тілді. Қойылымдар қазақ және орыс тілдерінде жүреді. Ал артист Балбаев бұл жағынан шебер актердің бірі. Яғни, ана тілімен қатар мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, сахна көркін келтіріп жүр.

Классикалық рольдермен  қатар, халық ауыз әдебиетіндегі ертегі кейіпкерлеріне дейін қиындықсыз алып шығатынына мүмкіншілігі молынан жететінін жоғарыдағы спектакльдер тізімінен-ақ байқауға болады. Ескеретін жәйт, артистің бар мүмкіншгін режиссерлер тек осы қалыпта пайдалана берсе, ең қауіпті ор – таптаурындылыққа түсіп кетуі бек мүмкін. Сол себептен де, өзге бағытты қарастыруды ұсынар едік. Өз ісіне жауапты Әділет асыра орындамаса, жарты жолда кесе қалдырмауы керек.

Бүгінгі театр заманның негізгі талабы эксперименттер мен лабораториялы спектакльдер. Жаңа есімдерді жарыққа шығару, жас драматургтердің ойын іске асыру немесе креативті идеяларға ие режиссерлер көне шығармалардың рухын жандырып, тың ойымен ортаға салса оны алып шығар труппа Мемлекеттік қуыршақ театрынан табылады. Сондағы жаңалыққа жақын артистің бірі – Балбаев. Екі тілді спектакльдерге толыққанды жауап бере алады.

83 жылдық тарихы бар театрдың өмір сүруіне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ұжым себепкер. Ендеше, серпінді һәм дарынды жастар барда қуыршаққа әлі бірнеше онжылдықта жан бітері анық.

Бүгінде аға буын санатындағы Балбаевтың сахнада өзіндік орны қалыптасқан тәжірибелі актер.  Театр репертуарындағы барлық дерлік қойылымдарда кейіпкері бар. Оның қолына түскен қуыршақтар тірі адам сияқты, бүлдіршіндердің аузын ашқызып, көзін жұмғызатын сиқырлы қасиеті бар. Барлық кейіпкерімен қуыршаққа жасаған шеберліктері дәлме-дәл түсіп шынайы образды суреттейді. Қуыршақ театры артисінің ерекшелігі оның қуыршаққа жан бітіре білуінде және жүргізе білуінде. Балбаев екеуінде жетік меңгерген. Талабы мол режиссердің ой-мақсатын саралап, өзінің импровизациясы арқылы толықтырып кейіпкерін  көрерменнің бала жүрегіне жеткізе біледі. 

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет