Қуыршақ театрының тынысы

«Қуыршақ театры деген – сахна өнерінің ерекше түрі. Ол кәдімгі адамдар театрымен қатар өмір сүреді де, ешқашан оны алмастырмайды» - дейді қуыршақ театрының теоретигі Е.С.Деммени.

Шырын Санатқызы

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану, III курс



Театр ұжымдық өнер. Бүтін бір спектакльдің дүниеге келуі үшін өлшеусіз еңбек атқарылып, талай маман маңдай терін төгеді, талай шығармашылық идея қарастырылып, сан мың ой сарп етіледі. Ұйқысыз түндер мен шимайланған парақтарға толы шығармашылық процес өз алдына бөлек әңгіме. Қарапайым көрермен болса, қойылымның тек дайын нұсқасын тамашалап, сол еңбектің нәтижесін ғана бағалаушы.

Ал біз сөз еткелі отырған қуыршақ театрындағы шығармашылық процесс тіптен күрделі. Қара шымылдық артында қарбалас пен өндірістік цехтардағы атқарылатын жұмыстар жайлы біріміз білсек, енді біріміз мүлде біле бермейміз.

«Қуыршақ театры деген – сахна өнерінің ерекше түрі. Ол кәдімгі адамдар театрымен қатар өмір сүреді де, ешқашан оны алмастырмайды» -  дейді қуыршақ театрының теоретигі Е.С.Деммени. Иә, өзге драма театрларында роль жасаушы, бейне сомдаушы жанды актер болса, қуыршақ театрында бұл міндет қуыршаққа жүктеледі. Сол себепті, бұл театр ұжымына артылар жүк те ауыр. Қуыршаққа жан бітіру, оны қозғалысқа келтіру техникасын игеріп, әр қуыршаққа өзіне сай дауыс ырғағын беру, сол арқылы көрерменге әсер ету үлкен талант пен төзімділікті, жігер мен еңбекті талап етері сөзсіз. Сондай-ақ, режиссер мақсатын жүзеге асыруда суретшінің еңбегі оразан зор. Қуыршақтарды кейіпкер мақсатына лайықтап жасау, режиссер мен актерлерге мол шығармашылық мүмкіндіктер беру суретшіге жүктелер басты міндет. Әр алуан жастағы көрермен аудиториясын қамту мақсатын алдыларына қойған театр үшін бұл міндет тіптен күрделі болмақ. Себебі, даму мен жаһандану заманында шынайылыққа негізделген сахна декорациясы мен жаңа үлгіде жасалған қуыршақтар болмаса көрермендерді қызықтыру әсте мүмкін емес.

Қуыршақтың тек балалар ойыны ғана болып қоймай, халықтың танымдық дамуы мен өсуіне ықпал етер өнер түріне айналуы үлкен құбылыс. Сонау дала театры мен қулардан, қарапайым шартты қуыршақ пен ортекеден бастап қазақ өнері мен театры дамудың сан түрлі сатысын бастан кешірді. Соның ішінде, 1935 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан қуыршақ театрының да өткен жолы үлкен бір мектеп. Режиссура, актерлік, тіпті, сурет өнері саласында да сан асулардан асты деп айтуымызға толық негіз бар. Алғаш құрылған сәтінен бүгінгі күнге дейін театр қарапайым қуыршақтардан бастап, әр алуан механикалық тұрғыда дамыған қуыршақтарға дейін жетті.

Шығармашылық бөлімдерден, актерлер мен режиссерлерден бөлек, өндірістік цехтарда қуыршақ жасау ісімен айналысып, театрдың даму жолына үлес қосқан мамандардың  есімі  де тарихтан белгілі. Театр өз іргесін қалаған күннен бастап қуыршақ жасау ісіне белсене араласқан Т.Неревяткина, А.Чепурнов, Н,Филиппова, Б.Озернов, Э.Бортновская сынды мамандар ілгерілеудің алғашқы қадамдарын жасады. Режиссер Н.Анчаровтың «Алдар көсе мен Шығайбайында», В.Н.Гронбергтің «Өтеген батыр» спектакльдерінде суретші қызметін атқарған Р.Г.Папэ де театр қойылымдарының сәтті шығуына өз үлесін қосты. Үлкен жұмысты тігін цехының ардагер қызметкерлері Н.Виноградова, Т.Бережная, реквизит цехында В.Шмониналар атқарған. Сонымен қатар, театр тарихынан кәсіпқой суретшілер А.Пичкунов, А.Семенов, Е.Иванов, Г.Сидоровтардың да қосқан үлестері белгілі.   

Бертін келе 1967 жылы театр табалдырығын аттап, театрдың бас суретшісі болған Е.Яшнев те қуыршақ өнері үшін өлшеусіз еңбек етті. Қуыршақ жасау ісінің шебері, ардагер-бутафор Яшнев қуыршақты жасап қана қоймай, оның қозғалу жолдарын, актерлерге беретін мүмкіндіктерін толығымен ойластырды. Оларды дамытып, жаңа деңгейге көтеруге ат салысты. Қазақ қуыршақ театрын бүкіл әлем қолданып жүрген қуыршақтар деңгейіне жеткізген 1971 жылғы «Кербақбай» қойылымы болды. Әрбір детальға мән бере отырып, спектакльдің кілтін, бейнелік шешімін дәл табуға деген талпынысы өз жемісін берген болатын. Қуыршақ жасаушы маман  қойылым суретшісі ретінде 100-ден астам спектакльдер жасауға ат салысып, бүкіл ғұмырын қуыршақ театрына арнаған.

Бүгінде Мемлекеттік қуыршақ театрында планшетті, қолға киіп ойнатылатын қуыршақтар, сырықпен ойналатын, марионеттік қуыршақтар т.б түрлерінің барлығын қосқанда бас-аяғы 500-ге тарта қуыршақ қолданылады. Театр ғимаратында осы қуыршақтарды жөндеу, жаңалау, қайта қалпына келтіру, жаңадан жасау жұмыстарымен айналысатын 3 цех бар. Олар: қуыршақ жасау цехы, тігін және көркемдік бутафор цехы. Жыл өткен сайын жаңа қырынан көрініп, биік белестерді бағындыруға талпыныс жасап келе жатқан театр үшін цехтардың жұмысы өте маңызды болып табылады. Себебі, әрбір қуыршақтың сапасы мен шынайылығы, қойылымның бейнелік шешімі мен образдардың жаңашылдығы театрдың көркемдік деңгейінің көрсеткіші.   

Қуыршақ жасау ісі өте күрделі, әрі асқан шеберлікті талап етеді, оны дайындап шығару күрделілігіне байланысты әртүрлі кезеңдер мен уақытқа байланысты. Қойылымның жанры мен стиліне, көрермендерінің жас айырмашылығына байланысты, режиссер мен суретшінің біріккен қиялының нәтижесінде қуыршақтың ең алдымен сызбасы жасалынады. Кейіннен қуыршақ жасау цехында саз балшықтан иленіп (лепка), қажетті формаға келтіріледі. Кез-келген қуыршақтың  ең маңызды бөлігі оның басы. Себебі,  маңызды ым-ишарат қималдарын қуыршақтың бас бөлігінің қимылдары арқылы көреміз. Қуыршақ жасаудың келесі сатысында саз балшықтан жасалған бас формасы  екіге бөлініп, гипспен қапталып қалып жасалады.  Кейіннен дайын болған қалып келесі цехқа жөнелтіліп, ол жерде ішіне 10 қабат газет-қағаз жапсырылады(попермаше процесі). Сөйтіп, бұл процестен шыққан бас пішіні қуыршақ жасау цехына қайтып келіп, негізгі материалмен қапталады, бас бөлігінің ішкі механизациясы (көзінің ашылуы, ауыз бөлігінің қимылдауы, басының алдыға-артқа еңкеюі, оңға-солға бұрылуы т.б)орнатылады да, дене бөлігі жасалады. Артынша дайын болған қуыршақ бояу процесінен өтіп, тігін цехында арнайы костюмдері тігіледі. Сөйтіп, көрермен көңіліне сахна кеңістігінен жол табатын қуыршақ образы дайын болады.  Айтуға жеңіл болғанымен, кей кездері бір спектакльге қажетті қуыршақтарды сапалы етіп жасап шығару үшін, бұл процесс 1 жыл уақытты талап етуі мүмкін. Уақыттың тығыздығы мен шұғыл премьералар кезінде 3-4 айда дайындалады. 1935 жылдан бергі алғашқы қуыршақ шеберлерінің көз майын тауыса, бар шебеліктерімен жасаған сапалы қуыршақтары қазір де қолданыста бар.

Ал бүгінгі күні сондай қуыршақ шеберлері бар ма? Бұл қуыршақ театры ұжымын да, театр жанашырларын да алаңдатып отырған сұрақ. Өнер саласының мамандарын даярлайтын жоғарғы оқу орындары бүгінде  қуыршақ театрын ешбір маманмен қамтамасыз етіп отырған жоқ. Қуыршақ театрының режиссері, қуыршақ театрының суретшісі я костюмері дейтін мамандықты еш жерде оқи алмайсыз. Мамандар тек қуыршақ театрына деген қызығушылықпен, махаббатпен театр табалдырығын аттап, практика жүзінде шыңдалуда. Теория мен практика қатар жүргенде ғана шынайы кәсіби деңгейдегі мамандардың шығары сөзсіз. Дегенмен, Мемлекеттік қуыршақ театрының жаңашылдыққа, даму мен болашаққа деген талпыныстары ешбір кедергіге қарамақ емес. Мамандықтың ашылып, мамандардың түлеп шығуын күтпестен алға ілгерілеуде. Театр артистері мен қолынан іс келетін шеберлерге жағдай жасау арқылы жоқтың орнын толтырып отыр дей аламыз. Оған дәлел бүгінгі күні театр цехында жұмыс жасап отырған шеберлер алғашында қуыршақ жасау ісінен бейхабар мүсінші, суретші мамандар еді. Кез-келген іске араласып, оны игеріп кету талант пен талаптың нәтижесі екендігін осылайша дәлелдесе керек. Мемлекеттік қуыршақ театры есігінің еңбек пен ізденіске толы шеберлерге әрқашан да ашық екендігін осылайша аңғартуда .

Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы мен өнер мамандарын оқытатын жоғарғы оқу орындары осындай олқылықтың орнын толтырар деген үміттеміз. Себебі, театр өнері халықпен бірге жасап, бірге дамып отыратын ұлттық құндылық. Соның ішінде қуыршақ театры негізгі көрермені болып табылатын балалардан бастап, еңкейген қарияларға дейін рухани азық болып отырған өнердің ерекше түрі. 

1 Маусым 2018
355
0
0