Болат Момынжанов ағамыздан аларым көп

Қуыршақ театрының жас әртісі Руслан Абумен сұхбат.

Айгерім Айдынбаева

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотеледраматургия, III курс



Қайырлы күн! Руслан, өнерге деген құлшынысыңыз неден басталды?

Қайырлы күн! Жалпы өнерге деген құлшынысым мектеп кезінен басталды деп айтсам қате айтпағаным. Спорт мектебінде оқып, 11 сыныпқа келгенде актер болғым келетінін аңғардым. Мектептің мәдени өміріне белсене атсалысқаннан кейін, яғни концерттерді, түрлі іс-шараларды жүргізу арқылы таңдауым осы бағытқа бұрылды.

Жас болсаңыз да қазіргі таңда Қурышақ театрының көптеген қойылымдарында басты рөлді сомдап жүрсіз, бұл жетістігіңіздің сыры неде?

Жетістігімнің сыры – ол ұстазымның еңбегі. Осы орайда Кубанычбек Адылов ұстазыма алғыс айтқым келеді. Театр төңірегінде жүрген адамдар «Куба» деп атап жатады. Сол кісінің білімінің және де еңбегінің арқасында менің басыма бақ болып бұйырған рөлдер бар. Театр басшылығы  дипломдық спектакльдерімнен осы рөлдерімді байқап театрға арнайы шақырды.

Өзіңіз қызмет жасайтын театрда жоғарғы буын, орта буын, жас буын актерлерінің арасындағы байланыс қалай, олардан алар дүниеңіз көп пе?

Әр адамның өзіне тән ерекшелігі бар болғандықтан, бұл жерде барлығы қымбат, барлығының арасындағы байланыс жақсы. Тек бір адамды идеал деп, соның айтқанынымен жүре алмаймыз. Алайда, көп жағдайда қуыршақ жүргізуден талантты актер Болат Момынжанов ағамыздан аларым көп.

Театрдың сан саласы бар. Неліктен таңдауыңыз қуыршақ театрына түсті?

О бастан-ақ мен үшін театр әлемінде жүру ең маңыздысы болды. Кейін келе бағытым қуыршақ театрына бұрылды. Бұл жолға түскеніме еш өкінбеймін. Бүгінде сүйікті салам, мамандығым.

Қуыршақ театрының әртісі болу, қойылымдарындағы әр бейнені ашу қаншалықты қиын?

Тарихы терең қасиетті өнер ордасына келгеніме көп уақыт өтпегендіктен, мен қуыршақты аса жоғары деңгейде жүргізе аламын деп айта алмаймын. Қуыршақты ойнату мен жүргізуде кішкене шорқақтаумын. Себебі, қуыршақты бірден меңгеру өте қиын. Қуыршақты жүргізу мен оның механизмін меңгеруде әлі кенжелеумін. Бұл тұста жоғарыда айтып кеткенімдегідей театрдағы аға-әпкелерімізден үйренеріміз көп.

Өзіңіз ойнап жүрген қойылымдар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтереді ме?

Әрине, міндетті түрде көтереді. Мысалға қазіргі мен басты рөлді сомдап жүрген «Ана жүрегі» спектаклі ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты, ананы сыйлау мен анаға деген құрмет мәселесін қозғайды. Өмірге өзіндік  көзқарасымен қарап келе жатқан жасөспірімдерге берері көп қойылым. Бұл әр заманда өзектілігін жоғалтпайтын тақырыптардың бірі деп ойлаймын.

Қазіргі заманның балаларына қуыршақ театрына бару қаншалықты маңызды?

Қай жасында келгеніне, неше жастан бастап көргені маңызды. Үлкен өмірге қадам басып келе жатқан кез келген балаға қуыршақ театры ақ пен қараны ажыратуға, ата-анасының тәрбиесінен бөлек, жақсы-жаман, оң мен солды ажырата алатын дұрыс бағыт-бағдар беретін киелі мекен. Бүгінде театрымыз кішкене балаларға ғана емес, жас ерекшелікке қарамай, үлкен жастағы көрермен де көре алатын қойылымдар жасауда жақсы жұмыс жасап жатыр.

Ертең қуыршақ әртісі боламын деген жас буынға қандай кеңес берер едіңіз?

Қуыршақ театрының әртісі болуды ғана емес, жалпы актер болғысы келетін барлық жас буынға берер кеңесім – тек қана еңбектену, өз-өзімен жұмыс жасау.

1 Маусым 2018
157
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет