Қадірлі қуыршақ театры

Театр – рухани мұраның қайнар бұлағы. Сондай театрлардың біреуі, әрі бірегейі – Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театры.

Қыран Жеңіс

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотеледраматургия, III курс


Ұлтымызда: «Ел болам десең бесігіңді түзе...» деген ұлағатты сөз бар. Уыз сананы ғаламтор ғаріп жаулап бара жатқан дәуірде, мына меңіреуліктен бір мезет азат етіп, алға жетелеп бала санасын сан-саққа жүгірту үшін барар жеріміз – қуыршақ театры! Бала бойына батылдықты дарытып, отан сүйгіштікті оятып, рухани биіктететін, тәрбиелеуші құрал екені де бесенеден белгілі. Жалпы, қуыршақ театрының балаға тәлім беруде берер пайдасы мол.

«Өнер саласының атасы – поэзия мен музыка болса, анасы – театр» деген Ғ.Мүсірепов атамыздың сараланған салмақты сөзін негізге ала отырып ойланып көрелік. Демек, театрдың таразысы музыка мен поэзиядан да ауыр дегені емес пе?! Қолынан қуыршақ емес, сенсорлы темір түспейтін кезеңде балаларыңызға бір сәт болсын көңіл бөліп, қуыршақ театрына жиі келіп тұрғаныңыз абзал. Бала тәрбиесін материалдық жағынан ғана қарастырмай, моральдық жағына мән беріп, театрға ат басын бұрып тұрсақ нұр үстіне нұр болары анық. Өйткені, театр – рухани мұраның қайнар бұлағы. Сондай театрлардың біреуі, әрі бірегейі – Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театры.

Жалпы, біз сөз етіп отырған қуыршақ театрының тамыры тереңде жатыр. Қуыршақ театры жайындағы алғашқы деректер Аристотель, Геродот, Ксенафонт, Апулей еңбектерінде кездеседі. Бірақ, қуыршақ театры деген негізгі түсінік ХІ ғасырдан бастап пайда болып, діни қойылымдар көрсетілген.

Ал өзіміздің тұңғыш театрымыз 1935 жылы Алматы қаласында құрылған. Бұл жерден ағаштан жасалған қуыршақтардан бастап бүгінгі заман талабына сай заманауи қуыршақтарды, тіпті өнер жұлдыздарының қуыршақ мүсіндеріне дейін кездестіруге болады. Театр сахнасында алғашқы болып «Алдар көсе» мен «Өтеген батыр» сынды спектакльдер қойылған. Сол кезеңдерде Қ.Бадыров, С.Телғараев сынды өз ісінің шеберлері мен  қуыршақ режисері курстарын бітірген А.Федорченка және А.Анчаровтай мамандар театрды дамыту жолында өз үлестерін қосқан. Композитор Л.Хамиди мен Б.Ерзакович осы қойылымдарды әсем әуенмен әрлеген.

2013 жылды күрделі жөндеуден өткен 83 жылдық тарихы бар өнер ордасында 214 орындық үлкен зал және 60 орындық кіші зал жұмыс жасайды.   

Шығармашылық труппада Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстынның мәдениет қайраткерлері мен «Жастар», «Серпер» Жастар сыйлығының иегерлері қызмет атқарады. Мемлекеттік қуыршақ театры халықаралық ареналарда өзіндік орны бар, қадірлі қуыршақ театрларының біріне айналған. Бұл да болса біз үшін зор мәртебе. Қытай, Ресей және т.б. алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапарларға жиі барып тұрады. Фестивальдерде азулы алып театрлардың алдын орап, талай мәрте жеңіс тұғырынан көрініп, ел абыройын асқақтатып жүр. Мәселен, 2015 жылы өткен халықаралық ІV Қуыршақ фестивалінде Үнді, Грекия, Германия, Түркменстан, Грузия, т.б. елдердің театрларын басып озып, А.П.Чеховтың «Каштанка» (режиссер К.Адылов) қойылымын сахналап, бас жүлдені иеленді. 

Міне, бұл тәуелсіз ел тарихындағы құрметті қуыршақ театрымыздың бүгінге дейін бағындырған белестері. Болашағы бұданда жарқын боларына сеніміміз мол. Театр ұжымына ақ жол, сәт сапар тілейміз! 

2 Маусым 2018
82
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет