Ибрахим Дилек. Серікбол Қондыбайдың еңбектері негізінде түркі мифологиясын зерттеу мəселесіндегі проблемаларды шешудің жолдары

Серікбол Қондыбайдың еңбектері бір жағынан Түрік мифологиялық зерттеулеріне бағыт беріп жол көрсетсе, екінші жағынан Түрік мифологиясын зерттеймін деуші ғалымның да қандай ерекшеліктерге ие болуы керектігін көрсетеді.

Серікбол Қондыбай

Ибрахим Дилек (İbrahim DİLEK)

Гази Университетінің профессоры (Түркия)


Түрік (Түркі) мифологиясына байланысты алғашқы ғылыми зерттеулер ХІХ ғасырдың екінші жартысында басталады. Бұл зерттеу жұмыстары көне және жалпы Түрік мифологиясына қатысты болуымен қатар, Түрік халықтарына тән зерттеулер ретінде екі жақты болып келеді. Ғылыми түрде осылай бөліп қарастырғанымызбен бұл зерттеулерді бір-бірінен ажырату және дербес түрде зерттеу мүмкін емес деуге болады. Сонымен қатар Түрік халықтарының мифологиясына байланысты бұл зерттеулер бір-бірін толықтырып тұрады. Осы зерттеулердің бәріне мұқият

қарайтын болсақ Түрік (Түркі) мифология зерттеулерінің түрлі проблемалары бар екендігін көреміз. Бұлардың бастылары мыналар:

  1. Наным-сенімнің (діннің) әртүрлілігі мәселесі
  2. Географиялық жағдай / Көрші мәдениеттер мәселесі
  3. Тіл мәселесі
  4. Түбі мен шығу тегі бір құндылықтардың сан түрлі кие тұтылуы
  5. Салыстару мәселесі
  6. Әйгілілік мәселесі
  7. Мәтіндерді жетік білу мәселесі

Баяндамамызда Түрік мифологиясының жоғарыда айтылған проблемалары және Серікбол Қондыбайдың еңбектері негізінде осы проблемалардың шешімі қарастырылатын болады.

1. Наным-сенімнің (діннің) әртүрлілігі мәселесі: Түріктер (Түркілер) тарихи кезеңдерде түрлі сенімдерді/діндерді мойындап, өздері қабылдаған сол діндер аясында мифологиялық көзқарастары мен ойлары да өзгеріп отырған. Осы себепті Түрік халықтарының мифологиялық зерттеулерінде Көк Тәңірге Сенушілік (Шаманизм), Манихеизм, Буддизм, Христиандық, Мұсылмандық, Иудаиз... секілді діндердің ықпалының немесе басқаша айтқанда осы діндердің Түрік мифологиясымен өзара байланысы мен араласуының қалай жүзеге асқанын зерттеу маңызды мәселе болып тұр. Осы тұстағы ашып алынуы керек негізгі мәселе «сұрыптама» жасаудың қажет немесе қажет емес екендігі. Бірақ сұрыптама жасалса да жасалмаса да Түрік мифологиясын зерттеймін деуші адамдардың теологиялық (діни) білімі болуы қажет. Түріктердің адамзат тарихындағы діндердің барлығына жуығын қабылдағандығын және қазіргі таңда да әртүрлі діни сенімге ие екендігін ескеретін болсақ мұның бәрін білудің оңай еместігі белгілі жағдай. Алайда әсіресе салыстырмалы мифологиялық зерттеулерде кейбір сәттерде діни мәліметтерге сүйенуге тура келеді. Діннің өзгеруімен бірге мәдени өзгерістердің де болатыны сөзсіз. Бұл өзгерістер мифологиялық рәсімдерге де әсер етеді. Бұл жағдайдың бір мысалы ретінде отқа байланысты сенім мен рәсімдерді айтуға болады. Көне түрік тайпалары мен Сібір халықтары және барлық түрік тектес халықтар оттың тазалаушылық және аластаушылық қасиетіне сенеді. Тазалануы қажет заттың, малдың, тіпті адамның жағылған екі оттың арасынан өткізілгендігі және аластау арқылы тазаланғаны белгілі. Бұл рәсімдер көне түрік халықтарының сенімімен байланысты болса да, Ислам дінін және оның әртүрлі мәзхабтарын қабылдаған түрік халықтарында әлі күнге дейін жалғасуда.

2. Географиялық жағдай / Көрші мәдениеттер мәселесі: Бүгінгі таңда Түркі әлемі деп аталатын географиялық аумақ солтүстік жарты шардағы Саха Республикасы, Сібір, Батыс Қытай (Шығыс Түркістан), Түркістан, Кавказия, Қаратеңіздің солтүстігі, Балқандар және Орталық Еуропа, Иран, Ирак және Сирияның солтүстігі мен Анадолу аймағын қамтиды. Осы географиялық аумақта өмір сүріп келе жатқан Түрік халықтары Қытай, Орыс, Арап, Парсы т.б. мәдениеттермен және олардың мифологияларымен байланысып отырған және өздеріне солардың әсері де болған. Бұл байланыс пен ықпалдасу Түрік (Түркі) мифологиясының түрлі қатпарларында көрініс табады. Түрік халықтарының осы аталған ұлттармен қарым-қатынасын тарихи кезеңдерге қарай зерттеу және мифологиялық ықпалдастықты талқылау Түрік мифологиялық зерттеулерінің маңызды бір қыры болып табылады. С.Қондыбай еңбектерінде Түрік мифологиясының географиялық және көрші мәдениеттермен байланысы мәселесі де қолға алынған. Ғалым, еңбектерінде мифологиялық бейнелерді барынша тарихтың тереңінен іздеп, географиялық жағынан да ауқымды түрде қолға алып, талдағанын көруге болады.

3. Тіл мәселесі: Серікбол Қондыбай еңбектерінде көзге түсетін бір басқа маңызды нәрсе оның филологиялық, тілдік тұрғыдан зерттеудегі қабілеттілігі. С.Қондыбай өзі сөз етіп отырған ұғымының мифологиялық қызметіне тоқталмастан бұрын оның этимологиясы мен мағынасына байланысты мәлімет береді. Ол өз еңбектерінде мұны жиі жиі қайталайды. Осының бір мысалы ретінде «Кангуи мәселесі» (Арғықазақ мифологиясы, 4-т., 399-408 б.) деген тақырыпта айтқан ойларын келтіруге болады. Осы тақырыпта С.Қондыбай бұл терминнің (Кангуи) этимологиясы мен мағынасына кеңінен тоқталады. С.Қондыбай еңбектерінде мифологиялық ұғымдардың лингвистикалық (әсіресе этимологиялық) жағынан қарастырылуы ғалымның ғылыми ерекшелігі болып табылады. Бұл мифология зерттеулерінде ғалымдардың өте азында ғана кездесетін ерекшелік. Қандай да бір мифологиялық ұғымның/бейненің тілдік тұрғыдан оның шығу тегін анықтау және оның қай халыққа тән екенін көрсету де өте маңызды болып келеді. Түрік мифологиясына байланысты зерттеулерде мифологияның тілді және тілдік құндылықтарды сақтаудағы маңызына аса мән берілмеген. Сонымен қоса, мифологияның тіл мен сөздердін негізгі қорын жасаушы екендігі де даусыз. Пекарсий дайындаған «Якут Тілі Сөздігіндегі» 1000-нан астам сөздің Якут мифологиясымен байланысты екенін ойлайтын болсақ, мифология-тіл қатынасы және тілдік зерттеулердегі мифологиялық мәтіндердің маңызы айтпаса да түсінікті жағдай. Дәл осы секілді Вербитский дайындаған «Алтай-Алатау Диалекттері Сөздігі» де тілдік тұрғыдан да маңызды еңбек болып есептеледі. Н.И.Ашмарин 1928 бен 1950 жылдар аралығында 17 томнан тұратын «Словарь Чувашского Языка» атты еңбек дайындап чуваш тарихы, тілі мен мәдениеті үшін аса құнды мұра қалдырды. Бұл сөздіктің чуваш мифологиясын зерттеушілер үшін де маңызы зор.

4. Түбі мен шығу тегі бір құндылықтардың сан түрлі кие тұтылуы: Бұл да түрік мифологиясындағы бір басқа мәселе. Мысалы Ерліктің ұлдарының бірі түрік халықтарының бірінде кие тұтылса, басқасында жағымсыз кейіпкер ретінде қабылданады. Осындай мысалдардың бірі қазақ мифологиясындағы Қайрахан бейнесі. Радловтың мәліметі бойынша, негізінде Теңгере Қайрахан аспанның он жетінші қабатында отыратын, бірақ уақыт өте келе ұмытыла бастаған, жаратушылық ерекшелігі Үлгенге өткен Тәңір. Оның жағымсыз бейне бола бастауын қазақ мифологиясынан көреміз; Қара Ымай секілді бұл жерде де түрік мифологиясындағы Қайрақанның қазақтар арасындағы жағымсыз бейнесін кқреміз. Қайрахан моңғолдарда тау, су иесі болып есептеледі. Қазақтарда болса барлық жаманшылықтың иесі деп саналады. Қамбар ата, Қыдыр, Қырық Шілтен секілді жақсылық алып келуші иелердің қарама қарсы бейнесі. Наурыз айында оның жаманшылығынан құтылу үшін «Қайрахан Көшіру» деген рәсім өткізіледі. Қазақ дәстүрінде бұл жаман күш иелеріне «тауға көш, тасқа көш, аққан сумен көш, тұрған желмен көш»... деп оларды қууға тырысады.

5. Салыстару мәселесі: Салыстырмалы әдебиеттегі сияқты салыстырмалы мифологияда да салыстырма жасайтын адамның салыстыратын саласы мен тақырыбы жайлы жан-жақты білуі қажет. Серікбол Қондыбай, еңбектерінде қазақ мифологиясына тән бір ұғымды алып оның түрік мифологиясындағы орнын анықтауға тырысқаннан кейін оны өзге халықтардағы баламасымен де салыстырады. Мысалы «Арғықазақ Мифологиясы» атты кітабының үшінші томында Шашты Әзізді (382-389 б.) түсіндіре келе оны Якут мифологиясындағы Үрін Айы Тойонмен салыстырады және реті келгенде мысыр, парсы, грек мифологиясындағы баламаларын да атап өтеді.

С.Қондыбай, кітабында «Қытай тіліндегі лун» (3-т., 389 б.) деген тақырып арқылы оқырмандарына бір жағынан қытай мифологиясынан дерек берсе, басқа жағынан «Хуннулардың мифологиясы жөнінде» (3-т., 396 б.) тақырыбында түрік тарихының ерте кезеңдерінен сыр шертеді. Еш күмәнсіз бұл салыстырмалы мифология зерттеулерін жасайтын адамның бойынан табылуы тиіс негізгі ерекшелік әрі құндылық және біз бұны Серікбол Қондыбайдың бойынан көре аламыз. Мұны байқау үшін С.Қондыбай еңбектерін жан-жақты зерттеудің қажеті жоқ. Кітаптарының мазмұнына қараудың өзі ғана С.Қондыбайдың филология, тарих, география және басқа да мифологияға қатысты көзқарасын түсіну үшін жеткілікті болады. Серікбол Қондыбайдың «Арғықазақ Мифологиясы» атты еңбегінің төртінші томында «Қарақұс-Бүркіт» тақырыбы аясында жасаған талқылауы мен айтқан пікірлері оның әлем халықтарының мифологиясын жетік білгендігін керсетуімен қоса, салыстырмалы мифологиямен айналысуға деген қызығушылығын және соған деген қабілетін, бейімділігін көрсетеді. Дәл осы тақырыпта С.Қондыбай Бүркіт бейнесін Саха-Якуттар, Тунгуз-Манчулар, Американың жергілікті халқы, Сібір халықтары, Мезопотамия және Славян халықтарының мифологияларымен бірге талқылап, қазақ мифологисындағы ұқсастықтары мен өзгешеліктері жайлы пікір айтады. Бұл жағдай негізінде Серікбол Қондыбайдың зерттеуші ғалым ретіндегі қалыптасу кезеңімен де байланысты. 1997-2004 жылдар арасындағы қысқа бірақ жемісті ғылыми зерттеу кезеңін «Маңғыстау Географиясы» (1997) атты еңбегімен бастайды да, зерттеу алаңын қазақ мифологиясымен кеңейтеді. Бұл кезең бізге мынаны көрсетеді, егер С.Қондыбайдың өмір жасы жетер болса  ол осы қалпымен жалпы түрік мифологиясын және әлем халықтарының мифологиясын да зерттер еді. Ол біздерге өзі туып өскен аймақтан әлемге ашылатын бір терезе жасар еді.

6. Әйгілілік Мәселесі: Түрік (түркі) мифологиясының немесе түрік мифология зерттеулерінің ең басты проблемаларының бірі әйгілілік мәселесі. Бұл мәселені екі жақты қарастыру керек. Біріншісі, түрік мифологиялық бейнелерін өнердің әр саласына енгізу керек және заманауи көзқараспен қайта өңделуі қажет, өкінішке орай бұл түрік өнерінің ең басты кемшілігі. Екіншісі, түрік мифологиясын келер ұрпаққа үйрету мәселесі. С.Қондыбай осы екінші мәселені байқаған, байқап қана қоймай соны шешудің жолдарын іздеген ғалымдардың бірі. Түрік мифологиясын келер ұрпаққа үйрету үшін «Школьный Словарь Казахской Мифологий» атты еңбек дайындаған. С.Қондыбай осы кітабында жетпіс тоғыз атаудың маңынасын ашып көрсеткен. С.Қондыбайдың осындай үлгі ретіндегі еңбектеріне ұқсас кітаптарды суреттерімен бірге жас ерекшелігіне сай етіп жариялау түрік мифологиясын зерттеушілердің міндеті болуы керек. Тек осылай ғана мәдениетімізді келер ұрпаққа ұластырып, дәстүрдің жаңғыруы арқылы келер ұрпақ үшін мифологияны қолданудың жолы ашылады. Осылайша кішкентайынан түрік мифологиясымен танысқан жастар арасынан мифологияны өнермен, тіпті ғылыммен ұштастыратын жаңа ұрпақ өсіп жетіледі. Тарих кітаптарында өте ерте кезеңнің естеліктері ретінде сақталып қалған көне түрік мифтерінің тарихымыз бойынша өнер саласында өзінің орнын таба алмауы және өлген бабалардың керексіз жәдігері ретінде қалып қоюы түрік жырлары мен мифтерінің бақытсыздығы болып табылады. Мысалы, тек қана Алтай халқының 341 шамасында мифтері мен аңыздары, жүзден аса жырлары, өзбектердің 400-ден астам жыр-дастаны, чуваштардың 349 мифі және қазақтардың «Бабалар Сөзі» секілді көлемді жинағы барын ескерсек, осындай үлкен қазынаның өнер саласында, тіпті білім беру саласында да көрсетілмеуі, қолданылмауы ойландырарлық, сондай-ақ көңілге қаяу түсірерлік жағдай.

7. Мәтіндерді Жетік Білу Мәселесі: Түрік мифология зерттеулерінің ең маңызды мәселелерінің бірі қолданатын мәтіндерді жинақтау және оларды пайдалану, қажетіне жарату мәселесі. Алтай халқының жырлары «Алтай Баатырлар» деген атпен 13 том болып Алтай тілінде жарияланған. Осыған ұқсас жағдай өзге түрік халықтарының мифтері, жырлары, ертегілері секілді әдеби түрлерінде де кездеседі. Осылайша жиырмадан астам түрік халықтарының жүздеген томнан тұратын халық әдебиеті мәтіндері зерттеушінің алдында тұр. Зерттеушінің бүкіл түрік халықтарының тілі мен диалектісін білуінің мүмкін еместігін немесе осы материалдардың бәрін жинақтаудың қиындығын ойлайтын болсақ жасалатын зерттеу жұмысының кемшілігі ең басынан-ақ белгілі болуда және бұл үлкен бір проблема болып тұр. Зерттеушілер өздерінің теориясына негіз боларлық мәтіндерді көптеп пайдалануы қажет. С.Қондыбай еңбектерінде оның түрік мифологиясының мәтіндерін жеткілікті дәрежеде қолданғанын көреміз. С.Қондыбайдың өзі баяндап отырған мифолоиялық мәселені немесе ұғымды мәтіндер арқылы түсіндіруі, мысалдар келтіруі оның зерттеу әдісінің дұрыстығын және өзінің де қажетті мәтіндерді жақсы білгендігін көрсетеді.

ҚОРЫТЫНДЫ

Қорыта келгенде, Серікбол Қондыбайдың еңбектері бір жағынан Түрік мифологиялық зерттеулеріне бағыт беріп жол көрсетсе, екінші жағынан Түрік мифологиясын зерттеймін деуші ғалымның да қандай ерекшеліктерге ие болуы керектігін көрсетеді. Сонымен қатар еңбектері де Түрік мифологиясын зерттеушілер мен «жасалуы қажет» «Түрік Халықтарының Мифологиялық Сөздігі» үшін де пайдалы болады деп ойлаймын. С.Қондыбай талдау, түрлерге бөлу, жіктеу қабілеті жоғары ғалым. Оның бойындағы осы қасиет ғалымның өз саласының маманы екенін және зерттеп отырған тақырыбын жақсы білгендігін көрсетеді. Серікбол Қондыбайдың қысқа ғана ғұмырында уақытпен жарысқандай жылдам қадам басқан еңбектерінің тағы бір өзгешелігі қолға алған тақырыбын кестелермен, сызбалармен көрсетіп түсіндіруі. Осы сәтті пайдалана отырып құрметті Серікбол Қондыбайдың жаны жәннатта болуын тілеп, отбасына және ғылым ордасына көңіл айтқым келеді. Қазір өзі арамызда болмаса да оның рухы арамызда, Серікбол Қондыбай мына біздер арқылы әлі де Түркологияға және Түрік мифологиясына қызмет етіп келеді деп есептеймін.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет