Мақала
Қазығұрт, топан су және жебірей «Тәураты»
Шындық қиқалауға көнбейдi. Өз кезегiнде мен бабаларымыз «Тәураттан» жекелеген аңыздық желiлердi алып қана қоймай, ретi келгенде оған өз туған топырағында дүниеге келген аңыздарды да еншiлеп берiп отырғандығына сенiмдiмiн. Солардың бiрi топан суға қатысты әфсана деп ойлаймын
Бөлім: Мәдениет
Датасы: 28.10.2019
Авторы: Әмірхан БАЛҚЫБЕК
Мақала
Қазығұрт, топан су және жебірей «Тәураты»
Шындық қиқалауға көнбейдi. Өз кезегiнде мен бабаларымыз «Тәураттан» жекелеген аңыздық желiлердi алып қана қоймай, ретi келгенде оған өз туған топырағында дүниеге келген аңыздарды да еншiлеп берiп отырғандығына сенiмдiмiн. Солардың бiрi топан суға қатысты әфсана деп ойлаймын
Бөлім: Мәдениет
Датасы: 28.10.2019
Авторы: Әмірхан БАЛҚЫБЕК
Қазығұрт, топан су және жебірей «Тәураты»
фото гугл еркін ақпарат көзінен алынды

Мен Құдайдың барлығына күмәнданбаймын,
Құдайдың барлығына сендiргiсi келетiндердiң
дәлел-дәйектерiне күмәнданамын.
 Цицерон.

Туған жер, сен деп қайғыра алмасам,
тағдыр да менi бай қылмас.
 Т.Айбергенов.


Кiрiспе орнына

Әзiрге тұрақты қоныс таба қоймаған менiң көшпелi шағын кiтапханамда iшiнде шырақшысы да, қарақшысы да кезiгетiн арғы-бергi белгiлi-белгiсiз ақындардың жыр жинақтарымен бiрге көне Мысыр, Эллада, Рим, Кiшi Азия мен Таяу Шығыстың бағзы тарихынан сыр шертетiн кiтаптар да баршылық. Олар әдетте түркi тарихына қатысты кiтаптармен қатар тұрады. Әртүрлi халықтардың өткенiнен хабардар ететiн осы бiр кiтаптардың сөредегi бейбiт көршiлiгi маған адамзат баласы қанша талпынса да әзiрге қолын жеткiзе алмай келе жатқан татулықтың символы секiлдi.

Бiрде «Евангелиеден» мысал келтiргенiм үшiн, ауылдағы ағамнан ескертпе алғаным бар. Шамасы, ағам менi Ғайса iлiмiмен әуестенiп жүр деп ұғынса керек. Аға ниетiне түсiнiстiкпен қараймын. Бiрақ, амал қанша, қазақ әдебиетi тарихында «Тәурат» пен «Iзгi хабардан» алғаш мысал келтiрген мен емес. Менен бұрын да талайлар келтiрген, менен кейiн де келтiре бермек. Мысалы, жебiрей пайғамбарының қасiреттi өмiрi туралы, түпкi желiсi «биб­­лия­­лық» «Жүсiп-Зылиха» қисса-дастанын иудаизмдi дә­­рiп­тедi деп қазақ жазба әдебиетiнiң тарихынан сызып тастай аламыз ба? Сүлеймен, Дәуiт, Мұса туралы әңгiмелердi ше?..

Шындық қиқалауға көнбейдi. Өз кезегiнде мен баба­ла­рымыз «Тәураттан» жекелеген аңыздық желiлердi алып қана қоймай, ретi келгенде оған өз туған топырағында дүниеге келген аңыздарды да еншiлеп берiп отырғандығына сенiм­дi­мiн. Солардың бiрi топан суға қатысты әфсана деп ой­лаймын.

Расында да, жергiлiктi қазақ аңызы топан судың нөпiр толқынында шайқалып келе жатқан Нұх пайғамбардың кемесiн аты дардай болғанмен, көрер көзге қораш Қазығұртқа қайырлатуын қалай түсiнуге болады? Пайғамбар бiткендi түгел иемденiп алған жебiрей, араб туғандармен бәсеке деймiз бе? Әлде орта ғасырлардағы ислам экспансиясы кезiнен қалған жұрнақ па? Керiсiнше, ұлы дiндер мен пайғамбарлардың беделiн былай ысыра тұрып, топан су мен Нұх пайғамбар жайлы аңыз бабаларымыздың төл тумасы едi деген батыл тұжырым жасасақ ше? Сөйтiп, бабаларымыздың бiтiк тастарға ғана емес, «Тәурат» - «Библияға» да авторлық құқығы барлығын қорғауға кiрiссек. Таяу Шығыс пен Кiшi Азия, қашаннан түркi мекенi болған Ұлы Даланың бағзы тарихы мұндай болжамның негiзсiз еместiгiн мегзейдi.

Жағрапиялық жұмбақ

Кiм бiледi, жер бетiнде, әлдебiр бойлықтар мен ендiктерде әлi де ашылмай жатқан аралдар бар болар. Бар болса, оларды ашу жаһанкез саяхатшылардың мiндетi. Ал тарих елiнiң өткенiн бiлгiсi келген адамға шешудiң өзгешелеу тәсiлдерiн қажет ететiн жағрапиялық жұмбақтар ұсынбақ. Ол үшiн навигацияны жетiк бiлудiң немесе дауыл аласұртқан мұхитта вахтада түнгi кезекшiлiкте тұрудың қажетi жоқ. Өзiнiң жұмыс үстелiнде, әртүрлi бастаухаттардағы деректердi өзара кiрiктiрiп, хал-қадерi жеткенше олардан шындықтың сұлбасын тани бiлсе болғаны. Тарих ұсынған сондай жұмбақтардың бiрiн мен де шешуге талпындым. Белгiлi тарихшы марқұм С.Ақынжанов «Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихындағы қыпшақтар» кiтабында энци­­кло­педист ғұлама әл-Бируниден (973-1050 ж.ж) үзiндi кел­тi­редi: «Қимақтар елiнде (қазiргi Қазақстан территориясы) Манқұр деп аталатын тау кездеседi. Алыстан қарағанда өзi төңкерiлiп жатқан алып қалқанға ұқсайды.Осы жерде тұщы судың сарқылмас бұлақ көзi бар. Тұтас әскери қосын су iшсе де ернеуi бiр елi төмендемейдi. Бұлақ маңында Тәңiрге сыйынып жүгiнген адамның аяқ, қол, тiзесiнiң бедерлерi, сәби iзi мен есек тұяғының таңбалары сақталған. Осы арадан өткен түркi-оғыздар оларға сыйынып, тәуеп етедi» (С.М.Ақынжанов, Кипчаки в истории средневекового Казахстана, Алма-Ата, «Наука», 1989, стр 154).

Автор ғалымдар арасында деректегi таудың қазiргi қай тауға сәйкес келетiндiгi жайлы ортақ ұйғарымның жоқтығына тоқталады. Маркворттың пайымында Манқұр Мыңкөл атауының бұрмаланған түрi болып шықса, Минорскийде Орталық Қазақстандағы Ұлытау жотасымен астастырылады дейдi. Өйткенi қимақтар мен оғыздардың жазғы жайлаулары осы өңiр болған. Қалай дегенмен де, әңгiмеден таудың нақты жағрапиялық орнын анықтау жайлы сауалдың басы ашық қала бергенi байқалады.

Мен жоғарыдағы қос пiкiрдiң екеуiмен де келiспеймiн. Және тау атауына, оның бүгiнгi қай тау екендiгiне қатысты өз жорамалымды ұсынамын. Менiңше, әл-Бируни тау атауын хаттағанда қателiкке ұрынбаған. Манқұр бүгiнгi Қазығұрттың тарихи көне атауы.

ДӘЛЕЛДЕР:

а) Шымкенттен Алматы бағытына шыға берiсте Манкент елдi мекенi бар. Осындағы Ман түбiрi Манқұр атауындағы ман түбiрiмен тамырлас болуы мүмкiн. Әрi Қазығұрт пен Манкенттiң арасы оншалықты алыс та емес.

ә) Қазығұрт маңында Мансары деп аталатын тау бар. Жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов Қазығұрттың басына кеме тоқтарда, осы өңiрдегi үлкендi-кiшiлi таулар арасында болатын тартыс жайлы жергiлiктi аңызды әңгiмелей отырып, Мансары тауына ерекше тоқталады. «... Мансары тауын жергiлiктi тұрғындар осы күнге дейiн Мансар әулие деп құрмет тұтады. Сол жердiң бiр қасиеттi сыры бар деп жаңбырлы-бұлтты күндерi қасына көп жолай да қоймайды. Тiптен, соңғы жылдары бiр жаңбырлы күнi сол таудың бауырына өрмелемек болған әскерилердiң машинасының таңғажайып оқиғаға ұшырағанын әлi айтып жүредi» (Қ.Тұрсынқұлов. Қазығұрт: аңыз бен ақиқат. Алматы, «Тоғанай Т», 1998, 23-бет). Деректегi Манқұр мен осы Мансары атауларының арасында да тарихи байланыс болуы ықтимал. Өйткенi екеуiнiң негiзiнде де ман түбiрi кездеседi.

б) Қазығұрт маңында киелi орындардың көптiгi. Соның бiрi пайғамбар намазға жүгiнгенде сол жердiң тасы балқып кетiп, сонда түскен екен дейтiн тiзе, аяқ, қол iздерiнiң бедерiне ұқ­сас тастар. Жергiлiктi аңыз, тiптi пайғамбардың жайна­ма­зына дейiн тасқа айналып сақталып қалған деп әңгi­­мелейдi. Бируни дерегiнен тек бiр айырмашылығы, пайғамбар бұл өңiрге есек емес, түйе мiнiп келген. Назар аударатын тағы бiр жәйт, әңгiменiң қай пайғамбар туралы екендiгiнiң беймәлiмдiгi.

Мандар мен адамдар

Расында да әңгiме қай пайғамбар жайында болуы мүм­­кiн? Қарапайым қисынға алсақ, Нұхтан өзге жебiрей немесе араб пайғамбарының бұл өңiрде iз тастауы мүмкiн емес. Әлде әңгiме шынында да Нұх пайғамбардың өзi жөнiнде ме? Олай болса, Ман түбiрiнiң тасасында қандай құпия жасырулы?

Ағылшын тiлiнiң маманы осы да жұмбақ болып па, адам деген сөз ғой дер (man – адам). Бiрақ манның құпиясын шешуге бұл тым аз. Қазiргi тiл ғылымына санскритте де адам деген ұғымды бiлдiретiн ману сөзiнiң бар екендiгi мәлiм. (Мифология, Москва, «Большая Российская энциклопедия», 1998, стр 343). Көне үндi мифологиясындағы Ману, сондай-ақ алғашқы адам, яғни адамзаттың арғы атасының есiмi ретiнде де белгiлi. (Бұл арада дүниенiң, адамзаттың дамуы туралы үндiлiк түсiнiктiң ерекшелiгiн ескерте кеткен жөн. Олардың түсiнiгiнде адамзат тiршiлiгi 71 махаюга, яғни әрбiр 306720000 жыл сайын әртүрлi апаттардың салдарынан опат болып, өлмей аман қалған Манудан қайта бастау алып отырады. Үндi мифологиясында 14 Ману бар. Олардың жетеуi өткен дәуiрлерде болған, жетеуi болашақта өмiрге келмек. Яғни, үндi түсiнiгiнде адамзатты алда күтiп тұрған әлемдiк деңгейдегi тағы да жетi апат бар). Үндi мифологиясындағы Нұғымыз осы Ману. Дүниенi топан су қаптарда құдайдың мейiрiмi осы Мануға түседi. Құдайдың балық сипатында көрiнетiнi ғана болмаса, үндi аңызы оқиғасы жағынан «Тәураттық» нұсқаға жақын. «Тәуратта» бүгiнгi адамзат Ной мен оның әйелi Наамадан тарайды. Үндiлiк нұсқасында мұндай мәртебеге Ману мен әйелi Ила (Ида) ие. Үндiлердiң атақты «Махабхарата» эпосында дүниенi топан су басқанда Манумен бiрге тағы жетi адамның тiрi қалатындығы туралы да желi бар (бұл нұсқа Өлген мен Ерлiкхан туралы көнетүркiлiк мифтi еске түсiредi). Сондай-ақ, тек үндi емес, герман мифологиясындағы алғашқы адам есiмi де Манн. Менiңше, есiмдердiң дыбысталуында мұндай үндестiктiң болуы кездейсоқтық емес. Ол үндi және герман аңыздарының шығу төркiнi бiр екендiгiн, яғни екеуiне де ортақ бағзы арийлер дәуiрiн еске түсiрсе керек.

Қазығұрт-Манқұрды үндi аңызындағы осы Манумен байланыстыра қарастырған жөн. Өйткенi, Манқұр да, Ману да топан су жайлы аңыздың кейiпкерлерi. Бiрi жер атауы, бiрi адам есiмi. Әрi түбiрлерi ұқсас. Яғни, Манқұрдың Ману немесе Адам тауы болуы мүмкiн деп жорамалдауға болады (Манқұр атауының екiншi буынындағы шумерлерде тау ұғымын бiлдiретiн құр, кур сөздерiнiң бұл жерде қаншалықты орнықты роль атқара алатындығын анықтай түсуi керек). Осы тұста мынадай сауал бой көтермек: үндi дiни-мифологиясындағы аңызбен көне түркiлердiң таныс болуы мүмкiн бе?

Тарих иә дейдi. Деректер бойынша шартты түрде арий деп аталатын үндi және иран халықтарының арғы бабалары (тек олардың ғана болмаса керек, бұл туралы кейiнiрек әңгiмелеймiз) Каспий мен Арал теңiзi маңындағы да­­ла­ларды мекендегенi белгiлi. «Парсы мифологиясы бiр кездерi Арал-Каспий маңындағы далалардан Үндiстан мен Иранға, Еуропаға таралған үндiеуропалық ортақ ми­­фологиялық жүйенiң тамырлас бөлшегi болып та­­былады. Парсылардың қасиеттi көне жазбаларындағы («Авесталар») құдайлар бағзы үндiлердiң дiни мәтiн­де­рiндегi («Ведалар») құдайлармен өте ұқсас. Әйтсе де, өз­дерiнiң жаңа отандарында олар бiршама өзгерiстерге ұшы­рады. Веда дәстүрi Үндi жерiнде бертiн келе жер­гiлiктi халық – дравидтердiң қуатты ықпалына түссе, пар­сылық нұсқаларына шумер және бабылдық дiни түсi­нiк­тердiң әсерi мол болды»(Джозеф Кэмпелл. Герой с тысячью лицами. «София», 1997, стр 328).

Осыдан кейiн үндi ведаларындағы топан су және Ману жайлы әфсана ұлы түркi даласында, бүгiнгi Қазақстан территориясында дүниеге келген едi деуге болады ма, жоқ па? Иә десек, қисынға қайшы келмесiмiз анық.

Рас, христиан жыл санауының III ғасырында да (216-277 ж.ж) тарихта iз қалдырған Мани есiмдi пайғамбар болған. Ол дәрiптеген манихейшiлiк iлiмiнiң Орта Азия мен Қазақстан территориясына да бiршама таралғаны белгiлi (Гумилевтiң жазуынша ұйғыр империясының түбiне жетiп тынған дiн). Әйтсе де Манқұр-Қазығұрт төңiрегiнде айтылатын топан су жайлы аңыздың өмiрiн аянышты аяқтаған ирандық бұл жанкештiге ешқандай қатысы жоқ деуге болады.

Белгiсiз этрустер

Ендi Үндiстан мен Қазақстанды қоя тұрып, Кiшi Азия мен Еуропаға назар аударайық.

1882 жылы Америка Құрама Штаттарында Игнатиус Донелли дегеннiң «Атлантида. Топанға дейiнгi дүние» атты кiтабы жарық көрдi. Кiтапта мынандай қызықты дерек бар:«Қоладан жасалған бұйымдарының өңделу, дайындалу мәнерiне қарап бiз түбi Атлантидадан шыққан деп есептеп жүрген, бiр кездерi Италияны мекендеген этрус аталатын құпия халық тұран семьясының бiр бұтағы болып шықты».

«Англия тiл ғылымдары қоғамының жақында өткен мәжiлiсiнде пiрадар Исаак Тэйлордың этрустердiң сан атаулары жөнiнде жасаған хабарландыруы зор қызығушылық тудырды. Ол көптен құпия болып келген этрус тiлiнiң сырын ашатын кiлттiң табылғаны туралы мәлiмдедi. Археологиялық қазба жұмыстары кезiнде бiр қабiрден алты жағына әдеттегiдей нүкте ноқаттар емес, сөздер кертiлген екi ойын сүйегi табылған болатын. Пiрадар осы сөздердiң тұран тiл семьясының (алтай-түркiлiк деп түсiнген жөн - Ә.Б.) алтай тармағына жататын тiлдердiң алғашқы алты сан атауымен бiрдей екендiгiн дәлелдеп бердi. Осы жаңалыққа сүйене отырып, жалпы саны 3 мыңдай болатын этрус жазба ескерткiштерiнiң грамматикасы мен сөздiк қорының да түбi алтайлық екендiгiн жеңiл дәлелдеуге болады-ау деймiз. Оның үстiне жазбалардағы тiлдiк ұқсастықтарды аңғартатын есiмдiк сөздер мен жiктеу, септеу тәсiлдерi де сiбiр халықтарының тiлдерiндегiдей екендiгi байқалады. Қазiргi уақытта этрус мифологиясы деп жүргенiмiз фин халқының ұлы эпосы «Калевала» екендiгi де жан-жақты дәлелденуде»(Игнатиус Донелли. Атлантида. Мир до потопа, Самара, «Агни», 1998, стр 367).

Өткен ғасырда пiрадар Исаак Тэйлор оқып, жұртты таң қалдырған сөздер қандай сөздер едi? Шынымен түркi сан атаулары ма? Амал қанша, ол жағы бiзге беймәлiм. Тек тұжырым ғана белгiлi. Дегенмен, осы тақырыптың жалғасы ретiнде Олжас Сүлейменов талдаған тағы бiр ойын сүйегiндегi сөздердi мысалға келтiруге болады. Олар: i-va-est-orti-kaius-volote. Этрустануда «отен сүйектастары» деген атпен мәлiм ойын сүйектерiндегi осы сөздердi Олжас Сүлейменов жекелеген әрiптерiн ғана алға жылжытып i-va-es-tort-ikaius-volote деп оқуды ұсынады. (О.Сүлейменов. Язык письма, Рим, San Paolo, 1998, стр 399-400). Ақын i-дiң – бiр, va-ның екi деген сан атауларының көне қытайлық немесе славяндық нұсқалары болуы мүмкiндiгiн (i – көне қытайдан мәлiм бiр санының цифрлық таңбасы, va – два деген славян сан есiмiнiң ескiше аталуы) ескерте отырып, қалған сөздердi түркi сөздiк қорындағы сан атауларымен байланыстырады. Яғни, es – үш, tort – төрт, ikaius – екi және үш сандарының қосындысынан тұратын бес, volote – алты деген сан атаулары болып шығады. Бұл жерде, әттең, Иссак Тэйлор оқыған этрус-түркi сан атауларын да бiр рет көз алдымыздан өткiзiп алар ма едiк демеске лаж жоқ!

Олжас Сүлейменов Голлини сағанасынан табылған этрус­тер­дiң zate ad aidas деген атақты сөз тiркесiнде түркi тiлiнiң кө­мегiне сүйенiп оқуды ұсынады. Ақын ғалымның түсiн­дi­руiнде бұл сөздердi «жатыр ат айдаушы» немесе бүгiнгi қа­зақ тiлiнiң қалыбына салғанда «ат айдаушы жатыр» деп оқу­ға болады. (О.Сүлейменов. Язык письма. Стр 418-423). Бұ­дан кейiн бiзге түркi тiлдес (нақты дәлелденбесе де) этрус­тер Апеннин түбегiне қайдан келдi деген сауалға жауап iздеу ға­на қалатындай. Шынында да этрустер Италияға қайдан ке­луi мүмкiн?

«Аңыз бойынша ахейлiктермен соғыста Троя құлағаннан кейiн Дардан патшаның ұрпағы, троялық қаһарман Эней (Рим ақыны Вергилийдiң (б.д.д. 70-19 ж.ж) атақты «Энейда» поэмасының бас кейiпкерi) ұлы Аксаниймен бiрге Италияға қоныс аударады. Жергiлiктi италиктер тайпасымен қақтығыста оларды жеңiп, Латын патшаның қызы Лавинияға үйленедi. Әйелiнiң есiмiмен аталатын қала салдырады. Өлгесiн жергiлiктi халықтар арасында құдай ретiнде дәрiптеледi. Ұрпақтары ағайынды Ромул мен Рем Рим қаласы мен Рим империясының негiзiн қалаушылар ретiнде белгiлi. Рим бастаухаттары бойынша Юлийлер әулетi (атақты Цезарь шыққан - Ә.Б.) осы Энейдiң ұлы Аксаний-Юлдан тарайды деп есептелiнедi. Қазба жұмыстары бiр қарағанда ойдан шығарылғандай көрiнетiн осы аңыздың расында да шындыққа жанасатындығын дәлелдеп отыр» (Древние цивилизации. Москва, «Мысль», 1989, стр 387).

Яғни, этрустердiң Апеннин түбегiне Кiшi Азиядан қоныс аударғаны бүгiнгi тарих ғылымы күмән келтiрмейтiн шындық деуге болады.

Ендi Троя тұрғындары кiмдер болған едi деген сұраққа аз-маз тоқтала кетелiк.

Бiрқатар зерттеушiлердiң пiкiрiнше, «Гомер Троясының (атақты «Илиададағы») тұрғындары хэттер мен лувия­­­лықтар, фракия мен фригия тайпалары болған секiлдi. Со­­нымен бiрге Трояда iшiнара гректер де өмiр сүрген болуы мүмкiн. Троя патшалығының гүлдену дәуiрi б.д.д. 1800 жылдар мен 1300 жылдардың аралығына тура ке­ледi»(История древнего Востока. Москва. «Высшая школа», 1979, стр 208).

Осы үзiндiдегi хэттер Гомер «Илиадасында» кете деп аталады. Олардың Трояны қорғауға қатысқандығы анық. Бәл­кiм бiздiң этрус деп жүрген жұмбақ халқымыз осы хэт­тер болар? Тарих мұндай жорамалды да жоққа шы­­ғар­­майды. Өйткенi «... төркiнi құпия этрус мәдениетiн ли­­кия мен лидияның (хэт империясының мұрагерлерi - Ә.Б.) бай мәдени ғұрып-дәстүрiмен байланыстыратын да бол­жам бар» (Г.В.Синило. Древние литературы Ближ­­него Вос­­тока и мир Танаха, Минск, «Экономпресс», 1998, стр 154).

«Библия» және тарихтағы хэттер

«Библиядағы» «Хэттiң балалары» тарихта шындығында да болғандығы өткен ғасырдың соңында белгiлi болды. ХХ ғасырдың басында, Түркияның астанасы Анкарадан жүз шақырымдай жерде орналасқан Богезкей қаласынан белгiсiз тiлдегi сына жазулардың мол мұрасы табылды. Жазуларды бiрiншi боп оқыған чехословак ғалымы Б.Гроз­­­ный бұл жазулардың хэт империясы патшаларының архивi екендiгiн дәлелдедi (қазiр Богезкей орналасқан жерде ер­­теде хэттердiң астанасы Хаттушас қаласы болғандығы белгiлi бо­лып отыр).

Дегенмен, хэт империясының тарихта болғандығы жайлы болжамдар, бұдан ертерек, 1829 жылы Ф.Шампольон Мысыр перғауыны II Рамзестiң жазбаларын ашқанда, ХIХ ғасрдың қырқыншы жылдары Р.Лепсиус «Кадештегi соғыс» деп аталатын көне мысыр поэмасы мен египет-хэт патшалары арасындағы келiссөздердiң мәтiнiн аударып жариялағанда-ақ айтыла бастаған-ды. Бүгiнгi күнi б.д.д. ХҮIII-ХIII ғ.ғ.-да Кiшi Азияда Таяу Шығыспен Жерорта теңiзi маңайындағы өзге мемлекеттерге үрей төндiрген құдiреттi хэт империясының салтанат құрғандығы ешқандай құпия емес. Бiр құпия болса, ол Кiшi Азияға хэттердiң қайдан келгендiгi болса керек. Бұл турасында өзара кереғар екi болжам бар. Бiрi «хэттер Кiшi Азияға Кавказ тауларын асып Солтүстiк Шығыстан келдi десе» (этрустердiң де осы жақтан кеткендiгi белгiлi болып отыр), екiншiсi оларды Батыстағы Балкан түбегiнен шығарады. Бiз осы хэттердi және олармен тiлi де, мәдениетi де ұқсас қарларды түркi тектес халықтардың арғы бабалары, яғни прототүркiлер деп санаймыз. Мұндай пiкiрдi бiрiншi болып бiздiң айтпағанымыз да кеудеге сенiм ұялата түседi: «...Керiсiнше, кейбiр түрiк зерттеушiлерi хэттердi түркiлер деп дәлелдеуге тырысты. Олардың пiкiрiнше, көне хэт ескерткiштерi түркiлiк сипат-мазмұнға ие» (История Древнего Востока. Москва, «Высшая школа», 1979, стр 173).

Олжас Сүлейменов хэт тiлiнiң үндiеуропалық тiлдер тобына жатқызылуына күдiкпен қарайды. «Жiктеу кате­­го­риясы салыстырмалық-тарихи тiлтануда (компа­ративис­­ти­ка) үлкен беделге ие болды. Ғасыр басында етiстiктерiнiң жалғаулары латын және грек тiлiндегi жiктiк жалғауларымен ұқсас болғандығы үшiн ғана Кiшi Азиядан табылған белгiсiз көне тiл осы тiлдермен туыстастырылып жiберiлдi. Хэт тiлi үндiеуропалық тiлдер семьясына дәл осы­лай енгiзiлдi. Әрi оның ең көне өкiлi (б.д.д. II мың­­жыл­дық) болып та­­­нылды.

Бiздiң талдауымыз грамматикалық схема мен формант­­тар­дың жүйелi түрде дәл келуi «генетикалық» емес, тек мәдени байланыстардың нәтижесi ғана болуы мүмкiндiгiн аңғартады. Әйтпесе, жiктеудiң еуразиялық ең байырғы формасы сақталған түркi тiлi де үндiеуропалық тiлдерге туысқан тiл ретiнде қаралуға тиiс» (О.Сүлейменов. Язык письма. стр 177).

Үзiндi астарынан Олжас Сүлейменовтiң хэт тiлi мен түркi тiлiн байланыстырғысы келетiндiгi аңғарылады. Егер шынымен солай болып жатса, бұл пiкiрге бiз де қосыламыз.

Б.д.д. 1200 жылдары Хэт мемлекетi өмiр сүруiн тоқтатты. Алып империяның орнында жекелеген ұсақ мем­ле­­кеттер пайда болды. Ал хэттердiң өмiрде болғандығы, «Биб­лияда» кiмдер екенi беймәлiм «Хэттiң балалары» деген сөз тiркесi сақталғаны ғана болмаса, тарих үшiн өткен ғасырға дейiн белгiсiз болып қала бердi. Қазiр хэт им­­­пе­­рия­­­сының ахейлiк гректермен соғыста жеңiлiс тапқаны бел­гiлi. Шамасы, Трояны қоршаумен бiр мезгiлде («Илиа­­­да­­­­­­дағы» соғыс қимылдары он жылға созылады) гректер оның төңiрегiндегi елдерге де шапқыншылықтар ұйым­дас­­­­тырып отырса керек. Апполодор «Кiтапханасында» мұн­дай жорықтардың бiрнешеуi аталады. Сонымен Кiшi Азияда бес ғасырдай салтанат құрған хэт империясы тарих сахна­сы­нан көштi. Империялардың құлауы тарихи заңдылық де­­­лiк, ал халқы қайда кетуi мүмкiн? Тұтастай жойылып кет­­­­тi ме? Әйтпесе хэт атауының тарихта сақталмауы қалай? Бiз­­­­дiң ендiгi мiндет – осы жұмбақты шешу. Ол үшiн ал­­­­дын ала тұжырым жасап алуымыз артықтық етпейтiн секiл­дi.

Тұжырым

Бағзы түркiлер, дәлiрек айтқанда бүгiнгi түркi тектес халықтардың генотипiн, негiзiн қалауға қатысқан халықтардың бiр тармағы Кiшi Азияда, қасиеттi Анадолы жерiнде оғыз-түркiлер Осман империясын (б.д. ХI-ХII ғ.ғ) құрғаннан көп бұрын, дәлiрек айтқанда бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ХҮ-ХII ғасырларда-ақ өмiр сүрген. Тiптi мемлекетi де болған. Олардың бiр қауымы бiздiң жыл санауымызға дейiнгi ХIII ғасырда, яғни Гомер «Илиадасында» жырланатын Троя соғысынан кейiн (б.д.д. 1240 жылдар шамасы) теңiз және құрлық жолдары арқылы Апеннин түбегiне қоныс аударып, жергiлiктi тайпалармен бiрге ақындар тамсанып айта беретiн мәңгiлiк қала Римнiң iргетасын қалауға тырысса (бұл туралы бұрын бiршама әңгiмелегенбiз. «Гомер «Илиа­­да­сы», түркiлер және мәңгiлiк қала, «Жас Алаш» газетi, 16.02.99) ендi бiр бөлiгi өздерiнiң байырғы ата-мекендерi бүгiнгi Каспий-Арал теңiзi маңайына, Сыр бойына, Жетiсу өңiрiне қайта көш түзеп, жергiлiктi тайпалармен араласа келе бүгiнгi мазмұндағы түркi халықтарының қалыптасуына мұрындық болады. Олар ендiгi жерде тарихқа гет, массагет, юечжи деген атаулармен ендi. Яғни, өздерiнiң байырғы атауларын жоғалтқан жоқ. Осы атаумен бiздiң дәуiрiмiздiң I ғасырына дейiн сайын далада даңқты тiршiлiк кештi. Жебiрейлерге, «Тәуратқа» топан су мен Нұх пайғамбар жайлы аңызды тарту еткен де осы халық болатын.

Тұжырымды тарату

Хэттер мен массагеттердi шынында да неге байланыстырмасқа? Мысалы, массагет атауының көп хэт, қалың хэт деген ұғымды бiлдiруi де мүмкiн ғой. Егер массагет этнонимi тайпаның грекше атауы екендiгiн ескерсек, бұлай да пiкiр өрбiтуге болады. Сонымен бiрге массагет атауының қытай жылнамаларында аталатын тайпалармен салыстырылуына да мән берген жөн секiлдi. «Қытайларға тюгу (дүлу), жужань, юечжи деген атпен белгiлi болған халықтар кiмдер екен? Кейбiр синологтардың пiкiрiнше Шығыс Қара қытайы Қидан әулетi де, ал ендi қытай алтын хандары Жочжо әулетi-мiс. Иван Ильичтiң айтуына қарағанда олар юечжи атанып жүргендi геттер, массагеттер деп бiлетiн көрiнедi» (Ш.Уәлиханов, 5 томдық шығармалар жинағы, I том, 398-бет).

Осы гет-хэттер жергiлiктi ортаазиялық тайпалық одақ­­тар­ға кiредi. Тұмар (Томирис) анамыздың қолбас­шы­­лығымен Кир бастаған ирандық басқыншыларға тойтарыс берген қаһарман далалықтар да Кiшi Азиядан қайта ауып келген сол хэттер екендiгiне күмән жоқ. Апполодор кiтабында Томирис есiмiмен бiрге Төлеп, Тархан секiлдi та­за түркiлiк есiмдер де ұшырасады. «Илиада» зама­нын­дағы Кiшi Азияда мұндай есiмдердiң жүруi кездейсоқтық бол­маса керек. Сондай-ақ қар және сақ-скиф генеологиялық аңыздарының желiлiк ұқсастықтары да тосын ойларға бастайды. Көне грек жылнамашылары олардың салт-дәстүрi көшпелi түркiлердiкiндей екендiгiн әсерлi-ақ суреттеген. Бертiнiректе Мүденiң (Модэ) ғұндарынан жеңiлiс табатын юечжиларымыз да осы масса-хэттердiң бiр атасы. Олар ғұндардың батысқа жорығына тосқауыл болмай, оңтүстiкке жылжып, кейiн Үндiстан мен Шығыс Түркiстан аралығын қамтыған атақты Кушан империясын құрады.

Рас, гет және хэт атауларының ұқсастығы кездейсоқтық болуы мүмкiн дейтiндердiң де табылатындығын жақсы бiлемiн. Оларға бiздiң дәуiрiмiздiң оныншы ғасырына дейiн бабаларымыз пайдаланып келген тохар тiлiнiң басқа емес, дәл осы Кiшi Азиялық хэт және қар тiлдерiмен туыстас тiл болып саналатындығын айтқым келедi.

Тохар тiлiнде сөйлейтiндердiң Шығыс Түркiстанда алғашқы пайда болуы кезiнен бастап-ақ, бұл тiл мен көне түркi тiлiнiң жан-жақты байланысқа түскендiгiн байқауға болады. Олардың байланысы бұл өңiрде жазу пайда болмай тұрып-ақ басталған секiлдi. Тохар тiлi Шығыс Түркiстанда б.д.д. I мыңжылдықтан ерте болмаса, кейiн пайда болма­­ған­дығы анық. Бұған дейiн бұл тiлде сөйлейтiндер Батыстан Шығысқа жылжыған (алдымен Шығыстан Батысқа, кейiн Батыстан Шығысқа қайта жылжыған халықтың хэт-массагеттерден басқа кiм болуы мүмкiн?).

«...Үндiеуропалық лингвистикалық жағрапияның мәлiметтерi бойынша оған дейiн тохар тiлiнде сөйлейтiн­дер­дiң кейiнiрек анадолы тiлдерiнiң қалыптасуына септiгiн тигiз­ген диалектiлерде, яғни бертiнiректе үндiеуропа тiлдерiнiң италян-кельт тобының пайда болуына мұрындық болған тiл­де сөйлеушiлермен байланыста болғандығы күмәнсiз» (Язы­кознание, Москва, «Большая Российская энциклопедия», 1998, стр 517). Ақиқат осындай. Тохар тiлiн кейбiр ға­лым­дарымыздай парсы-иран тiлiмен туыстастыра салудың еш жөнi жоқ. Бұл тiлде прототүркiлердiң бiр тармағы, яғни Кi­шi Азияда, бүгiнгi Түркия территориясында осыдан үш жарым мың жылдай бұрын мемлекет құрып дәуiрлеген хэт-массагет бабаларымыз сөйлеген. Бүгiнгi түркi тiлдерi ғана емес, атақты латын тiлi де осы баба тiлдiң мұрагерi бо­­лып табылады.

Жылауық пайғамбар

Ел арасында Нұх пайғамбардың шын есiмi Яшкар едi, елдiң қамын көп ойлап жылай бергесiн Жылауық (Нұх) пайғамбар атанды деген сөз бар. Сөз астарында шындық жатқан секiлдi. Егер Ной-Ноах есiмiнiң жебiрей тiлiнде «татуластырушы», «бiтiстiрушi» деген ұғымдарды беретiндiгiн ескерсек (Г.В.Синило. Древние литературы Ближного Востока и мир Танаха. Минск, «Экономпресс», 1998, стр 199), жылауық мағынасындағы тағы бiр Нұх есiмiнiң пайда болуы, расында да қызық, әрi күдiктi. Осы арада Жылауық пайғамбар жайлы әңгiме ислам дiни мифологиясында ескiден бар желi ме, әлде жергiлiктi түркi тектес халықтардың қиялынан шыққан дүние ме деген сауалға жауап iздеу қажеттiлiгi туындамақ.

Бiздiң қолымызда Нұх есiмiне қатысты тағы бiр бол­­­жам бар: «Болмыс кiтабындағы («Библияның» бiр тарауы) То­пан су – финикей, әлде семит немесе жебiрей аңызы. Бiрақ кейiпкерi Нойдың есiмi арийлердiкi. Бұл есiмнiң еш өзгерiске ұшырамай бастапқы арийлiк мағынасын сақтап қал­ғандығы таңғалдырады. Ол барлық арий тiлдерiнде «су, «ағын» де­­­ген мағыналарды бiлдiредi. Түбiрi «на» (Игнатиус Донелли. Атлантида. Мир до потопа. стр 94).

Нұх есiмiнiң «татуластырушы», «бiтiстiрушi» мағынасындағы семиттiк түсiндiрмесiнен гөрi «су», «ағын» деген ұғымдарды бiлдiретiн осы арийлiк нұсқасы Жылауық пайғамбар есiмiне жақынырақ келетiн сияқты. Су мен көз жасының арасы оншалықты алшақ болмаса керек. Яғни Жылауық пайғамбар туралы әңгiме түркi тектес халықтардың өз туындысы деп санар болсақ, онда түркiлер мен арийлер арасында қандай байланыс барлығына жауап iздеуге тура келмек.

Әзiрге арийлерге қатысты ешкiм таласа алмайтын бiр ғана шындық белгiлi. Ол арийлердiң кезiнде (б.д.д. I-II мыңжылдықтар аралығы) Қазақстан территориясынан, Каспий, Арал маңынан кеткендiгi. Егер топан су туралы аңыз арийлер арасында, олар жаңа мекенге қоныс аудармай тұрып-ақ пайда болған деген пiкiрге сүйенетiн болсақ, түркiлер арасында Жылауық пайғамбар жайлы әңгiменiң кездесуi оншалықты кездейсоқтық емес екендiгiн байқаймыз. Өйткенi, түркiлердi арийлердiң тiкелей мұрагерi деп есептемеген күннiң өзiнде, олардың орнын басқан халық ретiнде түркiлердiң жергiлiктi жер-су атауларына қатысты аңыз-әңгiмелерден бейхабар қалуы мүмкiн емес-тi. Егер бұдан да ары кетiп, түркiлер арийлердiң тiкелей iзбасары, тiптi төл ұрпағы едi деген пiкiрдi дәлелдей алып жатсақ, аңыздың тiкелей түркiлердiң өз туындысы екендiгiне күмән қалмас. Амал қанша, ондай мүмкiндiк бiзде жоқ. Бiрақ менiң, мүмкiндiгiм жоқ бола тұра, ақиқат шындықтың дәл осылай екендiгiне сенгiм келедi. Және бұл үмiтсiз де сенiм емес секiлдi.

Л.Базен наурыз сөзiнiң түбiрiн «n, a» (нәр, ылғал, шырын) формасындағы алтай прототипiнен шығарады. Бұл сөздiң бас­қа тiлдердегi қолдану аясы мынандай: тұнғысша - nia – «ыл­ғалды, жасыл», монғолша - ini - «жас өсiмдiк», «жаңа туылған», ni/buzum – «көз жасы», ni/bi – «түкiру», фин-угор, мажар тiлдерiнде nya – «түкiрiк» (Л.Базен. Концеп­­ция возраста древних тюркских народов. стр 363) «Көз жасын» былай қойғанда осындағы ылғал, нәр, шырын сөздерiнiң өзi-ақ арийлiк на – су сөзiнiң түбi түркi-алтайлық болуы мүмкiндiгiн аңғартып тұрғандай.

Арийлер мен прототүркiлердi байланыстыруға бұл да сеп. Тарихта арий деген халықтың болмағандығы, тек ел бастаушы ақсүйек көсемдерiнiң өздерiн арья, яғни тектi, iзгi атауынан тарих ғылымында шартты түрде арий аталған халықтардың пайда болғандығы белгiлi. Асылы, осы тектiлiктi бiлдiретiн арья сөзi бiздегi ар, арыс, арлы сөздерiмен байланысты болса керек. Бiздегi арыс сөзi бағзы этрустерде арыстан мағынасын бiлдiргендiгi де тосын ойларға бастайды. Этрустер мен түркiлердiң түбi бiр деген тұжырымға тоқтар болсақ, сөздiң өмiршеңдiгiне бұл да мықты дәлел, Арыстан ұғымын бiлдiретiн түркi-қазақ сөзiне үш мың жыл деп мақтанышпен айтуға болады.

Бұдан бұрын арыс сөзiнiң қасқыр атауымен байла­ныс­тырғанымыз бар-ды. Егер арыстан да, қасқыр да тотемдiк си­патқа ие жыртқыш аңдар екендiгiн ескерсек, бұл бол­жамның да өмiр сүруге хақысы бар секiлдi. Бәлкiм, кiм бi­ледi, көнекөз замандарда бұл атау екi жыртқыш аңға да тең телiнiп қолданылған болар.

Мәңкүр-Нәңкүр

Менi ислам мифологиясындағы өлген адамның о дүниеде ақ-қарасын анықтайтын Мәңкүр, Нәңкүр есiмдi перiштелердiң қызықтырғанына да көп болды. «Құранда» бұл перiштелердiң есiмi аталмайды. Есесiне, халықтық мифологияда жиi кездеседi.

Әдетте, әлемдiк мифология үлгiлерiнде о дүниенiң иесi, өлiлер патшалығының әмiршiсi ретiнде алғашқы адамның аталатындығы белгiлi. (Э.Б.Тайлор, Первобытная культура. Москва, 1989, стр 425-428). Үндi «Ведасындағы» Яма да (Манудың егiзi), «Авестадағы» Има да, Алтай, моңғол халықтарындағы Ерлiк-номын хан да (Өлгеннiң егiзi), герман, фин мифологиясындағы Манн мен Маналар да жергiлiктi халықтың дiни түсiнiктерi бойынша жер бетiнде тәңiрi жаратқан алғашқы адамдар болып табылады. Құдай дәрежесiне көтерiле дәрiптелетiн мұндай алғашқы адам жайлы аңыз-түсiнiктердi Оңтүстiк пен Солтүстiк Американың үндiс тайпаларынан да, мұхит халықтарынан да, Африканың жабайыларынан да, Камчатканың ендiгi құрып бiткен байырғы халықтарынан да ұшыратуға болады.

Иудаизм, христиан және ислам теологиясы әлемнiң барлық халықтарында дерлiк кездесетiн осындай дiни-мифологиялық түсiнiктен құлан-таза ада деуге бола ма?

Бiздiңше, болмайтын секiлдi. Құранда Алла-тағаланың перiштелерден өзiнiң жердегi өкiлi Адам атаға тағзым етуiн өтiнгенi туралы әңгiменiң бар екендiгiн былай қойғанда (Iбiлiс қана тағзым етуден бас тартады), Мәңкүр-Нәңкүр есiмдi қос перiштенiң тасасында да монотеизм талабына орай дамытылып, өңделген алғашқы адам жайлы политеистiк байырғы мифологиялық түсiнiктiң жатқандығы аңғарылады. Исламға дейiнгi байырғы халық түсiнiгiнде Мәңкүр мен Нәңкүр перiште емес, алғашқы адамдар едi.

Құрандағы әңгiмелердiң «Тәуратпен» сабақтас екендiгi, ал «Тәураттың» Таяу Шығыс, Кiшi Азия халықтары мен үн­­­дiарий және прототүркiлердiң дiни-мифологиялық түсi­нiк­терiнiң мол мұрасы негiзiнде қалыптасқандығын ескерсек, бұ­­лай болуы заңды да.

Бiз прототүркiлер арасында Нұх пайғамбар Нама есiмiмен белгiлi болды деп санаймыз. Үндiлердегi Ману да, Яма да, ирандықтардағы Има да, герман, фин мифологиясындағы Манн мен Мана да осы кiсi. Яма мен Има Нама есiмiнiң сәл ғана бұрмаланған түрi. Ал Ман мен Ману есiмдерi На­­ма немесе Нам атауын оңнан солға қарай оқу, дыбыстау не­гiзiнде пайда болған деп бiлемiз. Бiр кезгi абыз-ақындар о дүние мен бұл дүниенiң, ақ пен қараның, аспан мен жердiң ара-қатынасын, байланысын түсiндiруде осындай әдiс-тәсiлдерге сүйенiп отырғаны құпия емес.

Тек ман емес, нама, неме сөздерi де көне түркiлерде адам мағынасында ұғынылған секiлдi. Өйткенi санскритте Нара, яғни адам, ер адам мағыналарын бiлдiретiн сөздiң барлығы, бiзде де адам ұғымына қатысты нәресте, немере сөздерiнiң кездесетiнi мұндай да топшылау жасауға мүмкiндiк бередi. Бiздiңше, кезiнде Алтай өңiрi мен Қазақстан территориясынан Кiшi Азияға жылжып, одан әрi Апеннин түбегiне қоныс аударған хэттер өздерiмен бiрге топан су және ақ пен қарадай егiз ағайынды екi жiгiт – Ман мен Нам туралы әфсананы ала кеткен. Хаттушас, әлде Троя, бәлкiм Сардының берекелi базарлары мен атақты керуен-сарайларында бұл әңгiмелердi олардан Израильдiң ойы сергек, қиялы ұшқыр, ақынжанды ұлдары сан рет тұщынып естiгендiгi ақиқат. Кiм бiледi, олар бұл әфсананы Өлең жыраудың (тарихта аты сақталған кiшiазиялық ең көне ақын) өз аузынан есту бақытына да ие болған болар. Асылы, бұл Авраам-Ибрагим пайғамбар өлген әйелiне «Хэт балаларынан» табыт сатып алатын уақытпен тұстас кездер.

Ағайынды Ман мен Намның жолы Кiшi Азияда екiге бөлiнедi. Бiрi германдықтарда алғашқы адам әрi өлiлер патшалығының әмiршiсiне айналса, екiншiсi семиттерге сiңiп, топан су жайлы әфсананың басты кейiпкерi болып шығады. Байырғы есiмiн әйелi Намаға қалдырып, Ной-Ноах ныспысымен «Тәуратқа» енедi.

Алтай, Жетiсу, Каспий мен Арал бойынан хэттерден кейiнiрек қозғалған үндiарийлер мифологиясында ағайын­­ды­­лардың есiмi қарама-қарсы бағытта көрiнiс тапты. Ман немесе Ману топан су жайлы аңыздың кейiпкерi болса, Нама-Яма-Има о дүние мен өлiлер әлемiнiң иесi ретiнде дәрiп­­теледi.

Бағзы бiр кездерi топан су туралы әфсананың дүниеге келуiне себепшi болған Каспий мен Арал бұл күнде томаға-тұйық. Арал өлiм аузында жатса, егiзiнiң халiне ашынғандай қарт Каспий анда-санда ғана адуын мiнез танытып ыңыранып қояды.

Бүгiнгi ұрпақ бұл өңiрден талай-талай халықтар көшкендiгiн, олардың бiрi тағдыр жазмышымен Ұлы далаға қайта оралып, Ұлы далаға сай ерлiк iстер мен жасампаз бастамалардың ұйытқысы болғандығын, оған қос теңiз бен қария Қазығұрттың куә екендiгiн бiлгiсi де жоқ. «Библия» мен «Ведаларда» Ұлы далада дүниеге келген аңыздар ай­тылатындығын, ендiгi жерде олардың бүкiл адамзаттық рухани қазынаға қосылған қомақты үлес екендiгiн пайым­да­ғыларды да келмейдi.

Сөз соңы

Хэт империясының елтаңбасында көк төсiнде қалықтай ұшқан қыран мен шапақты күн бейнесi бедерленiптi. Бiздiң бүгiнгi көк туымызда да осы символдар. Кездейсоқтық па? Олай болмаса керек. Бұны бiр кездерi Таяу Шығыс, Кiшi Азия мен Элладаның рухани өрлеуiне себепшi болған бабаларымыздың шалқар шабыты бүгiнгi ұрпақтарының бойынан да табылады деп ырымдасақ жөн. Солай екендiгiне сенгiң келедi.