Мақала
Перғауын ақынның құпиясы
«Тән жарасы жазылар, жан жарасы жазыла ма?» Бұл сөздi аңсарына қолы жетпеген кез келген мәжнүн мұңлықтың айтатыны мәлiм. Бiрақ мәселе тек махаббатта емес, сенiң ұлтыңның тарихында, сан ғасырлар ұрпақтан-ұрпаққа мұра қылып аялап ұстаған баба дiнiнде, сол дiнмен егiз қозыдай болып бiрге бiте қайнасып кеткен дiлiнде болса ше?
Бөлім: Мәдениет
Датасы: 02.11.2019
Авторы: Әмірхан БАЛҚЫБЕК
Мақала
Перғауын ақынның құпиясы
«Тән жарасы жазылар, жан жарасы жазыла ма?» Бұл сөздi аңсарына қолы жетпеген кез келген мәжнүн мұңлықтың айтатыны мәлiм. Бiрақ мәселе тек махаббатта емес, сенiң ұлтыңның тарихында, сан ғасырлар ұрпақтан-ұрпаққа мұра қылып аялап ұстаған баба дiнiнде, сол дiнмен егiз қозыдай болып бiрге бiте қайнасып кеткен дiлiнде болса ше?
Бөлім: Мәдениет
Датасы: 02.11.2019
Авторы: Әмірхан БАЛҚЫБЕК
Перғауын ақынның құпиясы

Мұса пайғамбар мысырлық па?

Тарих парақтары киелi кiтапта «Тәңiрiнiң таңдауы түскен халық» ретiнде аталатын еврей ұлтына жасалған талай-талай қысастықтарды бiледi. «Тәураттан» белгiлi Мысыр мен Бабыл құлдығы, Рим шапқыншылығы, ХIХ ғасырдағы атышулы «Дрейфус iсi», Ресейдегi «қара жүзiктер», фашистiк Германия және қанқұйлы Холокост, бұл тiзiм осылай созылып кете бередi. Тiптi дүниелерiнен жылылықтың лебi есетiн жүзi жайдары ақсақал Вальтер Скоттың өзi де бұл тақырыпты айналып өте алмапты. Оның әйгiлi «Айвено» романында да орта ғасырларда Ангоияны отарлаған норман серiлерiнiң еврей көпесi мен оның қызына жасаған қиянаттары туралы бiрқыдыру әңгiме болатыны бар.

Иә, еврей тарихын тауқымет пен азап, қайғы-нала мен көз жасынан құралған деуге болады. Бiрақ еврейлер тек өзгелердiң тарапынан ғана қиянат көрдi ме екен/ Өз халқының ұлы тарихын тұтқындардың iшiнде еврей пер­­зенттерi де болмады деп айта аламыз ба? Жоқ, айта алмайды екенбiз. Тарих беттерi ондай оқиғаны да бiлетiн болып шық­­ты. Және бұл оқиғаны еврей тарихы мен дүние­та­нымына жасалған ең ауыр соққы деуге болатындай.

«Тән жарасы жазылар, жан жарасы жазыла ма?» Бұл сөздi аңсарына қолы жетпеген кез келген мәжнүн мұңлықтың айтатыны мәлiм. Бiрақ мәселе тек махаббатта емес, сенiң ұлтыңның тарихында, сан ғасырлар ұрпақтан-ұрпаққа мұра қылып аялап ұстаған баба дiнiнде, сол дiнмен егiз қозыдай болып бiрге бiте қайнасып кеткен дiлiнде болса ше? Және сол тарихыңның, дiнiң мен дiлiңнiң негiзiн әлдекiм, әлдекiм емес-ау, өз қандасың күйрете жоққа шығарып жатса не болмақ? Және ол бауырың анау-мынау емес, беделiн әлем мойындаған, қайсыбiреулер ХХ ғасырдың пайғамбары деп ұлықтаудан да тайынбайтын ұлы ғалым болса?

Мiне, Гитлер қырғынынан сәл бұрын, екiншi дүниежүзiлiк соғыстың қарсаңында еврей ұлтына жасалған соққы деп дәл осындай мазмұнға ие едi. Сызат-жарақат алдымен тән­­­­ге емес, жанға, бәлкiм жүрекке түстi. Және бұл соққыны жа­­­саған өзге емес, еврейдiң өзi, адамтанудағы ең соңғы же­­тiстiк – психоанализдiң атасы саналатын ұлы ғалым Зиг­­мунд Фрейд болатын.

Сонда адам жанының қалтарыс-бұлтарыстарына үңiлудiң хас шеберi есептелетiн Зигмунд Фрейд «не бүлдiрдi» дейсiз ғой? Бәрiн бүлдiрдi.

Ол ең алдымен «Бiз Құдайдың қалауы түскен халықпыз» деген сан ғасырлардан берi келе жатқан жаралы жанға ши­­­­­­па iспеттi еврейлiк түсiнiктiң быт-шытын шығарды. Иә, иә, Мұса пайғамбарды «еврей қауымынан емес, перғауынның тәрбиесiн көрген тегi жат мысырлық» едi дедi. Қазақтың бiр­туар ақыны Жұмекен Нәжiмеденовтiң «Кейбiр елдiң Құ­дайы да көшiрме» деп келетiн жыр жолдарының расымен де ақиқаттығын дәлелдедi. Әрине, адамзат тарихындағы, ең алғашқы монотеистiк (бiрқұдайшылық) дiн болып сана­ла­­тын еврей иудаизмiнiң абырой-атағына нұқсан келтiре оты­рып, Фрейдтiң түсiндiруiнде еврей иудаизмi көне Мысыр (Египет) перғауыны ұстанған, мемлекеттiк дiн ретiнде ендiрмек болып талпынған сенiмнiң жаңаланған, еврей топырағында дамытылған плагиат нұсқасы ғана болып шықты.

Фрейдтiң өсиетi iспеттi ең соңғы «Мұса пайғамбар және бiрқұдайшылық» атты еңбегi (1939 жылы жеке кiтап болып шыққан) осындай оқырманын естен тандырар мәлiм­­де­ме­­лерге толы едi.

Бұл еңбегiнде психоаналитик Фрейд ең алдымен тарих­шы һәм тiл маманы ретiнде танылды. Дәлiрегi, оны «өз ойынан ештеңе де шығарған жоқ, өзiне дейiн де әртүрлi ғалымдарды мазалап келген Мұса пайғамбар өмiрiн қатысты күдiктi жаттардың қараңғы түкпiрлерiне жарық түсiруге ғана талпынды» деген дұрыс болар. Сонымен, Мұса пайғамбардың ешқандай да еврей емес, толыққанды мысырлық екенiн дәлелдеу үшiн Фрейд қандай деректер мен дәйектерге жүгiндi дейсiз ғой? Бұл үшiн Фрейдтiң өз еңбегiне үңiлген жөн: «Ең алдымен бiздi Мұса пайғамбардың тұлғасында қызықтыратын нәрсе – оның иврит тiлiнде Моше деп дыбысталатын есiмi. Ендi «Бұл есiм қайдан шыққан, не мағына бiлдi­ре­дi?» деген сауалдар қояйық. Өзiмiзге белгiлi болғанындай, бұл сауалдарға Шығудың («Тәураттың» бөлiмi) екiншi та­рауында жауап берiледi. Онда Мысыр перғауынының қызы сәбидi Нiл өзенiнiң суына тұншығып өлуден құт­қарып тұрып, «Судан алынған», яғни, есiмi Моше болсын дегенi туралы айтылады.

Дегенмен бұл түсiндiрме жеткiлiксiз. Өйткенi, иудей сөздiк қорында бұл сөздiң «тартқылаушы, деп түсiнiлетiн басқалай да нұсқасы бар. Өзара кiрiкпейтiн бұл екi түсiндiрмеге бiз өз тарапымыздан екi бiрдей даулы пiкiр айта аламыз: алдымен, Мысыр перғауынының қызы, әрине. Нiл екендiгi күмәндi судан құтқарып алған сәбиге өз ана тiлiндегi аттарды былай қойып, иудей есiмiн қоюы тiптi де қисынға келмейдi.

Екiншiден, бiраздан берi мамандар тарапынан «Мұса» есiмiнiң шығу төркiнi мысырлық болуы мүмкiн деген пiкiрлер айтылып жүр. Осындай пiкiрлердiң жиынтық нұсқасы ретiнде «Египет тарихы» (1906) деп аталатын классикалық еңбектiң авторы Бристедтiң жақында ғана шыққан «Ұяттың оянуы» (1934) кiтабынан мына үзiндiнi келтiргiм келедi: «Оның, Мұсаның есiмi мысырлық екенiн атап өткен ләзiм. Бұл мысырдың «мос», яғни, «бала» деген сөзi. «Амен-мос», яғни, «Амонның баласы» немесе «Птах-мос», яғни, «Птахтың баласы» деген нұсқалардың түрi...

Кейiннен Мос («бала») деген екiншi түбiрi ғана қалып, айтуға бiршама жеңiлдендiрiлген. Мұсаның әкесiнiң бала­­сы­ның есiмiнiң алдына Амон немесе Птах секiлдi құдай­лардың бiрiнiң есiмiн қойғанына ешқандай күмәнiм жоқ...» (Зигмунд Фрейд, «Моисей и монотеизм», интернеттiк нұсқасы, 1-2 беттер).

Осылайша, зерттеуiн алдымен Мұса пайғамбардың есiмiн ежiктеуден бастаған Фрейд мұнымен тоқталып қалмайды. Мұсаның өмiрде шын болған тарихи тұлға екенiн, оның Мысыр перғауыны Аменхотеп IҮ сарайында тәрбиеленген белгiсiз Египет ақсүйегiнiң баласы болуы мүмкiндiгiн тiлге тиек етедi. Тiптi қарадүрсiндеу болса да алғашқы монотеистiк дiннiң негiзiн қалаушы есептелетiн осы перғауынның тiкелей шәкiртi, iзбасары едi деп те салады.

Қысқасы, Фрейд өз еңбегiнде еврей иудаизмiнiң аяғын аспаннан бiр-ақ келтiрген-дi.

Еврейден еврейше қорғану

Қазақта әзiл-шыны аралас «қожаға қожа ғана қожаң­­дай­­ды» деген сөз бар. Бұл сөздi осы арада өңiн сәл өзгертiп, еврей ағайынға да байланыстырып айтуға болатын секiлдi. Әри­не, әлем мойындаған Фрейдке тағы да әлем мойындаған еврей баласының ғана шамасы келмек. Солай болып шықты да. Ендi еврей баласы еврей оспадарлығынан өз халқының намысын қалай қорғағандығына қысқаша тоқтала кетейiк.

Бiрде қолыма жайма базардан америкалық еврей тарих­­шы­­сы Иммануил Великовскийдiң «Эдип және Эхнатон» һәм «Түнек қойнауындағы ғасырлар» атты екi еңбегi түстi. Кiтап сатушы бұл кiтаптарды «еврей халқының дертiне ши­па болып келген бальзамы» деп түсiндiрдi. Тарихшы бi­рiншi еңбегiнде Эдип патша туралы әфсананың (Фрейд пси­хоанализмiнiң басты жаңалығы болып саналатын «Эдип комплексiнiң» басты кейiпкерi) тарихи түп-негiзiн iздей отырып, аңыздың ақиқат сұлба-өзегiн жасауға талпынады. Тарихшы бiрiншi кезекте Эдип патшалық құрған қаланың Грекиядағы Фивы емес, Египет Фивысы екендiгiн дәлелдейдi. Өйткенi, аңыздағы Эдипке жұмбақ жасыратын Сфинкс ескерткiшi осы төңiрекке орналасқан (қанаты сынып, мұр­ны мүжiлген бұл тарихи жәдiгердi Мысыр пи­­ра­ми­даларының маңынан әлi күнге тамашалауға болады). Яғни, әфсана тудырушылардың қиялына қанат бiтiрген құ­бы­жық­тың түпнұсқасы осы Сфинкс ескерткiшi болуға тиiс. Де­мек, Эдип жолаушылап келе жатып кездестiрген қаланың шын аты да әфсанадағыдай жетi қақпалы Фивы емес, тарих­тан белгiлi Нiл жағасындағы Но-Амон («Амонның рези­ден­циясы») шаһары болып шығады. Бұдан кейiн ғалым «Эдиптiң өзi де Мысыр перғауындарының бiрi болуы керек» деген ойды негiзге ала отырып, iзденiс жасайды. Тарихи деректердi әфсана желiсiмен сабақтастыра дамыту арқылы Эдиптiң прототипi Мысыр перғауыны Аменхотеп IҮ (Эх­­натон перғауын – Фрейдте Мұса пайғамбардың ұстазы сана­латын Мысыр билеушiсi – Ә.Б.) болуы керек деген ше­шiмге келедi.

И.Великовский әфсанадағы Эдип пен тарихтағы Эх­­натонды ұқсастыратын бiрнеше деректер мен дәйек­те­ме­лердi де алға тартады. Ол ұқсастықтар мынадай:

1. Эхнатон (Аменхотеп IҮ) туралы әкесi Аменхотеп III тұсындағы жазбаларда ешқандай дерек жоқ. Оның кес­­­­­кiнi бұл кездегi барельфтерде де кездеспейдi. Ал бағзы Мысыр суретшiлерiнiң, бәлкiм, сарайдың жазылмаған заңы бойынша, патша отбасы барельфтерде әдетте толық кес­кiн­делетiн болған. Яғни, Эхнатон таққа отырғанға дейiн сырт­­­та болды, сарай суретшiлерiнiң көзiне түскен жоқ. Әкесi өлiп, таққа мұрагер ретiнде елге қайта оралғанда, шешесi Ти патшайым билiк жүргiзiп жатқан-ды.

Эдип туралы аңызда да осы желi. Бiрақ нақты тарихтан гөрi ақын баяндаушының көркем қиялын аңғаратын әф­саналық бояу басымдау. Әкесi Лай көрiпкелген болашақ ұлы­ның (Эдип) өзiн өлтiретiнiн, туған шешесiне үйленiп, бала сүйетiнiн бiледi. Өз өмiрiне қауiптенген патша қолында жаңа туылған шарана нәрестенi қызметкерлерiнiң бiрiне далаға апарып тастауға бұйырады. Және бiр қызығы, әлдебiр сәт­тiлiктермен сәби аман қалып, көршiлес патшалардың бiрi­нiң қолында тәрбиеленiп, ер жетедi. Кейiнiрек тағдырдың айдауымен өз қаласына қайта оралғанда, иесiз тақтың үстiнен түсетiнi және бар. Сосын, баяғы көрiпкел айтқандай, таққа отырып, шешесiмен некесiн қидырады.

2. Таққа отырған Эхнатонның алғашқы жұмысы тарихи ескерткiштер мен шежiре жазбалардан өз әкесiнiң есiмiн өшiр­­­ту болады. Ғалым мұны «әке мейiрiмiн көрмеген, қайта оның тарапынан қудалауға түскен баланың екiнiң бiрiне ұғынықты қарапайым iшкi ренiшi едi» деп түсiндiргiсi келедi (Бұл еңбектiң Фрейд психоанализмiнiң негiзгi тұжырым­­да­­­рын жоққа шығару үшiн жазылғанын ұмытпаған жөн – Ә.Б.).

Әфсанадағы Эдип болса, әкесiнiң есiмiн тарихи жазба­лар­дан өшiрткiзумен әуестенбейдi. Бар болғаны, оны әкесi еке­нiн бiлмей өлтiрiп қояды. Бiрақ ғалымның пiкiрiнше, әф­санадағы әкенi өлтiру мен өмiрдегi оның есiмiн тарихи дерек көздерiнен өшiрткiзу өзара мотивтерi ұқсас әрекеттер бо­лып табылмақ.

Әфсанадағы Эдип өз төсектесiнiң туған шешесi екенiн кейiнiрек көрiпкелден бiлген кезде, бiлмей жасаған күнәсi үшiн өзiн отқа да, суға да лақтырады. Дала кезiп, қаңғырып кетедi. Әке алдындағы күнәдан өзiн-өзi қарабет сезiнiп, жұрт бетiне қарай алмайтындай халге түседi. Великовскийдiң пiкiрiнше, тарихтағы Эхнатон да (ал ол әфсанадағы Эдиптiң прототипi ғой – Ә.Б.) әке есiмiне, әке рухына, тiптi ол сен­­ген дiнге «қиянат» жасағаны үшiн жергiлiктi тұрғындар тарапынан моральдық тұрғыдан азғындаған күнәһар жан ретiнде жеккөрушiлiк сезiмдерiн тудырған болуы әбден мүмкiн. Ал әфсана кейiпкерiнiң күнәсiн сезiнiп, дала кетуiн кейiнiректе нақты тарихи оқиғадан ұрпаққа айтар тағылымы бар аңыз тудырушы ақын қиялының жемiсi деп тануға бо­лады.

Великовский, сондай-ақ, аңыздағы Эдипке де, тарихтағы Эхнатонға да тән дене кемiстiктерiн де алға тартады.

3. Эдип те, Эхнатон да өмiрлерiнiң соңғы жағында сарай маңын­дағылар мен дiн өкiлдерi тарапынан қуғынға ұшы­рай­­ды. Великовскийдiң тұжырымдауынша, тарихи Эхнатон мен әфсаналық Эдип арасындағы соңғы ұқсастық осы. Бiрi әфсанада, бiрi тарихта iз қалдырған олардың шын мәнiнде бiр адам екендiгiне осы дәлелдер де жетiп артылады.

Великовский әңгiме болған осы еңбегiнiң соңында «Фрейд Эхнатон iс-әрекетiнен өзiнiң әйңiгi жаңалығы «Эдип комплексiне» негiз болған бейсана iшкi қозғаушы күштердi аңғармады, қайта күнәһар Эхнатонды еврейлердiң ел көсемi болған Мұса пайғамбардың ұстазы ретiнде ұлықтаймын деп әбден алжасты» деп кiнәлайды. Иә, осылайша еврей Великовскийдi еврейдiң қорасына тас атқысы келген тағы бiр еврей баласы Фрейдтiң ғалым ретiндегi бедел-абыройын оны мақтап отырып-ақ тас-талқан еттi деуге әбден болатындай.

Бiрақ олай болмаса ше? Мысалы, Фрейд өзiнiң қорытынды iспеттi соңғы еңбегiнде тарихта шынымен болған оқиғаларға шындықтың сәулесiн түсiрген, одан талай ғасырлар бойы еврей халқы аңғарғысы келмей келген ақиқаттың сұлбасын таныған болса ше? Әрине, бұл жерде кiмнiң ақ, кiмнiң қара екендiгiн анықтау үшiн екi ғалымның да басты кейiпкерлерi iспеттес перғауын Аменхотеп IҮ-нiң өзiнiң өмiрiне үңiлiп көруден басқа жол жоқ.

«Тәураттағы» көшiрмелер. Бұл қалай?

Иә, Аменхотеп IҮ тарихта расымен де болған адам. Әке орнына таққа отырған ол жаңа дiндi дәрiптедi. Есiмiн өзгертiп, өзiн Эхнатон (Кунитон) деп атады. Перғауынның резиденциясын Нiлдiң келесi бетiне, жаңа қала Ахмет-Атонға көшiрттi. Мiне, осы Эхнатонның дәрiптеген жаңа дiнiн көптеген ғалымдар монотеизмнiң (бiр Құдайға сыйынушылық) алғашқы үлгiсi деп есептейдi. Эхнатонның жалғыз Құдай ретiнде Күндi дәрiптегенi және бұл дiннiң басты символы шашақты Күн шеңберi болғаны белгiлi. (Ал мұндай шашақты Күн шеңберлерiн бiздiң Ұлы Даланың қай-қай бұрышынан да кездестiре алатыныңызға еш күмән жоқ – Ә.Б.).

Эхнатонның жаңа дiнi қалың бұқарадан қолдау көрсе де, сарай маңындағылар мен байырғы дiн билiк төңiре­гiн­дегiлер ұйымдастырған бүлiк нәтижесiнде тақтан тай­ды­рылып, дiнбұзар ретiнде қуғын-сүргiнге ұшырады.

Бiзге Эхнатоннан қалған бiршама Күн Тәңiрiге мадақ ай­тылатын жырлардың мәтiндерi белгiлi. Олардың бiрiнде мы­надай жыр жолдары бар:

Жердi сенiң нұрың орап жатыр...
Сен өз махаббатыңмен адамдарға өмiр сыйлайсың.
Өзiң тым алыстасың, бiрақ нұрың жерде...
Сен жерге нұрыңды төккенде,
Ағаштар бүршiк жарып,
Шөп көгередi.
Құстар саған мадақ айтып, қанатын қағады...
Әйел жатырында баланы,
Еркек белiнде ұрықты жарататын да Сенсiң,
О, Күндидарды Құдай...

Басқасына күмән болса да, Эхнатонның адамзат баласы бiлетiн ең алғашқы ұлы ақындардың бiрi екенiне еш шәк келтiруге болмайды. Эхнатон жырлары мен «Тәураттағы» қайсыбiр псаломдардың мәтiнiн салыстыра келiп, байырғы әдебиет мамандары да осындай пiкiрге ұйиды. Ең алдымен оларды таңқалдыратыны – перғауын ақын қиялына тиесiлi жыр жолдарының тiкелей «Тәураттағы» еврей пайғам­­ба­рының аузынан шыққандай әсер қалдыратындығы. Өзара ұқсастықтар менмұндалап, көзге ұрып тұрады. «Мұндай сәйкестiктердi байқағанда, ерiксiз екi туындының арасында қандай да бiр тығыз байланыс болуы керек деген ойға қа­ласың. Эхнатон гимнi мен иудей псаломының ортақ сириялық түпнұсқасы болмады ма екен деген сауал бой көтередi. 103-псалом тiкелей перғауын өлеңiнiң әсерiмен жа­зылған болуы мүмкiн екендiгiн де жоққа шығара ал­май­­сың. Әрине, екi пайымдаманы да есептен шығарып тастауға болмайды. Бiрақ Эхнатонның қайталанбас жоғары ақындық қуатын ескерсек, дұрысы перғауын ақын өлеңiнiң мәтiнi псалом авторының қиялын қозғаушы үлгi болған деуге әбден болатындай» (Артур Вейгалл, «Эхнатон», Москва, «Центрополиграф», 2004 ж., 148 б).

Ал ендi осындай жекелеген өлең жолдары ұрланып болса да «Тәурат» беттерiне кiрiп кеткен перғауын ақынды дiни реформатор болуға, Мұса секiлдi пайғамбардың ұстазы ретiнде дәрiптелуге лайық емес едi деп айта аласыз ба? Әрине, айта алмайсыз. Демек, Фрейдтiң, еврей перзентiнiң, өз халқының тарихын терiстегендей, оның «Құдайдың қалауы түскен халық» екендiгiне күмәнданғандай болып отырып айтқан жорамалында да бiр шындықтың ұшқыны жатқан болғандығы ғой.

Фрейд өз еңбегiнде («Мұса пайғамбар және бiр құдайшылық») «Мысыр перғауынының жаңа дiндi қалыптастырудағы әрекеттерi сәтсiздiкке ұшырағаннан кейiн, оның жолын қуушылардың бiразы құлдықтан босанған еврейлермен бiрге жаңа Отанға аттанды, оларды да, еврейлердi де перғауынның шәкiртi, түбi мысырлық Мұса пайғамбар басқарды, монотеизмдi еврейлердiң арасында алғаш жан-тәнiмен дәрiптеген перғауын ақынның осы iзбасары едi» деген жорамал жасайды. Бұдан кейiн «Өз елiнде пайғамбарлар болмайды» деген ұлы сөздiң ақиқаттығына қалай иланбассыз!

Эхнатонның есiмi өз Отанында қарғысқа ұшырады, есесiне еврейлердiң бағы жанды, олар «Тәңiрiнiң таңдауы түскен халық» деген абырой-атаққа ие болды.

Мiне, осы оқиғалардың көне мысырлық баяндалу нұсқасынан хабардар болған көне грек ақындары перғауын ақынды әфсаналық қаһарман деңгейiне көтерiп жiбердi. Бiрақ бұл әфсанада оның жан-дүниесiне, iс-әрекеттерiне қозғау берген негiзгi күш, яғни, оқиғалардың дiни астары ұмыт қалдырылды. Бұл үшiн байырғы элладалықтарды кiнәлауға да болмас. Зевсi, Аполлоны мен Афинасы бар халыққа Мысырдың перғауын ақыны табынғысы келген Күн Тәңiрi неге керек болмақ? Эллиндер түгiлi мысырлықтардың өзi де одан бас тартты емес пе! «Өз елiнде пайғамбарлар болмайды». Тағы да сол қанатты сөз алдан шығады. Тек Мұса емес, Эхнатонның тағдырын да осы сөздiң аясына сыйғызып жiберуге болатындай. Бiрақ адамзат баласы өзiңiз ұлы перзенттерiнен бас тартса да, тарихтан бас тарта алмайды. Жасанды емес, шынайы та­рихтан. Өз халқын сүйiп тұрып, оның шамына тиетiн өзi түй­­сiнген ақиқат тарихтан бүгiнгi заманның ұлы перзентi Зигмунд Фрейд те терiс айналып кете алмады. Өйткенi рух тарихына бақай есеп пен көңiл жықпастық жүрмейтiнiн еврей халқының осы бiр ұлы перзентi жақсы бiлетiн.

Түйiн

Эдип туралы грек әфсанасында да, Эхнатон жайлы көне Мысыр тарихи деректерiнде де кейiпкердiң жат елде, өзге патшалықта тәрбиеленгенi туралы айтылады. Егер «әф­са­надағы Эдип пен тарихтағы Эхнатон бiр адам едi» деген Иммануил Великовскийдiң қисынына сенетiн болсақ, онда грек әфсанасы мен Фрейдтiң еңбегiндегi басты қаһарманның ба­л­алық шағы өткен бұл елдiң қай ел екендiгiн анықтау да екi еврей оқымыстысы өзiнше түсiндiрiп отырған оқиға­­лар­дың шындыққа ұмтылған шырайына қосымша ай­қын­даушы реңктер бере түсетiндей. Себебi, бала Эхнатонның (Эдип деуге де болады) дүниетанымы, өмiрге көзқарасы, ақы­ндық дарыны осы өзi тәрбиеленген елде қалыптасқанын кiм жоққа шығара алмай. Тiптi Эхнатонның кейiн өзiнiң Мысырға алып барған дiнiнiң негiзiн осы елден, өсiп, ер­жеткен ортасынан қабылдаған болуы да әбден мүмкiн ғой. Тарих мұндай болжамды да жоққа шығармайды.

Сонымен, болашақ перғауын ақынның балалық шағы өт­кен ел бағзы заман картасында iз қалдырған қай ел болуы мүмкiн?

Великовский бұл елдi Миттания (бүгiнгi Иранның тер­­ри­ториясында болған бағзы арийлер мемлекетi) едi дейдi. Және Эхнатонның нағашы жұрты болған болуы керек деп топшылайды. Арийлердiң бағзы заманда бүгiнгi қазақ дала­­сы­­нан кеткенiн, олардың расымен-ақ Күнге табынғанын ес­керсек (тағы да айтамыз, қазақ даласының қай бұрышынан да шашақты күн бейнесi бедерленген бағзы заман суреттерiн кездестiруге болады – Ә.Б.), онда болашақ перғауын ақын­­ның арийлер арасында болып, олардан жаңа дiндi қабылдап, кейiн өз елiне апаруы мүмкiн деген жорамал әбден-ақ шын­дыққа жанасатындай. Оқиғалардың осылайша өрiстеуi растығына Фрейд те қосылады: «Бiз Мұса уағыздаған ұлы дiни идея оның өзiнiкi болған жоқ, Эхнатоннан алын­ды» деп есептеймiз. Ал дiннiң негiзiн қалаушы ретiнде ұлы­лығына ешқандай да күмән жоқ Эхнатон оны Азия­ның алыс түкпiрлерi немесе жақын маңдарынан жеткен емеу­рiндерден анасының араласуы арқылы аңғарды (Эхнатонның анасы жат жерлiк едi деген пiкiр бар. Қазiр жоққа шығарылды дегенмен бiз осы болжамның рас­ты­ғына қосыламыз) немесе басқа жолдар арқылы қа­былдады» (З.Фрейд, «Моисей и монотеизм», интернеттiк нұс­қасы).

Иә, осылай, Эхнатон байырғы қазақ даласынан барған нағашыларының дiнiне жиендiк жасады. Оны қары қарата дамытып, ең алғашқы монотеистiк дiн деңгейiн көтердi. Бiрақ өз елiнде қолдау таппады. Эхнатонның басынан бақ тайғасын адал шәкiртi Мұса және басқа да iзбасарлары бұл дiннiң еврейлер арасында тарап, монотеизмнiң сақталып қалуына еңбек сiңiрдi.

Монотеизмнiң бiзге беймәлiм болып келген алғашқы сапары осылайша қазақ даласынан басталып едi. Кiм бiледi, бәлкiм Мағжан ақынның:

Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзiмде Күн нұры бар.
Мен келемiн, мен келемiн, мен келем
Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар, –

деп келетiн жыр жолдарында перғауын Эхнатон ақынның алыс ғасырлардан бүгiнге жеткен ой-арманының жаңғырығы жатқан да болар-ау!

Иә, бiр Құдайға сенушiлiкке бастайтын жол ең алғаш Қазақ даласынан бастау алған.