Ұлттық руханияттың аса сирек құбылысы - Серікбол Қондыбай I видео

Наурыздың 14 күні "Көзімнің қарасы" мәдени-танымдық клубының ұйымдастыруымен белгілі мифолог, географ-ғалым Серікбол Қондыбайдың 50 жылдығына орай мәдениеттану саласының бір топ өкілдерімен кездесу өтті.

«Oner.kz» прорталы және «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубының қолдауымен ұйымдастырылып отырған шараға белгілі тілші-ғалым, репресссияға ұшыраған қазақ зиялылар мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының президенті Әнес Ғарифолла; сыншы, әдебиеттанушы Әлия Бөпежанова; филология ғылымдарының кандидаты Мақпал Арғынбаева; ақын, мәдениеттанушы Қайрат Жаңабаев; аудармашы Айнаш Садықова  қатарлы зерттеуші-ғалымдармен қоса театртанушы, Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА, «Өнертану» факультетінің деканы Бақыт Нұрпейіс және оқытушылар мен студенттер қауымы қатысты.

Кездесу «Қазақстан Маңғыстау» телеарнасы түсірген С.Қондыбай туралы деректі фильммен басталды. С.Қондыбай мұраларын көпшілікке насихаттау және ол негізін қалаған қазақ мифология ғылымы саласындағы құнды мәселелерді талқылау арқылы әсіресе жастарға тағылым беру мақсатына өткізіліп отырған шара ғалымның туған күніне орай жоспарланған. Бұл туралы кештің беташар сөзінде аталған шараны ұйымдастырушы, «Көзімнің қарасы» клубының жетекшісі Әннәс Бағдат атап өтті.

Кездесудің модераторы, белгілі сыншы Ә.Бөпежанова ҚОНДЫБАЙ әлемін зерртеудің маңызын атай келіп, біздің алдымызда мифологиялық мұраның жекелеген тақырыптарын саралау, талдау арқылы, ұлттық мәдениетті, тілді, өнерді, жалпы руханиятты одан ары қарай дамытуға мүмкіндік беретін жаңа ақпарат көздері мен тетіктерді табу міндеті тұрғанына тоқталды.

Бұдан ары Ғ.Әнес, М.Арғынбаева, Қ.Жаңабаев сынды зерттеуші-ғалымдарымыз Қондыбай әлемі туралы, ол бастап кеткен зерттеу жұмыстарын ары қарай жалғастырудың маңыздылығына тоқталып, тұшымды ойлар айтты. Қысқа ғана зерттеушілік ғұмырында С.Қондыбай тіл арқылы ежелгі сөздердегі мифтік болмысты танып білуге болатындығын, мифтік мәселені шешу арқылы көптеген тарихи сауалдарға жауап табылатынын, зерттеушілер үшін қай сауалдарға мәтіннің қай тұстарына назар аудара отырып мифтік астар іздеу керектігіне бағыт нұсқайтын ғалымның ғылыми бастамалары туралы кеңінен әңгіме өрілді.  Залдағы тыңдармандар да келген қонақтарға қызықты сұрақтар беріп, кездесуге байланысты өз пікірлерін ортаға тастап отырды.

Кездесудің қорытынды сөзінде шараның ұйымдастырушысы, «Oner.kz» порталының бас редакторы Ә.Бағдат аталған порталдағы мәдениеттану бөлімінде С.Қондыбай еңбектері насихатталып келе жатқанына тоқтала кетті. Алдағы уақытта да бұндай шаралардың ұйымдастырылуының маңыздылығын тілге тиек ете отырып клуб жетекшісі барша қатысушыларға алғыс айтты.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет