Мақала
Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Тәңірі
Сөз тасасынан Тәңiрi сығалайды, соны көре бiлуiң керек
Бөлім: Мәдениет
Датасы: 08.04.2018
Авторы: Әмірхан БАЛҚЫБЕК
Мақала
Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Тәңірі
Сөз тасасынан Тәңiрi сығалайды, соны көре бiлуiң керек
Бөлім: Мәдениет
Датасы: 08.04.2018
Авторы: Әмірхан БАЛҚЫБЕК
Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Тәңірі

Слово бродит в степи
Чтоб нечаянно встретить
 меня.

Олжас Сүлейменов


Ақын сөз ойнатуды ғана емес, әрбiр сөздiң iшкi мәнi мен тарихи мазмұнын да бiлуге тиiс. Түйсiгiңе тiлтану ғылымының тамыры тым әрiде жатқан секiлдi сезiледi. Ескiден қалған Ба­был қышпарағында «Тәңiрiнiң құпия төрт есiмiн ашқан адам пайғамбар дәрежесiне көтерiледi» деген сөздер жа­­зы­­лыпты. Сөз тану – Тәңiрi тану, Ежелгi Бабылдың кезiнде-ақ сөздiң жасалу жолдарына, транс­ценденталдық түпкi мәнiне, iшкi энергиялық қуатына назар аударыла басталғандығы бай­қа­лады. Сөз тасасынан Тәңiрi сығалайды, соны көре бiлуiң керек.

Бабыл қышпарағындағы тәмсiл Иоан «Iзгi хабарындағы» «Басында сөз болды, Сөз Тәңiрi де болды, сөз Тәңiрi едi» деп келетiн анықтамадан анағұрлым көне. Шығыс даналығы «Ақыл – ақылдан қуат алады» дейдi, бәлкiм Иоан сахабаның құлағына Бабыл абыздарының рухы сыбырлаған болар. Генетика – ойға да тән. Ойлардың генетикалық дамуы осыған меңзейдi. Сен «Жоқтан бар жасалмайды, бардан жоқ болмайды» деген пәлсафалық категорияға мысал келтiре кеткiң келедi.

Кешкi мезгiл. Аға бөлмесiнде, қалың түтiннiң құшағында отырсыңдар. Ағаң екеуiң арасында қазақ халқының тарихы, әдебиетi, өнерi жайлы пiкiрталас әңгiме жүрiп жатыр.

Аға сөзi: «Шумер-нама» кiмге керек? Ұмытылған түнек уақытты қазбалағанша, көз жетер жердi бағамдайық та». Аға құмық Мұрат Әжiнiң «Дештi Қыпшақ даласының жу­са­ны» кiтабын «Азия»-дан жоғары қояды. Өйткенi ондағы деректер жақын, таныс, түсiнiктi. Еуропаға крестi алып барған бiздер – көшпелi Тәңiршiлдер екенбiз. Өйткенi, крест+һаш таңбасы Тәңiрi дiнiнiң бас атрибуты болған. Жасыратыны жоқ, кiтаптың өн бойы түркiшiлiкпен суға­­рыл­ған. Құнарлы топырақ. Бабаларың үшiн ұялмауға бо­ла­ды. Ал өзiң үшiн ше?..

Саған қызарақтауға тура келедi. Осы құнарлы топырақтың астында шумер өркениетi жатқандығын түйсiгiң түйсiнедi. Сөздер мазалайды. Шамасы аға жан қиналғанда аузыңа алсаң, рухыңды құдiреттендiрiп жiберер аруақ сөзiнiң iшкi мазмұнын бiлмейтiн болар. Сезiм сана құлағына шумер мен түркiнiң тамыры бiр деп сыбырлайды. Болмаса «Шумер-намадағы» мына сөздердi қалай түсiндiруге болады: «Шумерлер қайтыс болған адамдарын христиан рәсiмi бойынша жерлеп, басына дiн символы – ашамай қойса, (тағы да еске түсiрейiк, Мұрат Әжiдегi көшпелi қыпшақтар сыйынған Көк Тәңiрi сенiмiнiң бас атрибуты да осы ашамай – крест+һаш таңбасы) бұл да кездейсоқтық па?» (Олжас Сүлейменов. «Азия». Алматы, 1992 ж. 184-б.) Түркi Көк Тәңiрi шумер топырағынан тағы да бой көтердi. Төрт қыры тең һаш – крест туралы адам жады ұмытқанымен сөз тiркестерi ұмыта алмапты. Қазақ шалы оңашада «Төрт құбыласы түгел кiм бар дейсiң?» деп күрсiнедi. Оның трансцендентальдық түсiнiгiнде төрт құбыласы тең Тәңiрi ғана. Һаш-ашамай қыры, бояуы қанық, метафораға бейiм түркi тiлiнде құбылаға айналған. Метафора – Ақындар тiлi.

«Дештi Қыпшақ даласының жусаны» да шумерге меңзеп тұрса, Түркi Тәңiрiнiң тамыры шынымен-ақ тереңде болғаны. Қалай дегенмен де «Шумер-намада» бiр ғана абзацқа, оның өзiнде де сұраулы сөйлемге сығымдалған ой «Дештi Қыпшақ даласының жусанын» да кiтаптың бүкiл өн-бойына жайыла, жарық нұр түсiрiп жатқандығы анық. «Азия» – да сауалға неге тап сол арада жауап берiлмедi? Бұл өз алдына бөлек әңгiме.

Киiз үй киесi, оның емдiк қасиетi туралы медицина мамандары да тамаша пiкiр айтады. Төрт бұрышты үйден гөрi, формасы дөңгелек, төбесi күмбез тәрiздес үй адам психологиясына анағұрлым жайлы әсер ететiн көрiнедi. Медицинада мұндай үйде ғарыштық энергия жақсы ұйысады, iшiнде жатып тынығу жүйке ауруларына бiрден-бiр ем деген де тұжырым бар.

Бәрiне Тәңiрi себепкер.

Қазығұрт құшағында көк Тәңiрiнiң жер бетiндегi ең үлкен ен-таңбасы жатса, ол осы өңiрдiң қасиеттiлiгiнен болар.

Қазығұрт топонимiнiң бойындағы түркi қаз-тауы мен шумер құр – тауы да бiр қойдың егiз қозысындай көршi жатқандығы туралы жазғансың-ды. («Қазығұрт – Таулардың тауы». «Парасат», № 3, 1996 ж.) Сонда сөз арасында Тәңiрi әрекетi байқалатын жерде әрдайым тау сұлбасы бой көтеретiндiгi, «Даланың даңқын шығару үшiн таулардың құпиясын ашыу керектiгi» айтылған болатын. Түйсiгiңде Мысыр пирамидалары киiз үйдiң перғауындық үлкейтпе, әсiре көшiрмесi емес пе екен деген ой тағы да iз тастайды. Далада алып пирамидалардың кездеспеуi, бәлкiм, әрбiр көшпелiнiң өз киiз үйi – Тәңiрi құтқанасы болғандығынан шығар. Көшпелi Тәңiрiсi тiрiсiнде шаңырақ – қыш таңба бейнесiнде төбесiнде болса, өлгенде өзiмен бiрге. Жер бетiнде Тәңiрiге шумердей табынып, түркiлердей құрмет көрсеткен халық жоқ. Осы арада ежелгi санскрит тiлiнде «тау» сөзi Тәңiрi мағынасын бiлдiргендiгiн тағы да еске ала кеткеннiң артықтығы болмас. Тәңiрiшiл көш­пе­лiлер де шумерлiк бабаларындай (Бұл туралы шумер-ак­кад­тың «Гильгамеш» эпосында жақсы баяндалған) қасиеттi тауларға табынды, кие тұтты. Көшпелi түркiлердiң ұрпағы қазақтар ХХ ғасырдың соңында да Қазығұртты су топаны, Нұх пайғамбардың есiмiмен байланыстыра әңгi­ме­лейтiнiн осылай түсiндiруге болады. Демек сол бiр көнекөз бағзы кездердiң өзiнде-ақ топан су жайлы «Таураттағы» аңыз Қосөзен аралығындағы елдерде ғана емес, сен дүниеге келген күнi ыстық өңiрде де белгiлi болған деп топшылауға болады. Бәлкiм ол аңызды бұл өңiрге түркiлермен тiлi, дiлi тамырлас, мүмкiн дiнi де бiр шумерлер әкелген болар. Сонда шумер бейiтiнiң басындағы қыш таңба-крест көшпелiлерде тiршiлiк ұйытқысы шаңырақ төбесiне көтерiлiп кеткендiгiн қалай түсiндiруге болады?

Бұл сауалға былай жауап беруге болатын сынды. Көшпелiлер әрдайым көшiп-қонып, қоныс жаңғыртып отыруға тиiс болды. Тiршiлiк осыны талап ететiн. Яғни, бағзы түркiлердiң отырықшыланып, баба қорым басында ұзақ қалып қоюы мүмкiн емес-тi. Сондықтан Тәңiрi дiнiнiң өлiлердi қастерлеу iспеттi бiр тармағын мықтап ұстанды да (өлi риза болмай тiрi байымайды деген қағида және аруақты кие тұту), Шаңырақ-Тәңiрiн төбесiне көтерiп, көшiп кете бар-ды. Далалықтың психологиясын жақсы түсiнетiн адамға мәселенiң осылай оп-оңай оңтайлы шешiлгендiгi ап-анық.

Бабыл абыздарының сөзге деген жауапкершiлiгi түркiлiк әрiптестерiне де жат болмаған секiлдi. Оны мына бiр сөздiң жасалу жолы растайды: Көшпелiлер жер үшiн емес, қорым үшiн әрдайым соғысуға, қырқысуға даяр. Мұны олардың тарихы талай рет дәлелдеп бердi. Олар жауға аруақтап шабады. Көшпелi түсiнiгiнде аруаһ – өлiлер киесi, қасиеттi рух. Аруақты үндi мантрасымен (Веда iлiмiндегi адамды Тәңiрiмен байланыстырар киелi тiркес) салыстыруға болады. Әйтсе де көшпелiлер мантрасында тақуалықтан гөрi жауынгерлiк рух басым. Ол еңсесi түскен сарбазды әп-сәтте құдiреттендiрiп жiбере алады. Қазақ аңыздарында аруақтап жауға шапқан батырдың бiр өзi қырық адамның қуатына парапар сұрапыл күш иесi болып кеткендiгi жайлы жиi айтылады.

Аңызға аңыз немесе абыздың көзiмен қарау керек. Сонда ғана ол құпиясын ашпақ. Тiлтану мамандары тас сыналарда, қышпарақ беттерiнде сақталынып қалған жазбаларды мағынасын ашу үшiн оңнан солға, солдан оңға қарата оқып әлек болып жатады. «Аруаһ» сөзiн оқуда да осын әуреленiп көру керек секiлдi. Осы тұрысында ол екi түбiрден, тең дәрежелi «Ар» және «рухтан» тұрады. Ар-руһ. Ар да, рух та қазақ тiлiнде бар көнекөз сөздер. Жеке тұрып та дербес мағынаға ие. Екеуi де адам болмысына қатысты. Қазақ арман-мұратына адал, өзгенiң ала жiбiн аттамаған адамды ары таза, тағдыр талқысына қанша түссе де қажымаған қайсар жанды «рухы мықты» деп дәрiптейдi. Ар-Рух – сүйсiнiс белгiсi. Көшпелi түркiлер бұл сөздердi қайдан алды?

Осы арада мынадай таңданысымызды жасыра алмаймыз. Көк Тәңiрi абыздары қиялы жүйрiк тiл мамандары болған сынды. Шамасы, олар сөз жасау өнерiнiң барлық құйтырқысын меңгерген сұңғыла жандар болған болса керек. Жасыратын несi бар, бұл жағынан олар жасаған сөздер қылықты қыз секiлдi қырық құбыла нұр шашады. Көнекөз шумер мен ежелгi түркi таңба жазуының (бұл жазулардың болғандығына күмән жоқ) ұқсастығы да сөз жасау өнерiнде аз роль ойнамағаны байқалады. Бәрiне оңнан солға немесе солдан оңға қарай оқу кiнәлi. Бiз сияқты емес, түркi абызы шумер тiлiн жақсы меңгергенi сезiлiп тұр. Қалай дегенмен де түркi әлемiнде сөз жасау өнерiне қатты көңiл бөлiнгенi анық. Оған, бәлкiм, түркi тiлiнiң оралымдылығы да себепкер болар шығар. Болмаса мына қызықты қалай түсiндiруге болады. Ар-рухты оңнан солға қарай оқысаңыз, көшпелiлердiң тағы да бiр әскери ұраны «хурра» шықпақ. Бүгiнгi орыстар бiзден алды деп даурығып жүрген қаһарлы ураның түп атасы. Хурралап жүрiп тағы да Қосөзен аралығын, Бабыл, Шумер-аккад, Мысыр өркениеттерiн жаулап алғанымызды сезбей қаламыз. Көшпелi жауынгерiнiң жүйрiк сәйгүлiгi Евфраттан су iшiп, Нiл жағасында тағы да тұяқ тарпып тұр. Хурра – Ежелгi мысыр Тәңiрi. Олар оны көршiлес мәдениеттердiң әмеңгерлiк заңымен шумерлерден алған. Сол хур түркi тiлiнде терiс жазуды терiс оқудың нәтижесiнде рухқа айналса керек. Хур-рух. Сөз жасауда табиғи тепе-теңдiк, ғылыми жүйе сақталынған. Мұсылмандардың жұмақ бағында жүретiн хор қыздарын осы мысырлық Тәңiрге қатысты әф-саналық кейiпкерлер деп топшылауға да болардай. Хур-Хор-Гор-Құр-Тау сөзi бастапқы шумер-аккадтық нұсқасында да Тәңiрiлiк мән-сипатқа ие. Осы бiр сөз жасалымына зерделеп үңiле отырып, бiз тарих үшiн атам заманда өлiп қалған Тәңiрiнiң түркi жан дүниесiнде әлi күнге тiрi екендiгiн, ол оны өлiлермен байланыстыра еске алып келе жатқандығын байқаймыз. Құлаққа шолақ мылтықтың гүрсiлiндей қазақы «ұр» ұраны келедi. Қызық. Бұйрық райдағы егiстiк бiр кездерi трансцендентальдық құдiретi бар зат есiм болған. Бүгiнгi тiл мамандарына ұлттық тiлiмiздiң сөздiк қорын сөз таптарына бөлiп топтағанда тым абай болу керек сияқты. Көшпелiлер жауға шумер Тәңiрiнiң есiмiн ұрандап шабатынын бiлмегенi сияқты, тiл маманы да етiстiктiң тасасынан Тәңiрiнiң өзi сынай қарап тұрғанын байқамай қалуы әбден ықтимал дүние ғой. Ал, сенiң Бабыл абыздарының аманатына адал болғың келедi. Иә, көшпелi батырының аруақтап шапқанда неге арқаланып кететiндiгi ендi құпия емес. Өйткенi оның кеудесiнде де, тiлiнде де Хур – Тәңiрi – Рух тұр. Ендi бiрiншi яки екiншi Ра-Ар буынына көшейiк. «Ра» ескi санскрит тiлiнде нұр деген мағынан бiлдiредi. Көне мысырда Күн құдайының ретiнде мәлiм. (Мысырлық нұсқалық да ұмытпаған жөн. Сөз жасау тарихын зерделегенде құпияларды ашуға бұл нұсқаның мүмкiншiлiктерi мол-ақ) сонымен бiрге нұрлы сана, бастапқы нұр, Тәңiрiнiң өзi адам кеудесiне құйған сәуле деген сынды синонимдiк қатардағы мәндерге ие (Харе Кришна мантрасының аудармасына қараңыз), Көк Тәңiрiшiл түркiлер «Ра» буынының мағынасын бiлiп пайдаланды ма дегенде, «Ар»-ды куәге тартуға болатын секiлдi.

Жазылмаған түз заңы бойынша Далалықтарда ардан аттамау – Тәңiрi қағидасына қайшы келмеу ұғымын бередi. Яғни, көне Ра, һәм бүгiнгi Ар мәнi, мағынасы жағынан көршiлес, тамырлас сөздер. Р-А-Р. Тағы да тепе-теңдiк. Тәңiрiге табынған түркiлердiң аруаһты да неге соншалық құрметтейтiнiн әр түрлi әлiпбидегi жазуды оқудағы қайшылық, сөз жасау өнерiне ғана тән құйтырқы әдiс осылай шешедi.

Тәңiрi таңбасы уақыт өте келе киiз үй төбесiндегi шаңыраққа айналған. Тәңiрiнiң құпия бiр есiмi жауынгерлiк ұран болып жаһан жаңғыртады. Сен Тәңiрiнiң құпия төрт есiмiн ашқан жан пайғамбар дәрежесiне көтерiледi деген Бабыл абыз-жазбасының ақиқаттығына сенесiң. Сөз – Тәңiрiнiң жанары. Жанар алдамақ емес.

Сөз соңында сөз жасау машығында Тәңiрiнiң өзiмен өнер таластыруға талпынған және ол талабы сәтсiз де болмаған Түркi абыз-тiлтанушыларына, әрбiр киiз үйдi Тәңiрiнiң құтқанасына айналдырған Түркi шеберлерiне бас иiп, тағзым етесiң. Түркi тiлiнiң даңқы арта берсiн!

1997 жыл,  сәуiр айы.