Мақала
"WE ARE THE WORLD"
Біз ешқашан жетпеген тыныштық, біз ешқашан жетпейтін бейбітшілікті жырлаймыз.
Бөлім: Музыка
Датасы: 21.11.2022
Авторы: Тілеубек Батыс
Мақала
"WE ARE THE WORLD"
Біз ешқашан жетпеген тыныштық, біз ешқашан жетпейтін бейбітшілікті жырлаймыз.
Бөлім: Музыка
Датасы: 21.11.2022
Авторы: Тілеубек Батыс
"WE ARE THE WORLD"

ТҮСІНІКТІ МЕН ТҮСІНІКСІЗДІҢ АРАСЫНДАҒЫ ЕСІК

(1939-1944)

1939. Варшава. Орталық станцияның радио толқынында тікелей эфирде Шопеннің «Ноктюрн толқыны». Ең әдемі бір сәтті құрап тұрған кеңістікте фортепианода ойналып жатқан жылымық әуен белгісіз бір дүниеден хабар беретіндей...

Бұл үн – Ғасырдан ғасырға ұласқан, тұлға мен тобыр тартысқан заманалар шындығын музыка тілінде бүкпесіз жеткізген Шопеннің шедеврі.

Ол – «Моцарттың адамзат екенін білген соң, біз адамзаттан үлкен үміт күтеміз» - ді айтты дейтін Альберт Эйнштейн тыңдаған, бұл алем жаралғалы ойналып тұрған тылсым әуен.

Ол – Тұңғиықтың қырауы шалған байырқы, бағзы замандардан көтерілген, жүрегіңнің түкпірінде бар екенін өзің де білмеген етене сыр-күйді қозғап, он екі мүшені талдырған Тәттімбет санасындағы сарын.

Ол – Буаз табиғаттың шаранасында шайқалып, өн-бойынан туындаған, қысынан жаздың қапырық ыстығы байқалатын, көктемнен күздің сарғыш бояуы есетін Вивалдидің аңғарындағы төрт мезгіл күйі еді.

Хәкім Абайдың ақылға, Жақсының да, Жаманның да қалауын орындайсың дегені іспетті музыка да сегіз миллиард адамның таңдауына сегіз миллиард түрлі жауап береді. Бұл әрине әуеннің шексіздігі. Дегенмен, көңіл ауанындағы күдікті сейілтер, белгісіз үміт жетегінде, белгісіз бір қуанышты күткен бұл күйден төгілген сезім _ сондай жайбірақат, сондай жылы, қоңыржай тартатын. Шопеннің күйі әне, дәл сол еді.

Осы сәтте әсем музыканың жалғасуын орта жолдан үзген үлкен жарылыс орын алды. Бұл тек музыканы ғана емес XX ғасырдың алғашқы жартысындағы әлемдегі бейбітшіліктің талмау тұмсығына тиген, батыс елдерінің, нақтырақ айтқанда Германияның Польшаға басып кірмекші болған жауыз ойының бастамасы еді.

2002 жылы түсірілген Роман Поланскийдің «Пианист» фильмі осылай басталатын. Фильмдегі музыкант Эдриен Броудийдің осыдан кейінгі бұлыңғыр өмірі, Еврей халқының жан төзгісіз тайғақ кешулері, ол енді басқа бір мақаланың жүгі болмақ.

Адамзат Адамзат болғалы небір қан-қасапты, қанды қырғынды басынан өткерді. Азуын айға білеген алпауыт империялардың халқы аз, жері ұлтарақтай әлсіз елдерді отар қылған кезеңдері көп-ақ. Иә, еркін өмірдің қызығы үшін қымбат төлеуге тура келеді. Аузынан шыққан ақ көбік қызыл қан боп төгілетін сондай дүбәра шақтарда небір даналар, батырлар әділетсіздікпен күресті. «Еркіндік деген қорғансыз тақтайды желдің өтіне шаншып кету емес» деді олар. Уақыт жылжыған сайын олардың күрескер қаруы қаламға, тіпті одан да биік өнер тұрғысына көшті.

Кешелі-бүгінгі болып жатқан жағдайларға қарап тұрсақ, әлемнің бірізділігіне, бейбіт ғұмыр кешуіне көзге шыққан сүйелдей қарайтын оқиғалар бар. Адам тағдырын, ұлт тағдырын тәлкек етуге құмар топтасқан адамдар немесе орта болады, осы сөзімізге дәйек 1945-жылы тоғызыншы мамырда фашизмді жеңдік деп қуанған Ресей империясы бүгінгі күн бейбіт ел Украинға соғыс ашып, әлем халықтарының көзқұртына айналған фашистік қадамға өзі барып отыр. Сол жиркенішті дүниені айналып келіп өзі жасап отыр, тағдыр талапайыңа жазса Бақытың (Сорың) таразының екінші басына көше салуы оп-оңай шаруа екеніне көзімізді жеткізді бұл жәйт.

Жылға жуықтап қалған соғыстың салдары қаншама адамның жанын жалмап, қаншама дүниені қиратса да Украин халқының жігерін үгіте алған жоқ, өйткені олар ақиқат өздері жағында екенін жақсы білді. Олар Jamalaның «1944» әнін шырқады, олар Украин халқының мәңгілік рухын шырқады.

Кезінде Қырымды Ресей аннексиялап алғаннан кейін Қырым татарларына қарсы репрессияның қайта күшеюі кезінде шығарылған бұл ән Украинадағы ең танымал әндердің бірі. Ол_баяғыда ұмыт болған, сағыныш сазына толы, жан жүрегіңді жылытар мұңлы толқын-ды.

Біз болашақты қандай көркем деп елестетсек те, өткенімізге сондай ғашықпыз. Сол өткеніне деген ғашықтықтан қаңырығы түтеген, кешегісін аңсаған, қайта іздеген халықтың жадында сақталып, араға уақыт салып туындаған «1944» әуезінен өксік аралас ашыныш, күйікті сезінесіз. «Қайырлы болсын сіздерге, бізден бір қалған Еділ жұрт» деп жырлаған Қазтуған жыраудай шарасыздықтан, дәрменсіздіктен, қимай тастап кетіп бара жатқан халықтың жан айқайын тыңдайсыз.

Сұлулықты уақыт еңсереді,  ол, махаббатты өлтіреді.  Алайда музыканттың жүрегінен шыққан сұлулық уақытқа бағынбайды. Jamalaның «1944» әні сондай сұлулықтан туындаған сұлу әуен еді.

Толеранттылық соғысқа, зорлық-зомбылық жасауға жүрмейді. Бодандыққа басын имеген Қырым татарларының зары, мұңы, тәуелділікке бағынбайтын тұтқын ойдың күйініші әуелейтін еді бұл музыкадан.

Біздің жүрегіміздің терең тұңғиығына жасырынған елеусіз үрей, жарылуға шақ тұрған ыза мен кекті сурет немесе мүсін өнері біз ойлағандай көркем бейнелеп бере алмайды. Ішіңдегі құмыққан дауысты, ышқынған айқайды шығаратын ол – музыка. Ол – «1944».

Jamala "1944" әнін шырқауда. Eurovision-2016.

BILL HELEY AND NINETY ONE

(Жеті миллиард бір бүтін ел)

Мынау өмірдің қисапсыз қызығын кешкен адам баласы бозала көңілдің бір тарабынан бұрын болмаған, басқа, беймәлім сананың оянғанын анық сезсе ол Өнер деп біліңіз, ол Әуен деп біліңіз. «Қайғы мен қасірет – адамды басқа жәндіктен биік еткен жалғыз қасиеті» дейді Таласбек Әсемқұлов. Осыған дейінгі ғұмырда өмір сүрген қаншама тіршілік иесінің мың миллион қайғысы, азабы бар болса, сонымен қатар мың миллион әуезі бірге өмір сүрді.

Үн – барлық тіршілік атаулының бастауы, ұйығы десек, одан сан тарау болып шыққан ырғақ қандай да бір көңіл күйді немесе сан қырлы мәселелердің, тақырыптардың барлығын сөйлете алады.

Екі реткі дүниежүзілік соғыстан кейін адамдар соғыстан шаршап, мамыражай тұрмысқа көшті. Сол тұста әр түрлі өнер өкілдерінің жаңа бағыттағы жаңа туындылары өмірге келді. 1955-жылы шыққан Bill Heleyдің "Rock Around the Clock" деген синглі Рок стилін алғаш рет сахнаға алып шығып, дәстүрлі жанрдан сең бұзып шыққан ғажап туындыға айналды. Ол алғаш шыққанда Америкалық хит-парадтарда сегіз апта бойы бірінші орыннан түскен жоқ.

Рок-н-роллды Bill Heley танытқанымен оның бастау тұнығы қара нәсілділердің шығармашылығына тән еді. Атақты тұлға John Lennonның айтатыны бар «Қара нәсілділер Рок-н-ролл арқылы ақ нәсілділерге өзінің тәнін, жанын түсінуді үйретті» деп. Музыканың әлемді өзгерту күші, ықпалы міне осында. Үш ғасыр бойы құл ретінде қаралып келген қара нәсілділер ендігі кезекте ақ нәсілділердің тұрғыласы, тұстасына айналды. Бір ұлттың, бір нәсілдің жүрек түкпіріндегі қарсылығын айтып, оны шарасыз, оқшау күйден оңашалаған, қарсы жағына мойынсұнтқан, жеткізе алған ұлы күш, ол – музыка. Ол – Рок-н-ролл.

Бұл оқиғаларға түрткі болған нәрсе сол кезеңдегі жай ғана жаңашылдықты әкелулерден бөлек, әннің мәтінін жазатын ақындардың, ақын жанды әншілердің сахнаға келуі еді. Олар саясатқа, халықтың әлеуметтік көзқарасын өзгертуіне үлкен себеп болды. Миллиондаған адамдар жан тәсілім қылған соғыстан кейін осындай жылымықтың келуі бұлт артынан шыққан күндей заңды құбылыс еді. Ал, оны сезіну  «Құпия кездесу» картинасында берілгендей, Ғайсаны өлтірерде Яһуданың бет жүзін күнәнің көлеңкесі жауып тұрғаны сияқты қанық әрі жұмбақ дүние.

Біз енді өзіміздің қоғамнан Bill Heleyді іздесек, 2014-жылы, жоо-жоқ, 2015-жылдың сегізінші қазанға қараған күні қазақ музыка әлемінде бір топ ұрда-жық, есерсоқ әншілер пайда болды. Шаштары қызыл, жасыл.. құлағында сырға, қызға тән бояулары бар, әндері қазақ даласында бұрын-соңды естіп білмеген мүлде бөтен әуен. Сайтанның жын ойнағы дерсің. Жаңа группа жастардың қызығушылығын оятқанымен артынан қызыл сөз, төбесінен қара бұлт төніп тұрды. Сол кездегі аға, апа болып жүрген эстрада жұлдыздары оларды атқа теріс мінгізіп, адам қатарынан бірақ шығарып салды. Оңтүстіктегі бір топ айтыскер ақындар «Отырарда Арыстан бап, Сайранда сансыз бап, Түркістанда түмен бап жатыр, осы киелі мекенге жындардың, Нәнтиуәннің келуіне ешқашан жол бермейміз» деп даурықты.

Бір қызығы сол адам қатарынан шығарылған Ninety one тобының дебюттік «Айыптама мені» әні Gakku арнасынан 14 апта бойы бірінші орынды берген жоқ.

Дауыл алдындағы самал желдей ескен бұл кезең Ninety one тобының алғашқы құмбұлауға түсіп, тер шығарғанындай еді. Одан кейінгі екпінді, ұйтқыған боранда олар дауылпаздай самғап, өршелене қанат қаққан болатын.

Өнердің кез келген бағыты адамның түйсігіне мұқтаж. Осы тәуелсіздіктен кейін туылған жас ұрпақ өкілдерінің "Bari biled" деген керемет синглі бар. Бейнебаян, әуез, ән мәтіні барлық адамзаттың мұңын шағады. «Шіріген білімнен артық ештеңе жоқ, күшің әлсіздікке айналса неге сен емес олар жылайды» дейді. Немесе «Сөз шығар жолын іздемейді, Мен басты кейіпкермін, жанрды өзім таңдауға тиіспін». Осы тақылеттес сөз, бояу, сарын.

Музыкалық түйсік пен кемеңгердің парасатын жымын білдірмей тарамдап, қиыннан қиюластырған жас группаның түйсігіне, данышпандығына, батылдығына дау жоқ-ты. Иісі адам баласының азабына ортақтасып, жоғын жоқтаған туындыда «Жеті миллиярд бір бүтін ел» деген мәтін жиі қайталанады. Біздің құлағымызға үйір таныс сөз, таныс дыбыстардай емес одан мүлдем бөлек өң бар.

Бір адамның бір ғұмырдағы ақпан-қаңтарларын санап отырар киелі есепші қайдан табылсын! Әйтсе де, осы бір толқынның ешқандай жас айырмашылығына қарамай ғаламшарымыздың қалтарыс, көлеңке тұстарын танып, әлсіз болса да жылу, жарық сыйлағанына, еркіндікті, ортақтықты әуенге арқау еткен таңдауына бас иземей көріңіз енді.

Ал, әу баста бұл группаның өркендеуіне қарсы шыққан кемеңгер парасат иелері бұл кезде той-тойлап, қызық қуып жүргеніне еш күмән жоқ еді.

Ninety one - "Bari biled"

ӨНЕРДІҢ АҚЫРҒЫ АЯЛДАМАСЫ

(We are the world)

Уақыт – біздің әрбір тыныс демімізбен өмір сүруде. Немесе керісінше. Біздің әрбір тынысымыз уақытта. Сол уақыт еншісіне құрылған мағынасыздықтан әр адам әр түрлі алданыш іздейді. Бірі жұмысынан, бірі әуесінен, махаббаттан, Құдайдан т.т.

Ал, мені...  мені ескі бір әуен ғана құтқарады, ескі бір сарын ғана құтқарады бізді. Әлем алғаш жарылыстан пайда болғанда шыққан алып, жойқын үн ғана құтқарады бұл дүн-дүнияны. Күллі әлемнің сұлулығын кішкентай ғана ұяшыққа сыйдыратын ол қандай күш?!  Қазір бірге еске алайық...

Қай жылы еді?

1986-жылы 25 ақпанда Лос-Анджелестегі мәдени ескерткіш Shrine Auditorium театрында 28-реткі Грэмми премиясын табыстау рәсімі өтті. Төрт бірдей музыкалық бағыттағы марапатқа ие болған туындының аты – "We are the world". Осы жеңісті нәтижеге дейінгі процесті қайтадан көңіл көкжиегімізге елестетіп, сәл шегініс жасасақ...

Мынау жұмыр жердің бетінде өмір сүретін тіршілік атаулының ең бақыттысы һәм бақытсызы да адамзат екен. Құдай оларға ең ерек тұлға ретінде сана берсе де барлығына бірдей тепе-теңдікті ұстар нығымет бұйыртпапты. Біреуінің қисапсыз, ырғын байлығы болса, біреуінің қолы қысқа. Бірінің көңілі күндей шұғылалы, бірінің іші үңірейген тар қуыс. Ақ, сары, қара түсті болып, бөлінуге деген таңдау жетерлік екен.

Бір жерге өркениет ерте жетсе, тағы бір өңірге кешеуілдеп барады. XX- ғасырдың соңғы ширегінде әлем жаңа тыныс алып, үздіксіз даму үдерісінде жүріп жатқанда Африка құрлығындағы адамдарды аштық жайлай бастады. 1984 жылы бұл жағдай Эфиопияда тіпті ушықты. Европалық, Америкалық басылымдарда құлаққағыс болып жатқанымен ешқандай шара қолданбағандықтан бұл жәйт жарылған жанартауды бесікке бөлеумен бірдей еді. Сол кезде Американдық музыка менеджері, телепродюссер Кен Крагенге аштықтан құтылуға Африкаға арналған сингл жазу туралы ерекше ой келеді. Оның ойынан шығатын ауыр міндетті қуана-қуана құп алған Лионель Ричи мен Майкл Джексон болды.

Осыдан жеті апта өткеннен кейін әуен де, мәтін де Майкл Джексонның студиясында толық аяқталды. Америкалық және Африкалық жұлдыздардан құрам тапқан 45 әнші апта бойы синглді жазып, жаңа бір тарихи әннің жарыққа шығуына атсалысты. Ендігі кезекте әлемнің түкпір-түкпіріне тарап, миллиондап тыңдалған әуен мен миллиондап сатылған күйтабақтар ғана күтіп тұрған еді оларды.

Біз ешқашан жетпеген тыныштық, біз ешқашан жетпейтін бейбітшілікті жырлаймыз. Барлық өнер түрінде айтылып келе жатқан мәңгілік тақырып бар болса ол – Бейбітшілік, Теңдік, Еркіндік. Соғыссыз, бір-бірін қанаусыз әлемнің бір арнаға түсуі. Жер басқан әрбір адамның бақытты өмір сүруі. "We are the world" соны айтады.

Біз бір әлембіз! Қанша жерден нәсілге, ұлтқа, мемлекет болып бөлінсек те, бәрібір тарыдай меңнің ішіндегі бір-біріне шырматылып, қиюласып жатқан тағдырлармыз. Ол әлемнен бізді ажыратар күш ешқашан тумақ емес.

Адам санасы табиғаттан асып ештеңе жарата алмайды. Табиғат аясында, жалғыздықта ғана шын мәнінде азатсың. Бұл жерде "We are the world" еш құпиялықсыз, астарсыз, кез-келген адам түсінетін реалистік бояуда адамдардың жүрегіндегі нәзік сезімді, аяушылықты оятты. Бір сәтке жауыздықты, әділетсіздікті, әлемде болып жатқан теңсіздікті ұмыттырды. Адам табиғатының болмысын жан-дүниемізге еш бүкпесіз жеткізді. Соңғы кездегі елімізде болған «Қаңтар оқиғасы» болсын, Ресей-Украина арасындағы қақтығыста немесе одан бұрындары болған әлемдік ұрыс-керістерде болсын сол зұлматтардан қалған жара барлық әлемнің жарасы екенін білдік. Бір күннің сәулесі, ғаламшарымыздың ауасы бәрімізге ортақ дүние екенін сезіндік. "Біз әлембіз" деген сыбыр естіледі құлағымызға. «Біз бір әлембіз» деген сондай бауырмал, жылы үн жетеді жүрегімізге.

"We are the world" жаңа тарихтың парағын еш қымсынбастан асқақ, сондай паң, өр шабытпен ашты. Автор Лионель Ричи мен Майкл Джексоннан сырт Рэй Чарльз, Билли Джоэл, Тина Тернер, Боб Дилан бастаған жұлдызды топтың хоры сол кездегі әлемдік хит-парадтардың алдын бермей дүниені дүр сілкіндірді. Сингл шығарылғаннан кейін гуманитарлық мақсатта 149 миллионнан астам доллар жинады. Ақшаның 90 пайызы Африкалық қорға көмекке берілді. Бұл саяси маңызы зор ән ретінде де танылды және халықараның назарын Африкаға бұрын соңды болмаған деңгейде күшейтті. 2010-жылғы Гайтиде болған үлкен жер сілкінісінде де Лионель Ричидің бастамасымен Джастин Бибер, Селин Дион, Майли Рэй Сайрус сияқты бір топ жұлдыздардың орындауында екінші рет қомақты қаржы жинап, Гайтиге үлкен қолдау білдірген еді. Есесіне бұл өміршең шығарманың ғұмыры да жарқын болды. Жоғарыда айтылған 1986-жылғы Грэмми премиясын табыстау сәтінде «Жыл рекорды», «Жыл әні», «Ең үздік вокалдық поп жұмысы» (әдетте бірге орындамайтын әртістердің вокалмен бірлескен орындауы үшін) және «Ең үздік қысқаметражды музыкалық бейне баян» марапатын қатарынан жеңіп алды.

Тамырлап, түбірлеп келгенде бұл сұлу әуен әркімнің ішкі жан-дүниесінен шырылдап әділет сұрайды. Бір жердің үстіндегі адам баласының бір-біріне деген сүйіспеншілігін, махаббатын, ортақтығын меңзейді. Мәңгілік ақиқат жолының уақытпен бірге мәуелеп, өсіп-өнерінің белгісін білдіреді.

Адамның өнерге деген талғамы, сыры ашылмаған ұланқайыр жұмбақ әлем ғой. Жақсы шығармада ұлт, нәсіл болмайды. Ол адам атты перзенттің бәріне түсінікті. Ұлы өнердің түп мұраты осы болса керек.

Біздің күнделікті естіп жүрген әуендер шын мәнінде біздің ырқымызға бағынбайтын тылсым дүние, музыканың біз естімейтін екінші қабаты бар. «We are the world»  – сол. Адам қатты жараланғанда шедевр дүниені өмірге әкеледі. "We are the world" соның жемісі.

Өнердің біткен жерінен қайтып отыратын мыңжылдықтарда туатын адамдар болады. Өнердің ақырғы аялдамасынан қайтып отыратын ғасырларда туатын шығармалар болады.

"We are the world" – сол. Соның тура өзі.